Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Міржақып Дулатұлы және «Қарқаралы құзырхаты»

1630
Міржақып Дулатұлы және «Қарқаралы құзырхаты» - e-history.kz

Қазақ халқы әр дәуірде ұлтының қамын жеген айтулы марғасқа ұлдарды дүниеге әкелген. Солардың бірі – «Алаш» көсемдерінің бірі, ақын, жазушы, педагог, көрнекті қайраткер Міржақып Дулатұлы. 

Міржақып Дулатұлы өзінің қырық тоғыз жылдық ғұмырында туған халқы үшін мәңгілік азық болатын рухани қазына қалдырып үлгерді. Оның өмір сүрген уақыты – аса күрделі болды. Алаңсыз шәкірт оқытып білім беру, шығармашылықпен айналысуға мүмкіндік болған жоқ. Міржақып Дулатұлының осы қысқа ғана ғұмырындағы бір белесі – Қарқаралы қаласында, Қоянды жәрмеңкесіне келіп қатысуы, үзеңгілес серіктерімен бірге саяси күрестің негізін қалауы болды.

Міржақып Дулатұлы салқар Сарыарқаның күнбатысындағы Торғай даласында, Торғай облысы, торғай уезі, Сарықопа болыстығының №1 аулында (қазіргі Қостанай облысының Жанкелдин ауданы, Қызбел ауылы) дүниеге келді. Екі жасында анасы Дәмеш, он екі жасында әкесі Дулат өмірден өтіп, жетімдіктің зарлы күйін жастайынан татады. Әкесі көзі тірісінде балаларын сауат ашсын деп ауыл молдасына сабаққа береді. Молдадан екі жыл сабақ оқыған соң 1897-1902 жылдары орыс тілінде оқытатын ауыл мектебінде Торғай уездік орыс-қазақ мектебінің түлегі Мұқан деген мұғалімнен оқып, орысша тіл сындырады. Ағасы Асқардың қамқорлығында өсіп, білім алған Міржақып 12 жасында ауыл мектебін бітіреді. 1901-жылы мемлекеттік орыс-қазақ мектебінің педагогика сыныбына оқуға түсіп, 1902-жылы ауыл мұғалімі мамандығымен бітіріп шығады. Осы мектептің қазақ тілі оқытушысы Ахмет Байтұрсынұлы болады. Осы оқу орнында жүргенде Міржақыптың болашақ шығармашылық, саяси іс-қызмет бағыты айқындалады. 

Міржақып Дулатұлы Торғайдағы орыс-қазақ училищесін тәмамдаған соң елде екі-үш жыл мұғалім болып қызмет етеді. Осы кезде ол отаршылдардың бұратана жұртқа көрсетіп отырған езгісі, халық бұқараның ауыр жағдайы жас мұғалімді қатты ойландырады. Осы жағдайдан халықты шығарудың жолы – олардың біліммен, ғылыммен көзін ашып, санасын ояту деген ойға осы кезде келе бастайды.

Міржақып Дулатұлы жастайынан-ақ туған халқының болашағы үшін күреске өзін дайындады. Осы жолдағы жерлес ұстазы әрі үзеңгілес аға досы Ахмет Байтұрсынұлының ұлттын оятып, азаттыққа бастау жолындағы ұстанымына бар болмысымен, іс-әрекетімен қолдау көрсетті. 

Міржақып Дулатұлы 1904 жылы Омбы қаласына келеді. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған ұлт зиялыларымен жолығады.

Осы Омбыдағы кезінде ол ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлымен, өзге де болашақ қайраткерлермен бірге өмірінің саналы кезеңін өткізеді. Он тоғыз жасар білімқұмар жастың ойлы сөзіне, жазып жүрген жалынды өлеңдеріне Ахаң мен үзеңгілестері жақсы баға беріп, оның болашағына үлкен үмітпен қарайды. Халық оларды құрметтеп, «Ахаң-Жақаң» атап кетеді.

Ол өзінің ұлт болашағы үшін күрескерлік жолын былай деп өлеңмен әйгілеген болатын:

«Алыстан алаш десе, аттанамын,

Қазақты қазақ десе мақтанамын.

Болғанда атам қазақ, шешем қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын».

1905 жылы Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы Қарқаралыда патшалық биліктің езгісіне қарсы саяси-бұқаралық іске қатысады. Тарихта «Қарқаралы құзырхаты» деген атпен қалған, ұлт тарихындағы саяси қарсылық көрсетудің, азаттық күрестің алғашқы көрінісі болған құжатты әзірлеуге атсалысады. Патша үкіметіне қазақ халқының атынан жазылған бұл талап хатқа он екі мыңнан артық адам қолдарын қойған екен. Осы кезеңнен бастап патша билігі Ахаң-Жақаңдардың соңына түсіп, түрмеге қамауы жиілей түседі. 

