Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Бабалар сөзі» жүзтомдығы – қазақ халқының ұлттық байлығы

9133
«Бабалар сөзі» жүзтомдығы – қазақ халқының ұлттық байлығы - e-history.kz
Қазақ халқының фольклорлық, авторлық ауыз әдебиеті мұралары – оның жер асты қазыналары, астығы мен төрт түлік малы сияқты бабалардан аманат болып қалған ұлттық байлықтарының бірі. 


 

Қазақ халқының фольклорлық, авторлық ауыз әдебиеті мұралары – оның жер асты қазыналары, астығы мен төрт түлік малы сияқты бабалардан аманат болып қалған ұлттық байлықтарының бірі. Бүгінгі күнге жетіп, Қазақстанның Ұлттық және Орталық кітапханаларының, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының, Орталық, Кітаптар мұражайларының сирек қорларында сақталып қалған қолжазбалар мен көне кітаптар халықтың ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап келген бүкіл рухани жәдігерлерінің бірер ғана парасы. Ал халық әдебиетінің негізгі бөлігі дер кезінде хатқа түсіп, жүйелі түрде жиналмай қалды.  Оның басты себептерін қазақ халқының соңғы үш ғасыр аясында бастан кешірген тарихи, саяси-әлеуметтік ахуалдарымен біртұтас қарастырған жөн. Бұған, ең алдымен Қазақ хандығының құрылуынан бергі кезеңдерде Орта Азия, Қытай мемлекеттерімен,  әсіресе жоңғарлармен болған үзіліссіз соғыстары, көшпенді өмір салты айырықша әсер етті. Осы дәуірлерде батырлық, тарихи, ғашықтық жырлар мен шешендік сөздер, аңыздар, әпсаналар, хикая-хикаяттар, әңгімелер т.б. көптеп дүниеге келгенмен, ешқайсысы арнайы жазып алынбады және баспа жүзін көрген емес.

ХІХғасыр мен ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылдарына дейін халық мұрасын жинау, жүйелеу, зерттеу, жариялау шаралары біршама дұрыс жолға қойылғанмен, отаршыл Ресей империясы мен Кеңес өкіметінің құйтырқы саясаттары, цензураның қатал құзіреті халық әдебиеті үлгілерін толық хатқа түсіріп, жарыққа шығуына мүмкіндік бермеді. Әсіресе атадан балаға жад арқылы жеткен шежірелер, діни дастандар мен хикаят-әпсаналар, ұлт-азаттық көтерілістерге байланысты тарихи туындылар, ғұрыптық фольклордың, авторлық ауыз әдебиетінің (ақын-жыраулардың, би-шешендердің, сал-серілердің, әнші-жыршылардың шығармалары) үлгілері саяси  идеологияның, таптық көзқарастың шылауында қалып, алаланып жиналды және солардың өзі сергек сараптаудан кейін ғана жарияланды. Ал електен өтпегендері ұзақ жылдар шаң қауып, аталған қорларда жатып қалды.

Еліміз тәуелсіздігін жариялап, етек-жеңін жинаған кезеңде халықтың рухани құндылықтарына ерекше көңіл бөлінгені белгілі. Алайда, атадан қалған асыл сөздерді жадында сақтап, насихаттап, өскелең ұрпақтың игілігіне жаратып келген көкірегі ояу, көнекөз қариялардың мүлде азайғандығынан, фольклорлық, авторлық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудың мүмкіндігі шектеле бастады. Бірақ қолда бар әдеби жәдігерлерді цензурасыз, толық, өзгертусіз, түпнұсқа негізінде жариялауға, терең зерттеулер жүргізуге барлық жағдайлар жасалды.

Қазақстан Республикасы Президентінің «2004–2006жылдардағы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы туралы Жарлығының (2004. 13 қаңтар, № 1277) негізіндегі Үкіметтің  «2004–2006 жылдардағы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар туралы Қаулысы (2004. 12 ақпан, №171) бойынша «Бабалар сөзі» жүзтомдық топтамасының ғылыми басылымын дайындау жобасы жүзеге асырыла бастады.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым, Мәдениет және ақпарат,  министрліктерінің шешімімен «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясының ғылыми басылымын баспаға дайындау М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының  Қолжазба орталығының ғылыми қызметкерлеріне жүктеліп, толық жарыққа шығару Астана қаласындағы «Фолиант» баспасына тапсырылды. Жобаның жетекшісі, әрі жауапты редакторы болып белгілі фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Әзібаева бекітілді.

Ғалымдар бұл топтамада тек  фольклорлық мұраларды қамтып, авторлық ауыз әдебиет үлгілерін кейін жеке қарастыруға шешім қабылдады. Себебі жобалау барысында жоғарыда аталған сирек қорларда жинақталған фольклорлық туындылардан ғана  жүз том дайындауға болатындығы анықталды. Сондықтан Институттың Ғылыми кеңесі көптомдықты дастандық эпостан бастау жөнінде ұйғарымым жасады. Себебі Қазақстанның қолжазбалар мен  сирек кітаптар сақталатын қорларында дастандар айырықша мол сақталғанмен,  олардың 70-80 пайызы кеңестік идеологияның салдарынан жарыққа шықпаған.

Алдымен баспаға әзірленетін жинақтардың жариялану жүйесі, оларға енгізілетін шығармалардың тізімі мен олардың жанрлық сипаты айқындалды. Ғылыми басылымдар болғандықтан, қосымшаларға ерекше көңіл бөлінетін болды. Аса көрнекті фольклортанушы, академик С.Қасқабасовтың  жетекшілігімен ғалымдар ортақ тұжырымға келіп, ғылыми қосымшаларда мынандай тақырыпшаларды қамтуды ұйғарды: томға енген мәтіндерге ғылыми түсініктемелер, сөздік, жер-су атаулары, мәтіндерде кездесетін тарихи тұлғалар мен діни есімдер туралы мәліметтер, мәтіндерді жеткізушілерге, жинаушыларға, тапсырушыларға қатысты деректер, пайдаланылған әдебиеттер тізімі және томдардың орыс, ағылшын тілдерінде жазылған түйіндері.

Дүние жүзі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын толықтырып, жалпы адамзаттық өркениеттің, мәдениет пен әдебиеттің тарихына аса зор үлес қосатын Қазақстан халықтарының, әсіресе қазақ ұлтының мәдени  мұралары аз емес. Солардың үлкен бір бөлігі – жыр, дастандары. Бұл жәдігерлер тарих соқпағының әр кезеңдерінде туындап, авторлары ұмытылды, сан ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ауызша тарап, халық жадында мәңгілік сақталып қалды. Осы ұзақ жолда ақын-жыраулардың,  жыршылардың реперуарында  толықты, жетілдірілді, тіпті үзіліп, бүгінгі күнге кей шығармалардың  жұрнағы ғана іліккен болса, кейде бір туындының ондаған нұсқалары мен вернсиялары жетті. Олар қазақ қоғамының әр кезеңінде өскелең ұрпақтардың санасына сіңіп,  отансүйгіштікке, әділдікке, имандылыққа, ынтымақ-бірлікке, адал махаббатқа үндеп отырды. Әсіресе, халқымыздың ХҮ-ХҮІІІ ғасырлар аралығындағы тарихына қатысты құжаттық деректер мардымсыз, өте сирек сақталғандықтан, мемлекеттілікке, билік жүйесіне, саясатқа, қоғамдық-әлеуметтік, тарихи-мәдени мәселелерге, дипломатияға, тарихи тұлғаларға т.б. байланысты мәліметтер, дереккөздері  фольклорлық және ауыз әдебиеті үлгілері арқылы жеткені де баршаға мәлім.

«Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясының 2004 жылы басылым көрген 1­-9 томдарында шығыс халықтарының сюжеттеріне құрылған, бұрын жарияланбаған  хикаялық дастандар топтастырылып, «Қисса Зейне Зайуп», «Орақ-Күлше», «Қисса Таһир», «Шахмаран», «Қисса Шеризат», «Қарқабат», «Қисса Қасым жомарт», «Қағира мен Таймұс», «Хикаят Сәлімжан», «Болат, Жанат», «Қисса Жамшид», «Әбуғалисина,Әбілхарис», «Қисса Самұрық», «Әбуғалисина, Әбілғарис», «Қисса қырық уәзір», «Қисса Шәкір-Шәкірат», «Бақтияр қиссасы» сияқты отыз бір дастан шығарма қамтылды.

Топтаманың 2005 жылы жарыққа шыққан 10-16 томдарына Қазан төңкерісінен кейін айырықша тыйым салынып, оқырмандар үшін жабық күйінде қалып келген қырық үш діни дастан енгізілді. Олардың арасында «Қисса Зарқұм», «Ғазауат сұлтан», «Қисса Салсал», «Әзіре Әлидің соғысы», «Қисса Әбушаһма», «Қисса Сейітбаттал», «Қисса Мәлікаждар», «Қисса анхазірет Расулдың Миғражға қонақ болғаны», «Мұхаммед пайғамбар», «Қисса уақиға Кербала үшбу-дүр», «Қисса Мансұр әл-Халаж», «Дариға қыз», «Қисса Шаһизинда», “Қисса жұмжұма», «Һаза кітап Мұхаммед-Ханафия», «Мұхаммед-Қанапия» секілді бірегей халық туындылары бар.

Осы жылы «Бабалар сөзі» сериясын «Ғашықтық дастандардың» 17-22 томдары толықтырып, оқырмандарға беймәлім отызға жуық әдеби мұрамен танысуға мүмкіндік туды. Олардың ішінен «Қисса Ләйлі-Мәжнүн», «Қисса Таһир- Зүһра», «Бозжігіт», «Сейпілмәлік», «Қисса Шеризат-Күлшат», «Қисса хазірет Жүсіп алейһиссалам илән Зылиханың мәселесі», «Қисса қожа Ғаффан», «Қисса Баһрам», «Қисса шаһизада», «Әмірзада» сынды дастандарды ерекше атап өтуге болады.

