Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Алаш қайраткерлері: Жұқпалы ауру жайлы не жазды

2137
Алаш қайраткерлері: Жұқпалы ауру жайлы не жазды - e-history.kz

Алаш қайраткерлері арасында дәрігерлер де болды. Бірі медицина саласын арнайы оқып бітірсе, енді бірі кейін меңгерді. Бүгін біз Алаш қайраткерлері жазған тазалық, денсаулық жайлы еңбектерге тоқталсақ дейміз. Өйткені тұлғалар қалдырған төмендегі кеңестердің әлемді шарпыған коронавирус індетінен сақтануға көмегі тиері анық.

Әлихан Бөкейхан: «Бір орамалға үй болып беті-қолды сүртпе!»

Совет одағы орнағаннан кейін бірқатар Алаш зиялылары Мәскеудегі «Күншығыс баспасы» маңына топталды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан 1922-1927 жылдары осы баспада қызмет істеді. Көптеген кітапшалар шығарды. 1926 жылы осы баспадан «Қыр баласы» деген атпен Әлиханның «Жамандат – топалаң», «Денсаулық – сақтықта» деген кітапшалары жарық көрді. Жинақтардағы жазбалардың бірін өзгеден тәржімалады, енді бірін өзі толықтырды.

Әлихан Бөкейхан

Қарап отырсақ, «Денсаулық – сақтықта» жинағында жазылған ескертпелер әлі күнге маңызын жоғалтпай тұр екен. «Бір орамалға үй болып беті-қолды сүртпе!» дейді Алаш көсемі. Тағы бір жерінде «Қарағым деп тойда топ қатын баланы жабыла сүйеді. Бір қатын не бала жұқпалы ауру болса, бала да, қатындар да ауруды артып жөнеледі» деп қазақ әйелдерінің баланы шөпілдетіп сүйе жөнелетін әдетін сынайды. Қарап отырсақ, осы әдет әлі де бар.

Кітапта Әлихан Бөкейхан: «Мезгіл-мезгіл төсек орынды, киімді тысқа шығарып қағып, сілкіп, күнге жайса, қысты күні аязға жайып тастаса, жаудың күлі шашылып, қазаны бауырына құлап, күлдеруші ортасынан күйрейді. Жұқпалы ауру адасып, елде денсаулық орнайды» деп тазалыққа мән беруге шақырады. Әлекеңнің мұндағы жау деп отырғаны – індет таратушы вирустар мен бактериялар. Бүгінгідей әлемді коронавирус індеті жайлаған уақытта бұл ескертуге де құлақ асқанның айыбы болмас. Одан әрі «Таза ауалатса, жарық сәулелетсе, денсаулыққа бетала көшкен болады. Денсаулықтың іргесі салынады» деп тазалықтың басы – үйді таза ұстау екенін еске салады.

Әлихан Бөкейхан осы жинағында тазалықтың негізі көбірек жуынуда екеніне оқырман назарын аударады. «Тазалықтың іргесі – су мен сабын» дей келіп «Моншада жуынғанды әдет қылмай, біздің елден бит жоғалмайды. Бит тұрғанда елден қайталама, теңбір сүзек шықпайды. Біреудің иек артқан жарын, біреудің сүйген ұлын алып, қатынды жесір, баланы жетім, шаруаны адыра қалдырып, алашты жайлаған осы екі сүзек» деп жиі жуынған жанға жұқпалы кесел жоламайтынын айрықша атап өтеді.

Тағы бір жерінде Алаш арысы «Елдің өзі ауруды аластаудың ісін білу керек. Сонда дәрігерге көмекші болады» дей келе, надандықтан арылып, саулықты сақтаудың қарапайым қағидаларын білудің денсаулыққа орасан зор пайдасы бар екенін алға тартады. «Ауруға қарсы атқа мінгенде, алдымен қолға алатын іс – елді ағарту. Ел ағарса, денсаулыққа біртабан жақын болады. Надан, қараңғы ананың баласы көп ауырады да, көп өледі» деп түйіндейді.

