Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Ашыққан жұмысшылар мен шаруаларға көмек берілсін»

1434
«Ашыққан жұмысшылар мен шаруаларға көмек берілсін» - e-history.kz

Сібір мен Қазақстанда Совет билігінің орнауы 1920 жылы Қызыл армияның жеңісімен аяқталды. Алайда популистік ұрандар мен декреттердің орнына енді террор мен азық-түлік салымы келеді.

Большевиктердің саясаты 1920 жылы басталған шаруалардың қарсылығын тудырып, ол ұзақ жылдарға созылады.

Азаматтық соғыс жағдайында қабылданған әскери коммунизм саясаты шаруалар, казактар мен жергілікті қазақтарда аса бір қуаныш тудыра қоймады. Онсыз да азық-түлік жетпей жатқанда, большевиктер тағы да азық-түлік салымы дегенді енгізеді. Шаруалардан нан, май, жұмыртқа, сүт, қаймақ, көкөністер тартып алына бастады. Қазақтарды малын етке тапсыруға, онымен қоса малдың терісін, жылқының қылын, тіпті мүйіз бен тұяққа дейін тапсыруға міндеттейді. Бұл үшін Губерниялық азық-түлік комиссариаты жанынан арнайы экспедициялар құрылады.

1920 жылдың шілдесінде РСФСР Халық комиссарлары кеңесі «Сібірдегі артық астықты тәркілеу туралы» декретті қабылдайды, ол бойынша бүкіл халық астық тапсыруға міндеттеледі, ал артық астықты тапсырудан жалтарғандар сатқындар ретінде жазаланып, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі концлагерьге жабылатын болады. Артық астықты тапсырудың соңғы күні болып 1921 жылғы 1 қаңтар белгіленеді.

Сібірге азық-түлік салымы ретінде белгіленген 110 млн пұт астықтың 20 миллионы Солтүстік-Шығыс Қазақстанның аудандарына – Петропавл, Ақмола, Көкшетау, Атбасар уездерінің үлесіне тиеді.

Жергілікті большевиктер заңды орындауға білек сыбана кірісіп кетеді. Азық-түлік халық комиссары губернияларға халықтың қолындағы артық астықтың көлемін есепке алмастан, одан әлдеқайда артық көлемдегі астықты тапсыруды белгілейді. Азық-түлік отрядтары астықты толығымен, тіпті тұқымдық астыққа дейін жинап алған. Бұл жерде 1920 жылдың астық шықпай қалған жыл болғанын айта кету керек. Жергілікті қазақтарға қатысты да осы жағдай орын алды. Малын тартып алғаннан кейін қазақ ауылдары аштықтан қырыла бастайды.

1920-1921 жж. Батыс-Сібір және Солтүстік-Шығыс Қазақстанда антикоммунистік қарулы ереуілдер саны күрт өседі. Солардың ішіндегі саны мен территория жағынан «ең ірісі»,- деп зерттеушілер Батыс-Сібір көтерілісін атайды.

Осыдан 100 жыл бұрын болған шаруалар көтерілісі әлі күнге дейін қарама-қайшы пікірлер туғызып, тарихтағы «ақтаңдақ» болып қалуда.

1920 жылғы шілдедегі декреттен кейін бірден «батька Махно» көтерілісі бұрқ етті. Отряд Солтүстік Қазақстанның кейбір аудандарында, Қостанай облысындағы Анновка деревнясында әрекет еткен. Қызыләскерлер ереуілшілердің ізіне түседі, ереуілшілер көрші ауылдарға кетіп, сол жердегі белсенділерді өлтіреді. «Махнолықтар» Пресногорьков пен Шибаевоның ортасында толығымен жойылады.

