Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ботай – жылқы өсірушілердің ғажайып мекені

7366
Ботай – жылқы өсірушілердің ғажайып мекені - e-history.kz
«Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық кешені энеолит дәуіріндегі Солтүстік Қазақстанда мекендеген тайпалар мәдениетінің прототипі ретінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ашылды

Ботай мәдениеті – ежелгі адамдардың алғаш рет жылқыны қолға үйреткендігімен әлемге әйгілі Еуразия жылқы өсірушілердің ғажайып мекені. Өмір сүру уақыты б.з.д. V-IV ғасыр аралығы. Жылқыны алғаш қолға үйретудің əлемдегі ең басты орталық – Солтүстік Қазақстан облысы болып саналады. Бұл атау облыстың Айыртау ауданындағы Никольское ауылынан Ботай қоныстарына байланысты аталған.

Ұлттық құндылықтарымызды сақтау мақсатында ашылған «Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық кешені «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Бурабай өңірінің Жекебатыр тауының баурайында орын тепкен.

 

Бұл шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин, «EQUUS» көркем кинотрилогиясының продюсері, жоба авторларының бірі Нұрбол Баймұханов, сондай-ақ т.ғ.д., археолог, Ботай мəдениетін ашқан ғалым Виктор Зайберт қатысты.

 

«EQUUS» көркем кинотрилогиясының продюсері Нұрбол Баймұханов:

«Бұл тарихи кешенді салуға ҚР Ақпарат және коммуникация министрілігінің бастамасы және Ақмола облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып отыр. Бұл кешеннің жұмыстарын «Шежіре DNA» компаниясы небәрі бір айдан астам уақыт аралығында жүзеге асырған. Құны – 70 млн теңге.

Халқымызда «7» саны киелі болуына байланысты жеті баспана ретінде бой көтеріліп, кешенге аспаннан жоғары қарағанда тұмарға ұқсайды және әр баспананың диаметрі 8-10 метрді құрайды. Ақмола облысында Ботай қорымы табылғаны баршамызға белгілі. 6 мың жылдың тарихы бар бұл кешенді салуда профессор, археолог ғалым Виктор Зайбертпен ақылдастық. Мұнда келушілер ежелгі Қазақстанның тарихы мен өркениетіне саяхат жасап, рухани азық алып қайтады», – деп сөзін түйіндеді.

 

Ал, археолог ғалым Виктор Зайберттің пікірінше:

«Б.з.д. VI мың жылдықта қазіргі Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстары аумағында үлкен тарихи оқиғалар орын алған. «Дəл осы өңірлерде далалық өркениеттің бастауы – ат-көліктік коммуникация дəуірі қалыптасқан. Мұның барлығы көне Ботай мəдениетімен байланысты.

Біздің жобамыздың басты мақсаты – төрткүл дүниеге еліміздің тарихын паш ету. Бүгін ашылып отырған ашық аспан астындағы теңдесіз археологиялық-этнографиялық кешен – соның айқын дәлелі. Келешекте туристер бұл жерде Ботай мəдениетімен ғана танысып қоймай, еліміздің бай тарихы мен құнды мағлұматтарды ала алады».

 

«Ботай-Бурабай» археологиялық-этнографиялық кешеніндегі жертөлелер 1 метр тереңдікте, ал жоғары жағы шаңырақ іспеттес ағаштан өріліп салынған. Төбесі шөп, балшық, тері және сабанмен жабылған. Барлық үйлер жерасты жолы арқылы бір-бірімен жалғасып тұрады. Әр үйдің сол дәуірге сай өзіндік ерекшеліктері бар.

 

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев аталған тарихи-мәдени кешеннің еліміз үшін маңыздылығын айта келе:

 «Бұдан бірер жыл бұрын министрлігіміз тарапынан «Жылқы» телевизиялық ғылыми жобасына қатысқан болатынбыз. 16 елден қатысқан аталмыш өте маңызды жобаның мақсаты – жылқының шығу тарихы мен эволюциясын зерттеу.

Ғалымдар алғашқы жылқылар Қазақстан аумағының солтүстік өңірлерлерінде, яғни қазіргі Астана және Ақмола облысының ареалында осыдан IV мың жыл бұрын қолға үйретілгенін анықтаған. Бұл телевизиялық жоба арқылы жылқы малын алғаш қолға үйреткен өңірге туристерді тартуға мүмкіндік ашады. Жоба жыл соңында мәресіне жетпек.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан бұл жобаға Ақмола облысының әкімдігі қызығушылық танытып, «Ботай» археологиялық-этнографиялық кешенін ашуды қолға алды», – дейді.

 

Сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин «Ботай» археологиялық-этнографиялық кешені Бурабай өңіріне қазақстандық және шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.

 

Бұл ашық аспан астындағы тарихи кешеннің Бурабай өңіріне орналасқаны өте орынды. Демалысқа келушілер немесе туристтер тек демалып қана қоймай тарихымызға саяхат жасап, өткенді еске түсіріп және сол дәуірдегі адамдардың тұрмыс-тіршілігі, ата-бабаларымыздың қалай өмір сүргені мен жылқы туралы көптеген ақпараттармен танысып, керемет әсер алуына жағдай жасалған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл кешеннің ресми ашылу салтанаты алдағы уақытта өтеді.

 

Руслан БЕГЕН

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?