Аталған томдарда қамтылған дастандардың дені  1807-1917 жылдар аралығында Санкт-Петербург, Уфа шаһарларындағы, сондай-ақ Қазан қаласындағы «Университет», «Домбровский», «Орталық», «Кәрімовтер», «Үміт» т.б. баспаханалардан араб (қадім) әліпбиінде теріліп, халық арасына кеңінен таралған. Шығыс сюжетіндегі бұл шығармалардың көпшілігін назиралық әдебиеттің негізін салушы Ж.Шайхисламұлы, А.Үлімжіұлы, А.Сабалұлы, М.Тыныштықұлы, К.Шахмарданұлы, М.Жұмашұлы, М.Сабыржанұлы, Ш.Шаһхәкімұлы, Б.Бижігітұлы, Р.Айтқожин, И.Қонайұлы сияқты ақындар жырға айналдырып, баспаларға ұсынып отырған болса, ағайынды Кәрімовтер, Ш.Хұсаинов, В.В.Радлов, А.В.Васильев секілді ғалымдар мен баспагерлер олардың жарыққа шығуына әрдайым жанашырылық танытқан.

Сонымен бірге томдарға аталған жырлардың нұсқалары мен версиялары, «Мақпал-Сегіз оқиғасы», «Жетім Мариям», «Ақбөпе-Сауытбек», «Есім-Зылиқа», «Назымбек пен Күлше», «Қарға батыр», «Жаскелең», «Гүлнәр қыз» тәрізді ондаған төл дастандарымыз да енгізілді.

2006 жылы Қолжазба бөлімінің меңгерушісі, әрі «Бабалар сөзі» жүзтомдық сериясының жауапты редакторы болып ақын, шығыстанушы, филология ғылымдарының кандидаты С.Қосан бекітілді. Сол жылдан бастап шетелдердегі қандастардың фольклорлық мұрасын игеру, оларды Қазақстанда жарыққа шығарып, жалпы оқырмандарға таныстыру, ғылыми айналымға енгізу шаралары іске асырыла бастады.  Бұл ретте Қытайдағы  қазақтардың соңғы бір ғасыр аясында туындатқан мәдени-рухани құндылықтары өзінің молдығымен де, сапасымен де назар аударады. Сонымен бірге, бұл мұралардың біртұтас ұлттық игілікке айнала алмай келе жатуы, тек сол бір өңір аясымен шектелуі алаңдатып келген еді.

Құрастырушылар тобы бұл шараға асқан жауакершілікпен қарап, тұңғыш рет Қытайдағы қазақтардың фольклорлық туындыларынан онтомдық жинақ баспаға дайындалды. Нақтылап айтқанда, 23, 24, 30, 31-томдар «Хикаялық дастандарға», 25, 26-томдар «Ғашықтық дастандарға», 27, 28, 29-томдар «Тарихи жырларға», соңғы 32-том «Шежірелік дастандарға» арналды.  Хикаялық дастандарға қатысты жинақтарда қамтылған «Нәзігүл», «Нүрден мен Мәриямның хикаясы», «Алтын балақ ақсұңқар», «Қамарзаман», «Жетім бала», «Сағаттың хикаясы», «Нұрғазарын», «Құламерген», «Сұлтан патша» атты шығармалар Қазақстанның әдеби қорларындағы осы мазмұндас жырлардың нұсқалары болып табылса, қалған қырық үш дастан қазақстандық оқырмандар үшін мүлде белгісіз туындылар еді. Демек, Таңжарық Жолдыұлы, Әрімжан Жанұзақұлы, Дәулетбек Қаңбақұлы, Қызыр Алдажарұлы, Бейсенғали Садықанұлы т.б. ақын, жыршылар шығыстың, сондай-ақ  қазақ ертегілерінің қызықты сюжеттерін өзінше жырлап, халық әдебиетін дамытуға зор үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Бұған «Бақтиярдың қырық бұтағы» атты жырлар топтамасы, «Маймыл келіншек», «Төрт ғаділ», «Естігүл», «Әбдікерім», «Сәнуар патша», «Үш жетім қыз», «Ақиық», «Бөкен жарғақ» тәрізді ондаған дастандар айғақты дәлел болады.

Екі томдық «Ғашықтық дастандарға» негізінен қазақтың  он екі төл шығармасы енген. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Дандан мен Нәркес» дастандары Қазақстандағы осы аттас жырлардың нұсқалары болып саналса, «Анар-Сәуле», «Әнуар-Күләнда», «Садық-Салиқан», «Байын-Жүрек», Салиқа-Сәмен», «Досан», «Нұртаза мен Күнасыл», «Олжа қыз», «Ахмет пен Нүрилә» жырлары Қазақстанда тұңғыш жарияланды.

Үш томдық «Тарихи жырларға» кірген жиырма тоғыз туындының біразы Қазақстанда туып, Шыңжаңдағы қазақтар арасында өзгерістерге ұшырап,  түрлі нұсқалар ретінде қалыптасқаны байқалады. Бұл ретте  Абылай, Кенесары хандарға, Бөгенбай, Ер Жәнібек, Сәтбек, Ағыбай, Арқалық батырларға байланысты жырларды атап өткен орынды. Жоғарыда аталған қорларда  осы жырлардың бірнеше нұсқалары сақталған және кейінгі томдарда жарияланды. Ал Шыңжаң қазақтарының басынан өткен түрлі тарихи оқиғаларға қатысты «Есенкелді», «Қожеке», «Үркін-қорқын», «Уаң бала», «Қан кешу», Шейітсай», «Тәутік батыр», «Жақыпберді батыр», «Бөкен батыр» т.б. жырлардың бір тобы қазақстандық оқырманмен алғаш қауышты.

«Қытайдағы қазақ фольклорының» соңғы томы (32-томы) кейінгі жылдарға дейін жариялануға тиым салынып келген шежірелік аңыздарды арқау еткен жырларға арналды. Бұл томға Түркі дүниесі, Шыңғыс хан, Қазақ, Үш жүз, Найман, Абақ керей рулары туралы А.Үлімжіұлының, Н.Оспанұлының, Б.Садықанұлының, Д.Саурықұлының аңыз-жырлар енгізілді.

«Бабалар сөзінің» осы аталған онтомдығын дайындаудағы Қытай мемлекетінің мәдениеті мен өнеріне үлес қосқан ғалым, жазушы, ҚХР фольклортанушылар қоғамының мүшесі, профессор, марқұм Оразанбай Егеубаевтың еңбегін айырықша атап өткен жөн. Ол әр томға енген мәтіндерді жинауда, жүйелеуде, мәтін тарихын анықтауда, әсіресе дастандарды жырлаушылар, айтушылар мен жеткізушілер туралы мәліметтер беруде зор көмек көрсетті.

   Қазақ фольклорының бағзы замандардан ұмытылмай ұрпақтан- ұрпаққа үзілмей жетіп, әр буынды отансүйгіштікке, ынтымақ-бірлікке жетелеп отырған үлкен бір саласы – батырлар жыры. Олардың дені ХІҮ-ХІV ғасырлардың аралығындағы Ноғайлы және Қазақ Одаларының мемлекеттік тұтастығын, халқымыздың тәуелсіздік жолындағы күрестерін  бейнелейтін, жастардың адал махаббатын сомдайтын бірегей халық туындылар болып табылады. Сондықтан «Бабалар сөзі» сериясының 33-52 томдары «Батырлар жырына» арналды. Мысалы, жоғарыда аталған қорларда «Алпамыс батыр» жырының 1899 жылы Ж.Шайхисламұлы Қазанда бастырған алғашқы үлгісін қоса есептегенде оннан астам қолжазба нұсқалары сақталған. Кеңес кезеңінде шығарма әлденеше рет жарияланғанмен, көбіне редакцияланып, бір-біріне кіріктіріліп, нұсқалары қолдан жасалғаны белгілі. Сол себепті құрастырушылар ұжымы ақылдаса отырып топтаманың 33,34-томдарына жырдың он үш нұсқасын, атап айтақанда, Ә.Диваев, А.Нысанов, С.Жаңбыршин, Рахат жырау, Н.Байғанин, Ә.Оспанов, Е.Ақынбеков, С.Мұқанов, Ж.Шайхисламұлы, С.Аққожаев, ӘБайтұрсынұлы, К.Серғазыұлы жеткізген нұсқаларды өзгеріссіз, қолжазба негізінде ұсынды.

Айтылып өткен келеңсіздіктер «Қобыланды батыр» жырының маңайында да қордаланып қалғаны жасырын емес. Сондықтан туындының бүгінгі күнге жеткен отызға жуық нұсқалары жинақталып, жүйеленіп,  он алты нұсқасы 35-38-томдарға топтастырылды. Олардың арасында жырдың  Мергенбай, Көшелек, Құлзақ, Сүйіншәлі, М.Тұяқбаев, Р.Байғанин, Е.Ешімов, А.Байтабынұлы, Е.Тілеумағамбетов, Н.Битілеуов, С.Ділманов т.б. жырлаған, оқырмандарға етене таныс емес үлгілері де бар.

«Қамбар батыр» жырының 1888 жылы Қазандағы «Университет» баспахансында басылым көрген У.Тухфатуллин, 1890 жылы Санкт-Петербургте шыққан «Түрік хрестоматиясындағы» (3-том) И.Н.Березин, белгісіз жыршының «Кәрімовтер» баспаханасында жарыққа шығарған нұсқалары Кеңес кезеңінде де бірнеше мәрте түрлі өзгерістермен жарияланып отырған. Сондықтан топтаманың 43-томына осы жыр үлгілері  түпнұсқа негізінде дайындалып, Ә.Диваев, Қалқай, Б.Мұқамбайұлы, Ш.Қалмағамбетов, М.Жапақов, Ә.Шоқатаев және белгісіз айтушы мен С.Әбжанов жеткізген екі ертегілік нұсқалармен толықтырылды.

