Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Анненковтың қатігез қылмыстары

2388
Анненковтың қатігез қылмыстары - e-history.kz
Анненковшылар еркектердi ғана жазалаумен тынбай, қыз-келiншектерге де қырғидай тиiп, абыройларын айрандай төгедi

Жалғасы. Басы: «Анненков және ақгвардияшылар» деген тақырыппен жарияланды.

Семей облысының еңбекшiлерi де Уақытша үкiметтiң осындай озбыр саясатына қарсы наразылық бiлдiрiп, қарулы көтерiлiстер ұйымдастыра бастайды. Оларды басып-жаншуға Омбының әскери өкiметi тағы да кәнiгi қанiшер Анненковты жiберудi ұйғарады. Сөйтiп, Славгород уезiнде талай отаудың шаңырағын опырып ортасына түсiрген Анненков партизандық дивизиясымен 1918 жылы қазан  айының басында Семей қаласына келедi.  “Оның әскерiнiң құрамында бақайшағына дейiн қаруланған бiрнеше полктармен бiрге жеке атқыштар батальоны және артиллериялық дивизион бар едi. Тiптi олардың қарамағында ауыр автомобильдер мен пароходтар да болды. Ал осындай күштi Анненков әскерiнiң басты ұрандары мынандай  болған: “Бiзге ешбiр бөгет жоқ, құдай және атаман Анненков бiзбен бiрге! Кес оңды, кес солды! Тала, ұр, өрте, өлтiр!..» (“Қазақ  тiлi”, 1927 жыл, 23  шiлде). Сондай-ақ, Анненков отрядының өздерiне ғана тән ерекшелiктерi де болған. Олар өзара тұспалмен сөйлесiп, өздерiнше әр нәрсеге жұмбақтап белгi қойып алатын болған. Ұрандары “Құдай және атаман Анненков бiзбен бiрге” болса, ерекше белгiлерi – адамныңбас сүйегi мен оған айқастырылған қос сүйектен жасалған крест таңбасы.

Семейге келiсiмен анненковшылардың аты кiсi өлтiрiп, әйел зорлаумен шығады. Қылыштарынан қан тамған олар естiген адамның жанын түршiктiретiн неше түрлi сұрқия зұлымдықтарды бұнда да iстейдi. Жазықсыздан-жазықсыз талай жанды асып-атады. “Талай адамды ұрып-соғып, Семей абақтысына апарып қамайды және ондағы тұтқындардың күн сайын қас қарайсымен отыз шақтысын iш киiмдерiмен атып өлтiрiп, суға ағызып жiберетiн” болған (Бұл да сонда). Сонымен бiрге анненковшылар Семей облысына қарайтын басқа да елдi мекендердiң тұрғындарына құтырған қасқырша тиiп, қан қақсатады.

Сот барысында олардың қазақ ауылдарына жасаған “қанды  жортуылдары” жөнiнде ондаған куәлер сөз алып, өздерiне  көрсеткен  жәбiр-жапаларын баяндайды. Олардың бәрiне жеке-жеке тоқталып жату мүмкiн емес және қажетi де шамалы. Сондықтан сол аласапыран кезеңнiң шындығын толықтай ашып бере алатын кейбiр куә сөздерге ғана тоқталып, қысқаша үзiндiлер келтiргендi жөн көрдiк.

Семей облысы Дос болысының II ауылының тұрғыны Самарқан Әбдiлмәжiнұлы дейтiн куәгердiң айтуынша, Николай заманында тiлмаш болған Димитрий Шпалов деген орыс байы оған: "Жерiңдi маған бер", - деп қоқан-лоққы көрсеткен көрiнедi. Сүмесiн емiп, күн көрiп отырған ұлтарақтай жерiнен айырылса жаны қоса шығатынын жақсы бiлетiн ол келiмсек байдың орынсыз талабынан бас тартып, буынсыз жерге пышақ ұрмауын өтiнедi. Қара шаруаға сөзiн өткiзе алмай ашуға булыққан Шпалов мырза оны өздерiнiң “әмiрi күштi қамқоршысы” – Анненковқа жамандап барады. Атаман Арқат ауылына келген кезiнде арнайы он төрт солдатын жiберiп, Самарқанды  iнiсiмен бiрге шақыртып алады да: “Сендер большевиктер қатарында болған екенсiңдер. Онымен қоймай Шпаловқа қарсы келiп, жерлерiңдi   бермепсiңдер... Мен сендердiң көздерiңе көк шыбын үймелетейiн...” - деп, Чеслов деген әскер басшысына айтып, екеуiне қамшымен 25 мәрте дүре соқтырады. Анненков онымен де тынбай, әбден дүрелетiп болған соң оларға: “Қыстаудағы шөптерiңдi үш күннен қалдырмай бiздiң әскердiң атына тасып бересiңдер”, - деп тапсырма бередi. “Бастан құлақ садақа” демекшi, қанiшер атаманнан аман-есен құтылғандарына мәз болған олар боранның екiлене соғып тұрғанына қарамастан, жаз бойы арқа еттерi арша, борбай еттерi борша болып жинаған барлық  шөбiн үш-ақ күнде жанталасып тасып бередi. Бiрақ Анненков оларды одан кейiн де жетi күн тұтқында ұстап, зорға босатады.

