Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Түйемойнақ аралын тарихи атауымен атасақ

2825
Түйемойнақ аралын тарихи атауымен атасақ  - e-history.kz
Замана көші ілгері тартқан сайын тарих көмескілен түсіп, көбінің атауы, есім-сойы да өзгеріске ұшырап. Жер-су аттарына да бөрікті қисайта кигізіп жіберетініміз бар.
Әңгіме, ТҮЙЕМОЙНАҚ аралы жайлы. Келісті тарихи атауын ұлықтамай, ұрпаққа ұмыттыруға үлес қосып жүрміз.

Ертіс бойын қазақ емін-еркін жайлай бастағаннан бері, (Абай заманында да) бұл арал ТҮЙЕМОЙНАҚ аралы аталған. Спутниктік картадан қарағанда ұқсастықтық дәл байқайсыз. Бабалардың көрегендігіне қайран қалмасқа шара жоқ.

Түйемойнақ аралының аталуы жайлы зерттеу еңбектер жоқтың қасы. Сондықтан шығармаларда кездесетін бірен-сараң делелдерге сүйенеміз.

Жүсіпбек Аймауытовтың "АҚБІЛЕК" романындағы мына бір үзіндіге зер салайықшы;

"Ертіс — үлкен өзен. Өре басы Қытайдан келеді. Екі қабағы ызғындай ел. Ызғындай елдің ортасындағы өнер-білімнің, сауда-кәсіптің, от арба, от кеменің тоғысатын кіндігі қара шаңырақ Семей. Семей бір гүбірне елдің миы: ақыл-ойдың табысы — Семейде. Семей бір гүбірне елдің жүрегі: Семей бүлік етсе, бір гүбірне ел бүлкілдейді.
Ертістің оң қабағында — Семей, солында — Алаш қаласы. Алаш пен Семей арасынан өткенде, Ертіс сауулы інгендей талтаяды. Талтайған жерінде арал пайда болады. Аралдың өнбойы сыңсыған орман. Жаз болса, орман жасарады, астына шалғын кілем төсенеді. Арал сәнденеді. Арал жанданады. Екі қаланың еті тірі еркек-әйелі қызылды-жасылды киім киіп, түрленіп, қайыққа мініп, сол Аралға — көкке шығады.
Арал толған ағаш. Ағаш арасы жол. Жол жиегі жасыл шөп пен түрлі гүл. Гүл әдіпті жасыл жолда иін тіресіп, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жан. Ағаш-ағаштың саясы топ-топ адам. Ол топта пәремішін кәрзеңкелеп, тәукеншіл самаурынын бықсытқан татар әйелдері де бар; орталарына қымыз қойып, қой сойып, жер ошаққа еттерін асып шымырлатып жатқан қазақ та бар; қыз қолтықтаған, гүл терген орыс та бар; арақ ішкен, мас болған, сырнай тартқан, өлең айтқан орыс, татар да бар. Ән-күй де, қызық-сый да, сұлу қыз да, сұлу қымыз да, махаббат та, карта ойыны да төбелес те, айқай-ұйқай да, ойын-күлкі де — бәрі содан табылады.
Күн жұма. Ақша бар ма? Әйда, Аралға. Ее қайықты! Әпкел домбыраны. Әміре қайда? Шақыр мұнда! Соқсын «Ардақты»! Сыңғыратсын Аралды! Көтерсін Семейді басына!.. Ай-хай, жасыл Аралым! Қызық еді-ау бір күнде! Әлі де солай ма екенсің? Біз Аралдан кеткелі көп айлар, көп жылдар өтіп барады. Сағындық-ау Аралды! Сағындық-ау Семей, Алашты!"

Жоғарыдағы абзац - Түйемойнақ аралы жайлы айтылғаны ақиқат. Бұл жерде Алаш зиялары да бас қосқан, Алаш идеясы, Алаш қозғалысы тұтанған өлке. Тарихи мекен. Қастерлі орын.