Ал «Ер Тарғын» жыры 1862 жылы Н.Ильминскийдің бастамасымен «Университет» баспаханасында жарық көріп, ХХ ғасырда жиырма  мәрте қайта жарияланып келді. Осы ретте ол басылымдар түпнұсқамен салғастырылып, 44-томға жырдың О.Қисықұлы, Н.Нұрғалиұлы нұсқалары қосымша дайындалды. Сондай-ақ осы томға «Ер Көкше» (В.В.Радлов нұсқасы), «Ер Қосай» (А.Хангелдин нұсқасы), «Сайын батыр» (В.В.Радлов нұсқасы), «Қарабек батыр» (Ә.Шоқманұлы, Ж.Бітімбайұлы нұсқалары) жырлары ұсынылды.

«Батырлар жырының» қомақты бөлігін ХІV-ХVІІ ғасырлардағы Ноғайлы дәуірін қамтыйтын «Қырымның қырық батыры» жырлар циклі құрайды.  «Бабалар сөзінің» 50-51-томдарына атақты Мұрын жырау Сеңгірбайұлы жырлаған аталған циклдың құрамындағы отыз алты туынды енгізіліп, олардың басылым көрген нұсқалары түпнұсқалармен текстологиялық тұрғыда салғастырылды. Жырлар «Аңшыбай батыр және оның ұрпақтары», «Қарадөң батыр және оның ұрпақтары» бөлімдерге жүйеленіп, себепті, себепсіз түзетілген сөздер, тіркестер, үзіктер қайта қалпына келтірілді. «Қырымның қырық батыры» цикліне жататын «Едіге», «Орақ-Мамай», «Шора», «Қарасай-Қази» сияқты жырларға жеке томдар арналды.

Мысалы, 39-томға Едігеге қатысты жырлар жинастырылып, шығарманың Ш.Уәлиханов, Ә.Диваев, М.Ж.Көпеев, Мұрын жырау, Нұртуған, Қ.Қылышбайұлы, Қ.Жапсарбаев, А.Өмірзақов нұсқалары түпнұсқалар бойынша дайындалды. Соңғы екі мәтін ғылыми айналымға тұңғыш енгізілді.

Топтаманың 40-томына Орақ, Мамайға қатысты 1903 жылы «Кәрімовтер» баспаханасынан шыққан белгісіз жыршының, Нұартуғанның, А.Мәмбетұлының, О.Оңғарбайұлының нұсқалары түпнұсқа негізінде сарапталды. Олардың ішінде алғашқы басылым (қайта басылым) мен соңғы қолжазба мәтін алғаш жарияланып отырғанын атап өткен орынды.

Еліміздің сирек қорларында сюжеттер желісі мен компазициялық құрылымында, тілдік, стилдік сипатында, көркемдік қуатында, көлемінде әр қилы өзгешеліктер, тіпті кейде оқиғалар тізбегінде мүлде ұқсамайтын ауқымды айырмашылықтары бар «Қарасай, Қази» жырының отызға жуық нұсқалары мен версиялары сақталған. Құрастырушылар ұжымы олардың барлығын текстологиялық сараптаудан өткізе отырып таңдаулы он екі нұсқасына тоқталды. Атап айтқанданда, жырдың 41-томға Мұрат, Қашаған, Нұрпейіс, Қ.Шоқаев, М.Ахметұлы, Ш.Кәрібаев; 42-томға Сейіт жырау, Жақсылық жырау, А.Байтабынов және белгісіз жырау; 46-томға Нұртуған, Қ.Баймағамбетов  нұсқалары ұсынылды. Сонымен қатар соңғы том «Төрехан батыр» (Нұрпейіс, Н.Сариманов нұсқалары), «Бөген батыр» (І.Нұрмағамбетовтың екі нұсқасы) жырларымен толықтырылды.

«Қырымның қырық батыры» циклының түркі халықтары (қазақ, ноғай, қырым татарлары, татар, қарақалпақ, қырғыз) арасында кеңінен тарап, Еуропа ғалымдарының назарына ерте іліккен бір тармағы – «Шора батыр» жыры. Топтаманың 45-томында көркемдік деңгейі жоғары, сюжет желісінде өзіндік ерекшеліктері бар жырдың М.Әлиакпарұлы, Молда Мұса, Мұсабай, Майкөт – Ә.Сариев нұсқалар жинақталды. Туындының соңғы екі мәтіні алғаш жарияланды.

47-томға негізінен түркімен бектері Бозұғлан, Жүсіп және Ахмет сынды батырлардың ерлікке толы өмірін баяндайтын бес жыр нұсқасы енді. Олар –  Е.Көзбергенұлы, Базар жырау, белгісіз жыршы, Ә.Бижанұлы, Ә.Қоңырбайұлы нұсқалары. Жырлардың мәтінінен қазақтың әр өңірінен шыққан жыршы-ақындардың эпикалық мектебіне тән стильдік қолтаңбалары, айту мәнерлері мен жергілікті тіл ерекшеліктері айқын сезіледі. Ұсынылған “Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек” эпосы нұсқаларының көпшілігі бұрын-соңды жарияланбауы және зерттеу назарына ілінбеуі де аталған жырдың ғылыми құндылығын арттыра түседі.

«Бабалар сөзінің» 48, 49-томдарында негізінен түркімен халқының аты аңызға айналған батыры Көрұғлының ғажайып тууын, өсуін, ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда оңтүстік Әзірбайжанда болған халық көтерілісіндегі көсемдік тұлғасын, әкесі Раушанбектің, қарулас достары Әуездің, Сапабектің, Мұстафа мен Жығалы бектің т.б. ерен ерліктерін дәріптейтін жыр нұсқалары енді. Бүгінгі ұрпаққа «Көрұғлы» эпосының отызға жуық нұсқалары мен версиялары жеткен. Бұл ретте де жырдың көркемдік сапасы ерекше назарға алынып, алғашқы томға Р.Мәзқожаев (төрт нұсқа), М.Ж.Көпеев, Х.Мирбабаұлы (екі нұсқа), Қошанов, Қ.Өтешұлы; кейінгі томға Ә.Жүргенов, Е.Есенжолов, белгісіз жыршы, Жамбыл, Ә.Жұмағазин, Е.Құлсариев,А.Хангелдин нұсқалары топтастырылды.

«Көне эпос» – адам баласының ілкі замандардағы дүниетанымын, наным-сенімін, табиғатқа деген көзқарасын көркем бейнелейтін, мифтік, ертегілік, аныздық оқиғалар желісіне құрылған батырлық жырлардың бір бұтағы. Бұған 52-томға енген Ж.Шайхисламұлы жырлаған «Хикаят рисала Мұңлық, Зарлық», «Қисса Дотан Құбақанбайұғлы», Ә.Бектасовтың «Қисса Құламерген», Нұрпейістің «Құбығұл» жырлары дәлел болады.

Сюжеттерінің түп негізі Түркі қағанаты кезеңінен бастау алған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», жақын жылдары туындағанына 500 жыл толып, ЮНЕСКО шеңберінде аталып өткен «Қыз Жібек» эпостары қазақ ғашықтық жырларының классикалық үлгілері болып саналады. Жастар арасындағы адал махаббатты, шынайы сүйспеншілікті арқау еткен бұл туындылар өзге де эпостық жырлар сияқты Кеңес кезеңіне дейін жиі жарияланып отырды және халық арасында зор сұранысқа ие болды. Мәселен, эпостың қазақтар арасынан жазылып алынған алғашқы нұсқасы 1830 жылы Мәскеуде шығатын “Отечественные записки” журналында орыс тіліне аударылып жарияланды. Кейін жырдың басқа да нұсқалары В.В.Радловтың (1870), И.Н.Березиннің (1896), Н.И.Ильминскийдің (1878,1890, 1894, 1896, 1905) жинақтарында басылып, қалың оқырмандармен бірге өзге тілді зерттеушілерді де қызықтыра бастады. “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” жыры Қазан қаласында 1878-1909 жылдар аралығында сегіз мәрте қайта басылған болса, 1925-2005  жылдарда түрлі нұсқаларының ондаған жалпы, ғылыми-көпшілік, ғылыми басылымдары орыс, қазақ тілдерінде жарық көрді.

Ал «Қыз Жібек» жырының белгісіз нұсқасы үш мәрте (1895, 1896, 1899),  Ж.Шайхисламұлы үлгісінің 1900 жылдан бергі оннан астам басылымы оқырманға етене таныс. Бүгінде «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» отызға жуық (жыр сюжеттері қазақтан басқа башқұрт, алтай, якут, телеуіт, барабы татарлары т.б. түркі халықтарында кездеседі), «Қыз Жібектің» он бестен астам нұсқалары сақталған.

Жүзтомдықтың 53-томына «Қыз Жібектің» Мұсабай жырау, Ж.Шайхисламұлы (1900), Ш.Қалмағамбетов (екі нұсқа, соңғысы бұрын жарияланбаған) жырлаған көркем де көлемді үлгілері қамтылды.

Топтаманың 54, 55-томдарына «Қозы Көрпеш – Баян сұлудың» Ш.Уәлиханов, В.В.Радлов, Бейсенбай ақын, М.Ж.Көпеев, Г.Н.Потанин, Шөже Қаржаубайұлы, Н.И. Ильминский, А.Дәндібайұлы, Қ.Мейірманұлы, Молла Рахым, Б.Мақанов, М.Нукин нұсқалары дайындалды.

Тарихи жырлар – елдік пен егемендікті асқақ рухпен ғасырлар бойы паш етіп, ұрпақтан-ұрпаққа ұлықтап, үлгі етіп келген қазақ фольклорының  арналы бір бөлігі. Оларда кең көрініс тапқан ұлт-азаттық идеясының зерттелуіне де Кеңес дәуірінде шектеу қойылғаны мәлім. Бұндай солақай саясаттың  салдары қазақ халқының рухани асыл қазыналарының ең құндысы болып табылатын тарихи жырларға жасалған қиянаттан айқын аңғарылады. Өйткені тарихи жырлардың кез келген үлгісі тәуелсіздік тақырыбына бағышталып, ел үшін еңіреген ерлердің еңбегі мен ерлігін дәріптеуді мұрат тұта отырып шығарылғаны кімге де болса түсінікті еді. Сондықтан қатал цензура қазақ халқының сан ғасырлық рухани мұрасының кеңестік идеология ұстанымдарына сай келуін қатаң бақылауға алып, осындай тыйым салушылық әрекеттерінің шырқау шыңына шықты. Алайда, әлемдік өркениет көшіне тәуелсіздік алған жылдары ғана кіріккен еліміздің тарихына, тіліне, мәдениеті мен әдебиетіне деген оң көзқарасы, қаржылай қолдауы осынау рухани жәдігерлерімізді толық жарыққа шығаруға мүмкіндік берді. Сондықтан «Бабалар сөзінің» 56-63 томдары тарихи жырларға бағышталды.

