Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Жеңіс жолында құрбан болған қазақтар

2068
Жеңіс жолында құрбан болған қазақтар - e-history.kz

Екінші дүниежүзілік соғыс рингіне КСРО-ның 1941 жылғы 22 маусымнан бұрын-ақ кіргенін тарихшылар жақсы біледі. Бұл туралы тек Молотов-Риббентроп пактісіне қосымша жасалған хаттама ғана емес, сонымен қатар содан кейін орын алған келесі уақиғалар да көрсетеді: кеңес әскерінің Польша аумағына баса-көктеп кіруі, кеңес-фин соғысының басталуы, Латвия, Литва, Румыния мен Эстония үкіметтеріне ультиматум қою және басып алған елдерде прокоммунистік блоктарды құру. Соғыс біткеннен бергі өткен жетпіс бес жылдың ішінде қақтығыс тарихы толығымен зерттеліп, зерделенген сияқты болып көрінгенімен, соғыстың алғышарттары туралы қарама-қайшы пікірлер әлі күнге дейін баршылық. Алайда, бұл қырғын соғыстың кімнің арқасында біткеніне қатысты қос пікір болмауы тиіс. Жеңіс үшін кеңес халқы, кеңес азаматтары 30 миллионнан аса адамды жер қойнына берді, олардың көпшілігі Ұлы Отан соғысының алғашқы жылдарында кеңестік истэблишменттің қылмыстық басшылығының құрбаны болып, неміс тұтқынында өлгендер. Басқалары фашист басқыншыларына қарсы шабуыл кезінде шайқас алаңында қаза тапса, енді біреулері әлі күнге дейін із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұндайлардың қатарында қазақтар да аз болмаған. Qazaqstan Tarihy порталы нацистік режимнің құлағанын көре алмай кеткендердің аты-жөні мен олардың ерліктерін тағы бір рет еске алуды ұсынады.

Бақтыораз Бейсекбаев Қызыл армия қатарына Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін үш жыл бұрын келген, соғыс басталғанда Александр Масловтың экипажында Ил-4 бомбалаушы ұшақтың атқышы болған. Соғыстың алғашқы күндерінде Бейсекбаев қызмет атқарған дивизия Батыс және Оңтүстік-Батыс майдандарының шекара маңындағы шайқастарына қатысқан, атап айтқанда Белосток-Минск шайқасына қатысқан, шайқас нәтижесінде жау Батыс майданның быт-шытын шығарып, Минскіні иемденіп алды. 1941 жылдың 26 маусымында Бейсекбаевтың бомбалаушы ұшағы неміс колоннасын бомбалауға қатысып, содан оралмады. Ұзақ уақыт бойы Масловтың экипажы із-түзсіз жоғалғандар ретінде саналды, соғыс кезінде бұл Отанын сатқан ретіндегі айыптаумен бірдей болатын. Шындық тек 1951 жылы ғана белгілі болды. Қазіргі қолда бар ақпаратқа сәйкес, Масловтың бомбалаушы ұшағы «жоғалатын» күні ұшқыш Николай Гастеллоның ұшағы атып құлатылады, Гастелло жанып жатқан ұшақты соңғы сәтте неміс техникасы колоннасына бағыттайды. Оның экипажының жерленген жері белгілі болатын, алайда эксгумация кезінде Гастеллоның қабірінен Маслов экипажы мүшелерінің мүрделері анықталады. 1951 жылы өткен құпия тексеру Гастеллоға телініп жүрген бұл ерлікті Бақтыораз Бейсекбаев экипажының жасағанын анықтайды. Алайда, бұл ақпарат елге жария етілмейді, ал Бейсекбаев пен экипаж мүшелерінің сүйегі Радошковичи селосындағы бауырластар зиратына жерленген.

Бүкілодақтық жұмылдыруға дейін Нұркен Әбдіров Семей облысының колхозында еңбек еткен. 1942 жылдың 28 қазанында оны Оңтүстік-Батыс майданына аттандырады, ол жерде Нұркен 267-ші әуе дивизиясында ұшқыш болып қызмет етеді. 1942 жылғы қазан мен желтоқсан арасында ол 16 әскери-әуе жорығына қатысып, жаудың жиырмадан аса автокөлігі мен техникасын жойған. Ол қызмет еткен 808-ші шабуылдаушы әуе полкы соғыстағы ең маңызды стратегиялық шайқастардың бірі болған – Сталинград шайқасы аясында Ростов облысының аумағында ұрыс жүргізген. Нұркен Әбдіровтың ерлігі жоғарыда аталған Бақтыораз Бейсекбаевтың ерлігіне ұқсайды: 1942 жылдың 19 желтоқсанында жауынгерлік ұшу кезінде Әбдіровтың Ил-2 ұшағына жау оғы тиіп, жана бастайды, Әбдіров жанып жатқан ұшағын неміс танкілерінің қалың тұсына қарай бағыттап, ерлікпен қаза табады.

