Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бір суреттің баяны: Сауранның қос мұнарасы

2677
Бір суреттің баяны: Сауранның қос мұнарасы - e-history.kz

Бұл сурет 1866 жылы түсірілген. 1872 жылы шыққан Түркістан генерал-губернаторы Константин фон Кауфманның «Түркістан альбомына» енген көне суреттердің бірі.

Сан қырлы Сауран

Суретте қазақ жеріндегі ортағасырлық қалалардың бірі – Сауран шаһары бейнеленген. Нақтырақ айтқанда, Сауранның қос мұнарасы. Қала жайлы алғашқы дерек араб географы Шамсуддин әл-Муқаддасидің жазбаларында бар. Ол қаланың жеті қабатты қорғаны, ішінде мешіт барын жазған. Бүгінде сол қорғанның қабырғалары ғана сақталған. Суреттегі мұнаралар ХІХ ғасырдың 70-жылдарына дейін тұрған екен. Өкнішке қарай, қазір жоқ.

Сауранның саудаға қол қала болғанын тарихи деректерден жақсы білеміз. Алайда бұл шаһар оқу-білімнің де орталығы болды. Олай дейтініміз XIV ғасырда Сауранда медреселер жұмыс істеген. Соның бірі – ХVІ ғасыр басында салынған медресе. Суреттегі қос мұнара осы медресе кешенінің бір бөлігі болған көрінеді.

Ғажайып мұнаралар

ХVІ ғасырда Сауран шайбанилердің шаһары болғаны белгілі. Ортағасырдағы тәжік ақыны Зайниддин Махмұд Уасифи 1514-1515 жылдары Сауранда тұрған. Осы Уасифидің жазбаларында аталған медресе, оның мұнаралары жайлы деректер бар.

«...Үстінде көркімен ізгі нұр таратып тұрған, екі зәулім мұнара орнатылған. Сол мұнаралардың «гүлдестесінде» шынжырлар бекітілген, ал әрбір мұнараның күмбездерінің астына бөрене қойылған. Егер де кімде-кім бөренені күшпен қозғалтатын болса, шынжырлар теңселеді де, көрші мұнарада тұрған адамға мұнара шайқалақтап, құлайтындай көрінеді. Бұл –әлем ғажайыптарының бірі» деп жазады ол.

Тарих ғылымының кандидаты, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ерболат Смағұловтың жазуынша, Уасифи суреттеген бұл мұнаралар медресенің кіреберісінде орналасқан.

«Медресе – бұл тікбұрышты (31,5х28 м) жоспардағы симметриялы аула композициясынан тұратын ғимарат. Екі жағына мұнаралар орналасқан басты есігі солтүстік-батысқа бағытталған. Ауланың периметрі бойынша оқытушылар мен шәкірттерге арналған тұрғын бөлмелер-құжыралар мен сабақ оқу бөлмелері орналасқан. Толық ашылған бұл керемет құрылыс мұнаралары XIX ғасырдың екінші жартысына дейін сақталған» деп жазады Ерболат Смағұлов.

Сауранның қос мұнарасы қалай қозғалды? Себебі астындағы түрлі тетіктер мұнараны тербетіп тұрған. Сәулетшілер құрылыс барысында қандай инженерлік технологиялар қолданды? Не үшін бұлай салынды? Мұны археологтар да, ғалымдар да анықтап айта қойған жоқ. 

Медресені кім салдырды?

Ғалымдар Уасифидің ғажайыпқа теңеген медресенің құрылысы 1515 жылы аяқталғанын айтады. Медресенің алғашқы бас мударрисі Уасифидің досы Шәмсаддин Мұхаммад Курти болған көрінеді. Құрылыстың 1515 жылы аяқталғанына қарағанда оны салдырған шайбани билеушісі Убайдулла хан болуы мүмкін.

Убайдулла хан 1510-1533 жылдары билік құрды. Ол – Қазақ ханы Қасым ханның күйеу баласы. Қасымның қызы Құтлық сұлтан ханымды алған. Убайдулла ханның кезінде ел астанасы Самарқаннан Бұқарға көшірілді. Сөйтіп ХVІ ғасырдың 30-жылдарынан бастап мемлекет Бұхар хандығы деп атала бастады.

dktQh4D42qQ.jpg

Мұхаммед Хайдар Дулати атақты «Тарихи Рашиди» еңбегінде Убайдулла ханның Исламға жақ болғанын, өзі билеген уақытта ғылым мен мәдениетке көбірек көңіл бөлгенін жазады. Расында Бұхарадағы атақты Мири Араб медресе кешені осы Убайдулланың әмірімен салынған болатын.

Сауран Орта Азия жұртына ортақ мекен болды. Алғашқы кезде Ақ орда хандарының аяулы астанасы болса, бертінде Ақсақ Темір қаланы ірі бекініске айналдырды. Одан кейін шайбанилер мен қазақ хандары арасында Сауран үшін кескілескен бірнеше шайқас болды. Бірінде өзбектерге, енді бірінде қазақтардың меншігіне өтті. ХV ғасырдың соңынан бастап Қазақ хандығы құрамына толықтай қосылды. Бүгінде көне қаланың орны Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесінен 40 шақырым жерде жатыр. 

Мұндай мұнара қайда бар? 

Сауранның қабырғалары аман қалғанымен, мұнаралары қазір жоқ. Шаһардың алғаш болып зерттегендердің бірі Петр Лерхтің жазуынша, ХІХ ғасырдың екінші жартысында мұнаралар жермен жексен болған.

«Минареты рухнули во второй половине XIX века, когда Сауран был уже пуст. Один из первых исследователей Саурана, член Императорского археологического общества Петр Иванович Лерх производил раскопки у «подножия неких башен из обожженного кирпича, одна из которых подымалась на высоту семь сажень, а другая разрушилась не то в 1867-м, не то в 1878 году» деп баяндайды.

Петр Лерхтің дерегін археолог Г.Пугаченкова да растайды. Ол да Сауранның мұнараларының бірі 1867 жылы, екіншісі 1878 жылы құлағанын жазып қалдырған. Байқасаңыздар, жоғарыдағы суретте қолына сайман ұстаған бір адам мұнараның кірпішін үңгіп құлатып тұр. Суреттің 1866 жылы түсірілгенін есерсек, мұнара сол кезден бастап қолдан құлатыла бастаған секілді. Ал тастарын сол маңдағы басқа құрылыстарға пайдаланғанға ұқсайды.

Мұндай тербелмелі мұнара бүгінде Иранда бар. Ол – Исфахандағы Әли мұнарасы. Ол да осы секілді технологиямен жасалған. Ал Сауран мұнараларына ұқсас мұнаралар қатарында Көне Үргеніштегі Құтлық-Темір мұнарасы (Түркіменстан), Гордағы Жам мұнарасы (Ауғанстан), Бұхарадағы Қалан мұнарасын (Өзбекстан) атауға болады. Бұлардың бәрі де бүгінге дейін сақталған. Саурандағы қос мұнара сақталғанда осы ескерткіштердің қатарын толықтырып тұрар ма еді, шіркін!

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?