Алғашқы томға ХV ғасырда Керей ханнан кейін Қазақ хандығын басқарған Жәнібек ханның жас кезіндегі ерлік істерін дәріптеген «Батыр Жәнібектің өлеңі» (жыршысы – О.Тайманов),  ХVІ ғасырдың тарихи  оқиғаларын бейнелейтін «Олжаш батыр» (Ж.Төлепов),  «Еңсегей бойлы ер Есім» (Қ.Байболұлы), «Есім хан» (Б.Ләмжанұлы), «Сәтбек батыр» (А.Сабалұлы. 1909 жылғы басылым), “Орақты батыр” (Қ.Жапсарбаев) сықылды жырлар алынды. Алдыңғы екі шығарма бұрын-соңды баспа бетінде жарияланбаған.

Екінші томға ХҮІІІ ғасырда өмір сүрген қоғам және мемлекет қайраткері Төле би (Қ.Байболұлы), сол кезеңде тарих сахнасына көтерілген Абылай туралы Көкбай жырлаған «Абылай хан әңгімесі», Салық Жаяу Мусин 1940 жылы жазып алған «Қалдан Серен Абылайды тұтқынға алғаны», Олжабай Нұралыұлы жырлаған «Сабалақ – Абылай хан», Мәшһүр Жүсіп Көпеев жазып алған «Сабалақ», «Абылай мен Олжабай» жырлары ұсынылды. Туындылардың негізгі сюжетінде даңқты ханның жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі, Жаныс Төле биге жолығуы, Бөгенбай мен жалшы Сабалақтың кездесуі, Әбілмансұр-Сабалақ пен жоңғар батыры Шарыштың жекпе-жегі, Абылайдың Қалдан Серенге тұтқынға түсуі баяндалады.

Үшінші томға Қ.Мүсәпірұлының «Бөгенбай батыр», М.Жадайұлының «Бөгенбай батырдың бірінші жорығы» (бұрын жарияланбаған), Н.Байматайұлының «Қабанбай батыр», З.Сәнік пен Б.Садыханның «Қисса ер Қабанбай», Қ.Омарұлының «Қаракерей Қабанбайдың әңгімесі» (бұрын жарияланбаған), Б.Мергенбаевтың «Қабанбай туралы жыр» (бұрын жарияланбаған), белгісіз жыршының «Қабанбай батырдың қиссасы» (бұрын жарияланбаған), Т.Мағзиевтің «Қабанбай батыр қиссасы», Қ.Әділбековтің «Қабанбай батыр туралы жыр», Е.Ахметовтың «Ер Қабанбай» (бұрын жарияланбаған), Б.Садықанұлының «Қубас ат», Р.Ғарифоллиның «Ақбас атан» атты жырлары кіргізілді.

Төртінші томға «Ер Жасыбай» (Ә.Марғұлан нұсқасы), «Жидебай батыр» (белгісіз жыршы), «Олжабай батыр» (Е.Құлсариев), «Олжабай және қырық батыр» («Жаяу Мұса Мұсин),  «Райымбек батыр» (М.Болысов және Сабдалы жырау нұсқалары), «Жорықта» (Тілеміс ақын),  «Ер Өтеген» (Ә.Ділібаев), «Өтеген батыр» (Ж.Жабаев» , «Мырқы батыр» (Ә. Нұрлыбаев), «Жәнібек батыр» (А.Үлімжіұлы) секілді тарихи эпостар топтастырылды.

Бесінші томда ХVІІІ ғасырдағы қазақ-жоңғар қақтығыстары кезінде ерен ерлігімен көзге түскен және кейбіреулері Ресей басқыншыларына қарсы бітіспес майданға бел буған қазақтың маңдайалды батырлары жайындағы тарихи жырлар енгізілді. Олар: «Табын Барақ батыр туралы жыр» (Е.Құлпыбаев және Е.Білеуов нұсқалары),  «Көкжарлы Барақ батыр» (белгісіз жыршы) «Бердіқожа батыр (Е.Ахметов),  «Базар батыр» (Б.Тұрсынбаев), «Жантай батыр» (Үмбетей жырау), «Сырым батыр» (Т.Ауатанұлы және С.Бекболатов нұсқалары) жырлары.

Алтыншы томға енген: “Жапал батыр мен Таңшебер қыз” (Ә.Тұтқышұлы нұсқасы), “Шақшақұлы ер Жәнібек”(И.Жылқайдарұлы), “Ер Әжібай” (Ә.Мәлікеұлы), “Арқалық батыр” (Е.Ахметов, С.Нұралин, Е.Құлсариев) сияқты тарихи туындылар. Бұл шығармалар ел қорғау тақырыбына арналғанымен, сюжеттік, мекендік, мезгілдік тұрғыдан алғанда әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері мол, кейіпкерлері де әрқилы. Мәселен, “Жапал батыр мен Таңшебер қыз” эпосының сюжеті басты кейіпкерлердің бірі – атақты Есім хан  заманындағы XVII  ғасыр оқиғаларын баяндаса, “Шақшақұлы ер Жәнібек”, “Ер Әжібай” шығармалары XVIII ғасырдың орта шеніндегі тарихи оқиғаларды сөз еткен. Ал “Арқалық батыр” жырының сюжеттік фабуласы Алтай қазақтарының аймақ бастығы Әжі төре Көгедайұлы мен ұранқай-дүрбіт халықтарының билеушісі Ежен ханның жергілікті елге көрсеткен зорлық-зомбылықтарына қарсы шыққан Арқалық батырмен арадағы қақтығыстарға құрылған.

Жанқожа Нұрмұхаммедұлы – қазақ халқы үшін аса қадірлі де қастерлі есімдердің бірі. Әрі батыр, әрі би болған Жанқожа батырдың ерлік істері жөнінде тарихшы ғалымдардың еңбектерінде соңғы бір ғасырдан аса мезгілде жиі айтылып, жазылып жүр. XVIII ғасырдың соңына таман он жеті жасында Хиуаның белгілі батырын жекпе-жекте өлтірген Жанқожа кейінгі 70 жыл ғұмырын Қоқан, Хиуа, Ресей басқыншыларымен күрестерде өткізді. Тарихи жырлардың  алтыншы томы осы жаужүрек батырға арналып,  «Жанқожа батыр» жырының Мұсабай жырау, Л.Кенжеұлы, Қ.Сұлтанұлы, Жөкей Шаңғытбайұлы,  белгісіз жыршы, О.Сұлтанов нұсқалары ұсынылды.

Соңғы алтыншы томға негізгі сюжеті ХІХ ғасырдағы қазақ халқының сырт жауларға қарсы азаттық күресінің оқиғаларына құрылған тарихи туындылар енді. Олардың арасында «Ағыбай батыр» (белгісіз жыршы,  С.Қармысов, Т.Айнатасов, ел аузындағы, Қ.Қаңтарбаев, халық жадындағы нұсқалары), «Байсейіт батыр» (С.Керімбеков, Т.Байбағышов нұсқалары), «Мырзаш батыр» (Н.Қыдырмоллаұлы, Е.Ахметов, С.Нұралин нұсқалары), «Айдос батыр» (Ж.Айдарбеков) жырлары бар.

«Бабалар сөзі» жүзтомдығының бұдан кейінгі томдары қазақ фольклорының шағын жанрларына бағытталып, 2010 жылы оның жауапты редакторы болып осы жолдардың авторы тағайындалды. Шағын жанрларды жариялау жұмбақтардан бастау алды. Жұмбақтар – жай сөз емес, тапқырлықпен айтылған көркем сөз, өлең. Демек, ең алдымен өскелең ұрпақты аңғарымпаздыққа, зеректікке баулиды, олардың ақыл-есін, сана-сезімін жетілдіреді, айнала қоршаған дүниенің сырын біліп, сынын түюге үйретеді. Жұмбақта табиғаттың, жанды-жансыз заттардың (ішінара абстракт ұғымдардың) аттары жасырылып, даралық белгілері, ерекше қасиеттері сипатталады. Жұмбақтан оны жасаушы халықтың дүниетанымы, әдеби-эстетикалық талғамы, қоғамдық сана-сезімнің, ақыл-ой мен тілінің өсу-даму дәрежесі көрінеді.

Олардың ел аузынан жиналып, баспа жүзін көруі М.Ивановтың 1842 жылы Сакт-Петербургта жарыққа шығарған  «Татарская хрестоматия» жинағынан басталып, Қазан төңкерісіне дейін Ресей, Қазақстан басылымдарында, түрлі жинақтарда жарияланып отырды. Тіпті,  С. Мұқамедсалықов 1903 жылы Қазанда «Жұмбақ қазақ тілінде» атты кітапша да шығарды.  Кеңес кезеңінде С.Аманжолов «Қазақ жұмбақтары» (1940), С.Аманжолов пен Т.Жанұзақов 1959 жылы осы жинақты толықтырып «Қазақтың халық жұмбақтары» деген атпен екінші рет қайта бастырды. Кейінгі жылдары жұмбақтардың фольклорлық үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеу жұмыстары арнайы қолға алынды. Соның негізінде 64–томға еліміздің қолжазба қорларында сақталған, халық арасынан, сондай-ақ шетелдердегі қазақтардан жиналған 2279 жұмбақ жинақталды.

