Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ғибратты ғұмыр иелері-2

2237
Ғибратты ғұмыр иелері-2 - e-history.kz

Мағжанның ұлы махаббаты 

Мағжанның алғашқы әйелі Зейнеп Шоқан Уәлихановтың інісі Жақып төренің қызы Қадишадан туған. Зейнептен Мағжан Граждан атты ұл көрген. Тағдырдың жазуымен ақын үшін қымбат осы екі жан бірінің артынан бірі опат болды. Зейнебі баладан дүние салды. Артынша тұла бойы тұңғышы шетінеді. Бұл – шамамен 1917-1919 жылдардың арасы. 

1920 жылы Омбыдағы мұғалімдер курсы Қызылжарға ауыстырылды. Курсқа басшылық ету Мағжанға тапсырылады. Әрі үйреншікті пәндері бойынша сабақ береді. Міне, осы кезде Мағжан жүрегін үлкен сезім билейді. Курста математикадан сабақ беретін Гүлсім деген әйелге ғашық болады. Бұл махаббаттың тарихы кәдуілгі құйынды елестетеді. Гүлсімнің бай күйеуі Мағжан мен әйелі арасын біліп қалып, үйін көшіріп әкеткен [1]. 

 

0aa80b84545b5304d7f9bc60b662cb7d.jpg

Мағжан Жұмабаевтың Ақмола өңірі Қазақстан құрамына қалуына байланысты өзі редакторы болып істейтін «Бостандық туы» газеті редакциясының Қызылжарға көшірілуі Мағжанның осы қалаға келуіне себеп болады. 1921 жылы Қызылжарға келгенде Мағжан енді қалған аз-маз ашық күндерінің, одан соңғы азап жылдарының айнымас серігін кезіктіреді. Ол «жан жолдасымсың, өлсең бірге өлемін» деп маңдайынан сипап жұбатқан Зылихасы еді. Мағжанның Зылихаға арнаған он беске жуық өлеңі бар. Бұлар да арнайы зерттеуді қажет еді. Енді бұл – болашақтың еншісіндегі атқарылар жұмыс. 

Сәкеннің әйелдері, ақынның болмысы 

Сәкен бір жағынан ақын, бір жағынан жазушы, бір жағынан домбыра тартып, ән айтатын сері болған. Сұлулығы өз алдына бөлек әңгіме. Сондықтан да оның маңайында қыздар көп жүрген. Сәкен алғашқы әйелімен айрылысып кетті. Ол жұбайының аты – Рахима. Сұлу әйел екен. Өзі тұрмысты отбасынан шыққан, көпестің қызы болыпты. Алайда, бұл екеуінің жараспауына Сәкеннің саяси көзқарасы әсер еткен. Революцияның басы-қасында жүрген Сейфуллиннен Рахима бай әкесін қорғауды талап еткен. Оған Сәкен келіспеген. 

Рахимамен ажырасқан соң, 1920 жылы Орынборға барады. Жаңадан сайланған Қазақ үкіметінің құрамында қызмет етеді. Сонда жүріп Көкеш деген қызға үйленеді. Көкеш Омбының қызы. Оның сұлулығын біреулер Сәкенге жыр ғып жеткізеді. Жолдасымен бірге Омбыға барып, Көкешті көріп, өзі де ұнатып қалады. Кейіннен Көкешті алдырған. Бірақ, Көкеш ауылдың бұйығы қызы болады. Қаланың тәртібіне, тәрбиесіне көндіге алмайды. Олпы-солпы киінген, жаңаша киінуді білмеген. Өзі оқымаған. Сәкеннің ортасына сай болмаған. Адамдармен араласуды білмеген. Содан кейін Сәкен Көкешті еліне қайтарып жібереді. Ажырасу туралы әңгіме қозғамаған, «еліңе барып, әке-шешеңді көріп қайт» деген. Бірақ Сәкен қыздың әке-шешесіне: «Қыздарыңызды алып қалыңыздар», – деп біреуден хат жазып жібереді. Көкеш еліне келгенде ғана алданып қалғанын білген. Көкеш өз ауылында көп тұрақтамай, Шымкентке кетіп қалған. Өле-өлгенінше сонда тұрды. Сәкенді өмір бойы тосып, ешкіммен көңіл қоспаған, тұрмысқа шықпаған. Сәкен ақталған кезде Алматыға келді. Сонда көрдік. 

