Ұшқары, ұшқыр сөз ұшқын атып ұлы өртке ат қойды. Ақан әдептен озды, осалдық етті. Қазан аттың осалы таты болар қиқаңдап дегеннің кері келді. Сөзге сақтық қылмады ат иесі. Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі бар. Сас табақ, мол ет, қазы-қарта, жал-жая, ішпей- жемей, сұр бозаға толы сырлы аяқ жүгіртпей-ақ мас қылды. Шәлкес сөз шарпып өтті, алай-түлей сел сөзге қойылмады тосқауыл. Түндегі сыбыр күндіз дүбір шығарды, басы бапан, аяғы сапан болып тынды, ат басы дауға ілікті.
Құлагер мен Көктұйғынға бұл Сағынай асындағы бәйге жүйріктердің соңғы жарысы екенін, қазақтың иен даласынан ұрпағына ұлтарақтай жер қалмасын, жерін жат жұртық үстемдік толық орнап, елін езіп отар қыларын, жүгініс жоқ, келіс жоқ келбеу шыққан құладын кез келерін, кендімен байлап, жыңғылмен айдап жылқыны құртарын құдайым осы аста сездірді ме? Басқыншы, шапқыншының безең бет алысын былпаңда мал баққан бейқам жұрт неліктен байқамай қалды екен?
Империядан соң идея келе жатты лаң салып, қынадай қырып, лақап сөзін таратып. Қалың қазақты қан басар қасап заман, қырғын соғыс жар астында еді. Еркіндікке қыл бұрау салынды. Қазақтың, алаштың өмірі қыл үстінде тұрғанын ел білді ме?
Құлагерге жай кетпей жасындай аққан артында аңыз аты қалсын деп бұйырды ма Алла тағала.
Енді міне, жер қайысқан жүйрік жылқыдан жалғыз асыл тұяқ қалмаған, еркесінен, сән-салтанатынан, сұлуынан айырылған дала жетім-жесір күйін кешіп, зарлана жалғызын жоқтауда.
Меңіреу, мешел, мылқау дүние. Не үміт, не қайыр?! Қара балта байырғы байтақ елдің бәйтерегін – бостандық сезімін, сенімін құлатты. Атсыз қазақ еркін адам ретінде өмір сүру құқығынан біржолата айырылып бітті.
Әттең, азбас-тозбас құйма тұяқ тіл-көзден, ырғай шоқпар сөзден кетті-ау. Екі ортада ақын өз аузымен тозақ отын маздатты. Өзінің атының басын өзі алып жүрер адам қу нәпсіге жеңгізбес еді. Таласты, тартысты, ақыры адасты. Өзі де өзгені де өртейтін өрт қойды, өз құтына өзі қамшы үйірді. Ақанның ащы даусы көптің көңіл кірін кетіре алмас. Сұлу, жүйрік ежелден көздің құрты. Адам қызғанышынан, күйкі тірліктен қайран Құлагер Сағынай асында көк қасқа боп шалынды. Құлагердің қу басы құрыш тұяқтыға құлпытас боп орнады. Құлагерсіз кешегі тағы құлан, ақша киік, асыл архар, кер марал, көк бұғы, семсер мүйізді бөкен жарысқан шексіз, шетсіз мидай жазық қу медиен сипатқа енді.
Сағынай асында тапқан сар уайым ақынды ұршықтай үйірді, шыркөбелек айналдырды, қайғы-қасіреті құйындай есті, зырылдауық заман зәрін төкті. Еңку-еңку жер шалған кездерді еске алып жылаған қария Ақанды кім жұбатып, кім еңсетті?
Құлагерді жүйрік қылса құдай қылды, Ақан өз өнеріменен жасаған жоқ. Алланың бұйрығы. Көктен түскен, ғарыштан келген. Бол деді – болды. Болат тұяқтылар адам баласына атам заманнан қызмет етіп келе жатыр. Қыдыра жалды қылқұйрық біткеннің ақалағы да, ақсақалы да, бақалы да, ақкөңілдісі де, арамзасы да адам қажетін өтеді. Жұнт өсіп-өнген адам баласының үзілмес нәсіліне азықтыққа, көліктікке жарап бақты. Құлагер ат сейістерге дөненінен көзге іліксе, Көктұйғын құлынынан белгілі. Жылқының иесі де, киесі де біреу. Қазақ құлынды құрсағынан таныған. Шын ат сыншысы желіде тұрған құлынға ат қойған. Жылқы атасы Ботайлық Керқұланнан беріге дейін балапандай мәпелеп, баласындай тәрбиелеп, сылап-сипап, баптап өсірген қазақ қанатты пырақтарды. Құлынды ашық аспан астында ұстамай, бөлек шатыр, киіз үйде күткен, күн сәулесі тек түндіктен түскен. Қырық күн қулық сүтімен, қырық күн қысырақ сүтімен асыраған, жұпармен жалын сылаған. Сын-сипаты шын жүйріктің: салпы ерін, үңгір сағақ, құлан жал, қоян жон, теке мұрын, қой мойын, бота тірсек, қалың, қара тұяқты жұмылған жұдырықтай қабақты, азу тісі жарылған, аршыны толысқан, бойы түзелген, тоғызында мойына жібек арқан сүйреткен. Алтынмен тағалап, күміспен шегелеп, жібекпен тұсаған. Қазақ атты жанына, қымызды қанына балайды. Қазақ даласы – жылқының Отаны. Жылқы – тілсіз адам. Қазақ жүйрікті кекіл қағысынан байқайды. Жабайы сұлымен түлеген тарпаңдар, тарлау жеген тұлпарлар, бетегеден биіктеген беріктер, мық жусанда жусаған жүрдектер ықылым, ілгіден қазақ жерін жайлаған, жайнатқан. Табын-табын төзімді, тобылғының бүрін биенің сүтіне үгіп-езіп сусындатып жаратқан кілең сәйгүлік, сауранат, қазмойын қазанат мықты қазаққа қанат болған ежелден. Қазақ ерте көктемнен атты қара тіл қылып, иірлі, андызды, делбе шөпті құнарлы жерге, раң жегізіп, жұнттай қып ебелек, сарыкүйікпен семірткен, қунаған, қоңды жылқыны көк шалғында ойнатқан.