  Топтаманың 65-69-томдарына мақал-мәтелдер топтастырылды. Халық даналығының, ұлттың рухани-әлеуметтік бай тәжірибесінің нәтижесінде мыңдаған мақал-мәтелдер дүниеге келді. Олардың көпшілігі есте жоқ ескі замандарда тапқыр, шешен, данагөй сөз зергерлерінің аузынан айтылып, біртіндеп бүкіл халыққа ортақ өсиет, үлгі сөз ретінде таралып кеткен. Мақал-мәтелдер – ұлттың рухани байлығы мен сан ғасырлық мәдениетінің көркем көрінісі ғана емес, сол халықтың ой-санасы, зердесі мен даналық деңгейінің де жарқын шежіресі. Халқымыздың сөз мәйегі саналатын бұл ғажайып мұраның байып, жинақталып, ел игілігіне айналуына М.С.Бабажанов, А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, Б.Дауылбаев, М.Ешмұхамедов, М.Ысқақбаласы, А.Баржақсыұлы, Т.Ізтілеуұлы, Ө.Тұрманжанов, Б.Ақмұқанова,  Б.Момышұлы, М.Әлімбаев, Б.Адамбаев т.б. ел зиялылары айырықша еңбек сіңірді.

Алғашқы 65-томға енген мақал-мәтелдердің негізгі мәтіндері 2001 жылы басылым көрген «Қазақ халқының мақалдары мен мәтелдері» жинағынан, аталған сирек қорлардағы қолжазбалардан, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1998 жылды «Халық бірлігі мен тарих жылы» деп белгілеуіне байланысты еліміздің түкпір-түкпіріне шыққан фольклорлық-этнографиялық экспедициялар жұмысы негізінде жинаған материалдар бойынша дайындалды.

Топтаманың келесі 66-томына көне түркі заманынан бері тасқа басылып, орта ғасырларда қолжазба кітап күйінде хатқа түскен: Білге қаған, Тоңыкөк, Күлтегін  сынды билеуші батыр-билердің сөздері және Жүсіп Баласағұни, Махмұд Қашқари т.б. еңбектерінде кездесетін мақал-мәтелге айналған даналық сөздер, сондай-ақ  ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы қазақтың алғашқы ағартушы толқынының өкілдері: М.Қ.Бабажанов, Ш.Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, Ә.Диваев, М.Ешмұхамедов, М.А.Ысқақбаласы, А.Баржақсыбаласының және орыс халқының педагог-ағартушы, зерттеушілері: В.В.Катаринский, Н.Н.Пантусов, В.Ф.Герн, А.В.Васильевтің т.б. жинап, бастырған қазақтың халық туындылары үлгілері енгізілді. Ал кезекті 67-томға Қытай Халық Республикасында тұратын қазақтар арасынан жиналған және сонда жарық көрген мақал-мәтелдер топтастырылды.

«Қазақ мақал-мәтелдерінің» жалғасы болып табылатын 68-томғаХІХ ғасырдың ортасынан бастап,  ХХ ғасырдың екінші жартысын, яғни бір жарым ғасырлық мерзімді қамтитын халық мұраларының үлгілері ұсынылды. Олар: Л.З.Будагов, Н.И.Березин, М.А.Терентьев, П.М.Мелиоранский, И.И.Крафт, А.В.Васильев, Ә.А.Диваев, С.Шорманов, Ғ.Жәнібеков, З.Ташкенди және А.Баржақсы баласы жинап, жариялаған еңбектер бойынша берілді. Бұл мұралар – 1869–1923 жылдар аралығында жарық көрген, қазір сирек қорларда ғана сақталған басылымдар.

 Соңғы томы (69-том)  аталған сирек қорларға  1934 жылдан  жинала бастаған  М.Ж.Көпеевтің, Ж.Жүсіпұлының, Е.Есенжолұлының,  Б.Жақыпбаевтың, С. Әлімбетовтің, Ә.Марғұланның,  Хасен Ғалидың,  С.Бекмахановтың, И.Ұйықбаевтың, К.Елеуовтің, Ж. Жантөбетовтің, М.Толыбаевтың, Ә.Наурызбаевтың, Н.Оңдасыновтың,  Б.Адамбаевтың т.б. жинап тапсырған қолжазба мұраларының негізінде әзірленді.

Мақал-мәтелдердің вариант-нұсқалары мен баламалары көп ұшырасады. Кейде авторлық мақалдар мен халықтық сөз мәйектері араласып, бір-бірінен  ажыратылмайтындай болып кеткен. Осы тектес мәселелерде фольклор ғылымының ұстанымдарына орай және халық мұралары әр кезеңде, әр өңірден жиналғандықтан, тілдік, көркемдік-мазмұндық жағына мән беріліп, түпнұсқа негізінің бұзылмауына ерекше көңіл бөлінді. Жинақтар ғылыми басылым болғандықтан, мәтіндер аяғына дейін бір ретпен нөмірленіп, мақал-мәтелдердің өзгерген нұсқалары да енгізілді. Мысалы, «Бай Құдай ұрарында жортуыл болады, жарлы Құдай ұрарында қатынын тастайды», нұсқасы – «Биді Құдай ұрарында жортуыл бастайды, Биені Құдай ұрарында құлын тастайды; немесе: «Бай мақтанса, май табылар, жоқ мақтанса, не табылар?!» – «Бай мақтанса, табылар, жоқ мақтанса, шабылар»; болмаса – «Қоралы бай – қорлы бай, жылқылы бай – сылдыр бай» – «Қоралы бай – қорлы бай, сиырлы бай – сары май» т.с.с.

Кезекті 70, 71-томдар қадым заманнан бері халық жадында сақталып келе жатқан фольклордың көне жанрының бірі қара өлеңге арналады. ХХ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін көшпелі өмір салтын ұстанып келген қазақтың бір ауыз қара өлең білмейтін қыз-жігітін кездестіру мүмкін емес еді. Сол себепті мұрағаттар мен әдеби қорларда шашырап жатқан мол мұрамыздың бір парасы да осы қара өлең. Ол – ән-әуенмен тікелей байланысты болып келетін, салт-дәстүрімізге қатысы бар синкретті жанр.

Ата-бабаларымыздың арман-мұраттары мен күйініш-сүйінішін, ұлттың болмыс-бітімін бейнелейтін осынау қымбат қазынамыздың жастарды адамгершілік қасиеттерге баулуға қосар үлесі мол. Қара өлең мәтіндерінен сол дәуірлердегі саяси-қоғамдық сана мен тілдік ерекшеліктерді айқын аңғаруға болады. Мәселен, жаңа әлеуметтік өзгерістер, тарихи және шынайы деректердің көбірек кездесуі, орыс, араб, парсы тілдеріндегі кейбір лексемалардың ұшырауы осыған дәлел.

  Алдыңғы 70-томға  кірген мәтіндердің нұсқалары профессор  А.Сейдімбектің “Мың бір маржан” (1989), ақын О.Асқардың “Қара өлең” (1997) жинақтарының негізінде,  сондай-ақ жоғарыда көрсетілген сирек қорларда сақталған, бұрын баспа жүзін көрмеген 3918 шумақ қара өлең үлгілері қамтылды. Ал 71-томда Қытайдағы қазақтар арасынан жиналған, сол елдегі түрлі басылмдар мен жинақтарда жарияланған туындылар жинақталды.

Балалар фольклоры – қазақ халық әдебиетінің жаңа туған жас сәбиден бастап кәмелетке толғанға дейінгі ұрпақтың жас ерекшеліктеріне байланысты тәлім-тәрбие беріп, олардың психологиясын, эстетикалық танымын, ой өрісін, еңбекке, отан сүйгіштікке деген сезімін, шығармашылық бағыт-бағдарын көтеруге зор ықпалын тигізетін дәстүрлі педагогикалық құндылық. Шығармалардың тақырыптық, көркемдік-мазмұндық сипаты мен тілдік-саздық құрылымы өзара үйлесім тауып, балалардың рухани әлемін қалыптастыруда ерекше рөл атқарады. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан В.В.Радлов, М.Ибрагимов, Ы.Алтынсарин, Е.Покровский, А.Е.Александров, А.Харузин, Ә.Диваев сияқты зерттеушілердің назарына ілініп, хатқа түскен.

Қалың оқырманға жол тартқан 73-томды баспаға дайындау барысында жоғарыда көрсетілген зерттеушілердің еңбектері мен олардың ел арасынан жинап, жүйелеп, жарыққа шығарған мәтіндік материалдары жан-жақты сараланды. Бұл ретте балалар фольклорын жеткізуші, жинаушы Т.Нұрматов, Ж.Бұғыбаев, Т.Ибрагимов, Т.Қыдырбаев т.б. ел азаматтары мен Ш.Ыбыраев, Қ.Саттаров, К.Матыжанов сияқты белгілі ғалымдардың халық арасынан жазып алған материалдарының айырықша рөл атқарғанын атап өткен орынды. Әр кезеңдерде, түрлі аймақтардан жинақталған бұл халық туындылары нұсқалық ерекшеліктеріне байланысты текстологиялық тұрғыда сарапталып, керек болған жағдайда бірнеше варианты қатар берілді. Сондай-ақ әдеби қорларда сақталған қолжазбалар, сирек кітаптар, басылымдар, микро, аудиотаспалар зерттеу нысанасына алынып, қадім, төте, латын жазуларында хатқа түскен мәтіндер бүгінгі қолданыстағы әліпбиге көшірілді және шығармалардың түпнұсқадағы сөз қолданысы толық сақталады.

Академик С.Қасқабасовтың зерттеулеріне қарағанда, «Бабалар сөзінің» 73-77 томдарына топтастырылған ертегі жанры – халық прозасының дамыған, көркем түрі, яғни фольклорлық сөз өнері. Оның мақсаты – тыңдаушыға ғибрат ұсынумен бірге эстетикалық ләззат беру. Ертегінің қызметі кең: ол әрі тәрбиелік, әрі көркем-эстетикалық рөл атқарады. Ертегінің бүкіл жанрлық ерекшелігі осы екі қызметінен шығады. Сондықтан ертегінің басты міндеті – сюжетті барынша тартымды етіп, көркемдеп, әрлеп баяндау. Демек, ертегі шындыққа бағытталмайды, ал ертекші әңгімесін өмірде шын болған деп дәлелдеуге тырыспайды.

