Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Норвегиялық қорғандар

2967
Норвегиялық қорғандар - e-history.kz
Герман тіл тобына жататын халықтардың түпкі тегінің ғылыми негіздері.

Англо-саксондардың арғы тегі сактардан тараған деген тұжырым біздің заманымыздан бұрын қалыптасқаны жөнінде дәйекті дәлелдер баршылық. Мәселен, кезінде сактар Каспий бойынан шығысқа қарай жылжып, Бактрияға ғана емес, сонымен қатар батыста жатқан Армения жерінің өте шұрайлы бөлігіне қоныстанғаны туралы б.з. бұрынғы 63-жыл мен б.з. 24-жылдары арасында өмір сүрген гректің атақты тарихшысы әрі географы Страбон жазып кеткен. Ғалым келтірген дерек бойынша, кезінде әлгі аймақ Сакасина (Sаkаsіnа) деп аталған. Ал біздің заманымыздың 23-79-жылдары өмір сүрген Римнің аса көрнекті жазушысы әрі ғұлама тарихшысы Плинийдің пайымдауынша, жоғарыда сөз болған әлгі аймаққа қоныстанған сактар Сакассани (Sakassani) деп аталған. Әлгі атау Сака-суну (Saka-sunu), яғни сактың ұлы (ұрпағы) деген ұғымды білдірген. Бұл этимологияны алғаш ұсынған 1519–1572 жылдары өмір сүрген фламандық философ әрі филолог Горопиус Беканус (Goropius Becanus) екен. Бұл тұжырымды атақты неміс теологы әрі гуманист ғалым Меланчтонмен (Melanchthon) қатар алғаш рет латын тілінде жарық көрген «Британия» атты кітаптың авторы В.Камден (William Camden — 1777–1855) де толық қуаттапты. Аталған дерек көздерін негізге ала отырып, британдық ғалым Шарон Турнер-де, ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегінің сактардан тарайтынына еш күмән келтірмейді. 1827 жылы жарияланған «Сак па, парсы ма?» деген ғылыми мақаласында Шарон Турнер өз пайымының негізсіз емес екенінің бұлтартпайтын дәлелі ретінде сактардан тамыр алатын, ағылшын-саксон және парсы тілдеріне ортақ 262 сөзді көлденең тартады. Әлгі мақаланы қазақ тіліне аударып, оның бірнеше, ақпарат көздерінде («Егемен Қазақстан», «Ана тілі» газеттерінде, «Ақиқат» журналында) жариялануына мүмкіндік жасаған едім. Зер салған оқырман олармен танысып үлгерген-де болар деген ойдамын.

Жоғарыда келтірілген дерек көздерін ескере отырып, осы арада және бір пайымға назар аударуды жөн санаймын. Ол мынау: ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегі сактардан бастау алады деген тұжырымды тек, ағылшын немесе саксондықтармен ғана шектеуге болмайды. Бұл пайымның Еуропа құрылығында орналасқан тілдері герман тобына кіретін өзге халықтардың, оның ішінде, орталық Еуропадағы немістерге-де, солтістік Еуропадағы скандинавиялықтарға да тікелей қатысы бар. Себебі немістер-де, скандинавиялық новегтер-де, шведтер-де, даниялықтар да о баста, ағылшын-саксондықтармен генетикалық және лингвистикалық тұрғыдан туыстас әрі тамырлас халықтар екені ешбір дәлелді керек етпейді. Сөзіміз дәйекті болу үшін нақты бір-екі мысал келтірейік. 2010 жылы Норвегия астанасы Ослода өткен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымықтастық ұйымының Парламент Ассамблеясының жазғы сессиясына қатысып, сол сессия аясында арнайы ұйымдастырылған мәдени шара шеңберінде тарих әлемінде өзіндік орны бар жиһангер викингтердің бастапқы қалпына келтірілген байырғы кемелері сақталған музейді көрудің сәті түсіп, сол кемелер туралы толық ақпарат беретін Арне Эмиль Кристиенсеннің кітабын (Guide to Viking Ship Museum) оқыған едім. Әлгі кітапта Норвегияның Берген қаласына жақын жердегі Осеберг елді мекенінің маңындағы қорғанда жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижелері баяндалады.