Авестада аты аталған арғы бабамыз тұрандық еркін өскен, желдей ескен жүйрік атты, бас білгі – Тұр. Римде атты топ отряд, тұрма, ала аталған. Ала – эскадрон, қанат. Жарықтан жылдам нұр жылқы. Дыбыстан бұрын жеткен дүлдүл. Жорық, майдан, ұрыста алмас қылыш азаматтың ерулі аты –бөкен қабақ көк бедеу. Жыландай жарау ат, жау басар жүйрік тобышақ, екі түкей, текежәуміт, бедеу ат. Ертеңнен шапса кешке озған, ылдидан шапса төске озған, томаға көзді қасқа мықты азбан. Арқаның қоңыр желін артқа тастап аққан аққу сынды ақ Азман. Ер намысы – асыл ат. Мыңды беріп бірді алған. Тұл тұлпарлар триумфі мен трагедиясы. Бес қаруы сайлы батыр- бағлан қазақы ер салған беренкежімді ерулі аттар. Мықты қазақтың бел атасы, алаға мінген атайы алаш ерлері – сақ пен массагеттер Ескендірдің лек- лек әскерін тоқтатып, тойтарыс берді. Мықтылардың аты мықты атпен шықты. Қазақ – мықты, ала – мықты, азбан – мықты. Салт-салтанатын сақтай білген, ала жіпті аттамаған, жаны таза, адал, алаш атанған Сарыарқада қаздай тізіліп сар желген салт аттылар. Көк ала жамшы жамылған құстан ұшқыр көкжал бөрілер. Жылқы – сән, сымбат, құс қанатты сұлулық сылаң қаққан. Сүті шекер, еті бал, қымызы жамал. Таңды таңға қосып айтсаң таусылмас жыр. Әрі де ерлік, бері де сал-серілік.
Еш адам өмір бақи қыла алмас ойын-сауық, бір жанда мәңгі бақи жүйрік тұрмас. Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер. Жүйрік ат кейде ол елде, кейде бұл елде. Құла бір сұлу ат кім мінбеген?! Қызды ауылды тобылғы меңді торымен торып кім жүрмеген?! Аңыздағы екі арыс, екі жүйрік, келеді қайсысы бәйгіде бірінші боп?
Дес бермес, Құлагер дерсіз? Түк ғажабы болмас келсе ең алдында Көктұйғын. Қимайсыз бәйгіні не оған? Бар жазығы Батыраштың аты болғаны ма. Әйтпесе, алдына қара салмай келген сұйық жалды Көктұйғынның кінәсі не? Бұл жүйріктің де атына көлеңке түсірді бәйгі дауы.
Бір жолғы бәйгі үшін ат құйрығын кесісу бола ма екен? Құлагерге кімнің көзі түспеді десеңізші, дегенмен бәрі бірдей балта ала жүгірмеген.
Қарындаспен кетісу, ағайынмен араздасу, алаштан ауа көшу, қарға тамырды шорт үзу әрқилы заманда небір себептен орын алыпты. Талай рет он сан байтақ бүлген күн өткен.
Бүгін мына екі бүген шалт мінез, шапшаң қимылға барды. Лез айныды. Ақыл ауды. Тез тайды. Жылдам айтты. Асау ойға тұсау, тебеген сөзге күрде, тарпаң мінезге бүкпе болмады. Ой тезіне салып та үлгермей, жанжалдың ырқымен ыға берді.