Қазақ ертегілері жанрлық әрі сюжеттік құрамы жағынан әр алуан. Ол іштей бірнеше жанрға бөлінеді: хайуанаттар туралы ертегілер, қиял-ғажайып ертегілер, батырлық ертегілер, новеллалық ертегілер, сатиралық ертегілер. Сюжеттер құрамында тек қазақтың өзіне тән шығармалармен қатар, басқа елдермен ортақ ертегілер де бар. Олардың көбі тарихи-типологиялық жағдайда пайда болған, біразы тарихи-генетикалық, яғни туыс халықтарға ортақ болып табылады, кейбірі тарихи-мәдени байланыс нәтижесінде қазақ жұртына тараған. Сол себепті қазақ ертегілерінің арасында таза ұлттық та, халықаралық та, көшпелі де сюжеттер қатар өмір сүрген.

Топтаманың бұл бес томдық жинақтары фольклортану ғылымында қабылданған классификация бойынша мына ретпен құрастырылды: «Хайуанаттар туралы ертегілер» (73-том), «Қиял-ғажайып ертегілер» (74-том), «Батырлық ертегі» (75-том), «Новеллалық ертегі» (76-том), «Сатиралық ертегі» (77-том).

Томдарға ұсынылған ертегілер мәтіндері  қолжазба қорларында  сақталған, сондай-ақ ХІХ-ХХ ғасырларда жарық көрген фольклорлық т.б. жинақтарда жарияланған мәтіндердің негізінде дайындалып, сюжеттер типі халықаралық каталог бойынша жүйеленді.

Қазақ фольклорындағы миф жанры алғашқы қауым кезінен бастау алып, біртіндеп дамып, көркем  шығарма деңгейіне көтерілген. Олардың ішінде, әсіресе кең тарағаны – аспан әлемінің құрылысын түсіндіретін және әртүрлі жануар мен жәндіктердің кейбір қасиеттерін баяндайтын космогониялық,  этиологиялық мифтер. Адамдар табиғаттың құбылыстарын, аспан әлеміндегі нәрселерді түсіну үшін олар туралы неше түрлі миф шығарып, өз өмірін, тұрмысын соларға көшірген, көп нәрсені күнделікті шаруа мен тұрмыс, адамдық қасиеттер мен қатынастар тұрғысынан түсіндірген.

«Бабалар сөзінің» «Қазақ мифтері» атты 78-томын дайындау барысында әдеби қорларда жинақталған мифтер, Ш.Уәлиханов, Г.Н.Потанин, Ә.Диваев, С.Қасқабасов,  Н.Мыңжанұлы, Е.Ысмайылов, Ш.Ибраев, Б.Абылқасымов, Б.Сағындықұлы, Ү.Сұбханбердина, Б.Рахимов т.б. ғалымдардың  бұрын жарыққа шыққан еңбектерінде жарияланған мәтіндер пайдаланылды.

 «Бабалар сөзі» сериясын құрастырушылар шетелдерде қоныстанған қандастардың фольклорлық мұраларын жариялауға ықылас білдіріп, шекаралас мемлекеттерде сақталған әдеби құндылықтарды да жиыстырып, жүйелеп, жариялау жұмыстарын іске асыра бастағаны жоғарыда айтылды. Сол мұралардың бір парасы Моңғолиядағы қазақтарға тиесілі.

Моңғолиядағы қазақтардың мұрасын жинау шаралары XIX ғасырдың екінші жартысынан бастау алады. Аталған елдің мәдениеті мен тарихына ерекше ден қойып, алғаш іргелі зерттеулер жүргізген ғалымдардың қатарында Г.Н.Потанин, Г.Е.Грумм-Гржимайло сияқты орыс саяхатшылары  болды.  Саяхатшы-ғалымдар жергілікті қазақтардың  тұрмыс-тіршілігімен, салт-дәстүрімен, өнер адамдарымен жан-жақты танысып, көптеген фольклорлық-этнографиялық материалдарды хатқа түсірген. Кейін бұл жазбаларды  Г.Н.Потанин «Солтүстік батыс Моңғолия очерктері»,  Г.Е.Грумм-Гржимайло «Западная Монголия и урианхайский край» атты зерттеу еңбектеріне пайдаланған.

Қазақ этносының фольклоры мен этнографиясын мақсатты түрде жинау, жүйелеу, зерттеу, жариялау ісі Монғолиядағы халық төңкерісінен кейін қарқынды жүргізіле бастады. Жас мемлекеттің мәдени-ағарту саласын ұйымдастыруға 1921 жылы арнайы жіберілген қазақстандық А.Қасымов, Ш.Өтепов,  кейін 1940 жылы Баян-Өлгий аймағындағы қазақтардың ұлттық құрылым ретінде қалыптасуына көмектесу үшін келген  А.Қордабаев, Ж.Тінәлин секілді зиялы қауым өкілдері халық әдебиетінің кешенді жиналып, дер кезінде хатқа түсуіне белсене араласты. ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ел экономикасының қалыптасуына, жергілікті жерлердегі білікті мамандардың артуына байланысты  рухани құндылықтарға ресми түрде көңіл бөліне бастады. Ел ішінен Қ.Соян, Б.Төлебай, Қ.Махфоз, А.Қабыкей, Ә.Ахметбек, К.Молдафия, Қ.Қалиасқарұлы т.б. ақын-жыршылар, айтушы-жинаушылар, ғалымдары  шығып, олар жеткізген фольклорлық мұраларды жариялау мәселесі көтерілді. Қазақ фольклоры мен авторлық ауыз әдебиетіне арналған көптеген жинақтар басылым көрді. Бұл халық туындылары жалпы қазақ фольклорымен біртұтас тамырластығы болғанымен, өзіндік ерекшеліктері бар екендігі айқын аңғарылады.

«Монғолиядағы қазақ фольклоры» жинағы (79-том) профессор Қ.Қалиасқарұлының Баян-Өлгий өлкесіндегі қазақтар арасынан жинаған фольклорлық үлгілердің, З.Хадысұлы, Қ.Дөңтайұлы, З.Кулияш, Б.Ақтан т.б. айтушы, жинаушылардың, сол елде басылым көрген кітаптарда жинақтарында жарияланған халық мұраларының (еңбек фольклоры, ғұрыптық фольклор, отбасылық ғұрып фольклоры,  балалар фольклоры, жерлеу ғұрып фольклоры, магиялық фольклор, прозалық жанрлар, шағын жанрлар, эпикалық поэзия) негізінде әзірленді.

«Бабалар сөзі» сериясының кезекті 80-89-томдары қазақ фольклорының аса қомақты бөлігі  – аңыздарға арналады. Алғашқы томда топонимдік аңыздар жинақталған.

Топонимдік аңыз – белгілі бір жер-судың, өзен-көлдің, тау-тастың аталу себебі, сол жерлердегі оқиғалардың сол атауларға байланысын, тарихын баяндайтын әңгіме. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап П.П.Семенов-Тяньшанский, Г.Н.Потанин, Ш.Уәлиханов кейбір өзен, көл мен тау аттарының шығу тарихына арнап мақалалар жазды. ХХ ғасырдың 30-40 жылдары Қ.Жұбанов, Ә.Марғұлан, С.Аманжолов, С.Әлиев, Н.Баяндин баспасөз беттерінде топонимдер жайлы материалдар жариялады. Қазақ фольклорындағы топонимдік аңыздар туралы С.Қасқабасовтың «Қазақ халық прозасы» еңбегінің маңызы зор. Сондай-ақ, А.Сейдімбековтің, Ш.Ыбыраевтың, Т.Қоңыратбаевтың, А.Пангереевтың еңбектерінде топонимдер туралы терең зерттеулер жүргізілген.

Томға профессорлар Қ.Саттаровтың, Б.Рахымов мен А.Пангереевтің әр жылдары ғылыми, әдеби-фольклорлық және этнографиялық экспедициялар кезінде ел арасынан жиналған материалдары,  Қытайдағы қазақтар арасынан жазып алынған, сондай-ақ бұрын-соңды жарық көрген әртүрлі кітаптардағы аңыздар енгізілді.

Жалпы қазақ шежіресі ру-тайпа, ұлыс,  ұлт шежіресі, төрелер мен қожалар, төлеңгіттер  шежіресі болып жіктелетіні белгілі. Олар ішкі жанрлық белгілері бойынша: жыр-шежіре, қарасөз және кесте шежіре болып бөлінеді. Шежіре Қазақ Ордасының әкімшілік басқару жүйесіне аса қажет болғандықтан, хандар оның жүйелі түрде жиналып, хатқа түсуіне мүдделі болған. Себебі  батырлар арқылы әскер жасақтауда, ру-тайпа басшылары мен  билер институтының негізінде мемлекеттік билікті жүргізуге, салық жинау, жер дауы, жесір дауы, құн дауы мәселелерін шешуде шежіре білудің маңызы зор еді.

Ұрпақтан-ұрпаққа ауызша таралып келген шежіре аңыздар – қазақ халқының сан ғасырлық тарихнамасы, тұтас бір ұлттың өсу-өрбу жолдары.  Алдымен, әр тайпаның, рудың, аталықтың кесте шежіресі, соған байланысты аңыздар қарасөз күйінде атадан балаға жетіп, өзге нұсқалары арқылы толығып отырды. Кейін ру ақсақалдарынан естіген шежірелік жүйе мен аңыздарды ақын-жыраулар, жыршылар өлең, жырға айналдырып, ел ішіне таратып келген. Олардың көпшілігі арнайы бір сюжеттік желіге құрылмай, қазақтың түп-тегінен жырлаушының өзіне дейінгі шежіре тізбектеліп, жыр үлгісіне түсірілген.

