Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Аядай үйдегі аяулы махаббат

2525
Аядай үйдегі аяулы махаббат - e-history.kz
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мейрамы қарсаңында көктегі жұлдыздай жарқыраған қазақ қыздары туралы әңгімеде қазақтың тұңғыш балеринасы Нұрсұлу Тапалова туралы жалғастырмақ

Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы 13 қыркүйекте Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өмірге келген. Талапты қыз мектеп қабырғасында жүргенде-ақ көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып, өнерге бет бұрады.

1934 жылы Алматыдан Ойылға гастрольмен жаңа құрылған Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестрін А. Жұбанов бастап келеді. Осы сапарда 11 жасар Нұрсұлудың бойындағы талантын байқаған А.Жұбанов оған кәсіби білім алуға кеңес береді.  

Нұрсұлу 1936 жылы қазақтың атақты әншісі Күләш Байсейітова мен биші Шара Жиенқұловалардың атағы дүрілдеп тұрған кезде солар жүрген ортаға жетуді армандайды. Жеті жылдық мектепте оқып жүргенде көркемөнерпаздар байқауынан іріктеліп, арман жетелеп, Алматыға барып, 13 жасында Абай атындағы опера және балет театры жанындағы би мектебіне түседі. Онда Күләш Байсейітованың қамқорлығында болып, Шара Жиенқұлованың көмегін көреді.

Биші болып қалыптасуына А. Александров, Г. Уланова, Е. Лифанова, Ю. Ковалев сияқты өнер иелерінің әсері тиеді. Оқытушысы және театрдың көркемдік жетекшісі Қ.Жандарбеков талапты жастың талантын ұштап қана қоймай Москва және Ленинградтағы хореографиялық училищенің біріне оқуға барып, ұлттық би бөлімінде білімін, шеберлігін жетілдіруге кеңес береді. Бірақ Нұрсұлу театрдан кетпей, оқуға бармайды, кәсіби білімі болмаса да, көпшіліктің көз айымына айналып, театрдың балет артісі болып шыға келеді.

А.Александровтың жетекшілігіндегі театр студиясында оқып, үйренеді. Театр басшылығы жас бишіге арасында жеке билерді билеуге тапсырады. «Қыз Жібек», 1938 ж. қойылған алғашқы қазақ балеті «Қалқаман-Мамыр» қойылымдарында Н.Тапалова Шара Жиенқұлованы ауыстырады. 1936-1938 жылдары театрда кардобалет артисі, кейін жеке балет бишісі болады. 1941-1953 жылдары опера және балет театрында прима-балерина болып жұмыс істейді. Биші болуымен қатар Нұрсұлу өзін актриса ретінде де көрсетіп, «Киноконцерт», «Белая роза», «Жамбыл» сияқты 20 шақты белгілі кинофильмдерге де түседі.

1947 жылы 24 жасында «Қазақ ССР еңбек сіңірген артисі» атағы беріледі. 24 жасында 1947-1949 жылдары Алматы қалалық кеңесінің депутаты болып сайланады. 

Нұрсұлу төккен нұрға шомыла жүріп, оның өміріне көлеңке түсіргендер де болды. Тасадан тас атқан театр интригасы балеринаны биігінен құлатқысы келді...

Ақыры 1953 жылы отызға енді ғана шыққан Нұрсұлу театрдан кетіп тынады. Театрдан кетіп, ән-би миниатюрасы жанрындағы эстрадалық салаға ауысып, биші Жамбыл атындағы филормонияға қызметке келеді. Бұл жерде Одақ пен демократиялық республикалардың ән-би ансамблінің жеке бишісі болып қызмет етеді.

1954 жылы Нұрсұлу Тапалова хас батыр Бауыржан Момышұлы «Екі-ақ нағыз қазақ бар, бірі – мен, бірі – Шоқыр» деп бағалаған «қазақ боксының атасы» Шоқыр Бөлтекұлымен шаңырақ көтереді. Ақтоты, Ақсұлу есімді қыздары дүниеге келеді. Нұрсұлудай жарына Шоқыр ағамыз «Лучше всех» деп ат қойыпты.

