Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

ЮНЕСКО тізіміне тағы 8 нысан енді

1318
ЮНЕСКО тізіміне тағы 8 нысан енді - e-history.kz
Еліміздегі тарихи құндылығы аса жоғары 8 нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұрасының тізіміне енгізілді.

Олардың қатарына Алматы облысындағы Қаялық, Қарамерген, Талғар және Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Степнинское, Ақыртас, Құлан, Қостөбе, Өрнек сынды орындар жатады. Сонымен бірге, «Қатонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен «Ақжайық» биосфералық аумағы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік биосфералық резерваттар жүйесіне қосылды. Енді бұл жәдігерлер мен жаратылыстар әлемдік деңгейде қорғалатын болады. Мұндай маңызды жаңалықтар кеше Астанада өткен ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиялардың аймақаралық І кеңесінде жарияланды.

Халықаралық басқосуға аталған ұйым­ның барлық бес өңірлік тобы – Араб мем­лекеттері, Азия және Тынық мұхиты, Еуропа және Солтүстік Америка, Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдері­нен 125 мемлекеттің ұлттық комиссиялары­ның өкілдері арнайы келді. Жиынның ашылу салтанатында Мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбеков Қазақстан Прези­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын жеткізді.

 «Біздің барлығымызды әлем мен ғаламшарымызға қамқорлық, жоғары стан­дарттарға, ғылыми прогресс пен тұ­рақ­ты дамуға ұмтылыс біріктіреді. Ау­мағында 130-дан астам этнос бейбітшілікте өмір сүріп жатқан Қазақстан үшін ЮНЕСКО-ның мәдениетаралық, өрке­ниетаралық және өңіраралық сұхбат­тастықты нығайтуға бағытталған қызметі ерекше жақын. Біз өз тарапы­мыздан ЮНЕСКО құндылықтарын, төзімділік ұстанымдары мен жаңа ізгілік идеясын алға жылжыту үшін барлық күш-жігері­мізді жұмсаймыз. Бүгінде ЮНЕСКО идеал­дарының танымалдығын арттыру ұйымға мүше елдер тарапынан тұрақты күш-жігерді және ЮНЕСКО істері жө­ніндегі ұлттық комиссиялар сынды ынты­мақтастықтың бірегей құралын толық­қанды пайдалануды талап етеді. Бірінші өңіраралық кеңесті өткізу серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам бола­тын­дығына сенімдімін» деген Мемлекет басшысы Қазақстанның әлемдік мәде­ниеттің мәйегіне, дінаралық татулықтың тұрағына айналғанын айрықша атап айтқан. 

Еліміздің осы ерекшелігін халықаралық мәдени ұйымның басшылығының да қатты қадірлеп, құрметтейтіндігін білдіріп отыр. Ұйымның қоғамдық ақпараттармен сыртқы байланыстар жөніндегі бас директорының орынбасары Эрик Фальт ЮНЕСКО бас директоры Ирина Бокова атынан Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа деген ризалығын жеткізді. Қазақстанның өз мүмкіндігін пай­даланып Ұлттық комиссияның тұңғыш кеңе­сін ұйымдастырғанын жоғары баға­ла­ды. Қазақ елінің әлемдік мәдениетаралық және дінаралық келісімді тұрақты түрде дамы­тып отырған еңбегін атап айтып, табыс тіледі.

Кеңестің келесі бір келелі тұсы – Қазақ­стандағы тарихи 8 нысанды әлемдік мұралар тізіміне қосу болды. Бұл, демек, Еуропа мен Азия құрлығын шектестірген туған өлкеміз­дегі жәдігерлердің дүниежүзілік мәдени болмысқа қосқан тамаша тартуы екендігі сөзсіз. Сонымен бірге маусым айында ғана ЮНЕСКО-ның халықаралық үйлестiру кеңе­сiнің шешімімен Қазақстанның «Қа­тон­­­қарағай» және «Ақжайық» табиғи паркi ЮНЕСКО Бүкiләлемдiк биосфералық резерваттар жүйесiне енгiзіліпті. Ал оның сертификатын Эрик Фальт еліміздің Қор­шаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровқа салтанатты жағдайда тапсырды. 

Рухани бағыттағы дүниежүзілік ұйым мен Қазақ елінің байланысы 1992 жылдан басталған. Және бір тоқталатын тұсы – қа­зақтар өзгелердей емес, ЮНЕСКО белгіле­ген бағыттағы жұмыстарын аса белсенді түр­де жүргізіп келеді. Оған разылық таныт­қан шетелдіктер Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетовті «Жібек жолы» медалімен марапаттады. 

– Мұндай маңызды халықаралық фо­рум­ды өткізу бізге үлкен мәртебе, – деді Тасмағамбетов. – Ортақ үнқатысу алаңы ретінде Астананы таңдау –Қазақстанға, оның Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевқа деген зор сенімін білдіреді. ЮНЕСКО біздің еліміздің халықаралық бастамаларына үнемі ерекше назар аудару­да. Баз бір кезеңдерде ұйымның еліміздегі комиссиясын басқарған жылдар кәсіби тұрғыда, сонымен бірге әлемнің түрлі ел­де­ріндегі әріптестеріммен жеке қатынастар да ұмытылмас сәттерімен ерекше есімде қал­ды. Табанды жұмыстарымыздың негi­зiнде ЮНЕСКО-ның әлемдiк мұралар тiзiмiне елiмiздiң үш тарихи ескерткiшi енгiзiлген еді. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Йассауи кесенесi, Тамғалы петроглифы археология­лық тас кешенi, Сарыарқа және Солтүстiк Қазақстан көлдерi мен жазық­тары, Қорғал­жын және Наурызым қорық­тары. Биыл олардың қатарын тағы да 8 тарихи нысан толықтырып отыр. Елiмiздегi осындай жәдiгерлердiң әлемдiк мәдени құндылықтар қатарында дүниежүзiлiк мұралар тiзiмiне енуi тұтас халқымыздың арман-тiлегi мен риясыз пейiлiнiң көрсет­кiшi деп бiлемiн. Ал осындай беделді халық­аралық ұйымның марапатына ие болу мен үшін үлкен мәрте­бе. Бұл менің ғана еңбегім емес, ЮНЕСКО миссиясын орындауда білімі мен жанын берген барлық әріптес­теріме берілген жоғары баға.

Әлемдік руханиятты дамытып, адамзат­қа ортақ құндылықтарды насихаттайтын ЮНЕСКО-ның табанды талабы мен тия­нақты ісі ұлттар мен ұлыстардың ара­сында­ғы терең құрметті арттыратындығы сөзсіз. Осы кезге дейін де дүниежүзілік мәдение­т­аралық және дінаралық талай-талай бас­қо­сулардың ұйытқысы болған Астана Ұлттық комиссиялардың алғашқы кеңесін өткізу арқылы да, ғаламдағы татулық пен бейбіт­шіліктің іргетасын бекіте түсетін беделді алаңға айналғанын кезекті рет дәлелдеп отыр. 

Бейсенбай Дәулетұлы

http://aikyn.kz/news/view/53890

01.08.2014 ж.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?