1919 жылдың мамыр айында Анненков Самарқанды Арқаттағы  коменданты арқылы телеграмма берiп, Үржарға шақыртады. Бiрақ ол онда бармайды. Бас сауғалап Семейге қашып кетедi...

Артынша өзi де ауылға ат басын тiреген атаман Самарқанды тауып бермедiң деп, оның Байсұлтан дейтiн iнiсiн азаптап өлтiредi. “Көрсеткен азабы мынау: әуелi қолын кескен, онан соң көзiн ойған. Сонан соң өкпесiне қылыш сұққан. Соңынан басын қылышпен шауып өлтiрген” (“Қазақ тiлi”,  1927 жыл, 26 шiлде).

Қыздарға қырғидай тиген

Анненковшылар еркектердi ғана жазалаумен тынбай, қыз-келiншектерге де қырғидай тиiп, абыройларын айрандай төгедi. Бұл  жөнiнде куәгер Тайжан Мұхамедиұлы былайша мұң шағады: “1918  жылы күздiкүнi Анненковтың отряды бiздiң Қорғанбай ауылына келiп, Қасен Байке баласының қызын зорлықпен тартып алып, Ащыкөл бекетiне апарады. Онда Анненковтың барлық солдаттары бiлгендерiн iстеп, рәсуалап, 20 күндей ұстап тұрды. Ол әйел соның зардабынан өлiп кетедi.

Бұдан басқа да көрсеткен жәбiр-жапасы көп. Барлық азық-түлiгiмiздi тартып алып, малымызды айдап, ауылымызды шауып  кеттi...

Анненков отрядының бастықсымақтары – Налученко, Селеванов,  Теляков дегендер қит етсе дүре соғып, көңiлi сүйген қыз-келiншектердi  алып-кетiп жүрдi” (“Қазақ тiлi”, 1927 жыл, 26  шiлде).

Куәлердiң айтуларына қарағанда, анненковшылар Аягөзге келгенде қаланың тең жартысын өртеп, 800-ге жуық адамды асып-атқан. Троицкiде  100 еркектi, 17 әйелдi және емшектегi 7 баланы өлтiрiп, селоның өзiн түк қоймай өртеп жiберген. Ал Семей қаласынан 50-60 шақырымдай жерде орналасқан Знаменка селосына ат iзiн салғандарында қандыбалақ жендеттер жергiлiктi тұрғындардың бiрiн қалдырмай бауыздап кеткен (“Қазақ тiлi”,  1927 жыл, 23 шiлде). Қысқасы, анненковшылар жүрiп өткен жерлерiндегi елдi мекендердiң тұрғындарын қырғынға ұшыратып, мал-мүлiктерiн олжалап кетiп отырған. Семей облысында олар қанды iзiн қалдырмаған iрi елдi  мекендер кемде-кем. Сондай-ақ, куәгер Довня анненковшылардың   қолдарына түскен тұтқындарды мейлiнше жанын қинап, азаптап өлтiруге  құмар  болғанын  тiлге  тиек  етедi.

Ендi жоғарыда сөз еткен қанды оқиғалардың қоспасы жоқ шындық екенiн дәлелдейтiн “Қазақ тiлi” газетiнде жарияланған сот протоколынан, яғни прокурордың Анненковтан алған жауаптарынан қысқаша үзiндi келтiрейiк:

“...Прокурор:

–Сiздiң адамдардың әйелдердi зорлағаны өзiңiзге мәлiм бе едi?

Анненков:

–Иә, мәлiм едi.

–Славгород уезiнде бiр поселкенiң өртенгенi рас па?

–Рас, өртендi.

–Қара халықты дырау қамшымен дүрелегендерiңіз рас па?

–Иә, рас. Ол Семейде болды.

–Сiз 1918 жылы Семейдiң өзiнде ғана болдыңыз ба?

–Жоқ, Аягөз, Кереку сияқты  аудандарды  араладым.

–Бiреулердi қамап, бiреулердi асып-атып, ендi бiреулердi азаптап,  жерге тiрiдей көмгендерiң рас па?

–Иә, бұл  болған” (“Қазақ  тiлi”, 1927 жыл, 29  шiлде).