Сондай-ақ қазақтың қараңғылығын сынға алып, «Қараңғылық – әйелдің денсаулығының жауы. Өз денесінің түзелісін іс білмеген әйел өзін өзі жарға жығып алып, өмір бойы жазылмайтын «әйелдің ауруына» көн етікті күң болады», «Ел өзі денсаулық деп ізденбесе, дәрігер ісі «қысқа жіп көруге келмейді». Ел денсаулық деп өз алдына іс бастап, ұжым қылып дәрігерге қолғабыс көрсетеді» деп жұртшылықты білім ізденуге, қараңғылықтан қашуға шақырады.

Халел Досмұхамедов: «Аурудың жауы – тазалық»

Тазалықты өмір салтына айналдыруды Алаш арысы Халел Досмұхамедов те жиі насихат етті. «Аурудың жауы – тазалық. Қазақ-қырғыз секілді басынан ауырлық кетпейтін елге оның себебін ойлау керек. Арамыздағы аурудың себебі – лас, нас тұрмысымыздан» деп жазды ол.

Халел Досмұхамедов

Халел Досмұхамедов 1909 жылы Петербордағы императорлық әскери-медицина академиясын алтын медальмен бітіргеннен кейін, бірқатар әскери батальонда әскери кіші дәрігер болып қызмет етіп, офицер ретіндегі әскери міндетін өтеді. Сол кезден бастап өзінің ұлт саулығына қатысты кәсіби жазбаларын сол кездегі бірқатар басылымдарда жариялап отырды. Атап айтқанда, «Қазақ» газетінде «Тамыр дәрі хақында», «Сары кезік – сүзек», «Жұқ­палы ауру хақында» секілді мақалалары шықты. Одан бөлек Халел Досмұхамедовтің Ташкенттен 1916 жылы «Как бороться с чумой среди киргизского народа», 1925 жылы «Оқушының саулығын сақтау» т.б кітаптары шықты.

Халел Досмұхамедов 1912-1915 жылдары отаға қарсы күрес жүргізгендердің бірі болды. Оның оба індетіне қарсы күрестің әдіс-тәсілдерін түгел қамтыған «Как бороться с чумой среди киргизского народа» кітабы – соның нәтижесі. Еңбектерінде Халел обаны «шума» деп жазады. «Шума – жұқпалы аурудың ішіндегі ең жұқпалысы. Шума ауруы тез жұғып, тез өлтіреді. Шумаға ем жоқ. Қойға тиген топалаң болса, адамға да шума сондай» дей келе, оба мен оның түрлері, аурудың неден шығатыны, қалай жұғып-жайылатыны, одан сақтану жолдары туралы керемет түсіндіреді.

«Шумадан сақтану үшін ең алдымен тазалық керек. Ішкен-жеген тамақ, киген киім, отыратын орын, қолданатын үй заттары, ішетін, жуынатын су, үйдің айналасы таза болуы керек. Қолды сабындап жумай ас ұстамаса керек. Тамақ ішетін аяқ-табақ секілді құралдарды өте таза ұстау керек. Біреудің сарқытын, біреудің ішкен аяғы, қасығымен тамақ ішпеске керек. Әркімнің тамақтанғанда өзіне дербес аяқтары, кеселері болуы керек. Аурулы үйге бармасқа тырысу керек. Тез ауырып өлген кісіні шумадан өлді деп айтуға лайық. Бір жерден ауырып, екі-үш кісі өлсе, бұл – шексіз шума. Мұндай жерлерде тезінен доқтырға не хүкіметке хабар беру керек. Сау адамдар ауруларға араласпасқа керек. Ауру шыққан ауылға да қатынаспай аулақ тұру керек» деп жұқпалы ауруды жұқтырмаудың жолдарын көрсетеді.

