Алматы – республикалық мәртебесі бар қала. Қала Қазақстан Республикасының оңтүстік-шығысында, солтүстік Тянь-Шань жотасы – Іле Алатауының солтүстік баурайында орналасқан. Аумағы 190 шаршы шақырым. Қала арқылы Іле Алатауының мұздықтарынан бастау алатын Үлкен және Кіші Алматы өзендері және олардың салалары ағады. Тау өзендері мен көлдері қаланы сумен қамтамасыз етеді. Тау аңғары емдік қасиеті мол шипалы бұлақ көздеріне, қайнарларға бай. Көнеден көп жұрттың қызығушылығын тудырған киелі жерден орын тепкен.
Алматы қаласының тарихы көнеден бастау алады. Ол география, экономика, әлеуметтану, мәдениеттану, археология және тарих ғылымдары үшін зерттеу нысаны болды. Қала туралы кітаптар, көп томды монографиялар, фотоальбомдар, анықтамалар өте мол. «Белгілі бір қала туралы, тіпті ол өзің туған қала болса да, ол жөнінде әңгімелеу бәрінен де қиын. Өзіңнің айтқың келгеніңнің жүзден бірін де баяндап бере алмайтыныңды үнемі сезесің. Қалалар – ғаламшарымыздың бейнесі, өткеніміз бен бүгініміз және болашағымыз» деген болатын белгілі жазушы Шыңғыс Айтматов. Алматы жазушы айтқандай әфсанасын таңнан-таңға ұрып айтсаң таусылмас, осы заманның үлкен шаһары, өзіндік көркі бар, әсем қала.
Осыған байланысты «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар мұражайы мен Ғылыми кітапхана Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиеттер бөлімімен біріге отырып Алматы күніне байланысты, «Алматы келбеті – сирек кітаптарда» атты кітап көрмесін ұйымдастырды.
Кітап көрмесін ұйымдастырудың негізгі мақсаты – Алматы тарихының қалыптасуын жан-жақты ашу. Өз өлкесін танып білуге, өткен тарихи жолдары, кезеңін тереңірек түсінуге және мұражайға келген қонақтардың қалаға деген қызығушылығын арттыру.
Алматы территориясындағы көне шаһарлардың археологиялық тұрғыдан зерттеудің, табылған деректердің өлке тарихын жазу үшін маңызы зор екенін алғашқылардың бірі болып түсінген танымал зерттеуші В.В.Бартольд болатын. Орта ғасырлардағы жазба жылнамаларда «Алмату» деп аталған, кейін «Верный» атанған қала аумағындағы ескі қала құландылары туралы Н.М. Пржевальский, Н.Н. Пантусов, А.Н.Бернштам сияқты зерттеушілерде іргелі еңбектер жазған.
Қаланың сан ғасырлық тарихын айғақтайтын археологиялық көне жәдігерлер туралы жазбалар, кітаптар, басылымдар тұрақты жинақталуы нәтижесінде Сирек кездесетін кітаптар мұражайы мен Ғылыми кітапхана қорында бай жазба мұрасы қалыптасты. Жоғарыда аталған көрмеден Н.М.Пржевальскийдің «Научные результаты путешествий Н.М.Пржевальского по Центральной Азии» (Санкт-Петербург, 1889), «От Кяхты на истоки Желтой реки, исследование Северной окраины Тибета и путь через Лоб-Нор по бассейну Тарима» (Санкт-Петербург, 1888), Н.Н.Пантусовтың «Древности Средней Азии» (Казань, 1897), «Тамгалы-тас. Урочище Капчагай Копальского уезда Балгалинской волости» (Верный, 1897), В.В. Бартольдтің «Очерк истории Семиречья» (Фрунзе, 1943), А.Н.Бернштамның «Некоторые итоги археологических работ в Семиречье» (Москва, 1946), «Основные этапы истории культуры Семиречья и Тянь-Шаня» (Москва, 1949) сияқты бірнеше сирек кітаптарды көруге болады.
«Тәуелсіздік бесігі» атанған Алматы қаласының біздің мемлекет тарихындағы маңызы ұлан асыр. Ол XX ғасырдың басында Қазақ КСР-нің астанасына айналып, өз бойына республиканың бүкіл саяси, мәдени өмірін шоғырландырды. Осыған байланысты С. Жүсіпбековтың «Алма-Ата – столица Казахской Советской Социалистической Республики» (Алма-Ата, 1939), И.М. Пронченковтың «Алматы – советтік Қазақстан астанасы» (Алматы, 1955), «Алматы қала кеңесінің 1933 жылдық планы» (Алматы, 1933), Д.Д.Барагин, И.И. Белоцерковский «Алма-Ата; Архитектура городов СССР» (Москва, 1950) сияқты Кеңес тұсындағы қала өмірінен сыр шертетін кітаптар да көрме сөресінде орын тапқан.
Верныйдың күнделікті тыныс-тіршілігінен мол мәлімет беретін мерзімдік басылымдардан Т.Амандосовтың «Верныйдағы большевиктік тұңғыш қазақ газеті» (Алматы, 1959), «Семиречье: Ежемесячный сельско-хозяйственный и мелиорационный журнал» (Верный, 1915, 1916, 1917 жж.) тамашалауға болады.
Сәулетші Исламғали Жанұзақұлы Исаевтың жеке мұрағатынан (Алматы, 1950-1980 ж.ж.) Алматы көрістері фотоальбомдарда көрсетілген.
Аймақ тарихындағы сан ғасырлардағы тарихи оқиғалар сырын ашып көрсетуге, қала мен оның төңірегіндегі аумақтың қазақ мемлекетінің қалыптасуы кезеңіне арналған материалдар:
- сирек кітаптар;
- карталар;
- жолсапар жазбалары;
- фотосуреттер;
- XIX ғасыр соңында XX ғасыр басында Верный қаласында шығарылған басылымдар мұражай сөрелерінен табылады.
Қала тарихына қызығушылық танытқандар үшін мұражай есігі аптаның дүйсенбі – жұма күндері сағат 9:00-18:00 дейін ашық. Келіңіздер, көріңіздер, қаламыздың тарихын терең таныңыздар!
Серік Айгерім
РМК «Ғылым ордасы» Сирек кездесетін кітаптар мұражайының қызметкері