Қажымұқан Мұңайтпасұлының мына бір естелігіне де мән берсек;

"Пәуескеге отырып, Ертіске келдік. Бір қайықшы қайығымен тосып тұр екен. Қайыққа отырдық. Содан өзен ортасындағы Түйемойнақ аралына алып келді. Аралда дастархан жайылып, дәмге отырдық. Сонда мені шақырған жігіт себебін түсіндіргені: «Аға, арманым – елдің даңқын көтеріп жүрген сізді бір көру, қонақ етіп, құрмет көрсету еді. Алла бұл тілегімді қабыл етті. Енді сізден бір өтінішім: мені бір сынап көріңізші. Өйткені өз күшімді сынайтын адамды жолықтыра алмай жүрмін», – дегені. «Қалай? Күресіп пе?» – деп сұрадым. «Иә», – деп жауап берді."

"Абай заманында Түйемойнақ деп аталған. Ертеде түйенің мойын терісінен жасап, алтын, күмісті салып сақтайтын алып әмиянды түйемойнақ деген көрінеді" - дейді Дәулет Сейсенұлы ағамыз. Әрине қисынды.

Біз үшін қастерлі арал, патша заманынында "ПОЛКОВНИК" аралы атанып, негізгі атауы көмескілене бастаған. Әлі күнге дейін құлдық санадағы көп адам солай атайды. Кейбір ел ішіндегі кертартпалар тарихи атау солай деп бетқаратпайтыны да кезігеді.
Намыстанасың, шамданасың, шарасызбыз!

Алашшыл қазақ -Құсмілиә Нұрқасым бір әңгімесінде; "Кеңес заманында, Сталинмен аузы жаласқан Кировтың атауын иеленіп, "КИРОВ аралы" деп те аталған. Бұл аралдың көрмеген құйтырқысы жоқ" -деп күрсінген еді. Рас екен. Құйтұрқы идеология!

Ендігі бір тарихи шындық; Түйемойнақ аралында Алаш зиялыларын азаптайтын түрме болған. Шәкәрім қажының ұлы Ғафур, Алашшыл Мұхмедхан Сейтқұл да осы түрмеде қамалған.(Абайтанушы ғалым Қайым Мұхамедхановтың әкесі) Азап шеккен. Тобықты руынан шыққан 70 белсендіні, көзі ашық, алашшыл азамттарды ату жазасына осы жерде кескен, бұйрық орындалған. Абай ұрпақтарын тұздай құрту саясатына Абайдың ұлы Мекайл да ілігіп, осы аралда оқ құшқан. Қасірет пен қайғыға толы мекенге айналып, бұл ара "АЗАП АРАЛЫ" деп те аталған.

Ел егемендігін алып, еңсемізді тіктеп, тарихымызды түгендей бастағанда ескерусіз қалған немесе ескі аты ұмытылған өлкелер де жеткілікті.
Семей халқы талай сынақты бастан кешіргенін білесіздер. БҰҰ жариялаған Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күніне (29 тамыз) байланысты бұл арада әлемдік үлкен шаралар өтеді. Дұрыс, құптарлық. «Өлімнен де күшті» монументі, «Бейбітшілік» стелласы, бой көтерген. Бәрі жарасып тұр. Саябақ та сән береді. Бірақ осы аралды, бұрынғы тарихынан айырып "БЕЙБІТШІЛІК АРАЛЫ" деп ресми бекітіп, атап та жүр.

Құлдық санадағылар - "Полковник", Кеңес кезеңінің кержақтары - "Киров", тағы бір топ - "Азап аралы", Алашшылдар - "Алаш аралы", тарихшылар мен түп тамырына жүгінушілер - "Түйемойнақ аралы", ресми жиындар өткенде "Бейбітшілік аралы" аталып, азанынан шатасып жүрген жерді жөнге келтірген жөн шығар.

Абай мен Шәкәрімнің, алаш арыстары Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлкей Марғұлан, жазушы Мұхтар Әуезовтің, Қайым Мұхамедхановтың із қалған, әнші Әміре Қашаубаевтің әні әуелеген қастерлі өлкенің тарихи атауын қайтарып, тұғырын биіктететін кез келген сияқты. Ұрпақ санасына, жүрегіне ұлттық рухымызды қайтарсақ, уақыт алдында абройлы, бабалар аманатына адал, тарихқа қиянатсыз болар едік!!!

Мерей Қарт, 

ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?