Алашорда қызметі тоқтағаннан кейін Халел де басқа қазақ зиялылары секілді ағарту, денсаулық салаларында тер төкті. Орта Азия университетінің Медицина факультетінің емханасында ординатор, Түркістан денсаулық сақтау халық комиссариаты алқасының мүшесі, емдеу-санитарлық бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етті. Жұртты тазалық сақтауға, денсаулықты күтуге шақырды.

Халел Досмұхамедовтің «Оқушының саулығын сақтау» жинағында жұқпалы аурулардан сақтану үшін бірқатар ескертпелерді келтірген. Біразын келтіре кетсек. «Үйге таза ауа көп кірсін. Күннің сәулесі (шуағы) кіріп тұрсын. Сау болу үшін таза ауа, күннің шуағы өте керек екенін ұмытпа», «Тұла бойыңды, ең болмағанда мойныңды, көкірегіңді, арқаңды күнде салқын сумен бір жуып жүр. Көнбісті боласың. Денеңді таза ұста, жұмасына бір рет жылы суға шомылып жүр», «Өзіңді, тамағыңды таза ұста. Ішкен-жеген сайын жаңа да ертеңді-кеш аузыңды тазалап шай. Аузыңды таза ұстасаң, тіс аурудың көбінен құтыласың», «Бөтендердің киімдерін, әсіресе бет орамалын, қол орамалын, бөркін, көйлек-дамбалын киме. Ауру адамның, өліктің киіміне жолама», «Тамақ жердің алдында қолыңды жу. Тамақты қазақша, қолмен жесең қолыңды сабындап жу. Ауру адаммен саулығы күмән адаммен табақтас болма. Ешкімнің сарқытын ішіп, жеме. Аяқ-табақ, қасық, пышақ шанышқы секілді ас аспаптарыңды таза ұста. Ас саймандарыңды өзіңе меншікті, бөлек қылуға тырыс. Жуып-тазаламай бөтендердің қолданған аяқ-табағын, шанышқы-пышағын, ожау-қасығын, ыстақан-кесесі, басқа ас құралдарын қолданба» деп сақтандырады.

Ахмет Мамытұлы: Ауыз сүю, қол сүю дегенді әдеттенбе

Алашорда қайраткері, қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың әкесі Ахмет Мамытұлының да елдің денсаулық сақтау саласына еңбегі сіңді. Оның қаламынан тазалық, денсаулық, ауру түрлері, олардан сақтануға қатысты бірнеше жазба туды.

Ахмет Мамытұлы 1927 жылы Саратов университетінің медицина факультетін бітіргеннен кейін, бір жылдай сол университеттің тері-венерология клиникасында ординатор болып қызмет істеді. 1928 жылдан бастап Адай округы дәрігерлік-тексеру отрядының инспекторы, 1928-1930 жылдары Семей диспансерінде венеролог болып қызмет етті. 1930 жылдан бастап Алматы қалалық венерология диспансерінде дәрігер, 1931 жылдан бастап жаңадан құрылған Қазақ Венерология институтының тұңғыш директоры болды.

Ахмет Мамытұлы жары Әминамен

Қызылордадағы «Қазақстан» баспасынан Ахмет Мамытұлының «Теңге қотыры мен соз» (1926), «Денсаулық жолында» (1930), «Соқырлық себептері» (1932), «Трахома» (1935) секілді жинақтары жарық көрді. Осындағы «Денсаулық жолында» кітабында Ахмет Мамытұлы бірқатар жұқпалы аурулар мен олардан сақтану жолдарын түсіндіріп, сол кезде қазақ даласында кездескен теңге қотыр (сифилис), соз (трипер), көз ауруы (трахома), безгек (малярия), мақау (проказа), қышыма (чесотка), теміреткі (стригущий лишай), шума (чума), іш кезігі (брюшной тиф), тұмау (грипп), сүзек (инфлуенца), маңқа (сап), түйнеме (Сибирьская язва), құтыру (бешенство), адам аусылы (ящур), жегі (водяной рак), битшеңдік (вшивость), көкжөтел (коклюш), қызамық (скарталина), қырылдақ (дифтерит), қызылша (корь), шешек (оспа) секілді ауруларға жеке-жеке тоқталған.