Топтаманың 81, 82-томдарына Адам атадан, Түркі қағанатынан, Алаша ханнан, Майқы биден бастап жалпы үш жүздің, жеке ру-тайпалардың шығу тарихын баяндайтын Т.Меңлібайұлы,  Ә.Оспанұлы, Ж.Төлепұлы, М.Байбатыров, Файзолла қари Сатыпалдин,  К.Әзірбаев, Ш.Жұбанұлы,  З.Қауменұлы, Б.Орынбекұлы, А.Әбілмәжінов, H.Наушабайұлы, Досымбет, Бекберді ақындар, Қ.Қылышев, Ө.Қалбаев, Қ.Иманғалиев т.б. белгісіз жыршылар жеткізген 31 жыр-аңыз дайындалды.

Прозалық шежірелік аңыздар – бүгінде іргелі ел, мемлекет құраушы қазақ ұлтының бүкіл қалыптасу тарихын көркем бейнелі түсіндіретін көне заманнан бергі түркі, оғыз, моғол, ноғай, татар тайпаларының және оларды халық ретінде біріктіруші ұлы тұлғалары: Оғыз хан, Шыңғыс хан, Алаша хан мен халықтың атауы «Қазақ» деп, ал оның жалпы халықтық ұраны «Алаш» деп аталуының, олардың «үш жүз» болып бөлінуінің, белгілі бір тайпаның, рудың, оның ішінде ру аталығы аталуының, сонымен бірге қазақ халқының үш жүзіне кірмейтін, бірақ оны құрауға қатысқан қауымдар: төрелер, сахабалар, қожалар, шалақазақ, төлеңгіт т.б.  аталуы, қысқаша айтқанда, қазақтың халық болып қалыптасуы туралы  баяндалатын аңыз-әңгімелер.

Кезекті 83-томға енген шежірелердің үлкен бөлігі қара сөзбен хатқа түскен қолжазба мұралар бойынша, сонымен бірге ХҮІ-ХҮІІ ғасырдағы түркі, парсы, шағатай тілдерінде жарияланған тарихи шежіре шығармалардан бастап, ХХ ғасыр басындағы қазақ шежіре кітаптарына, алғашқы газет-журналдарында басылған материалдардың негізінде әзірленді.

Күй аңыздары  – қазақ мәдениетінің бастауларымен сабақтасып жатқан біртұтас рухани құбылыс. Аңыздардың түп-тамырына назар аударғанда, олар халықтың рухани әлемінде айырықша орны бар, ғасырлар қойнауынан бастау алатын дәстүрлі мұра екендігін аңғаруға болады. Оған Қорқыт атадан бастап бүгінгі күнге дейін үзілмей келе жатқан күй өнері, олардың шығу тарихына байланысты ауыздан-ауызға тарап, кейінгі ұрпаққа жеткен  аңыздар айқын дәлел бола алады. Күй аңыздар да халықтығымен қоса, синкретті сипатымен де ерекшеленеді. Бұл арада күй мен күйшінің, күй мен аңыздың, күй тарихы мен оны айтушылардың және күйді орындаушылардың арасындағы ажырағысыз байланысты айта кеткен жөн.

«Бабалар сөзінің» 84-томына жыл санауымызға дейінгі ҮІІІ-Ү ғасырлардан біздің заманымыздың ҮІ ғасырына дейінгі аралықты қамтыйтын («Қос мүйізді Ескендір», «Көк төбет», «Көкбөрі», «Аққу», «Сарын» т.б.), сондай-ақ VІІ-ХІХ ғасырлар аясында өмірге келген фольклорлық және халық күйшілері шығармашылығына байланысты аңыздар алынды. Жинақты дайындау барысында қолжазба мұралармен қатар А.Жұбанов,  А.Сейдімбек, У.Бекенов,  Т.Мерғалиев,  М.Сатыбалдиев, Б.Мүптекеев пен  С.Медеубекұлы, Т.Мерғалиев, С.Бүркіт пен О.Дүйсен, Б.Жүсіпов сынды зерттеуші-күйшілердің  еңбектері пайдаланылды.

Басылымның 85-88-томдары  көне замандардан бері қаймағы бұзылмай келе жатқан халық шығармашылығының құнды жанрының бірі «Тарихи  аңыздарға» арналады. Халық прозасының бұл жанры ілгергі-бергі кезеңдерде жекелеген хандарға, батырларға, басқа да тарихи тұлғаларға арналған жинақтарда, баспасөз беттерінде, хрестоматиялық оқулықтарда жарияланғанмен, ғылыми тұрғыда  жинақталып, жүйеленіп, арнайы басылымдары жарық көрген емес.  Халқымыздың тәуелсіздігі үшін ерлік пен елдіктің  тамаша үлгілерін көрсеткен батырлар бейнелері сомдалған көптеген аңыздар еліміз егемендік алғанға дейін елеусіз қалып, тыйым салушылыққа ұшырап, жарияланбай, насихатталмай, зерттелмей келді. Сондықтан құрастырушылардың алдында қоғамның әр кезеңдеріндегі тарихи оқиғаларды баяндайтын белгісіз аңыздарды жинастыру, бүгінгі жазуға көшіру, текстологиялық тұрғыда сараптау, жарыққа шығару арқылы оқырмандармен таныстырып, отандық ғылымның игілігіне айналдыру сияқты келелі мәселелер қойылды. Тарихи аңыздарға айырықша ден қойылып, республиканың сирек қорларында сақталған қолжазба мұралардың негізінде төрт томды қатар дайындау қолға алынды.

Жинақтардың 85-томына ҮІ-ХҮІ ғасырлар аралығындағы  (Бәйдібек би, Домалақ ана, Қорқыт, Алаша хан, Майқы би, Аяз би, Хакім ата, Зеңгі баба, Шопан ата, Өзбек хан, Шыңғыс хан, Жошы хан, Ақсақ Темір, Байшегір баба, әз-Жәнібек, Асанқайғы, Жиренше шешен, Қарашаш сұлу, Еңсегей бойлы ер Есім, Тоқтамыс) хан-сұлтандар, би-шешендер, батырлар т.б. тарихи тұлғаларға қатысты халық туындылары, 86, 87-томдарға Жоңғар шапқыншылығы кезеңінде Қазақ Ордасының мемлекеттілігін, халқының тәуелсіздігін сақтап қалуда ерекше рөл атқарған Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты ел тұтқасы болған кемеңгер билердің ел тұтастығын, руаралық ынтымақ-бірлікті сақтаудағы ерен еңбектерін, дау шешудегі әділдігін, қайраткерлік тұлғаларын сомдайтын, Абылай сынды айбынды ханның көзсіз ерлігін, қолбасшылық, ұйымдастырушылық қабілетін, ел басқарудағы өзіндік қырларын, дипломатиялық іс-тәжірибелерін ашып көрсететін, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Өтеген, қос Жәнібек, Олжабай, Малайсары, Балтакерей Тұрсынбай, Райымбек, Жидабай секілді ондаған даңқты батыр-қолбасшылардың жорық жолдарын баяндайтын аңыздар енгізілді.

Келесі 88-томға ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдағы қазақ қоғамын, тарихи оқиғаларды, әлі де болса ел тәуелсіздігін сақтап қалғысы келген хан-сұлтандардың, елбасыларының, батырлардың сыртқы жаулармен өткізген күрестерін, олардың ұлт-азаттық сипаттағы көтерілістері мен қозғалыстарын суреттейтін (Бөкей, Жәңгір, Нұралы, Кенесары хандарға,  Есім, Баймағамбет, Саржан, Есенкелді, Наурызбай, Ахмет, Сыздық сұлтандарға,  Сырым, Жанқожа, Ағыбай, Бұғыбай, Бұқарбай, Науша, Қойсары, Қонақбай, Байсейіт, Саурық, Иман сияқты ондаған батырларға, Мөңке, Бөкен, Шомбал, Үкі, Бөлтірік, Құнанбай, Сарыбай билерге қатысты) аңыздар ұсынылды.

Топтаманың 89-томында аңыздардың жыр үлгісіндегі нұсқалары қарастырылды. Олардың арасында мекендік аңыздарға негізделген «Қыз құлаған», ертегілі-аңыздық сюжетке құрылған «Алдар көсе», тарихи тұлғаларды бейнелеген «Қорқыт», «Асанқайғы» сияқты қомақты фольклорлық шығармалар бар.

Аңыздық прозаның тағы бір тобы – хиаяттар. Ол тақырыбы мен сюжеттік оқиғасына қарай кітаби және діни оқиғалардың желісіне құрылады. Хикаятқа неше түрлі әулие-әнбие, пайғамбарлар жайындағы және мұсылман дінінің мифологиясына негізделген шығармалар жатады. Хикаятта шындыққа жанаспайтын жәйттер, көркемдік әсірелеу, діни мифология сарыны жиі кездеседі. Топтаманың 90-томында қазақтар арасында өте кең тараған Адам ата, Сүлеймен, Мұхаммед пайғамбарлар, Лұқпан, Ескендір Зұлқарнайын, Қыдыр т.б. туралы шығармалар қамтылды.

Жоба бойынша «Бабалар сөзін» 2013 жылы толық аяқтау мақсатында арнайы жоспар жасалып, 91-101-томдардың дайындалу жүйесі алыдын-ала нақтыланды.

Алғашқы рулық қауымнан бастап, барлық кезеңдерде туындап отыратын жанрдың бірі – ауызекі әңгімелер. Әңгімелердің түптөркіні – біреудің, немесе қауымның өміріндегі бір ерекше оқиғаны баяндау. Әдетте, әңгімедегі оқиға, айтушының өзі, яғни айтушыға жақын, тыңдап отырған көпшілікке таныс басқа адамдардың қатысуымен расталады, дәлірек айтқанда, көп жағдайда айтушының өзі әңгіменің басты кейіпкері болады. Ол әр жерде, жиын болған кезде айтылады да, ондағы оқиға бірте-бірте тұрақты сюжетке айналады. Сөйтіп, әңгіме дәстүрлі шығарма ретінде жеке жанрлық топ құрайды. Көркемдік әсірелеу жоқ осындай жеке адамның басынан өткен оқиға ретінде айтылатын әңгімелер халық арасында да, әдеби қорларда да мол сақталған. Сол себепті де бұл онтомдықтың алғашқы жинағы (91-том) «Ауызекі әңгімелерге» арналады.