1941 жылдың күзінде шайқас алаңында жазушы, журналист Ықылас Адамбеков қаза тапты. ықылас алты жасынан бастап Қарқаралыдағы балалар үйінде тәрбиеленген, ал 1930-шы жылдардың ортасында қазақ көркем әдебиеті баспасында еңбек еткен. Ұлы Отан соғысы басталған ол майданға шақырылып, барлаушы болып қызмет етеді. Соғыстың басында 316-шы атқыштар дивизиясы Новгород түбінде қорғаныс құрылыстарын жасайды, алайда 1941 жылдың қазанында дивизия Мәскеу түбіне ауыстырылып, Волоколамск операциясына және Мәскеуді қорғауға қатысады. Қазанның соңына қарай дивизия түгелге жуық артиллериясынан және бірнеше мың жауынгерінен айырылады, олардың ішінде Ықылас Адамбеков те бар. Бірнеше күнге созылған қиян-кескі ұрыстардан кейін жау әскері Қызыл армияның қорғанысын бұзып өтіп, Осташево және Голубцы селоларын басып алады. Ықылас Адамбеков осы селолар үшін болған шайқаста ерлікпен қаза тапты.

Лениногорск қорғасын зауытының бұрынғы жұмысшысы Төлеген Тоқтаров Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының құрамында болған. Оның майданға өзі сұранып барғаны белгілі, 1941 жылдың желтоқсанында қолына автомат беріп, атқыштар полкына аттандырған. 1942 жылдың 5 ақпанында Нагаткино селосы үшін шайқаста оның қолынан неміс әскерінің тоғыз сарбазы ажал құшса, 7 ақпанда тағы да бес фашистің көзін жояды. Алайда, 10 ақпанда автоматшыға жау оғы тиеді. Сол күні Тоқтаров бір взвод фашист әскерінің шабуылын тойтарады, тіпті жараланып, оқсыз қалса да, қаруының шүйдесімен неміс офицерінің көзін жояды.

Қарсыбай Сыпатаев 1942 жылғы 26 қарашада Шарнут поселкесі жанындағы ұрыста асқан ерлік көрсеткен. Ол атты әскер дивизиясының құрамында миномет оқтаушысы болып қызмет еткен. 23 қарашадағы ұрыс барысында жалғыз Сыпатаевтың өзі жаудың тұтас взводын жойып жібереді, ал 26 қарашада оның батареясына қарай жаудың отыз алты танкісі бет алады. Ол жаудың жаяу әскерін бірінен соң бірін жойып отырды, батареясына танк жақындаған кезде Қарсыбай Сыпатаев минаны алып, танкке қарай ұмтылады, сөйтіп өз өмірін құрбан етеді.

Бір жылдан кейін осындай ерлікті сапер Абдолла Үсенов жасайды. 7 желтоқсанда ол жолды миналау туралы бұйрық алады, алайды миналап үлгермейді: неміс танкілері кеңестік барлау болжағаннан да жақын болып шығады. Үсенов өз өмірін құрбандыққа шалып, қолындағы минамен жау танкісінің астына құлап, жарып жібереді, бұл оның марапаттау парағынан белгілі. Төрт күннен кейін танк шайқасының шебері Жұмаш Рахметов қаза табады. Қаруластарының естеліктері бойынша Жұмаш Рахметов «шайқаста жүрек жұтқан, ешқашан сасқалақтамайтын және дөп ататын» болған екен. Бұл түсінікті де: Қызыл армияға 20 жасында келген жас жігіт екі жылдан кейін Сызраньдағы танк училищесін тәмамдайды, ал соғысқа 1941 жылғы 25 қазанда аттанады. Бір жылға жетер-жетпес уақыттың ішінде танк командирі болып, екі айдан кейін өзінің тұтас взводты басқара алатын қабілеті барын көрсетеді. кеңестік әскери тарих үшін Рахметовтың үлесі өте маңызды: 1942 жылдың 27 қарашасында ол жаудың 13 дзотын, 3 зеңбірегін, 50-ден астам жауынгерін жоқ қылса, 1 желтоқсанда 12 дзоты мен 80 неміс басқыншысының көзін құртқан. Алайда 23 желтоқсанда Калинин облысындағы селолардың бірі үшін шайқаста алған жарақаттан көз жұмады. Тарихта тағы да бір шебер танкистің есімі белгілі. Оның есімі – Ғали Әділбеков. Кеңес әскері қатарындағы қызметін ол 1925 жылы бастаған. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін ол Түркістан майданының әскери мектебінде, кейін Ленин атындағы БОАӘМ (ОСАВШ) қызмет етеді, Сталин атындағы Құрышты танк әскерлерінің әскери академиясында оқиды. Айта кетерлігі, Ғали Әділбеков осы академияны бітірген жалғыз қазақ. Соғыс жылдарында ол Витебск және Смоленск шайқастарына, Рославль-Новозыбков және Орлов-Брянск операцияларына, Мәскеуді қорғауға, Сталинград шайқасына, Днепр үшін және басқа да шайқастарға қатысқан. Ол 1943 жылғы 21 қазанда Сумск-Прилукск операциясы барысында қаза болған.