 

7883c32e526d8eda9b478815fa8e3c77.jpg

Табиғатынан сері болған Сәкеннің тұрақтаған әйелі – Гүлбахрам. Оның шашына ғашық болған екен. Бірақ Сәкен әйелі бола тұра, сал-серілігін қоймапты. Мысалы, алғаш колхоз ұйымдастырған уақытта Сәкен Үржарға өкіл болып барады. Сонда бір қызбен байланысқаны туралы өсек сөз тарап кетеді. Бұл Сәкен мен Гүлбахрамның ара-қатынасының шиеленісуіне әкеп соқтырады. Гүлбахрам күйеуіне ашуланып, Мәскеуге кетіп қалады. Ол кезде Сәбит Мұқанов Мәскеуде оқиды. Сәбит пен Сәкен отбасы болып араласқандықтан, Гүлбахрам Мұқановтың қолында бір айдай тұрып, қайтадан еріне қосылады. Сәкеннің бүкіл жазған-сызғандарын жинақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізген – сол Гүлбахрам. Сәкеннің жары болғаны үшін қуғын көрді, лагерьде болды, балалары өліп қалды. Сонда да мойымаған әйел [2]. 

Сәкен бір қарағанда суықтау, ешкіммен араласа бермейтін, көп сөйлемейтін адам болып көрінген. Жастайынан көп қиындық көрсе де, өзін-өзі күткен, сыртқы сымбатын сақтаған. Онда мойынымен бұрыла салу деген болмапты. Мойынына әжім түспес үшін бүкіл денесімен бұрылып қарайды екен адамға. Жеке бастың гигиенасына қатты көңіл бөлген. Үнемі иіссу себініп жүрген. Оның кербездігі кейінгі жазушылардан Ғабит Мүсіреповте кездеседі. Шын мәнінде, Сәкен – кең пейілді, қолы ашық болған адам. Жан-жағындағы қарапайым адамдарға көп көмектескен. Бұл тұрғыда ол азамат. Мысалы, Сәкеннің Орынборда 5 бөлмелі үйі болыпты. Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсірепов Орынборда Сәкеннің үйінде жатып оқыпты. Екі жазушымен де Сәкеннің ешқандай туыстық қатынасы болмаған. Алдымен Сәбит Сәкенмен танысып, келесі жылы Ғабитті ертіп барып: «Кедейдің жақтаушысы болсаң, бізге көмектес», – дейді. Сол кезде оқу іздеп барған бірнеше қазақ баласы Сейфуллиннің үйінде жатыпты. Сабаққа кетерде бірінші оқушы балалар таңғы шәйін ішеді екен. Ол кез жетімсіздіктің кезі. Кейде Сәкенге өз үйінде өзі ішіп-жейтін азық-түлік те қалмай қалады екен. Үйіндегі барын ауылдан оқу іздеп келген балалардың аузына тосыпты. 

 

