Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ көтерген көне байрақтар

1883
Қазақ көтерген көне байрақтар - e-history.kz

4 маусым – Мемлекеттік рәміздеріміз қабылданған күн. Көк Туымыз бен Елтаңбамыз әлемдегі ең әдемі сиволикалық белгілердің бірі саналады. Сонымен қатар қос рәмізімізде де елдің өткені мен болашағын байланыстырып тұрған сан түрлі символика мен элементтер астасып жатыр. Ту – қазақ үшін қастерлі дүние саналады. Сол үшін атам қазақ туға маңдайын тигізіп құрмет көрсеткен. Қазақ туды сүймейді, бұл ғұрып – орыстық-еуропалық әскери дәстүрден ауып келген.

Қазақ туға маңдайын тигізеді Ұлан-ғайыр далада үстемдік құрып, бірнеше мәрте алып империя құрған сақ, ғұн, сармат секілді түрік тайпалары өз заманында аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу, бұйрыққа бағыну әрі оны сөзсіз орындау секілді құндылықтарға негізделген мызғымас әскери тәртібімен ғана емес, өте айбынды мемлекеттік нышандарымен де ерекшеленіп көрінетін.

Зерттеушілердің айтуынша, ежелгі сақ, ғұн, сармат тайпаларының байрақтарында айдаһар белгісі болған. Сақтардың әскери байрақтары айдаһар бейнесінде болатынын грек тарихшысы Флавий Аррианның жазбаларынан да байқауға болады: Аррианның алан тайпаларының әскери белгілері сөз етілген «Тактика» атты еңбегінде «олар түрлі-түсті құрақтардан құралып тігіледі, оның үстіне басынан бастап құйрығына дейін барынша қорқынышты болып көрінетіндей етіп, жыланға ұқсатып жасалады. Оның мәні мынада. Аттар тыныш тұрған кезде төмен қарай төгіліп тұрған түрлі-түсті құрақтарды көресің, ал қозғалған кезде олар желдің күшімен аталған хайуанға ұқсап, жылдам қозғалған кезде тіпті ұзына бойынан өтетін күшті желдің әсерінен ысқырған үн шығарады. Бұл оларға көне скифтерден келген» деген деректер кездеседі (Ежелгі дүниедегі және византиялық дереккөздеріндегі Ұлы Дала тарихы. ІІІ том).

Сол секілді римдік тарихшы Валерий Флакк пен V ғасырда өмір сүрген армян шежірешісі Мовсес Хоренацидің жазбаларында айдаһар белгісін алғаш рет скифтер пайдаланғанын, кейін аландарға өткенін жазады. Жазбалардың барлығында да айдаһарға ұқсаған бұл белгілердің жел соққанда қатты ысқырық шығаратынын атап өткен.

Көшпелі далада сақ, ғұн және сарматтардан кейін үстемдік құрған ежелгі түркі тайпаларының жоғары лауазымды әскери қолбасшылары бөрі бейнеленген (бөрілі байрақ) байрақ көтерді. Белгілі түрколог-ғалым Л.Н. Гумилевтің «Көне түріктер» деп аталатын зерттеуінде қытай мұрағаттарында «найза, қылыш, алдаспанмен қаруланған таңдаулы түркі жауынгерлері «фули», «бури» («қасқырлар», «бөрілер») деп аталғаны» туралы деректер кездесетіні туралы жазады.

Айтпақшы, VІІ ғасырда тасқа қашалып жазылған атақты Күлтегін жырында да «Тәңірі қуат берген соң, Әкем қағанның әскері бөрідей бопты» деп келетін жерлері бар. Қазақтың ұлы ақыны Сүйінбай Аронұлы: «Бөрілі басы – ұраным, Бөрілі – менің байрағым. Бөрілі байрақ көтерсе, Қозып кетер қайдағым» деп, бөріні ұран етіп жырлаған Бөрілі байрақтың таза алтыннан құйылған бір нұсқасы бүгінде Эрмитажда тұр. Баға жетпес бұл мұраны кезінде Оғыз қағанның өзі құйдыртыпты деген деректер бар.

Алаша ханның алашұбар туы

Алаша хан алты Алаштың арғы ата-тегі, қазақ ұлысының бастауы деп есептеледі. Ел аузында сақталған аңыздар бойынша Алаша хан Еуразия кеңістігінде ары-бері көшіп-қонып жүрген түркі тайпаларының басын біріктіріп, тұңғыш Алаш мемлекетін негізін қалаған тұлға болған. Әрі алғаш жылқыны қолға үйреткен адам саналады. Күллі түрік тайпалары Алаша ханның алашұбар туының астына жиналыпты деседі.