Мәншүк Мәметованың есімі бәріне де таныс. Ол қаза тапқан 1943 жылдың 15 қазанында қазақ халқы тағы бір ұлы – Темірбек Ибрагимовтан да айырылды. М. Мәметова Невель қаласын жаудан қорғап, жалғыз өзі неміс басқыншыларына қарсы оқ жаудырып жатқан кезде, одан бес жүз шақырым оңтүстікке қарай, Радуль селосының маңында, Темірбек Ибрагимовтың отряды жаудың толассыз жауған оғының астында Днепрден өтіп жатқан еді, өзеннің қарсы бетіне шыққан ол жаудың ондаған сарбазын жайратып салып, пулеметін басып алады. Мәншүктен алты жас кіші ол одан алты күн аз өмір сүрді. Минометші Боран Нысанбаев 1943 жылдың 6 ақпанында Орлов облысында жау дотын жою кезінде қаза болған. Артиллерист Амантай Дәулітбеков Курск иінінде шайқасқан. 1943 жылдың 9 шілдесінде зеңбірегі істен шығып, Амантай жаумен қарусыз шайқасқа түскен. Сол шайқаста қаза табады. Жаяу әскерлер Сұлтан Баймағамбетов пен Жанғазы Молдағалиевтер Синявин биіктігі мен Чернопаровка үшін болған шайқаста амбразураны кеуделерімен жауып, қаза тапқан. Сүндетқали Есқалиев те 1944 жылғы 24 маусымда «Багратион» операциясы ұрыстарының бірінде пулемет дзотын кеудесімен жауып, қаза болады. Дәл осындай ерлік істеп Польшаны азат ету кезінде Ағаділ Сухамбаев, Словакия үшін ұрыс кезінде Жұман Қарақұлов қаза тапқан. Пулемет бөлімшесінің командирі Ақан Құрманов тоғыз адаммен 1943 жылдың 28 қыркүйегінде Днепрден өтуді бастайды. Топ жағаға жақындап қалғанда оларды неміс бөлімдері байқап қойып, оқтың астына алады. Топ асқан жанкештілікпен жау оғының бетін қайтарады, осы ұрыс кезінде Ақан Құрманов қаза болады. Днепрден өту кезінде кіші сержант Қойгелді Аухадиев те қаза табады. Курск иініндегі және Днепр үшін шайқастардан аман шыққан Әбу Досмұхамбетов 1943 жылдың 5 қазанында Украин ССР-нің Чернобыль ауданындағы ұрыстардың бірінде танкке қарсы мина ұстап неміс танкісінің астына түсіп қаза табады. 1943 жылдың 6 қазанында Днепрдің батыс жағалауындағы позицияларды басып алу кезіндегі ұрыс кезінде Ыдырыс Үргенішбаев қаза болады. Ерлікпен қаза болардың алдында ол вермахттың жүзге жуық солдаты мен офицерінің көзін құртады, ал оның пулеметшілер ротасы жаудың жиырма екі шабуылына тойтарыс береді. 1943 жылдың 22 қазанында Мелитополь қаласы үшін шайқаста Қарақозы Әбдәлиев ерлікпен көз жұмады. 1944 жылғы 6 ақпанда артиллерия атысы кезінде Жүнісбай Қайыпов қаза болады. 1944 жылдың 29 шілдесінде Ережепбай Молдабаев полкімен бірге Висла өзенінен өте бастаған кезде жау оғының астында қалады. Қайық батып кетіп, Молдабаев командирін және тағы да екі жауынгерді өзеннің батыс жағалауына аман алып шығады. Жағаға келіп жетісімен ол қаруластарымен бірге қарсыласпен ұрысқа кірісіп кетеді. Ұрыс бірнеше күнге созылып, 7 тамызда Ережепбай Молдабаев көз жұмады. 1944 жылғы 17 қыркүйектегі ұрыс кезінде ауыр жарақаттанған Иргаш Досмұхамбетов бес күннен соң Латвиядағы далалық госпитальде көз жұмады. Жиырма екі жасар капитан, батарея командирі Жолдыбай Нұрлыбаев 1945 жылдың 30 қаңтарында Польшаның Лукатц Крейц қаласына кіреді, Берлинге небәрі екі жүз шақырым ғана қалғанда қашып бара жатқан вермахт солдаттарының оғына ұшады. 1945 жылғы 2 ақпанда Ратцебург қаласының түбінде немістердің контршабуылына тойтарыс беру кезінде капитан Ерденбек Ниеткалиев қаза табады. Отанын фашистік Германияның басқыншылығынан қорғаған Абдолла Жанзақов, Орман Түктібаев, Айткеш Ибраев, Мұқатай Әбеуілов, Ілияс Оразов, Иманғали Балтабанов, Мәжит Жүнісов, Төлен Қабылов және басқа да жүздеген мың қазақтың тағдыры осындай еді.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?