623f79164e53d6ed4add03d7776dbe55.jpg

Ресми ісқағаздар бойынша, Сәкен 1938 жылы 28 ақпанда Алматыда атылды деп көрсетіледі. Атқан адам «аттым» деп, «үкім орындалды» деп бірнеше комиссия мүшесі қол қойған. Акт жасалған. Бұл Сәкеннің қылмыстық ісінде бар. Алайда кейінгі жылдары Сәкен тірі кеткен деген әңгіме көп шығып жүр. «Сахалинде ме, Камчаткіде ме, Сәкенмен бірге болдым» деген қария табылған. Сол қарияның айтуы бойынша елімізден ғалымдар мен журналистерден жасақталған арнайы өкілдер барып қайтты. Бірақ ол жақта топырақты қазу мүмкін емес, мұздақ. «Сәкен осы жерде жатқан» деген қабірдің басына алып барады әлгі қария. Сөйтіп шеткі жақтағы бір моланы әрең дегенде қазыпты. Бірақ онда жатқан сүйек Сәкендікі болмай шықты. Ары қарай қазуға шамалары жетпей, елге кері қайтқан. Жақында Бейбіт Оралұлы деген композитор: «Әкем Сәкен Сейфуллинді атылды дегеннен кейін тірі көріпті», – деп айтты. Тірі қалуы әбден мүмкін. Жаны ашыған біреу өз өлімімен өлсін деп астыртын қашырып жіберген шығар. Мысалы, Мағжанды да Бауыржан Момышұлы: «Новосібірде көрдім. Жүк тасушы адамдармен бірге жүк көтеріп, жұмыс істеп жүр екен», – дейді. Басқа-басқа Бауыржанның қателесуі мүмкін емес қой. Момышұлы – әскери қызметтегі адам. Ол солдаттарын пойызбен жөнелтіп, Мағжан жүрген жерге қайтып келсе, Мағжан жоқ болып шығыпты. Бірақ Баукең көзбен көргенім ақиқат дейді. Ал ресми деректерде Жұмабаев 1937 жылдың аяғында атылған деп көрсетілген. 

Жүсіпбектің отбасылық жағдайы 

Жүсіпбек Аймауытов – орысша оқыған, еуропалық мәдениетті жақсы меңгерген, алғаш рет еуропалық талапқа сай қазақ романын қазақ әдебиетіне алып келген үлкен білімнің иесі. Таза жазушы. Шығармашылықты негізгі мақсаты етіп қойған. «Алашордашыларды» алғаш ұстағанда, Жүсіпбек те сол сапта болған. Алғашқылардың бірі болып атылды. Сонда ол: «Өзінің жазушысын сыйламаған үкіметтен мен кешірім сұрамаймын!» – деп қасқайып басын имеген. Міне, оның тазалығын осыдан-ақ көруге болады. 

Қазақтың реалистік прозасы мен драматургиясын алғаш жазған – Аймауытов. Ал енді жеке өміріне үңілсек, Жүсіпбек таза ұлтшыл бола отырып, қазақ халқын шексіз сүйе тұрып, өзі орыс әйел алған. Өмірінде екі рет үйленсе, екеуінде де орыс қызын алған. Сәбит Мұқанов: «Осы сіз таза қазақы адамсыз. Орысқа қалай үйленіп жүрсіз?» – деп сұраған екен. Сәбиттің айтуынша, әйелі көріксіздеу болғанға ұқсайды. Сонда Аймауытов: «Не үшін үйленгенімді таңертең Сырдың жағасына келсең түсінесің», – дейді. Сәбит ертесіне ерте тұрып, өзеннің жағасына барады. Жүсіпбек пен әйелі серуендеп жүр екен. Сәбит сол кезде ағаштың түбінде бақылап отырыпты. «Жүсіпбектің әйелі сыртындағы халатын шешіп тастап, суға қарай беттегенде қарап тұрдым, әйелінің сыртқы сымбаты сұмдық сұлу екен», – дейді Сәбең. Екеуі әңгімелескенде Жүсіпбек: «Ол суда жүзе алады. Өзін сыйлап, сақтай біледі. Сондықтан сымбаты да әдемі. Енді осыдан соң мұндай сұрақ қоймайтын шығарсың», – деп күлген екен [2]. 