1918 жылы Семейге Анненковтың атышулы “азап вагондары” келе бастайды. Куәлердiң айтуынша, бұнда түскен тұтқындардың бiрен-сараны болмаса, көпшiлiгi тiрi шықпаған. Қанiшер жендеттердiң қолдарынан мерт болған немесе аштық пен суықтан қырылған. Бұл  туралы “азап вагонының” дәмiн татып, ондағы адам төзгiсiз қиыншылықтарды бастан өткерген Сәкен аға (Сәкен Сейфуллин) өзiнiң “Тар жол, тайғақ кешу” атты өмiрбаяндық романында анық та қанық жазған ғой. Бұл кiтап көзi қарақты оқырмандарға етене таныс болғандықтан, онда суреттелетiн оқиғаларға қайыра тоқталып  жатудың қажетi болмас. Дегенмен, аузын арандай ашқан бұл “өлiм  вагондары” туралы “Қазақ тiлiнде” жарияланған “Большевиктер қалай өлдi?”деген мақалада бiрсыдырғы мәлiметтер бар: “1918 жыл. Күз. Күн суықтау. Жер қатайын деген. Семейдiң ат-арба тоқтайтын станциясында тауар тиейтiн бiрнеше вагонтұратын. Солардың арасында адамдар жататын вагондар да бар едi. Оларға пеш жағылмайтын. Iшi өте суық болатын. Тым-тырыс, ешбiр дүбiрсiз тұратын. Анда-санда ғана күбiр-күбiр сөйлескен адамдардың даусы шығатын. Мiне, осы вагондарда алты күннен берi нәр татпай большевиктер қамалып жатқан  едi.

Ал тағы бiр вагондардағы көңiл-күй мүлде басқаша болатын. Жылы. Iшiндегi адамдар тойып секiрiп жүр. Iшкендерi арақ. Ондағылар керi төңкерiсшiлдiктiң “батырлары” Анненков пен Сидоровтар едi.

«Азап вагондары» қалай келді?

Сол күнi қамаудағылардың бiреуiнiң қатыны сол вагондардың  жанына келiп көп тұрды.

Бiр уақытта атаман шығып едi: “Байымды босатыңыз”, –деп  жалынып, аяғына жығылып, бас ұрып сұранды. Атаман дедектетiп апарып, шұңқырға итере салды да, жауабын бiр-ақ бердi...

Түн едi. Тым-тырыс. Ешбiр дыбыс жоқ едi. Бiр уақытта темiр күректiң даңғырлаған даусы шықты. Бiреудiң тағдыры бiткендей болды. Көрде даярланды.

Атаман жатқан үйден мас адамның даусы шықты. Өлең айтып  шаттанып жатыр екен. Әбден масайрап, iшiп болғаннан кейiн   анненковшылар вагондағы большевиктерге келiп, шешiндiре бастады. Әбден шешiндiрiп болғаннан кейiн көрге алып келдi.

Мылтықтардың шаңқ еткен дауыстары жамырай шықты. Большевиктер көрге құлады. Күрек даусы қайтадан шығып, өлген большевиктердi тепкiлеп көме бастады” (“Қазақ тiлi”, 1927 жыл, 26 шiлде).

Мiне, Анненковтың “азап вагонында” болған адамдардың тағдырлары көбiнесе осылай аяқталып отырған. “Азап вагонында” сан алуан зорлық-зомбылықтардың болғандығын және ондағы тұтқындар ешбiр тергеусiз, өз бұйрығымен атылып отырғандығын сот барысында Анненковтың өзi де мойнына алады (“Қазақ  тiлi”, 1927 жыл, 3  тамыз).

1918 жылы қазан айында Анненков пароходпен Өскемен қаласына келедi (Ол кезде Өскемен уезi Семей облысына қарайтын). Оның  негiзгi мақсаты Өскеменде казак-әскери бөлiмдерiнiң қалай құрылып  жатқанын тексеру, қаладағы Кеңес өкiметiнiң белсендi    ұйымдастырушылары және большевиктер мен қызыл әскерлер  тұтқындалған түрменiң “хал-жайын” өз көзiмен көрiп, “көңiлiн  жайландырып” қайту едi. Қаладағы билiк тiзгiнiн толық өз қолдарына  алып, қарсыласқан адамдарды қырып-жойып, көпшiлiгiн абақтыға тоғытқан ақгвардияшылар Анненковты сән-салтанатпен қарсы алады. Шiркеу қоңыраулатып, саудагерлер ақшаларын аямай-ақ шашып, атаманның келуiн үлкен мерекеге айналдырады. Тiптi тұтқындар жатқан абақтының iшiн айнадай жалтыратып, сыртын мұнтаздай қылып тазалатып қояды... Қызық пен судай төгiлген араққа “белшесiнен батқан” Анненков жандайшаптарымен бiрге кешке таман тәлтiректей басып, дәлдiрлей сөйлеп түрмеге келедi. Қандықол қарақшы сапта тiзiлiп тұрған әскери тұтқындарға жақындап келiп, бас-көз демей шетiнен ұра бастайды... Оннан аса тұтқынды өлiмшi қып соққыға жыққан атаман олардың iшiнен отыз адамды iрiктеп алады да: “Бұларды Семейге апарып, циркте көрсетемiз”, - дейдi кекесiнмен...

