Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ежелгі Тараз ескерткіштері

3641
Ежелгі Тараз ескерткіштері - e-history.kz

Тараз – Қазақстандағы тарихы бай, мәдени мұралары көп ең көне қалалардың бірі. Еліміздің оңтүстік бөлігіндегі Талас өзенінің жағасында орналасқан қаланың тарихы екі мыңжылдықты қамтиды. Бүгін біз сол Тараздағы кесенелер мен ескерткіштерге шолу жасап, мұндағы мәдени һәм рухани орындар жайлы сыр шертеміз.

Айша бибі кесенесі. Тараз қаласынан батысқа қарай 20 шақырым жерде Айша бибі ауылында орналасқан. Кесене құрылысы 11-12 ғасырларда салынған. Жергілікті сәулет өнерінің ерекшеліктерін сақтай отырып, ұлттық нақыштармен безендірілген. Кесене жайлы ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер сақталған. Аңыз желісі бойынша, Айша сұлу сол кездегі әулетті Қарахан империясы Батыс қағанатының билеушісі Қараханмен кездесу үшін Таразға келе жатады. Құдіретті қалаға жақындап қалғанда Айша аруды жылан шағып, қапыда көз жұмады. Қаралы күйге түскен Қарахан Айшаны сол маңға жерлеп, қабірдің басына адалдық пен махаббат белгісі ретінде әсем кесенені тұрғызған деседі. Аталған сәулет ескерткіші өзінің ерекше сәнімен және діни мәнімен құнды.

 

Бабаджа қатын кесенесі. Тараз қаласынан батысқа қарай 20 шақырым жерде Айша бибі кесенесінің жанында орналасқан. Құрылыс нысаны шамамен Қарахан дәуірінің ерте кезеніңде 10-11 ғасырда салынған. Орта Азия аймағының сәулет өнеріндегі порталды үлгіде салынған алғашқы кесенелердің бірі. Кесенені соққан шебердің аты-жөні өшіп қалған. Аңызда Айша бибінің күтушісі Бабаджа қатын сол кесененің басында өмір бойы шырақшы болған делінеді. Бабаджа қатын өмірден өткеннен кейін Айша бибіден 20 қадам жерге жерленіп, басына кесене тұрғызылған.

 

Сондай-ақ 14 ғасырда салынған Тектұрмас кесенесін де Таразға келген жолаушылар соқпай кетпейтін, тарихи нысан ретінде атап өтуге болады. Тектұрмас кесенесі – Талас өзенінің оң жағалауында Қызыларақ ауылының маныңда орналасқан. Кесененің түпнұсқасы 19 ғасырда қирап, 2002 жылы қайта қалпына келтірілген. Тектұрмас жайлы ел арасында аңыз-әпсаналар көп кездеседі. Соның бірінде Тектұрмастың азан шақырып қойған аты Сұлтанмахмұт екені айтылады. Өз заманыңда оны хан сарайындағы бек қызметіне ұсынғандықтан, халық оны Тектұрмас атап кеткен деседі. Кейін тақуалық жолға түсіп, әулие атанады. Тұлғаны Моғолстанның ханы деп көрсететін деректер де жиі кездеседі. Кешеннің басында қызмет көрсету бағыттары ашылып, туристтік нысанға айналған. Көпшілік оның басына келіп, тәу етеді, дұға-тілек тілейді.

 

Қарахан кесенесі – Қазақстанда 11 ғасырдан бері сақталған сәулет ескерткіші. Тараз қаласының орталығында орналасқан. Кесене 11 ғасырда Қарахан әулиетінен шыққан белгілі хан Шах-Махмұд Харун Боғраның басына тұрғызылған. Қарахан кесенесінің пішіні төртбұрышты, ал орталық бөлменің төбесі киіз үйге ұқсас болып жабылған. Қарахандықтар дәуірі кезінде  елдің тұрмысы жақсарып, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман болған деседі. Жыл сайын мыңдаған адам Қараханның рухына тағзым етіп, дұға бағыштау үшін осы жерге келеді. Осы уақыт ішінде Қарахан кесенесі өзінің тарихи және діни маңыздылығымен қатар, туристер көп келетін жерге де анйалпы үлгерді. Қарахан кесенесі жайлы аңыз-әңгімелер өте көп. Аңыз бойынша, Айша бибіге ғашық болып, оның қайғылы қазасынан кейін кесене салуға бұйрық  берген – билеушінің өзі. Сонымен Тараз қаласындағы Қарахан кесенесі өңірдің мәдени  мұрасының сан алуан екенін көрсететін маңызды тарихи ескерткіш болып табылады.

 

Тараз қаласы сонымен қатар мұражайларымен және ерекше сәулет өнерімен танымал. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінде өлкенің тарихы мен мәдениетіне арналған бірегей экспозициялар ұсынылған. Мұнда сіз осы аумақта болған ежелгі өркениеттер туралы, сонымен қатар Тараздың қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі туралы біле аласыз.

 

Тарихи деректерге сүйенсек, оңтүстік өңірдегі аталмыш қала Қарахандар билігін жүргізген кезеңде гүлденді. Қаланың гүлденуімен қатар, дәл осы уақытта ислам діні де кең тарады. Сол себепті керуен сарайының бойымен алғашқы мешіттердің бірі Тараз қаласында бой көтерген болатын. Сондықтан қала мешіттерімен де танымал. Мұндағы мешіттер мұсылмандардың діни рәсім қылатын орны ретінде ғана емес, оған қоса қайталанбас сәулетімен әрі сәндік элементтерімен туристерді өзіне тартады.

Қазақстан – ел ішінде қалған ерекше есімдерге, тылсым оқиғалар мен өткен күннен мол мағлұмат беретін деректерге бай өлке. Ал тарихқа бай өлкенің ежелгі қалалары адамдардың өмір сүру салты мен мәдениетінен, таным-түсінігінен, ғұмырлық құндылықтарынан сыр шертеді. Бұл сәйкесінше, әлемдік деңгейдегі зерттеушілердің де қызығушылығын тудыратыны рас.

Қаланың жалпы мәдени атмосферасы жайлы айтар болсақ, Тараз – өзіндік ерекшелігі бар әрі тарихи, әрі заманауи қала. Ол ежелгі мәдениет пен қазіргі заманның элементтерін біріктіріп, қалаға келушілердің уақытын тиімді өткізуге әртүрлі мүмкіндік ұсынады.

Жалпы Тараз – тарихы мен мәдениеті бай бірегей қала. Ол жолаушылап келген адамға көптеген көрікті жерін ұсынып қана қоймай, қазақтың байырғы мәдениетін тануға мүмкіндік береді. Таразға бару – осы өлкенің тарихы мен мәдениетіне қызығушылық танытатын кез келген саяхатшы үшін ұмытылмас әсер болары сөзсіз.

 

Нұрсұлу  Өмірхан 

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?