 

955ce5dd19d1b168bc14b05ce9f4dc57.jpg

Алматыдағы М. Әуезов театрына барған сайын сол театрдың негізін қалаушы Дінмұхамед Әділовті еске аламын. Ерекше тағдыр иесі. Тұрсын Жұртбай ол кісінің мінезін «тез, тентек, оқиғақұмар» деп бағалайды. Шындығында, неге болса қойып кететін, ақырын аңдамай сөйлейтін адам болған деседі. Жастайынан «алашордашылардың» шарапатын көрген. Міржақып Дулатов 11 жасында көшеден көріп қалып, бауырына тартып, оқуға түсірген. «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің мүшесі болған. 1918 жылы «Адам баласының бақыты үшін майданға аттандым» деп, азамат соғысына қатысқан. Ағартушылықпен айналысқан. 1925-26 жылдары тұңғыш қазақ ұлттық театрын құруға атсалысып, соның директоры болған. 1928 жылы желтоқсан айында «Совет өкіметіне қарсы жұмыс жүргізді» деген айыппен тұтқындалады. Үш жыл тергеуде болған Діншенің түсініктемесімен 71 адам қамауға алынған. Оның сапында Алаш зиялыларының көсемдері Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынов, әкесіндей болған М. Дулатов, театр ашарда үздіксіз хат алысып тұрған Ж. Аймауытовтар бар. Көзсіз батырлықпен: «Менің қорқатын түгім жоқ», – деп алашордашыларға да, большевиктерге де сүйкімі кеткен Дінше ешкімді аяп қалмайды. Қызды-қыздымен кіммен не сөйлескенін, қандай хат жазысқанын түгел баяндап береді. Тергеушілер де «дальше» деп, оны қыспаққа алып, сайрата берген. Ол сол кезде өзінің не «бүлдіріп» отырғанын сезбеген де шығар, шамасы. Бірақ тарихта «алашордашылардың» түбіне жетуге сеп болған мәлімдеме осы Діншеден басталған. Осындай деректерге көз жүгірткенде Діншені жазғырғың-ақ келеді. Алайда, ол өзінің аңдамай сөйлейтін әдетімен тарихта осылай сүйкімсіз болып қаламын деп ойламаса керек. 

 

bbcc651b4e512278894e89d2a646a6fd.jpg

Діншенің бір аты – «Дала қашқыны». Ол Бетпақдаланың оңтүстігіндегі тұрғындарды Түркістан республикасына қосу үшін Шу өзенін жағалап туған ауылына барады. Тура сол кезде Ақмола мен Қарқаралы уездеріндегі жер межелеу комиссиясының төрағасы болып Әубәкіров деген Сарысуға келеді. Әубәкіровті халық Қараноғай атап кеткен екен заманында. Ол сол ауылдың жас қыз-келіншектерін жиып алып, зорлық көрсетіпті, ерлерін қамап, қинапты. Мұндай бейбастықты естіп, намыстанған Дінше мен ағасы арнайы жасақпен Қараноғайды тұзаққа түсіреді. Өзінше сот құрып, Әубәкіровті атып, денесін мұздың ортасын ойып, батырып жібереді. Ол бейкүнә қарындастың, әлсіз әйелдің кегін осылай қайырады. 

 Діншенің қуғынға түсуі осыдан басталады. Яғни, ол «ағасы екеуі бірігіп, аса ауыр қылмыс жасады, милиция бастығын өлтірді, Кеңес өкіметіне қарсылығын көрсетті» деген айыппен іздестіріліп, тергеуге алынады. Бұл айыптау бүкіл «алашордашылардың» атын дабырайтып, бәрін бір іске көгендейтіндей қылмыс болып саналады. Әу бастан-ақ қыздың ары жігіттің намысы болған. Дінше сол қарындастың кегі үшін «жау» саналып, атылды емес пе?! Дәл бүгінгі аға қарындастың ары үшін қандай құрбандыққа барар екен...

 

Елдос Тоқтарбай, әдебиеттанушы 

 

1. «Жұлдыздар отбасы. Аңыз адам» республикалық жастар журналы, №1(37) 2012 жыл, 15 бет. 

2. «Ақ желкен» республикалық жасөспірімдер журналы, №7 (20478), 2013 жыл, 29-31 бет.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?