Азық-түлік отрядтарының әрекетіне жауап ретінде шаруалар өздерінің мүлкін, малын, отбасын большевиктік бассыздықтан қорғау үшін өздерінің «әскерін» жасақтай бастайды. Шаруалардың алғашқы қозғалысының бірі «Зеленая крестьянская армия» деп аталған. Оны Макар Чумак пен Андрей Яросланцов бастаған. Көтерілісші шаруалар Кеңес үкіметін құлатуға үндеген: «Коммуна мен коммунист-узурпаторлар жойылсын!», «Құрылтай жиналысы жасасын!». Архив деректері бойынша Всесвятский ауданында 200-ден астам адамы бар «жасылдар» отряды әрекет еткен. Көтерілісшілердің қолынан Карасульский азық-түлік ауданының өкілі Ф. Повидайкин, Всесвятский ауданының өкілі Ильин, кедей Тілеубет Қаракөшіков, милиционер Коршун және басқа да көптеген кеңестік басшылар қаза тапқан. 1920 жылғы тамыздың соңында шаруалар армиясы Всесвятское (Сарыкөл) селосын басып алып, аудандық партия активін атып тастайды.

Көтерілісті басу үшін Петропавлдан 189-шы атқыштар полкынан отряд, 2 пулеметпен жасақталған 50 қызыләскер аттандырылады. Сорочинкаға келіп-жеткен отрядты әйелдер мен балалар қарсы алады. Қызыләскерлер кейін шегінеді. Тек 1920 жылдың қыркүйегінде ғана коммунистер мен комсомолдардың күшімен шаруалардың «жасылдар» армиясы жойылады. «Жасылдардың» қастандығы бойынша тергеу жүргізу үшін Сорочинкаға губерниялық саяси бюроның және Петропавл атқару комитетінің мүшесі чекист Л.Н. Дульский келеді. Ол «барлық астық тартып алынды, көтеріліс басылды, көтерілісті бастағандар тұтқындалды» деп баяндаған.

Мемлекетке артық астықты тапсыру мерзімінің аяқталуы таяған сайын жергілікті билік органдары азық-түлік алымының мөлшерін көбейте түсті. 1920 жылдың аяғы мен 1921 жылдың басында большевиктер тұқымдық алым жасай бастайды, бұнысымен жергілікті халықты одан сайын ашындыра түседі. Губерниялық азық-түлік коллегиясының хабарлауынша, Ишим уезінде барлық астық алынған, «тіпті тұқымдық та қалмаған». Ишим мен Тобылда наразылықтың жаңа толқыны басталып, көтерілісшілер Омбы – Челябинск теміржолында диверсиялар жасайды. Ақмола губерниясының Петропавл уезінде көтерілісшілер отряд, рота, полк, штабтар құрады, алайда көтерілістің бірыңғай басшылығы болмайды. Билік көтерілісшілердің талабын орындауды тіпті ойлаған да жоқ. Сибревком төрағасы И.Н.Смирнов «қысымды жалғастыра беру керек» деп үндеген. Жаудың қаны кеңес мемлекетінің пайдасы үшін төгілуі керек. И.Смирновтың басшылығымен революция жауларын құрту үшін уәкілетті «үштік» құрылады. Көтерілісшілерге қарсы атқыштар дивизиясының бірнеше полктері, салт атты әскер полктері, 4 бронепоезд, ерекше мақсаттағы бөлімдер жіберіледі.

13 ақпанда шаруалар отрядтары Петропавлды басып алады, бірақ ұзаққа созылмайды. Бірнеше күннен кейін, 17 ақпанда, шаруалар қаладан ығыстырылып шығарылады.

Көп ұзамай көтеріліс Көкшетау уезінің болыстықтарын, Лобанов, Айыртау, Имантау, Арықбалық және басқа да станицаларды қамтып, Зеренді, Сандықтау станицаларына қарай кеңейе түседі.

1921 жылғы 20 ақпанда Еленовка маңайында көтерілісшілер қызыләскерлер отрядымен ұрысқа түседі. Бұл ауданда большевиктердің 200 сарбаз және пулеметтері бар 150 салт атты әскері болған, алайда шаруалардың екпініне дес бере алмай, большевиктер Көкшетауға қарай шегінуге мәжбүр болады. Қалада дүрбелең басталады. Қала басшылығы Омбы жағына қарай қашады.

23 ақпанда Көкшетауды шаруа-казак әскері басып алады. Биліктің жаңа органдары – әскери кеңестер құрылады, олар шын мәніндегі халық билігіне, коммунистерсіз кеңес билігіне үндейді, еркін сауда құқығы жария етіледі, партия ұяшықтары жойылып, азық-түлік алымымен айналысқан қызметкерлерін тергеусіз жазалайды.