Осы жинақтағы Ахмет Мамытұлының жұқпалы ауруларға қатысты ескертпелері, одан сақтанудың жолдары жайлы айтқан ойлары әлі де болса маңызды көрінді. Кітаптың сол тұстарынан үзінді келтіре кетсек.

«...қысқаша болса да, микробтарға қарсы сақтықтар туралы жазып өтейік. Білім жолында микробтарды өткізбей қырып тастайтын жолдар көп. Бірақ оларды қолдану, істеу кез келген қара шаруалардың қолдарынан келмейді. Жалғыз-ақ келетін нәрсе – тазалық, сақтық. Бұл үшін әрбір қазақтың қара шаруасы мына төмендегі жазылған кеңестерді жақсы тыңдап, жаттап алсын.

  1. Қандай болса да жұқпалы ауру болған жерден де, адамнан да өте сақтан.
  2. Қолдан келгенше қайнамаған, қуырылмаған астарға әуес болма. Әсіресе ауру шығып тұрған өз үй ішіңде болсын, саған сыбайлас көршілерің де болсын аурулардан сақтану керек.
  3. Кісі киімін киюге, орнына жатуға, жұқпалы ауруы бар адамдармен бір табақтан ас ішіп, жеуге үйір болма.
  4. Ауру адамдардың киімдерін, төсек орнын, ыссы суға сарқылдатып қайнатып алмай, отқа аластамай, сабындап жумай тұрып пайдалануға қызықпа.
  5. Біздің қазақта болатын бүкіл адам бір орамалға бет қол сүрту деген нәрседен де сақтан.
  6. Жұқпалы аурулардың көңілін сұрап бару дегенді сирет. Сырттан біліп тұрсаң да жарар.
  7. Кез келген адамның темекі тұқылын алып ауызға былш еткізіп салып қалма, шыдай алмай бара жатсаң ауызға салған жағын жұлып алып таста.
  8. Кісі мүштегіне үйір болма.
  9. Қалалы жерге барғанда «қызарғандарына» қызығып кетпе. Қаладағы жаман аурулардың бұлағы – осы қызарғандар. Бұл жас жолдастарға.
  10. Орыс халқына еліктеп ауыз сүю, қол сүю дегенді әдеттенбе.
  11. Түрлі адамдар үйіңнен келіп ас-су ішкенде аяқ-табағыңды, майлық-сулығыңды ыссы суға салдырып, жудырып алуға әдеттендір. «Ол өзіміздің пәленшекем ғой, онда не бар дейсің?» деген салдыр салақ қазақшылық істеме. Көбіне сол «пәленшекелеріңнен» ауру жұқтырып алуларың мүмкін...

Міне, осындай жолмен жүргендеріңде ғана, осы күнгі қазақ даласын жайлап бара жатқан түрліше жұқпалы аурулар тоқталар. Бұған көзі ақ-қара танитын азаматтарымыз өте құлақ асуы керек. Надан, қараңғы елге айтып түсіндіруі керек» деп байлам жасайды.

Мұның бәрін неге айтып отырмыз? Бүгінгідей дүниені жайлаған жұқпалы індеттің неше атасы бұрын да болған. Сол кезде Алаш арыстары аурудан сақтанудың түрлі жолын көрсеткен. Жинақ шығарып, жұртшылықты ақпараттандырған. Ендеше қазіргідей елде төтенше жағдай жарияланған уақытта Әлихан Бөкейханның «Тазалықтың іргесі – су мен сабын», Халел Досмұхамедовтің «Ауру шыққан ауылға да қатынаспай аулақ тұру керек», Ахмет Мамытұлының «Бір орамалға бет қол сүрту деген нәрседен де сақтан» деген ескертпелері әлі де болса маңызды екенін мойындап, соған бағынудан басқа амал жоқ.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?