Жылқы малы ыққыш. Қазақ жылқы мінезді деуші еді, қайдам, мына қазақтар ықпады, елге ырық бермеді. Қасарысып, емендей ерегісіп, қатып қалды. Қызғаныш батпағына батты, ызаға булығып, ашу желісіне байланды. Тебісті, тарпысты, тістесті. Жалған намыс отында жанды. Ақыл, сабырды ат құйрығына байлап өлтірді. Ақыры, аюдай ақырған, шамырқанып, шамданған көсемдер кейістік майданында кезікті, арыс ары жайдай шарт етті, кеудеде көк айғыр кісінеді, ашу-ыза борандай ұйтқыды, мұздай темір құрсанды. Кім жеңбек жексұрын жекпе-жекте? Қараша үй, қамкөңіл қара бұқара қара байланбаса болғаны да. Ұрының үйі күйсін – аяма. Күншілдің күні қараң. Керең, көлгір келер, кілең жініккен сараң. Ұры, мұндар, залым жаза тартсын. Аз кісінің теңдігі бар, төресі жоқ. Ақан да құныкерін таба алар ма екен?!
«Шапса да әкең мініп байталына» деген тым әдепсіз, тұрпайы, шапшаң, шатақ жолдар бүлік басы болды-ау, сірә. Өзінің жеке басына тиіссе де әкесін атамаса қан басқа шаппас та еді. Атағанның өзінде, байталға мінгізіп шапқызбай-ақ айтса жетіп жатты. Батыраштың әкесінің осы арада тіпті қатысы жоқ-тын. Байтал шауып бәйге алмас? Байтал неге бәйге алмас жүйрік болса. Абылай ханның «Қанатты қара байтал» атанған тұлпарын қайда қоясың? Төңірегі 150 шақырымдық Бурабай тауын неше айналған. Жетісудегі қамшыдай қатқан «Көк байтал» тағы бар.
Домбай, домбыт сөз жерге қаратты. Нәпсі жетегінде кетті алаң көңіл, тынышсыз жүрек. Намысты таптар, шатақты шаптан түртер сөз атылды. Алладан соң әке демей ме қазақ. Батыраш та «әкесін байталға мінгізіп шаптырып қойып» қарап отырмайды ғой.
Тік сөзімен Ақан қан майдан, қырғын ашты. Ұшқары сөз – ұшқыннан өрт қаулады. Екеуі де үйірге түсті. Не түлен түртті бұларды. Мінездерін меңгере алмай қалды. Саңлақ күліктің сорына улы сөздер төгілді. Таң қылаң бере баран аттың түні туды. Ала балта алдын ала сайланды. Үзеңгі бауы алты қабат екі ауқатты тірі жаннан қаймықпай тулады, ақыры құланы қан-жоса қылды. Тоқтау айтар қарашы да, делдал да табыла қоймады. Батыр айғақ, бай шүгелі болмаған дау туды. Суырылған шешен, судырлаған ақын кезікпеді. Кесікті билік, нық байлау жасар шықпады.Телі-тентекті тыймас заманның беті жаман қатты. Қилы заманда туған орысқа қарау суық ойы кәрі заманнан бойды алып, сана мен сезімге мүлдем сіңіп, ерік-жігерді сүйектен бездіріп, буып тастапты.
Небір аязда маңдайын желге бере қарсы тұратын қайсар, қайратты қар тепкен, жер тарпыған жылқыдай дыбысты мына екі мықты төртбұрышты дауды қоздырып Құлагер басын талқы-додаға түсірді. Даланың қанатты жүйрігі шыдамды, ақылды деген ақын Төлеужан берген бағаға сай Құлагер жаңа келер өмірдің сыңайын сезінгендей, жүйрік жылқы жесір-жетім қалмасын дегендей о дүниеге бастар артына жол салып кеткен сыңайлы. Жылқымен бірге бар жол-жоралғы, жөн- жосық жоғалды, жол нұсқар қамшы да қалмасын білгендей.
Жасы үлкен Бегайдардың баласы Батыраш та басынан сөз асырмасқа бекінді. Ат өлімін өзінен көріп айыптағанда азуын айға білеген айтулы көкжал айылын да жимады. Би Оқас пен ояздың көзінше аду Батыраш көпке не демеді:
Е, Керей! Азған Арғын, Уақ, Найман!
Сендерде ненің буы қоқырайған?
Өлді деп Қарауылдың бір жылқысы,
Ұрыны қанды мойын таптың қайдан?
Алтайдың ақиығының айтысына-ай. Бүкіл Орта жүзді бүріп тастап тұр бір ауыз сөзімен. Өзінің ақтығына сеніп айтар адамның тұрқы. Ұры ұсталды ма аста? Жоқ. Батырашқа баскесерсің деп бәрі бас салды, аты алдынан келгені ат өлтірді деген айғақтай, басқа біреу дәп сондай қанішер ұрлыққа бармастай. Қай ұрының болмаса да түсінде көретіні жүйрік жылқының жалы. Қылаңнан өзге күрең, бурыл бар. Қарашыдан бастап барлаушы, дәйекші бар, көлденең көк атты, қарақшы көзге қалай түспеген? Балта сабы, иек артпа қалтарыс па еді Жыландының көк өзегі?
Марат АЗБАНБАЕВ, зерттеуші