Көтерілісшілерге қарсы Қызыл армия жазалаушы әскерін аттандырады. Кескілескен шайқастан кейін 5 наурызда көтерілісшілер Көкшетаудан ығыстырылады. Қала азат етіледі. 12 наурыздан 22 наурызға дейінгі аралықта барлық елді-мекендер азат етіледі. Лобаново түбіндегі шайқаста 1100 көтерілісші ажал құшады. Кеңес билігіне бағынғысы келмеген көтерілісшілер Қарқаралы жағына қарай кетеді. Қызыл әскерлер көтерілісшілер отрядын күл-талқан етіп, 1921 жылғы сәуірдің ортасында қаланы азат етеді. Көтерілісшілердің қалғаны Қытайға қарай кетеді. Көтеріліс басып-жаншылды.

Тарихшы Людмила Александровна Гривенная көтерілісшілер отрядына жұмылдырылғандардың, ұрыста қаза болғандар мен жараланғандардың, көтеріліске қатысты деп айыпталып атылғандардың және «контрреволюциялық әрекеті» үшін концлагерьге жабылғандардың тізімін егжей-тегжейлі зерттеп, қатысушылардың жынысы мен жасын, әлеуметтік және отбасы жағдайын, білім деңгейін, партиялық және ұлттық қатысын анықтай алды.

Ғалымның пікірінше, көтерілісшілердің басым бөлігі шаруалардан шыққан. Петропавл, Көкшетау, Ақмола, Қостанай концлагерьлері коменданттарының мәліметтері бойынша 1921 жылғы көктемдегі көтеріліске қатысқан тұтқындардың басым көпшілігі шаруалар болған. 1921 жылғы қарашаға қарай Петропавл концлагерінде 356 тұтқын болған, олардың 256-сы «егінші» деп көрсетілген, олардың ішінде 197 шаруа «контрреволюциялық» әрекеті үшін сотталған. Қатысушылардың жас құрамы 15 жастан 80 жасқа дейінгі аралықты қамтиды. Көтеріліске қатысушылардың дені 30 бен 50 жас аралығындағы ер адамдар болғанымен, арасында әйел адамдар да болған. Көкшетау уезінің Кеңес үкіметі өкілдерімен көтеріліске қатысқаны үшін атылғандар тізімінде 51, 36 және 32 жастағы 3 әйел адам болған. Көтерілісшілердің көпшілігініңшаруалардың басым бөлігі сауатсыз немесе шала сауатты болған. Әдетте, сауатты көтерілісшілер көтерілісшілер әскері мен отрядтарын басқарған.

Көтеріліске қатысушылардың ұлттық құрамы негізінен қоныс аударып келген орыстілді шаруалардан тұрғанын көптеген архив құжаттары растайды. Қазақтарды жаппай тартуға көтерілісшілер бей-жай қараған. Бұны мынадан көруге болады, көтерілісшілер отрядына 18 бен 45 жас аралығындағы «қырғыздардан» басқа ер адамдар жұмылдырылған.

Дегенмен де, Қазақстан аумағындағы 1921 жылғы көтерілістік қозғалысқа қазақтар да қатысқан. Қазақтар күрестің өзіндік түрін қолданған: азық-түлік алымы қызметкерлері сүйемелдеп келе жатқан жүк көліктеріне шабуыл жасайды, өз алдына әрекет ететін қарулы отрядтар құрады, көтерілісші шаруалар құрылымдарына стихиялық барып қосылады. Қазақтардың көтеріліске қатысуы көбіне революциялық билік жүргізген азық-түлік алымына және көлік міндеткерлігіне наразылықпен түсіндіріледі.

1920 жылдардың басындағы шаруалардың наразылық қозғалысына қатысушылардың саны әлі күнге дейін «ақтаңдақ» болып қалып отыр. Бірқатар зерттеушілердің пікірінше, көтерілісшілер саны 30 мыңнан 100 мыңға дейін жеткен. Н.Г. Третьяков 1921 жылдың ақпан-наурызында көтерілісшілер саны 40 мыңнан астам болды деп санайды. Бірқатар тарихшылар мен өлкетанушылар көтеріліске кем дегенде 70 мың адам қатысты деп есептейді.

