Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ АКСР-нің құрылғанына 100 жыл

3768
Қазақ АКСР-нің құрылғанына 100 жыл - e-history.kz

Кеңестік автономияның біздің еліміздің егемендік жолында елеулі орын алатыны баршаға мәлім. 16 жыл бойы әртүрлі тарихи оқиғаларға толы бұл кезеңнің маңызын біз қазіргі жас ұрпаққа дұрыс түсіндіре біліуіміз керек. Бұл дәуірдің қаншама қиын-қыстау, келеңсіз жақтары болғанымен де оның сол кездегі халықты қанағттандырған тұстарын да біз жақсы білеміз.

Кеңестік дәуірде біз жыл сайын 26 тамызды еліміздің үлкен мерекесі ретінде атап өтетінбіз. Соның біреуінің 1981 жылы Л.И.Брежневтің қатысуымен өткен Қазақ АКСР-інің 60-жылдығын тойлаған кездегі салатанатты жиналыс пен әскери шерудің біз де куәгері болғанбыз. Кеше өз баяндамаларында біздің шешендеріміз айтып кеткендей, сол дәуірге сын көзқараспен қарап, барын бар, жоғын жоқ, ағын – ақ, қарасын –қара деп, өткен тарихи оқиғаларды сипаттай біліуіміз керек.

Осы күнге дейін біздің егемендігімізді көре алмайтын оппоненттер қазақтарда 1991 жылға дейін мемлекет болған жоқ деп бықсатады. Біз оларға өркениетті мемлекеттер бізде сонау атам заманынан болғанын айтып, тойтарыс білдіруіміз керек. Сонау сақ пен ғұндар дәуірінде, одан кейін ежелгі және ортағасылар түркілер кезеңіндегі мемлекеттерді, Алтын Орда мен одан кейінгі мемлекеттерді, алты ғасырға жуық өмір сүрген Қазақ хандығын, содан кейін Ресей патшылығы кезінде азаттық күресін бастап, тоталитарлық дәуірде өміргіе келген автономиялардың біздің тарихымыздағы орны мен маңызын жұртшылыққа жеткізе біліуіміз керек. Автономия да мемлекеттік биліктіің бір түрі [1].

Де-факто болмаса да, де-юре мемлекеттілікке жеткізген алдымен автономиялық, кейін одақтас республика болып, бұрынғы КСРО-ның 15 мемлекетінің аллдыңғы қатарындағысының бірі болғанымызды сол оппоненттерге, көздерін шұқып тұрып айта беруге тиіспіз.

Қазақ кеңестік автономиясы – қазақ халқының ХХ ғасырда қолы жеткен үшінші автономиясы. Алғашқы екеуі, өздеріңізге мәлім, Әлихан Бөкейханов басқарған Алаш автономиясы және Мұхаметжан Тынышбаев пен Мұстафа Шоқай бастамашылық еткен Түркістан немесе Қоқанд автономиясы. Өкінішке орай, олардың өмірі қысқа болды. Осы үш автономияның ұқсастығы мен айырмашылығы неде?

Ұқсастығы – қазақ мемлекеттігін құруға арқау болған ортақ мақсат пен идея, сондай-ақ осы мақсатқа жетудегі іс-әрекеттер. Алаш идеясының сабастастық негізінде одан әрі жалғасын табуда. Айырмашылығы – алғашқы екеуі аз уақыт болса да шынайы ұлттық демократиялық мемлекет құруға тырысып бақты. Ал үшіншісі – кеңестік автономия – заңнамалық құжат негізінде егемендікке жол ашқанымен, советтік тоталитаризмнің құрсауынан шыға алмады.

Дегенмен большевиктер Алаш автономиясын жойғанымен, «Алаш» идеясын жоя алмады. Өйткені бұл идеяның саяси негізі – қазақ елінің тәуелсіздігі, қозғаушы күші – қазақ халқы және халық атынан бостандық пен егемендік үшін күрескен, данышпан бабаларымыз Әл-Фараби мен Абайдың «Мәңгілік Ел» идеясын іске асыруды жалғастыра білген, атақты зиялыларымыз Әлихан Бөкейхан мен Мұстафа Шоқай, Халел және Жаханша Досмұхамбетовтар, Әлімхан Ермеков пен Ахмет Байтұрсынов, және сәл кейінірек Кеңестік Қазақстанды құруға белсене атсалысқан Тұрар Рысқұлов. Сәкен Сейфуллин. Ораз Жандосов және т.б. [2].