Олар өмір-бақи Алматыдағы «Әртістер үйінің» бір бөлмелі пәтерінде тұрған. Өз атақ-даңқтарын пайдаланбай, қарапайым ған тұрмыс кешкен. Үкімет жаңа пәтер берген кезде де, Шоқыр аға одан бас тартып, былай депті: «Біз «Лучше всех» (Нұрсұлу апайды атағаны) екеуміз осы жалғыз бөлмеде тұрамыз. Бұл тұңғыш перзентім дүниеге келген, Шәкен Айманов, Бейімбет Майлин секілді достарым дәм татқан шаңырақ. Сондықтан бұл үй маған тым ыстық» дегені бар бір әңгімесінде.

Кейін келе құдайы көршісі белгілі музыка зерттеушісі Петр Аравинді қимай қала берді. Ақтық сапарға да Жиренше айтпақшы, осынау «кең сарайдай боз үйінен» аттанды», – деп еске алады Мейрамбек Төлепберген.

1958жылы Нұрсұлу Тапалова Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысады. Өзіне бекітілген рольді кәсіби деңгейде, жоғары дәрежеде сахнаға алып шыққан қазақтың мың бұралған тал шыбықтай бишісін Совет Одағы ғана емес, әлем таниды. Қазақ өнерін дамытуға үлес қосқаны үшін онкүндіктен оралғаннан кейін Н. Тапалова «Құрмет белгісі» орденімен, «Тың жерлерді игергені үшін» (1957ж) медалімен, грамоталармен марапатталады.

Әйгілі биші 1960жылы «Қазақ концерт» гастрольдік-концерттік бірлестігі ашылғанда осы ұжымға ауысып, әртістермен гастрольдерге шығып, республика жұртшылығына мәдени қызмет көрсетеді. 

1975 жылға дейін сахнада өнер көрсеткен шебер биші қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс т.б. халықтардың ұлттық билерін сахнада керемет орындаған. Қазақ биі «Боз жорға», қырғыз биі «Жылқышы», өзбек биі «Алтын көл», армян биі «Сори ахчик» биі, «Ер Тарғын» операсындағы Алтынай, орыстың лирикалық биі, шығыс биі, әнмен биленетін испан биі «Пасадобль» т.б. әсем билерді шәкірттеріне үйретеді.

Қазақ бишісі, ұлттық мәдениеттің дамуына субелі үлес қосқан Нұрсұлу Тапалова жары Шоқыр Бөлтекұлы дүние салғаннан кейін 4 жыл өткесін, 1998 жылы 13 қарашада Алматыда қайтыс болады.

Қызы Ақтоты анасы Нұрсұлу туралы былай дейді: «Небір мықты қылқалам шеберлері қазақтың сұлу қыздарын саларда менің анамның сымбатты мүсінімен салыстыра қарап алып барып кірісетін еді».

Ал, әйгілі биші, би өнерінің қайраткері Болат Аюханов: «Нұрсұлу Тапалова өте әдемі болатын. Мен онымен «Аққу көліндегі испан биін биледім, оның қасында жүріп ертегідегідей әдемілікті сезіндім»,деп еске алады.  

Бірақ әттеген-айы, осынау тұлға көзі тірісінде қастерленбей, аты ұмытылып барып, 2000 жылдары халқымен қайта қауыша бастады. Бүгінде елімізде Нұрсұлу тапалова мен Шоқыр Бөлтекұлы атында не бір көше, не бір мектеп жоқ. Не болмаса, өздері өмір бойы тұрған үйдің қабырғасында ескерткіш тақтайша да жоқ. Тек соңғы кездері ғана Нұрсұлу Тапалова атындағы республикалық би байқаулары өтіп тұрады.

Қазақ балет өнерінде өшпес із қалдырған Нұрсұлу Тапалованың еңбегі еш болмай, өзі тұрған үйге ескерткіш-тақта орнатылса деген үміт қой біздікі... Өнер басшылығында жүрген шенеуніктер ескерсе, қане.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?