Елшілдік, ұлттық мұрат тұрғысында Ахаң мен Жақаңның ойлары әр кез бір жерден шығып оытрады. Олар елге қызметтің сол замандағы ең тиімді жолы – шалғай өңірлердегі білім ошақтарына барып, халықтың баласын оқыту, болашақ көзі ашық, оқыған жастардың қатарын молайту деп біледі. Осылайша Ахмет Байтұрсынұлы Қарқаралы қаласында, ал Міржақып Дулатұлы Зайсанда білім беру қызметіне араласады. Олар осы кезеңде Семейде, Қарқаралыда кездесіп тұрады. 

1848 жылы Ялуторлық саудагер көпес Варнава Ботовтың айырбас саудасынан басталған Қоянды жәрмеңкесі ХХ ғасырдың басында Ресейдегі ең беделді сауда-айырбас нүктесінің біріне айналды. Мұндағы Ресей мен шетелдік фирмалардың саудасы қызып жатса, жазда бұл жерге әншілер мен ақындар, күйшілер мен өзге де өнерпаздар келіп өз өнерлерін ортаға салған. Мұнда ойын-сауық иелері ғана емес, оқымысты делінетін көзі ашық, көкірегі ояу зиялылар да көптеп келетін болған. Сонымен қатар Қоянды жәрмеңкесі орналасқан уездің орталығы Қарқаралы қаласында да өз заманының зиялы адамдарының үлкен бір шоғыры түрлі жағдайлармен жиналды. Олардың мұнда келуі жәрмеңкенің қызығы мен сәніне айрықша әсер берген. Қоянды жәрмеңкесіне кезінде әйгілі Ақан сері, Біржан сал, Иманжүсіп, Мәди т.б. сал-сері әншілер де мұндағы елдің ортасында болып, жаз бойы өнер көрсеткен. Халық түрлі ойын-сауықтарды тамашалап қана қоймай, Ахаң-Жақаңдай ұлт зиялыларының ғибратты сөздерін таңдана тыңдап, ерлердің алдағы ұстанатын елдік мұрат жөнінде ерекше әсерге бөленген.

Қоянды жәрмеңкесіндегі жан жақтан келген саудагерлердің түрлі тауарларын, әншілер мен күйшілердің өнерін тамашалаушылармен қатар, әр өңірдің аты елге мәлім болған игі жақсы, зиялысы бас қосып, осы бір бес айлық мерзімде мәжіліс құрып, өрелі ой-пікірлер айтысатын болған. Сондықтан да жаз мезгіліндегі Қоянды – ұлттық құндылықтардың дәріптелетін, алыс-жуықтан келген адамдарға таныстырылатын мәдени ошағы болды. Осы бір мәдени ошақта ұлттық рухымыздың небір жауһарлары көрініс тауып жатты. Міржақып Дулатұлы Қоянды жәрмеңкесінде өзінің ниеттес, тілектес рухани аға-бауырларымен бірге «Қарқаралы құзырхатын» әзірлеп, ұсынған болатын. 

1905-жылы Қарқаралы жерінің Қарасор көлі маңында думанын қыздырып жатқан жәрмеңкеге келген Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбаевтар бастаған зиялылар «Қарқаралы құзырхатын» әзірлеу жолында ақылдасады. Оның негізгі құрылымын кім дайындап, қағазға түсіріп таныстырды, қалай жолдады т.б. сұрақтар туралы көптеген болжамдық деректер, нұсқалар айтылады. Қалай болғанда да бұл – сауатты жазылған, нақты талаптар көрсетілген тарихи құжат болды.

Бұл құжатта олар қазақ жеріне заңсыз ағылып жатқан қарашекпен мұжықтардың өрескел қылықтарын, жайылымдық, шабындық жерлердің тарылып бара жатқанын, жайылымдық, қыстаулық пен жайлау жерлердің ежелден қалыптасқан дәстүрден алшақтап бара жатуын, т.б. жағдайларды баса көрсетіп,  жер мәселесін шешу үшін земство ашу, қазақ балалары үшін мектептер ашу, қазақ мұсылмандарын мүфтиятқа қарату және т.б. мәселелерді талап еткен болатын. 