Тұтқындардың iшiнде оқ тиiп, ауыр жараланған Өскемен уездiк партия комитетiнiң және жұмысшы, шаруа, қазақ депутаттарының уездiк Кеңесiнiң алғашқы төрағасы, жиырма алты жасар Яков Васильевич Ушанов та бар едi. Өз аяғымен жүруге шамасы келмеген оны қандыбалақ жендеттер зембiлмен алдыртып алып, пароходтың от жағатын жерiне әкелiп, суланған киiзге орап, лапылдап жанып тұрған пештiң iшiне тiрiдей лақтырып жiбередi...

“Бәрiмiздi солдаттармен қоршалап, пароходқа алып келiп, астыңғы бөлмесiне кiргiздi. Асты шылқылдаған су екен. Отыруға да мүмкiндiк болмады. Тоңып, қалшылдап, тiсiмiз тiсiмiзге тимей сақылдап кеттi. Табанымыздан сыз өттi, – дейдi сол бiр азапты күндердiң тiрi куәгерi П. Самбурский кейiннен өз естелiгiнде. – Пароход сызып жүрiп кеттi. Бiзге Анненков тағы келiп, қолымен бас-көзге қарамай ұра бастады. Қолы талғаннан кейiн қамшы әкелуге бұйырды. Кеудемiзге өткiр қанжар қойып, қамшымен жосылта бастады. Егер сәл қимылдап кетсең, қанжар кеудеге тырс етiп кiрiп кеткелi тұр”.

Мiне, осылай тұтқындарды жол бойы ұрып-соғып, көрмегендерiн көрсетiп, Семейге алып келедi де, станцияда тұрған “азап вагондарының” бiрiне қамап қояды. Бұнда бұлар ас-сусыз, арып-ашып он шақты күн отырады.

Қазан айының 24-i күнi баскесер атаман мен оның жендеттерi әлгi  тұтқындарды Ертiс өзенiнiң жағалауына алып барып, орлар  қаздырады да, шетiнен атып тастайды. “Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледi” демекшi, бұдан сәтi түсiп, осы отыз тұтқынның бiрi – П. Самбурский ғана аман-есен қашып құтылады (“Қазақ  тiлi”, 1927  жыл, 29  шiлде).

 

Алаш полкінің Анненковқа қатысы бар ма?

 

Атаман Анненков Семейде өз әскерiн қайта жасақтап, толықтырып алу мақсатымен неше түрлi айла-шарғылар ойлап табады. Оның әскерiнiң құрамында жалдамалы жауынгерлер: ауғандар, ұйғырлар, словактар, дүнгендер, сербтер, чехтар, қытайлар да болды. Тiптi олардың сапында қазақтардың да қызмет еткенiн, атаманның Алашорда көсемдерiмен тығыз байланыста болғанын архив деректерi айғақтайды. Сөзiмiз дәлелдi болу үшiн сот барысындағы айыптаушы мен айыпталушының, яғни сотқа төрағалық етушiнiң қойған сұрақтары мен Анненковтың қайырған жауаптарынан қысқаша үзiндiлер келтiре кетелiк:

«–Семейге  қашан  келдiңiз?

–Қазанның 2-3 жаңасында келдiм.

–Семейге алғаш беттеген қандай отряд?

–Алғаш жылжыған - менiң өз әскерiм. Автовзвод және комендант   ротасы, одан кейiн Леев атаман полкі, Сiбiр, Орынбор, Бас Орал  полктерi; ең артынан артиллерия, Егер полкі және Гусарлар эскадроны.

–Семейде баспана мәселесi қалай болды?

–Алғашқы кездерде жауынгерлер вагондарда түнедi, кейiннен  қаладағы үйлерге таралып жататын болды.

–Сiзге басқа тағы қандай әскерлер қосылды?

–Алаш полкі, бастығы Тоқтамысұлы едi. Үшарал деген жерде болды. Жасыл  түстi  белгiсi бар едi.

–Тағы да қандай?

–Серб, қытай ұлттарынан...»

Мiне, осы шағын үзiндiлердiң өзiнен-ақ талай жайтты аңғаруға   болады. Бұлардың әрқайсысына жеке-жеке талдау жасап, “ақ тер, көк  терге” түсудiң қажетi шамалы. Тек мына бiр жайтты– ағылшындармен француздардың да Анненковтың қолтығына су бүркiп, қолдап-қуаттап, “отқа май құйып” отырғанын айта кетпеске болмас.

Жалғасы бар...

Думан РАМАЗАН,жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?