Қазақ фольклорының ең көп сақталған тармақтарының қатарына  ғұрыптық фольклорды жатқызуға болады. Халық шығармашылығының бұл түрлері ежелгі замандардан бері қазақ халқымен, оның тұрмыс-тіршілік, әлеуметтік салт-сана, дәстүр, дін, кәсіп тәрізді өмірлік басты құндылықтарымен қабаттаса, кезектесе, сабақтаса дамып келгені мәлім. Олардың негізгі түрлері мыналар: маусымдық, үйлену және жерлеу ғұрып фольклоры.

Маусымдық ғұрып фольклорының үлгілері көбінесе, көне салттық ырым-жоралғылар орындалатын ұлттық күнтізбелік мерекелер кезінде немесе діни мейрам күндері (жарапазан, наурыз өлеңдері) айтылады.

Ғұрыптық фольклордың көлемді саласын отбасылық ғұрыпқа қатысты өлеңдер құрайды. Ішкі жанрлық тұрғыдан үлкен үш бөлікке бөлінетін отбасылық ғұрып фольклорының басты түрлері: құда түсу, тойбастар, жар-жар, сыңсу, аушадияр, беташар, неке қияр, өлеңдері және жерлеу салтына қатысты ырымдар мен өлең-жырлар (жоқтау, дауыс, көңілқос, көрісу т.б.) болып келеді.

Кезекті 92-томда маусымдық және  ғұрып және үйлену ғұрып фольклоры, ал 93-томда жерлеу ғұрып фольклорының үлгілері топтастырылады.

Магиялық фольклор – халық құндылықтарының аса қызғылықты, танымдық, тәрбиелік маңызы өте зор бөлігі. Оларды өзіндік саз-әуені, поэтикалық формасы мен көркемдік сипаты, мазмұндық ерекшеліктеріне  қарай алғыс, қарғыс, бата, түс жору, тиым, дұға оқу, арбау, жалбарыну, бақсы сарыны, дуалау, бал ашу, ұшықтау, аластау, құрт көшіру, жын шақыру т.б. деп жүйелеуге болады.

Жаратылыс дүниесінің толып жатқан құпия сырларына табынып, оны жұмбақ дүние ретінде сезінетін халықтың наным-сенімінен туындаған өлең, жырлар кеңестік кедергілерге қарамастан көптеп сақталған. Адам мен малдың көбеюі, олардың ауруға шалдығуы мен ауырғандар мен соғыс кезінде жараланғандарды емдеу нәтижесінде практикалық емдеу ісі  пайда болды.  Мәселен, бақсылар сарынының негізгі мақсаты – түрлі сырқаттарды дауалау, емдеу. Қобыз сазы мен сөз құдіретінің үндесуі – бақсының емдеу құралы болып саналса, арбауда сөз бен іс-әрекеттің арақатынасы зор рөл атқарады. Ал көшпелі қазақтың сан ғасырлық емшілік кәсібінен туындаған бәдік жырларының ХХ  ғасырдың алғашқы кезеңіне дейінгі өмірлік мәні өте зор болғаны баршаға мәлім.

Топтаманың 94-томына жоғарыда аталған магиялық фольклордың құрамындағы барлық жанрлық түрлер жинақталады.

Өтірік және мысал өлеңдердің, олардың прозалық үлгілерінің қазақ фольклорында алатын орны айырықша. Өтіріктерді  айтушының бір мақсаты – өзінің шексіз қиял-фантазиясымен, қиыннан қиыстырғыш тапқырлығымен, тілмәрлігімен тыңдаушыны қол жетпес армандарға жетелеп, ой өрісін жетілдіріп отырса, екінші – қызық, күлкілі, ғажайып оқиғалы өлең-әңгімелері арқылы жұртшылықтың  көңілін көтеру. Ал мысал өлеңдер (прозалық үлгілері де кездеседі) белгілі бір жағдайды, оқиғаны тыңдаушыға астарлап, тұспалдап, салыстырмалы тұрғыда жеткізу арқылы дидактикалық мәні бар қасиеттерге қарай жетелейді. Басылымның 95-томына осы өміршең жанрлар жинақталып, оқырман қауымға жол тартпақ.

Фольклорлық ән мәтіндерінің негізі қара өлеңдерден шыққандығынан да болар, оларда сан-салалы тақырыптар, құбылыстар қамтылады. Көбіне халықтың тұрмыс-тіршілігі, қоғамдық өмір көрінісі, көңіл-күйі, орындалмаған аңсар-арманы, әдет-ғұрыпы, салт-дәстүрі, жастардың адал махаббаты, қайғы-мұңы, табиғат сыры сөз болады.  Ән өлеңдер тыңдаушыны  моральдық-этикалық қағидаларға, эстетикалық талғамдарға, адамгершілік тұрғысындағы танымымдарға жетелейді. Сондықтан халықпен бірге жасап келе жатқан ән мәтіндері іздестіріліп, жүйеленіп жүзтомдықтың 96-томына ұсынылады деген ойдамыз.

Жоғарыда айтылғандай, шетелдерді, әсіресе ТМД мемлекеттерін қоныстанған қазақтардың  рухани мұраларын жинау, жүйелеу, жариялау мәселесі әлі де өз шешімін таппай келеді.Сондықтан Ресейдің Астрахан, Орынбор, Омбы, Челябинск т.б. губерниялары мен Орал өңірінде,  Өзбекстанның Қарақалпақстан, Ташкент, Мырзашөл, Тамды, Үшқұдық, Кезбиік аудандарында, Хорезм ойпатында, Тәжікстанның Қорғантөбе ауданында, Түркияның Қазақкент, Салыхли, Зейтінбурны, Кечиөрген аудандарында, Иранның Горган, Бандартуркмен т.б қалалары мен алты қазақ ауданында тұратын қазақтардың фольклорын да «Бабалар сөзі»  топтамасына енгізу жоспарланып отыр. Бұл ретте биылғы жылы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған ғылыми кешенді экспедицияның нәтижесіне, сондай-ақ Кеңес кезеңінде жинақталған қолжазба жәдігерлерге сүйенуге болады деп айтуға толық негіз бар.

  Топтаманың 97-томында Өзбекстандағы, 98-томында  Қарақалпақстандағы, 99-томыда Ресейдегі, 100-томында Түркіменстандағы, Ирандағы, Ауғанстан мен Түркиядағы қандастарымыздың фольклоры қамтылады. Бүгінгідей жаһандану үрдісінің басымдық алған тұсында ұлттық фольклорымыздың қадір-қасиеті, маңызы, тәрбиелік мәнін кең түрде зерделеп, шетелдерде сақталған рухани мұрамыздың інжу-маржандарын жинап, жүйелеу,саралап, арнайы жариялау – аса күрделі де, қажетті іс болмақ. Демек, жобаны ойдағыдай жүзеге асыру ұлттық фольклортану саласының бағыт-бағдарын айқындап, қазақ халқының рухани болмысын, мәдени байлығын эстетикалық талап-талғам тұрғысынан тереңірек тани түсуге мүмкіндіктер береді.

Соңғы 101-томда «Бабалар сөзі» жүзтомдық топтаманың анықтамалық-библиографиялық көрсеткіші жазылады. Құрастырушылар тарапынан 1–100-тодарда жарияланым көрген фольклорлық мәтіндердің қысқаша анықтамалық сипатын жинақтау көзделген. Жинақ осы санаттағы  басылымдардың талаптарына сәйкес орындалады. Жобаны орындау барысында профессор Б.Әзібаева, филолгия ғылымдарының кандидаттары С.Қосан мен Т.Әлбеков жетекшілік еткен Қ.Алпысбаева, П.Әуесбаева,  С.Сәкенов, С.Қорабай, М.Шафиғи, Б.Әбжетов, Т.Әкімова, Ж.Рақышева, А.Ақан, Қ.Орынғали, Т.Әкімова, Ж.Салтақова, Н.Мүрсәлімова, Е.Сманова, Б.Тұрлымбеков, Г.Иманәлиева, Н.Елесбай, Ғ.Райыс, А.Оралбек  секілді құрастырушылар тобы қатысты, сонымен бірге ұжымнан тыс т.б. зерттеуші-мамандар тартылды. 

Осы бірегей жоба  сәтті орындалған жағдайда, ең бастысы, Елбасының басшылығымен жүзеге асырылған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы, оның бір саласы болып табылатын «Бабалар сөзі» жүзтомдық топтамасы толық аяқталады. Бұл тәуелсіз Қазақстанның әлем едерінің алдындағы беделін тағы бір мәрте арттырып, бұл жәдігерлер ғаламдық фольклортанудың нысанасына айналады және адамзаттық құндылықтардың алдыңғы сапынан орын алады.

Екіншіден, сан ғасырлар бойы жинақталып, түрлі себептермен ұзақ жылдар қолжазба қорларының сөрелерінде жатып қалған,  сондай-ақ ХІХ-ХХ ғасырларда араб, латын және көне түркі жазуларымен басылған, сол себептен қалың оқырманға түсініксіз болып келген қазақтың  бүкіл сөз өнері халықпен қайта қауышады, яғни, бұрын жарияланбаған фольклорлық мәтіндер, қалың оқырманға мәлім емес дереккөздері ғылыми айналымға түсіп, оқу процесіне енеді. Ұлттық руханият пен мәдениетті жаңғырту үшін филология ғана емес, сондай-ақ, оған іргелес тарих, тіл білімі, философия т.б. ғылымдар үшін негізді деректану базасы пайда болады. Топтаманың толық жарыққа шығуы –халық жадының қайта оралуына, ұлттық сананың бекуі мен қоғамдағы ізгі дәстүрдің қалыптасуына көмектеседі деген үміттеміз.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?