b22423684f9810d6d5659c444a24f61d.jpg

Мәселен, Осеберг қорғанынан археологтар викинг кемесін және сол кемеге жерленген екі әйелдің мәйіттері мен он екі жылқының қаңқа сүйекетерін, емен, ағашынан жасалған төрт доңғалақты арба мен төрт шана, бедерлі оюлармен әшекейленген абдыра, үш тағанды темір мосы және соған іліп ас пісіретін шойын қазан, ағаш сапты темір пышақ, еменнен ойылған астаулар мен ожаулар, қол диірмен, жұмсақ былғарыдан тігілген қысқа қонышты екі мәсі мен бұғы мүйіздерінен істелген тарақтарды қазып алады. Әлгі кітапта, сонымен қатар, 1880 жылы Норвегиядағы Сандар дейтін мекеннің маңындағы «Гокстад» фермасының аумағында орналасқан үлкен қорған жайлы да археологиялық ақпарат бар. Әлгі қорған кейін «Король қорғаны» болып аталып кетеді. Себебі қорғаннан викинг кемесі және сол кемеге жерленген жас шамасы 50 мен 70-тің арасындағы ер адамның мәйіті және кеме айналасынан Осеберг қорғанынан табылған дүниелерге ұқсас бұйымдармен қатар тағы да 12 жылқының қаңқалары табылған. Қазір бұл кеме-де бастапқы қалпына келтіріліп, Ослодағы викинг кемелерінің мүзейінде сақтаулы тұр. Әлгі, ақпараттарды оқып отырып, еріксіз таңдандым. Себебі Норвегия жерінде-де сак қорғандары бар екен ғой деген ой мазалай бастады. Өйткені Осебергтен-де, Гокстад қорғанынан да табылған артық-кемі жоқ тұп-тура он екі жылқы Алтайдағы Берел қорғанындағы он үш жылқыны бірден еске түсірді. Көзге ұрып тұрған әлгі ұқсастықтар кімді-де болса ойландырары сөзсіз. Өйткені екі кемеден-де табылған 12 жылқының қаңқасын әншейін кездейсоқтық деуге аузың бармайды. Бұл қалай сонда? Күллі Еуропа кеңістігінде мыңдап саналатын қорғандардың (олардың ішінде Скандинавия қорғандары да бар) әлгі географиялық аймақтан мүлде шалғайда, тіпті ит арқасы қиянда жатқан скиф-сак қорғандарымен, атап айтқанда, алып Азияның кіндігі саналатын Тува, Хакасия немесе Алтай қойнауындағы Берел, Пазырык, Башадар, Тұйықты немесе Жетісу өлкесіндегі Бесшатыр, Алатау етегіндегі Есік қорғандарымен сабақтас болғаны ма? Олай болса Азия мен Еуропа қорғандарының арасындағы ғажап ұқсастық осы мақаланың басында сөз болған, ағылшындар мен саксондықтардың арғы тегін сактардан тарататын ғылыми болжамдар мен тұжырымдардың шындықтан тіпті-де алыс еместігін дәлелдеп тұрған жоқ па?
Ендеше, қорғандардың тарихы және оларды тұрғызған байырғы халықтардың мәдениеті мен олар сомдаған өркениетке тереңірек бойлап, бүкіл Еуразия аумағындағы және Тынық мұхиттың арғы жағындағы, АҚШ кеңістігінде орналасқан қорғандардың сабақтастығы мен тамырластығын дәлелдейтін бұлтартпайтын өзге дәледер іздеу қажеттігі туындайды.
Кезінде байырғы америкалықтардың («үндістердің«) Миссисипи мәдениетіне тән Кахокия секілді 4000 жылдық тарихы бар алып қорғандардың да Еуразия қорғандарымен тамырлас екенін оқырманға (Азия — Берингия — Америка атты еңбекте) жеткізген болатынбыз. Енді міне осы тақырыпқа оралудың сәті қайта түсті.