Алаша ханның нақты ата-тегі белгісіз. Бір шежірелерде Бұхараның ханы Қызыл Арыстанның ұлы делінсе, тағы бір жерлерде Абдолла ханның мұрагері деп көрсетіледі. Абдул-Азис тіптен Алаша ханды Нұх пайғамбардың ұлы немесе шөбересі деп жазып жүргендер де бар. Яғни нақты дерек жоқ. Ауызша тараған аңыз-әңгімелер ғана бар. Белгілі орыс ғалымы Левшин халық арасындағы осындай аңыз-әңгімелерді топтастыра келіп Алаша ханды үш жүздің басын қосқан алғашқы хан деген қорытынды жасайды. Шоқан Уәлихановтың пайымына салсақ, Алаша хан – ХІV ғасырдың орта тұсында өмір сүрген адам. Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса» еңбегінде «Алаша ханның жалпы хандардың бабасы, моңғол-татардың атасы деп көрсетілген. Яғни Еуразия кеңістігіндегі көшпелілерінің ең алғашқы билеушісі дейді. Бұл деректерден Алаша ханның өте көне замандардың (шамамен б.з.д. V-III мыңжылдықтар) жаңғырығы екендігін аңғаруға болады.

Алашұбар ту ұстау дәстүрі бертінге дейін жалғасқан. Амангелді бастаған ұлт-азаттық көтерілісіне қатысушылар да алашұбар тудың асына жиналғанын білеміз. Зерттеушілердің айтуынша, бұл ту Амангелдіге атасы Иман батырдан қалған. Шәкерім Құдайбердіұлы да қазақта шұбар ала ту болғандығын айтқан.

Алтын орда және Ақ Орда дәуірінде ақ ту көтеру салты болған. Бұл туда Шыңғыс әулетінің таңбасы – тарақтың белгісі бейнеленген. Кейін оған ай белгісі қосылған. Біздің шамалауымызша, бұл белгі Өзбек ханның (1312-1342жж.) тұсында қосылуы мүмкін. Өйткені, дәл осы Өзбек ханның тұсында ислам діні мемлекеттік дін деп жарияланды.

Бұл үлгі Aнжелино Дулцерт атты италья картографының 1339 жылы құрастырған картасынан алынған фото болса керек. 1375 жылы Абраам Крескес құрастырған каталандық атласта да тура осыған ұқсас жалау бейнеленген.

Бүгінгі таңда қазақ мемлекетінің негізін қалаушы Керей мен Жәнібек көтерген ту деп көрсетіліп жүрген тудың түсі көк. Ортасында ауыз-екі тілде бақыт кулоны немесе мәңгілік түйін (узел счастья, узел вечности) деп аталатын белгіге ұқсас өрнек (негізі бұл белгі тибет және моңғол халқына тән белгі еді – Б.Н.) пен үш жұлдыз бейнеленген.

Бір қызығы, зерттеушілер тарихи деректерден көк ту туралы мәлімет кездеспейтінін айтады. Барлық деректерде түрік жұрты көтерген тулардың ішінде ақ түспен бірге қызыл, жасыл түстілері болғандығы айтылады.

Абылайдың ақ туы деген тіркес бар. Жазба деректерге қарасақ, Абылай хан көтерген ту көлемі 2 шаршы метрлік ақ жібек матадан жасалған делінеді. Оған жылқының қылынан жасалған шашақ тағылыпты. Көптеген деректерде қыпшақтардың да туы ақ болғаны айтылады. Қаракерей Қабанбай бабамыз бен Оспан батырдың да жеке байрақтарының түсі ақ болғанға ұқсайды. Тарихшы Құрбанғали Халидтың «Тауарих хамса» атты еңбегінде қазақтың Оннан ханының туы ақ түсті болғаны жазылған. Тарихи кітапта «Есім хан ұзын бойлы, денелі кісі болған соң «Еңсегей бойлы ер Есім» деп дәріптеледі екен. Орыс ханның қызыл туы осының қолында қалған. Сығай ханның екінші әйелінен екі ұлы бар: Сейітқұл және Оннан хан. Бұл Оннан батыр болып, қызыл ту астынан шығып, өзінше дербес ақ ту көтерген. Ақ тулы төрелер қайда жүрсе де, Оннан тұқымы болып есептеледі. Есім хан ұлы Жәңгірхан, ұлы Тәуке хан бір әйелден жеке. Мұның ұлы Полат хан, ұлы Әбілмәмбет хан, ұлы Әбілфайз хан қызыл тулы төрелердің бабасы саналады. Полат баласы Әбілмәмбетке қызыл ту беріп, өз орнына қойып, Абылайға жасыл ту беріп, кейбір тайпаларға уәли (басшы) қойған. Соңынан Абылай хан өз қабілетімен Орта жүздің бәріне, Ұлы жүздің көбіне, Кіші жүздің біразына ие болып, жалпы төре атаулыдан басым болғандықтан, үш жүздің ханы деп аталған. Жасыл тулы төрелердің бабасы болады» деген дерек келтіреді. Бұл жасыл туды кейбір зерттеушілер «көк ту» деп тәпсірлеп жүргенін байқауға болады. Көк ту туралы әңгімелер осыдан шыққса керек. Айтпақшы, қазақтың соңғы ханы Кенесарының туының түсі де жасыл болған.

Алаш Орда туы қандай болған?

Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының көтерген туы туралы талас көп. БАҚ беттері мен ашық ғаламтор жүйелерінде Алаш Орданың туы деп бірнеше тудың нұсқасы жүр. Олардың арасында «Жасасын Алаш автономиясы!» және Құран аяттарының бірі жазылған жасыл ту бар. Бұл ту былай қарағанда Сауд Арабиясының мемлекеттік туына ұқсайды. Екіншісі Түркия туына ұқсас алқызыл ту, ай мен жұлдызы сары түске боялған туды да кезіктіруге болады. Бір жерде Шығыс Түркістанның туын Алаш Ордаға телініп жүр.

Алайда бұлардың барлығы да Алаш Орданың туы емес. Белгілі зерттеуші Сұлтан-Хан Аққұлұлының айтуынша, Алаш автономиясының өз Елтаңбасы, Туы болған. «1918 жылдың маусымында Алаш қаласында Алаш полкінің тұңғыш шеруі болған кезде олар қолына Ақ ту ұстап шыққан, оны сол кезде орыс газеттері де жазған. Алайда бұл ту сақталмаған. Нақты қандай болғанын білмейміз. Ту сақталуы мүмкін. Болса сол РФ-ның мемлекет қамқорлығындағы мұрағаттарында, жәдігерлер сақталатын қорда жатуы әбден мүмкін. Ол қорда Кенесарының бас сүйегінен бастап, Кенесары әскерінің тулары, қарулары, оның ішінде Кенесарының қанжары, өзі ұстаған «Құран Кәрім» кітабы, т.б еш жерде жоқ жәдігерлер бар. Олардың ішінде «Алаш Автономиясына» қатысты тудан басқа да бізге белгісіз жәдігерлердің болуы әбден мүмкін» дейді ол.

Байрақ пен Ту – екі бөлек дүние

Байрақ пен ту – көшпелілердің мемлекеттілігін айқындайтын басты нышандарының бірі. Бірақ екеуі екі бөлек дүние. Қазақтың қару-жарақтарын зерттеуші-ғалым Қ. Ахметжановтың айтуынша, «байрақ тудан бұрын пайда болған. Ол – хандық биліктің, әскери лауазымының, батырлық дәреженің символдық белгісі, жеке адамдардың белгісі. Бұл белгі патшалар, әскербасылар жүрген жерде көтерілген. Қолбасшылар бұл байрақтармен шайқаста түрлі тактикалық белгілер беріп, айқасты басқарып отырған» дейді. Байраққа көбіне тотемдік белгілер аңдар мен құстардың (жылан бүркіт, бұқа, арқар, т.б) алтыннан жасалған мүсіндері, жылқының құй­рығы сияқты заттар белгіленген.

Тарихшы Жамбыл Артықбаев «Төрелер шежіресі» кітабында «Ту дегеніңіз – көбінесе үлкен матадан жасалып не найзаның басына, не арнайы бақанға байлан­ған рәміз. Тудың желегіне араб жазуымен жазылған Құран сөздері болады, бірақ сурет салына қоймайды» деп атап өтеді. Ежелгі туларда көбіне «айдаһар» мен «көк бөрі» бейнеленді. Кейін ислам дінінің әсерінен «ай», «жұлдыз» секілді белгілер пайда болды. Тудың түсі жасылға өзгеріп құран аяттары жазылатын дәстүр пайда болды.

Ал жалау дегеніміз найзаға немесе дулығаға тағылатын жау­гер­шілік белгі болған. Ол әскердің, қосынның айырым-белгісі саналған.

Ту қашан да қасиетті дүние саналған. Белгілі зерттеуші Серікбол Қондыбайдың тілімен айтсақ, ту – тірі жанды сипатқа ие мифологиялық кейіпкер. Ту ұстаушы адам Туғаш деп аталған. «Ту – әскери магияның аса маңызды нысандарының бірі. Қазақта «ту қандау» деген әскери ғұрып бар. Жер тағдыры, ел тағдыры сынға түскен шешуші шайқастардың алдында ақ боз атты құрбандыққа шалып, ақ туға оның қанын жаққан. Қазақ туды сүймейді, бұл ғұрып – орыстық-еуропалық әскери дәстүрден ауып келген. Қазақ туға маңдайын тигізеді. Тулардың тарихи құжаттарда сақталған кейбір атаулары түркілердің туға қатысты түсініктері мен тулардың мәртебелік деңгейлері жөнінен аздап та болса хабар береді. Мәселен, «Тарихи Рашиди» еңбегінде «түмен түғ» (туман туг) деген бар, ол – он мыңдық әскердің туы дегенді білдіреді. Осы еңбекте «кушун туг» – «қосын туы» деген әскери тудың атауы аталады, осы тудың өзі «чарбар түгтан» (чарбар тудан) тұрады делінген, тек соңғысының нені білдіретіндігін біле алмадық. Түмен туды ордаби алады, ал ордабидің өзі өзінің екі мулазиміне қосын туын тапсыруға қақысы бар, соған қарағанда, әр түмендегі екі бес мыңдықтың басшысы осы екі қосын туына ие болуы ықтимал», – дейді ол.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?