Көтеріліс стихиялық болғандықтан, көтерілістік қозғалыстың бірыңғай ұйымдастыру орталығы мен бір басшысы болмады. Әр уездің өз лидері болды, оны әскери дағдысы бар, тәжірибелі ұйымдастырушылар қатарынан ғана емес, шаруалар арасынан да сайлады. Басшыларына жоғары офицерлік атақты шаруалардың өздері тағайындады. Налобино мектебінің мұғалімі В.Ролан «Сібір майданының» қолбасшысы етіп тағайындалды, дін қызметкері Торбоскин Сібір майданының штаб бастығы, шаруа А. Бардаков дивизия командирі, кулак Киселев «полковник» шендерін иеленген.

Әскери және азаматтық болып бөлінген Шаруалар қарулы көтерілісінің ұйымдастырушылық құрамын егжей-тегжейлі зерделеу ерекше қызығушылық тудырады.

Батыс-Сібір мен Қазақстанның Солтүстік-Шығыс бөлігіндегі шаруалардың қарулы көтерілісінің әскери ұйымдастырылуы көтеріліс штабы, әскери кеңестер, отрядтар арқылы жүзеге асырылды. Әр деревня, әр селода ауылдық штабтар мен партизандардың ерікті жасақтары құрылды. Ерікті негіздегі көтеріліс отрядтарын құру өзін-өзі ақтамады. Көтерілісшілерге бүйректері бұрып тұрғанымен, шаруалар көтерілісшілер отрядтарына қосылуға құлықсыз болды. Сондықтан да ереуілшілер көбінесе 18 бен 45 жас аралығындағы ер адамдарды отрядтарға күштеп тартқан. Кейінірек болыстық штабтар құрылады, олар жекелеген селолық штабтар мен отрядтардың ұйымдастырушылық басшылығы мен оперативтік функцияларын өздеріне алады. Көтерілістік әскери құрылымдар тұрақты қарулы күштер үлгісі бойынша жасалады. Олар отряд, рота, батальон, полк, дивизия және армиядан тұрады. Алайда көтерілісшілердің барлық әскери құрылымдары ұрыстық әрекеттер жүргізу тактикасы бойынша партизандық болып қала берді және өз алдарына әрекет етті.

Әскери іс-қимылдарды ұйымдастырудағы көтеріліске қатысушылар арасында ортақ қасиеттер: стихиялық, бытыраңқылық, тәртіптің төмендігі, шаруалардың өздері келген жерге тұрлаулылығы.

Батыс Сібір көтерілісі территориялық-милициялық жүйе бойынша ұйымдастырылды. Көтерілісшілердің бірыңғай саяси орталығы және ортақ әскери басшылығы болмады. Көтерілісшілердің әрекеттерін тарихшылар егжей-тегжейлі жазған. Олардың әрекеттері негізінен коммунистер мен азық-түлік жинаушыларды өлтіруден, көтерілісшілер отрядтарын қару-жарақпен, оқ-дәрі, азық-түлік, ақша қаражаттарымен толықтыру үшін қоймаларды, мемлекеттік мекемелерді және жекеменшік үйлерді тонаудан, телефон желісін бұзудан, бірқатар жерлерде теміржол төсемелерін бұзудан, көпірлерді жарудан тұрған.

Кейде көтерілісшілердің іс-әрекеттерінен садистік бейімділік, арсыздық, талаушылық, тонаушылық, зорлық-зомбылық және кісі өлтіру сияқты қылықтар да болған. Кеңес кезеңіндегі метрикалық әдебиеттерде билік өкілдерінің заңға қарсы әрекеттері туралы ештеңе де айтылмады.