60425be30bebfb8b3ad2b6b2ad7f690c.jpg

Қорғандар жайлы, оның ішінде скиф-сак қорғандары жайлы жүргізілген зерттеулер жетіп артылады. Мәселен, Тамара Т. Райстың «Скифы: строители степных пирамид» деген кітабына қосымша ретінде берілген деректерден Кубань, Таман, Қырым, Днепр, Дон, Киев, Полтава, Волга, Орал, Алтай, Солтүстік Моңғолия, Германия, Венгрия және Румыния жерлеріндегі қорғандар шоғырының, яғни қорған мәдениетінің б.з. бұрынғы жетінші ғасырда бастап, б.з. бұрынғы екінші ғасырға дейін жалғасқан құбылыс екенін байқаймыз. Сосын қорған атаулары да көп нәрседен хабар береді. Мәселен, Кубань тобындағы: Карагоденашх, Келермес, Курджип, Уль, Уруп; Қырым тобына кіретін:Ак-Мечет, Алтын-Оба, Дорт-Оба, Эль-Теген, Кара-Кият, Куль-Оба, Темир, Сальгир; Днепр тобындағы: Башмак, Чертомлык, Чмыр, Огюз; Полтава тобындағы: Акют; Волга тобындағы: Астрахан; Орал тобындағы: Биш-Оба; Алтай тобындағы: Басадар, Катанда, Курай, Пазырык, Шибэ, Туэкт; Солтүстік Моңғолиядағы Нойн-Ула; Румыниядағы Косьюрул-Маре, Сату-Маре Еуразия кеңістігіндегі байырғы скифтердің (бұл гректер берген атау) сактармен тамырлас екенінің айқын айғағы емес пе?
Орыс ғалымы Ю. А. Шиловтың пікірінше, «қорған» деген ұғым байырғы шумерлердің «кур-ан» немесе «кур-галь» («аспан тау» немесе «алып тау») деген сөздерінен бастау алған. О баста қорған тұрғызу мәдениеті Қара теңіздің солтүстік өңірінде б.з. бұрынғы 4000–2000 жылдар аралығында араттар мен ари тайпаларынан бастау алып, дами бастағанын айта келіп, Ю. А. Шилов «Прародина ариев» (Киев, 1995) деген монографиясында байырғы қорғандардың о баста антропоморфтық және астральдық белгі ретінде дүниеге келгенінен, ақпарат береді.
Әлемдік тұрғыдан қарағанда, қорғандар Австралия мен Антарктидан басқа континенттердің бәрінде-де кездесетін мәдени құбылыс екені дәлелденіп отыр. Әдетте қорғандар қайтыс болған адамдарды жерлеу үшін қазылған бейіттердің үстіне тұрғызылады немесе жаратқанға жалбарынатын киелі орын ретінда сомдалған және олардың формалары да әртүрлі болып келеді. Сосын Еуразия кеңістігінде Батыс Еуропадан бастап, сонау Қиыр шығыста жатқан Жапонияға дейін әр заманда тұрғызылған қорғандардың бәрі дерлік көрініс тапқан. Алғашқы дала қорғандары б.з. дейінгі 4000 жыл бұрын энолит дәуірінде басталып, орта ғасырларға дейін жалғасқаны байқалады. Мәселен, арғы тегі литвалық американдық ғалым Мария Гимбатустың «Қорған гипотезасы» деп аталатын зерттеу жұмысында алғашқы қорғандарды үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін халықтар, олардың ішінде, әсіресе, скифтер (Алтайдағы Пазырык қорғандары) мен скандинавиялықтар (Қара мола, Гнездов және байырғы Уппсала қорғандары) тұрғыза бастаған деген дерек бар.
Ресей жерінде-де қоғандардың неше түрі, оың ішінде, Еуропа аймағындағы үндіеуропалық халықтар мен түркі халықтарына тән ең биік қорғандар тобы кездеседі. Олардың аса көп шоғырланған жері — Хакасия. Ондағы ең әйгілісі Үлкен Салбык қорғаны. Оны 1739 жылы Г. Ф. Миллер ашып,С. В. Киселевтің жетекшілігімен қазба жұмыстарын 1954–1956 жылдары Кеңес Одағы Ғылым Академиясының экспедициясы жүргізіпті.
1971–1974 жылдары Туваның солтүстігіндегі Уюк өзенінің бойындағы «Патшалар алқабы» атанып кеткен Аржан, Тарлык елді мекенендрінде орналасқан скиф заманын қалған қорғандарда жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижесі-де айтуға тұрарлық. Диаметрі 120 метр, биіктігі 3–4 метр болатын Аржан-1 қорғанынан археологтар бір бекзаданың және 16 адамның мәйіттері мен 160-қа жуық аттардың қаңқаларын, алтын мен күмістен жасалған өте бағалы бұйымдар табады. 2001 жылы археологтар Аржан-2 қорғанынан әлеуметтік статусы биік ерлі-зайыпты екі адамның мәйітін және олардың қасынан таза алтыннан жасалған 20 килограмға жуық бағалы бұйымдар, темірден жасалған қару-жарақтар, әскери сауыт-саймандар, киім-кешек және ыдыс-аяқ т.б. бұйымдарды табады.