Сонымен, Қазақстан тарихында 1920-1936 жылдар аралығында орын алған Кеңестік автономиялық дәуірдің өзіндік маңызы мен ерекшелігі бар. Тоталитарлық жүйенің қаншама кемшіліктері болғанымен, бұл жылдар халқымыздың заңнамалық түрде алғаш рет өзінің мемлекеттілігіне қолы жеткен кезең болатын. Өздеріңізге мәлім, Азамат соғысының нәтижесінде ішкі оппозиция мен шетел интервенциясының біріккен күштерін жеңгеннен кейін, Кеңес елінде бейбіт шаруашылық құрылысына өтуге жағдайлар жасалды.

1919 жылғы шілденің 10-ында В.И.Ленин «Қырғыз (Қазақ) өлкесін басқару жөніндегі Революциялық комитет туралы» Декретке қол қойды. Онда Қазревкомның өлкені жоғары әскери-азаматтық басқару ретінде құрылатыны айтылған.   1920 жылғы 17 тамызда Лениннің төрағалағымен өткен Халық комиссарлары кеңесінің мәжілісінде Қазақ автономиясы туралы мәселе қаралды. Сол мәжілісте Қазақстанның жер жағдайы туралы Әлімхан Ермеков баяндама жасады. Онда ол Қазақстанның жері және оның шекарасы туралы мәселелерді толық қамтып, Ресейдің өктемшіл, озбыр отаршылдық пиғылдағы өкілдерімен қызу айтысқа түсіп, өз пікірін жанжақты бұлтартпас дәлелдермен қорғап шығады. Нәтижесінде Лениннің қолдауымен Қазақ автономиясына Ресей иемденіп алған Семей мен Ақмола облыстарын, Каспий теңізінің теріскей жағалауындағы жерді, Ертістің сол жағалауындағы ені он шақырымдық ұлан-ғайыр жер Қазақ еліне қайтарылды.

Қазревком басшылығына бірінші кеңес комиссары, ұлты поляк С.Пестковский тағайындалды. Ревком құрамына: В.Лукашев, Ә.Жан­гелдин, А.Байтұрсынов, М.Тұнғаншин, С.Меңдешев, Б.Қаралдин, Б.Қаратаев, С.Седельников енгізілді. Содан кейін оның құрамына: А.Авдеев, А.Айтиев, А.Әлібеков, С.Арғыншиев, С.Сейфуллин, Х.Ғаббасов, В.А.Радус-Зенькевич және басқалары қабылданды [1].

1920 жылғы тамыздың 26-сында РКФСР-дің Бүкілресейлік Орталық Атқарушы комитеті (БОАҚ) және Халық Комиссарлары кеңесі (ХКК) «РКФСР құрамында «Қырғыз (Қазақ) Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасын құру туралы» Декрет жария­лады. Сол кезде РКФСР кеңестік автономия бастауларында құрылған алғашқы федеративтік социалистік мемлекет болатын. ҚазАКСР құру туралы Декрет Қазақстанның аумағын белгілеп, оның басқарушы органдары болып жергілікті депутаттар кеңестері, ал республика деңгейінде Орталық атқару комитеті (ОАК) және Халық комиссаралары кеңесі (ХКК) саналатынын айқындап берді. Әскери аппаратты басқару үшін Қазақ әскери комиссариаты құрылды.

1920 жылғы қазанның 4-нен 12-сіне дейін Орынборда Қырғыз (Қазақ) АКСР-інің Құрылтай съезі өтті. Съезд ашылған күн – 1920 жылғы қазанның 4-і – қазақ кеңестік ұлттық мемлекеттіліктің туған күні. Бұл – қазақ халқының тарихындағы ең бір атаулы және маңызды оқиға. Съезд өкіметтің жоғарғы органдарын – республиканың Орталық Атқару комитеті мен Халық Комиссарлары кеңесін сай­лады. ҚазАКСР-дің ОАК төрағасы болып – Сейітқали Меңдешев, ҚазАКСР ХКК төрағасы болып В.А.Радус-Зенькович сайланды.

Съезде конституциялық құқық бойынша қазақ социалистік мемлекеттілігінің негізгі ұстанымдарын айқындаған «ҚазАКСР еңбекшілері құқықтарының декларациясы» қабылданды. Декла­рация – мағлұмдама республиканың барша тыныс-тіршілігінің социалистік бағытта өзгеруіне бағытталған іс-шаралар кешенін айқындады. Ол Қазақстан еңбекшілеріне заң жүзінде кең саяси құқықтар бекітіп берді. Азаматтардың құқықтары мен міндеттері айқындалды. Аталған мағлұмдама республика еңбекшілерінің құқықтарын 1937 жылға дейін сақтаған конституция ретінде қызмет етті, өйткені Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының алғашқы Конституциясы сол 1937 жылы бекітілген-ді [3].

Алайда, Орта Азия мен Қазақстанда ұлттық мемлекеттік құрылыс аяқталған кезде, олардағы тұрғын халықтар мемлекеттік шекараларда бөлінген болып шықты: негізінен, қазақтар қоныстанған Сырдария және Түркістан облыстары Түркістан АКСР-інің құрамында қалып қойды.