Көтеріліс басып-жаншылғаннан кейін көтерілісшілердің отбасы мүшелеріне қатысты қуғын-сүргін басталды. Көтеріліске қатысқандардың барлығын қолға түсіру үшін коммунистер түрлі шаралар қолданады: көтеріліске қатысқандардың дүние-мүлкін тәркілеуден бастап, отбасы мүшелерін кепілге алуға дейін барады. 1921 жылғы 18 қазанда «Мир труда» газетінде жарияланған Ақмола Губерниялық атқару комитеті мен Губревтрибуналы төрағасы, губерниялық Атқару комитеті Іс басқармасының қолы қойылған № 20 бұйрықта осы бұйрық жарияланған күннен бастап 2 апталық мерзім ішінде барлық көтеріліске қатысқандардың өз еркімен берулері керектігі туралы жазылған. Бұйрықты орындамаған тұлғалар тұрған жерінде ешбір сот-тергеусіз атылатындары туралы хабарланған. Бұйрықта: «...жасырынып жүрген тұлға қолға түскенге дейін оның бауырлары және жақын туыстары кепілгер деп саналады және жылжитын және жылжымайтын мүлігі республика пайдасына тәркіленеді» делінген. Көп жағдайда милиция қызметкерлері заңсыз әрекеттер жасап, атылғандардың, бандиттермен бірге қашқан көтерілісшілердің отбасыларының үйлерін тінтіп, дүние-мүліктерін тәркілеген. Тәркіленген дүниелерді милиционерлер өз араларында бөлісіп алған.

Белгілі жазушы Сәбит Мұқанов көтерілісті басуға қатысқандардың бірі болған. Бұл оқиғалар туралы ол өзінің «Өмір мектебі» романында жазған. С.Мұқанов ЧОН отрядтарының бірінің құрамында болған. Отряд Петропавлдан 25 шақырым жердегі Кондратьев ауданына жіберіледі. Осы жерде жазушы тұңғыш рет көтерілісшілермен қарулы қақтығыста ұшырасады. Үш күнге созылған қарулы қақтығыс кезінде ЧОН отряды 20 адамынан айырылады. Петропавлға қайтып оралғаннан кейін отряд ішкі тәртіпті күзетеді: теміржол торабы қауіпсіздігін бақылайды, көтерілісшілерді анықтау мақсатында «күдікті» жерлерге тексеру жүргізеді. Осындай бір тапсырмаларды орындап жүрген кезінде С.Мұқанов аяғынан жараланып, госпитальде ем қабылдайды.

Ресейлік және қазақстандық ғалымдар осы мәселелерді зерттеуде көп үлестерін қосты, алайда архивтер әлі күнге дейін құпияны сақтауды.

П.П. Ершов атындағы Ишим мемлекеттік педагогикалық институты (Ресей Федерациясы) базасында 2001 және 2006 жылдары 1921 жылғы Ишим (Батыс-Сібір) көтерілісіне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция жұмысына Ресей мен Қазақстан қалаларынан ғалымдар мен зерттеушілер тартылды. Конференцияның арқасында Кеңестік Ресей аумағында 1920 жылдардың басында болған антикоммунистік көтерілістер тақырыбының түрлі мәселелері бойынша жасалған баяндамалардың тезистері жарық көрді.

2001 жылы Ишим қаласының орталығындағы саябақта 1921 жылғы көтерілістің барлық құрбандарына арналған ескерткіш ашылды. Ескерткіштің қойылуы көтерілістің тарихи құбылыс ретіндегі бағасын беруге деген алғашқы қадам болды, көтерілісшілер мен оларды басып-жаншыған коммунистердің және олардың жақтастарының бәрі де сол кездегі жағдайдың құрбандары болған.

Өкінішке орай, Қазақстан тарихында 1921 жылғы көтеріліс әлі де назарға ілінбей келеді.

Қазіргі уақытта 1921 жылғы қарулы көтерілістің себептерін анықтаған кезде зерттеушілер себеп ретінде шетелдік интервенция мен эсерлер партиясының құйтырқылығын емес, «әскери коммунизм» саясатын атайды, оған: азық-түлік алымы, жаппай еңбек міндеткерлігі, еркін саудаға, жеке орташа және ұсақ кәсіпорындарға тыйым салу, тауарлық-ақша қатынастарын қысқарту, жатады. Қазіргі тарихшылар шаруалардың бастан кешкен қиындықтары, жаппай наразылық туындар алдындағы большевиктердің озбырлығы туралы құжаттық дереккөздерді дәлел ретінде ұсынады. Осылайша, шаруалар наразылығы, бұл – большевиктер саясатына және Азамат соғысының аяқталар кезіндегі оны жүзеге асыру тәсілдеріне деген реакция.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?