Басты қырық екі, жалпы қолдап 14 мыңнан астам адам қол қойған «Қарқаралы құзырхатын» дайындауда Міржақып Дулатұлының рөлі аз болмаса керек. Жергілікті патшалық билік бұл құзырхатты үлкен саяси мәні бар, кейінгі салдары өте жаман болатын оқиға ретінде қабылдады. Сондықтан құзырхат бойынша жергілікті губернатор ерекше із қозғатып, уездік жандармерия тыңшылық істерін жандандырады. Осы істен өздеріне нәтиже шығарған патша билігі белгілі заңгер Жақып Ақбаевты, оқытушы Ахмет Байтұрсынұлын түрмеге жабады. М.Дулатұлының құзырхатты жазуға қатысқаны, Семейде қазақ оқығандарымен кездесіп, патшалық биліктің сорақылықтары туралы әңгімелегені туралы деректерді алға тартады. Бір атап өтерлігі – Қарқаралы құзырхатына байланысты күдіктілерді ұстау, түрмеге жабу істеріне Міржақып Дулатұлының қатыстылығын зерттеп, айып тағу ісі дәл сол кезеңде жүзеге асырылмауы ұлт зиялыларының ілкімді ісінің бірі болды.

Бұған дейін бұйығы жатқан бұратана халықтың арасынан мұндай толқын тудырарлықтай саяси талап хат әзірленіп жолдануы патша билігін еріксіз ойландырғаны анық. Қарқаралы құзырхатының тарихи, саяси маңызы туралы тарих ғылымының докторы Сатай Сыздықов былай деп баға береді: «Қарқаралы петициясының тарихи маңызы зор болды. Нәтижесінде Патша үкіметі қазақ халқының пікірімен санасуға мәжбүр болды. Петицияда қойылған талаптарды орындауға Патша үкіметі құлық таныта қоймаса да, қазақтардың Ресейдің I, II Мемлекеттік Думаларына депутат болып сайлануына еріксіз мүмкіндік берді. «Қарқаралы петициясын» ұйымдастыру және Патша үкіметіне оның кейбір талаптарын орындату – бұл кейін қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін аянбай күрескен Алаш зиялыларының бүтіндей бір легін дүниеге алып келді және солардың қозғалысының бастауы болды».

«Қарқаралы құзырхаты» мәселесіне қатысты дүбірлі іс-әрекеттер басталған кезеңде Міржақып Дулатұлы Петербургке аттанады. Кадет партиясының мүшесі ретінде саяси науқандарды қадағалайды. Белгілі саясаткерлермен араласып, өзінің алдағы ұлт болашағы жолындағы күресті қызметіне қажеттілік тұрғысында саяси сауатын арттырады. 1907 жылы Петербург қаласында шығып тұрған «Ульфат» атты татар тіліндегі газеттің қосымшасы ретінде «Серке» атты газет шығарысады. Мұнда жарияланған өлеңдер мен ой-пікірлердің өткірлігі үшін патша билігі газетті жапқызады. 1909 жылы Қазандағы «Шарқ» баспасынан Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты жинағы шығады. Бұл жинақ күллі қазақ даласына кең тарап қана қоймай, бауырлас түркі халықтары арасында да оқылымды болып, империя бұғауындағы халықтардың оянуына зор әсер етеді. Сол үшін де Ресей империясының билігі бұл жинақтың баспадан жарық көруіне, ел ішінде кеңінен таралуына тыйым салады.

Жалпы сонау Абай заманынан басталған ұлт-азаттық идеясының жаңа сапаға көтерілуі Қарқаралыда жүзеге асырылды деуге толық негіз бар. Ресей патшалығы саяси сенімсіз деп таныған зиялыларды алыс түкпірлерге жіберіп отырды. Ішкі Ресей үшін Қарқаралы – осы алыс түкпірдің бірі еді. Орыс қоғамының алдыңғы қатарлы ойлы өкілдері мен болашақ «Алаш» партиясының көсемдері жетекші көсемдері осы бір шағын қала аумағына топтасуының өзі тамаша түйілісу болды.

Талай елді аралап,

Талай жерді саралап,

Біз келеміз бұл күнде,

Елге үлгі шашқандай,

Дұшпанның көңілін басқандай,

Айбарлы едік бір күнде, - 

деп ақынның өзі жазғанындай, бар саналы ғұмырын қазақ даласының түкпір-түкпірін аралап, елге рухани үлгі шашуға арнаған ұлт зиялысы, «Алаш» көсемі Міржақып Дулатұлының Қарқаралыдағы саяси белсенділікке толы жаз – оның өміріндегі ең бір маңызды кезең екендігі анық. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?