Соған байланысты 1924 жылдың қазан айында КСРО басшылығы Орта Азия республикаларының ұлттық-аумақтық межеленуін өткізеді. Түркістан АКСР-і таратылып, Өзбек және Түрікмен республикаларына бөлініп берілді. Аз уақыттан кейін Қырғыз және Тәжік республика­лары құрылды. Оңтүстік аудандар (Жетісу және Сырдария облыстары) Қазақстанға қосылды.

Межелеу нәтижесінде Қазақстан аумағы 2,8 млн. шаршы шақырымға дейін ұлғайып, көлемі жағынан КСРО-да екінші орын иеленді. Қазақстан халқы 6,5 млн. адамға өсіп, қазақтардың үлес салмағы 59,9% құрады. Орынбор қаласы мен Орынбор губерниясының бір бөлігі Ресейге беріліп, ал республиканың астанасы 1925 жылы Орынбордан Қызылордаға көшірілді.

Қызылордада 1925 жылғы сәуірдің 15-і мен 19-ы аралығында Қазақ АКСР-і Кеңестерінің V съезі өтіп, оған алғаш рет барша Қазақстан халықтарының өкілдері қатысты. Съезде халықтың «қазақтар» деген тарихи дәл атауы қайтарылып, содан кейін Қырғыз АКСР-і Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасы (ҚазАКСР) деп өзгертілді. Өздеріңізге мәлім, Қазақстан XVIII ғасырдың бірінші жартысында Ресейге қосылған уақыттан бастап, 1925 жылға дейін қазақтар қырғыздар немесе қырғыз-қайсақтар деп аталып келді. Одан өзге, республиканың жаңа астанасының бұрынғы Ақмешіт атауы Қызылорда деп ауыстырылды. Астана 1929 жылға дейін Қызылордада орналасты, кейін Алматыға көшірілді. Тарихи деректерге сәйкес, бұл қадамды өкімет басындағылар РК(б)П-ның X съезінде қаралған ұлттық мәселелерге байланысты жасады. Қазақстанда қазақ кеңестік автономиясын дамытуға бағытталған саяси және әлеуметтік маңызды өзгерістер орын алды. Сөйтіп, Қазақ кеңестік ұлттық мемлекеттілігі жариялануының үлкен тарихи маңызы болды. Қазақ халқы бұл оқиғаны ғасырлар бойы отаршылдыққа қарсы жүргізілген күрестің нәтижесі, ұлттық қайта жаңғыру үшн жасалған алғашқы қадам деп қабылдады [2].

Қазақ АКСР-інің құрылуы, кеңес өкіметінің алғашқы әлеуметтік­экономикалық өзгерістері өлкеде қоғамдық-саяси өмірді жандан­дырды. Әсіресе бұл 1921 жылдың көктемінен бастап жүргізілген жер-су реформалары, жүздеген өндіріс орындары салыну барысында айқын көрінді.

Халық арасында мемлекеттің құн төлеу және ескі патриархалдық­-рулық қалдықтарын – әмеңгерлікті, қалым төлеуді жоюға қатысты декреттері мен басқа да құқықтық нормалары кең тарады. Қоғам өміріне әйелдер белсенді қатысып, тартыла бастады. Қоғам өмірінде комсомол мен кәсіподақтар елеулі орын алып, солар арқылы республиканың қоғамдық-саяси өміріне шалғай аудандардан мыңдаған адамдар тартылды. Халыққа білім беру және мәдени-ағарту мекемелерінің кең желілерінің құрылуы республиканың болашақта әлеуметтік-экономикалық өркендеуінің жақсы алғышарты болды [3].

            Сөйтіп, Қазақ кеңестік автономиясы 1936 жылға дейін өмір сүріп, сол жылы қабылданған КСРО-ның жаңа Конституциясы негізінде одақтас республикаға айналып, 1991 жылы қазіргі шынайы тәуелсіз мемлекет құруға заңнамалық тұрғысынан жол ашты.

         Мақаламның соңында оқырман қауымды осы тарихи оқиғаның жүз жылдығымен құттықтаймын. Мәңгілік еліміз – тәуелсіз Қазақстан көркейіп, нығая берсін!

                         

Қолданылған әдебиеттер:

1. Аяган Б.Г., Абжанов Х.М., Селиверстов С.В., Бекенова М.С. Современ­ная история Казахстана. Учебник. – Алматы, 2010.

2. Мусин Чапай. Қазақстан тарихы. Оқулық. – Алматы, 2018.

3. Әминов Т.М. Оқу құралы. – Алматы. 2017.


Т.М. Әминов – ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының

аға ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?