Солтүстік Американың байырғы халықтары сомдаған алып қорғандардың да әлемдік қорған мәдениетінен алатын орны ерекше. Олар екі топқа бөлінеді. Бірінші топқа зооморфтық, яғни тотемдік қорғандар, ал екінші топқа кәдімгі төбе іспеттес қорғандар жатады. Олар неғұрлым биік әрі көлемді болса, онда жерленген адамдардың әлеуметтік статусы да солғұрлым жоғары болғаны байқалады. Мәселен, Американың Миссури штатындағы Сент-Луис қаласының маңындағы Какохия қорғандарының мәні ерекше. Олардың жалпы саны — 120 болған. Қазір олрдың 80-і сақталған.
Британ аралдарында да қорғандар бар. Әсіресе төңкерілген табақ тіріздес қорғандар жиі кездеседі.
1956 ж. Мария Гимбатус қорған гипотезасын ұсынған болатын. Оның негізгі нысанасы археологиялық дерек көздерін лингвистикалық деректермен ұштастыра отырып, үндіеуропа тілдерінде сөйлейтін халықтардың байырғы отанын анықтау болған. Бұл гипотезаны қолдаушылар қорған мәдениетін Қара теңіздің теріскей жағы мен Оңтүстік шығыс Еуропаны б.з.б. бесінші мыңжылдықтан үшінші мыңжылдыққа дейін мекендеген протоүндіеуропалық халықтардан бастау алады деген көзқарасқа иек артады. Ал генетика тұрғысынан, қорған мәдениеті, негізінен, хромосомасы Ү R1a1 гаплотобына жататын Орта Азия, Батыс Азия, Индия және Шығыс Еуропадағы славян халықтарына тән, ал Батыс Еуропа халықтарында бұл генетикалық маркер өте сирек кездеседі екен. Керісінше, жаңағы генетикалық маркер норвегтердің 23,6 пайызына тән болса, олармен туыстас шведтердің 18,4 пайызына және алдыңғы екеуіне етене жақын болып келетін даниялықтардың да 16,5 пайызына тән екен. Демек, ағылшын-саксондықтар мен скандинвиялықтардың арғы тегінің сактардан бастау алатынын жоғарыдағы генетикалық факторлар да нақты дәлелдеп тұрғаны күмән туғызбайды.
Ағылшын-саксондық Британия және Норрвегия мен Дания халықтарының тілдерінде көзге ұрып тұрған лингвистикалық ұқсастықтар да бар. Мәселен, түркі тілдеріндегі тіс, тіл, бел, белдік, елік, өгіз, сор(ащы), жер, сор(мұң), дала, абад деген сөздер мен тура сол ұғымдарды білдіретін, ағылшын және скандинавия тілдеріндегі дәлме-дәл немесе ауыспала метонимялық баламалардың ұқсас екенін байқамау мүмкін емес. Салыстырып көрелік: ағылшын тілінде тіс — tooth (жекеше түрі), teeth (көпше түрі); тіл — tongue(бұл сөз бен қазақ тіліндегі таңдай деген сөздің түбірі бір); бел — belly; белдік- belt; елік — elk(бұлан); өгіз — ox; сор(ащы) — sour; жер — earth; сор (мұң) — sorrow; дала — dale; абад — an abode. Ал норвегиялықтар мен даниялықтардың тілдерінде әлгі сөздердің баламалары төмендегідей: тіс — tann/tand (ауыспалы метонимиялық атау, себебі тіс таңдаймен жапсарлас); тіл — tunge/tunge(метонимиялық атау, себебі тіл таңдаймен жапсарлас); белдік — belte/balte; елік- elg(бұлан); өгіз — okse/okse; сор(ащы) — sur; жер — jord/jord; сор(мұң) — sorge/sorg; дала — dal/dal.
Бей-жай қалдырмайтын және бір лингвистикалық фактор мынау: Норвег тілінде қазақ тілінің көптік жалғауына ұқсас: -r, — er деген көптік жалғаулар бар. Мысалы: uge (апта) — uger(апталар); mened(ай) — meneder(айлар); Даниялықтардың тілдерінде-де зат есімдердің 75 пайызы -r немесе -er көптік жалғауын қабылдайды. Тек зат есім дауысты дыбысқа бітсе -r, ал дуыссыз дыбысқа бітсе -er жалғанады. Алдыңғы екі тілге туыстас швед тілінде-де көптік жалғауға қатысты осындай заңдылық байқалады. Демек, жоғарыда атап өтілгендей, сактар мен скифтердің ағылшын-саксондар мен скандинавиялықтарға генетикалық тұрғыдан бір табан жақын екендігі лингвистикалық тұрғыдан да айқын байқалады. Ендеше, сактар мен скифтерді тілдері үндіеуропа тобына жататын парсылармен ғана туыстастыру шындықтан мүлде алыс жатыр. Жоғарыда келтірілген генетикалық және лингвистикалық дәйектер әлгі пікірдің ғылыми негізінің мүлде әлсіз екенін дәлелдесе керек. Дәл осы тұрғыдан, яғни генетикалық және лингвистикалық тұрғыдан зер салсақ, осыдан 40000 мың жыл бұрын Азиядан Америкаға қоныстанған байырғы америкалықтардың, яғни «үндістердің" де арғы тегі түркі өркениетімен сабақтас екенін бұл күнде ғылым толық дәлелдеп отыр. Демек, Солтүстік Америкадағы қорғандардың да бастау көзі Еуразиядағы скиф, сак, гун қорған мәдениетімен тікелей сабақтас әрі тамырлас деп батыл айтуға толық негіз бар.                           

Әділ АХМЕТОВ, ф.ғ.д., профессор

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?