Оның ішінде: батырлар да, марапаттау төс белгісін алып марапаттау шаттығына жете алмағандар да, ерлік жасай жер құшқандар да, майданнан аман-есен оралғандар да. Яғни, азап шегушілер-де және өз іс-қимылдарына берік сенгендер-де бар.
Ал осының бел ортасында тұрған, неміс-фашистік басқыншылар қолына түскен тұтқындар, олардың тағдыры туралы зерделеуге ғалымдардың мүмкіндігі болмаса, халық пен куәгерлердің бұл тақырыпта сөз қозғауда бойын үрей биледі. Ажал алдында тұрған пендеден «дұрыс бағыт ұстамадың" деу, айтуға оңай болғанмен, адам жанының тәттілігі-де шындық емес пе? Әрине, қорқақтық пен батырлықтың сыналатын кезі болады. Дегенмен, дүниежүзілік ауқымдағы майдан даласында жау қолында қоршауда қалып жапа шегуі, жаралы шала-жансар қалуы немесе аждаһадай азулы дұшпан алдында әлсіздік көрсетуі әбден мүмкін жағдай еді ол. Бірақ, соны екшей алдық па? Тіпті о, дүниелік болып кеткен ерлерді қойғанда, тірі қалып, тұтқын тозағынан өткен азаматтарымыздың тағдыр-жолы шынайы жазмыш па еді, әлде зорлық-зомбылық салдары ма? Мұны сезгенмен, сергектік таныта алмадық. Ендеше, «ештен кеш жақсы» деген қазақ атамыз. Мемлекет басшысының «Мәңгі ел» идеясынан кейінгі менің басыма туындаған алғашқы ой, дәстүлі қалыптасқан адам құндылығын толыққанды қалай сақтай аламыз? Ол үшін не қажет? деген сұрақтар мазалады. Әлбетте «ауруын жасырған өледі». Мүмкіндігінше тарихи, ақиқатқа негізделген әділеттілік болмай, тарих көші жылжуы да қиынға соғар. Сондықтан да
әрбір азамат осы жолда өз үлесін қосуда. Мен-де кеңес кезеңі тарихында еленбей келген соғыс тұтқындарының тағдырлары жөнінде қысқаша сөз қозғауды парызым деп санадым.
***
Тұтқынға түскен совет солдаттарының, әсіресе 1941 жылғы күз айындағылардың саны өте көп адамды қамтыды. 1990 жылғы КСРО Қорғаныс министрлігі деректері бойынша, 3 млн. 900 мың адам, с.с. 4 миллионға жуық совет солдатының неміс тұтқыны болғаны жөнінде мәлімет беріледі. Жалпы соғыс жылдары француз тарихшысы Н. Верттің ақпараты бойынша 6 млн. жуық совет одағының тұрғындары тұтқындық қасіреттің дәмін басынан өткерген[1]. Дәл осындай санды МҚК мәліметі негізінде ізденуші, дипломат Б. Садыкова да келтіреді. Бұл адам жанын түршіктіретіндей сан! Адам өркениеті тарихында, мұншалықты дұшпан жағындағы осыншама адамдардың тұтқынға түскен кезі болмаған! Солдаттардың басым бөлігі, тұтқынға түскендер-де 17 мен 37 жас аралығындағы жастар болды. Осындай бұлт үйірілген кезеңде тұтқынға түскендер ішінде жас жауынгер, талантты музыкант — Айткеш Толғанбаев пен жазушы Хамза Абдуллин сияқты мыңдаған басқа да жауынгерлер болды. Неміс концлагерлерінде 3 миллионнан аса адам жан тапсырды. Ондағы тозақ отына күйген және жан азабына шыдаған адамдарға «сатқындық" мәртебесін беру, қаншалықты адамзат жаратылысы құқына сай келеді екен? Жан күйзелісін адамнан өзге түсінер кім бар? Мұндай сұрақтар жаһандық ауқымда қазір-де өзекті.
Сіздерге ұсынылып отырған мақалада тұтқынға түскендер, оның ішінде „Түркістан легионына“ түскендер туралы сөз қозғалады. Отандық тарихшылар бұл мәселе жөнінде соңғы жылдары қалам тарта бастады. Профессор Көшім Есмағамбетов, Амантай Кәкеннің, Бахыт Садықова және Гүлжауһар Көкебаеваның монографиялары, неміс және советтік концлагерінен кейін аман қалғандардың естеліктері жарық көрді. Бұл тақырыпты Түркия қазағы, профессор Абдулахап Қара да монографиясында кеңірек зерттеуге талпыныс жасаған.
Тұтқын легионның құрылуы
Кеңес мемлекетінің қуғын-сүргін саясатының түрлі қырларын зерттеу мақсатын көздеген 1997–1999 жылдар аралығында, Тарихи әділеттілікті зерделеу және қалпына келтіру бойынша Комиссияның құрамында болған кезеңде, құқықтанушы Сабыр Қасымов менің қолыма біршама құжаттар көшірмесін ұсынған еді [2]. Солардың ішінде: бұрыштама (штамп) қойылған мына бір құжатта („Өте құпия“, 1 дана. КСРО ІІҰК Күнгей Кавказ майданының ерекше бөлімі, 1943 жылдың 19 қаңтарынан 6-шы бөлім, № 1840/б, Тбилиси қ.) неміс армиясының „Түркістан легионы“ солдаттарының (құжатта осылай) Қызыл Армия жағына шыққандары туралы» хабарлайды. Сонымен қатар: «Анықтама. Құжаттың түпнұсқасы КСРО МҚК Орталық мұрағатындағы іс-қағазында сақталынғаны туралы да хабарлайды, 1-том, қор (түсініксіз), 312 „Е“-тізім, реттік 663, істің беті -10-11. Сол жағындағы бұрышта 31.12.1965 жылы КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы МҚК-нің мөрі». Бұл құжаттар арқылы тарихтың «ақтаңдақ" беттері ашыла түсетіндіктен және нақты адамдар тағдырына байланысты болғандықтан мәліметті жариялауды жөн көрдік. Жау қолына түскендердің барлығы сатқын болмағаны көпшілікке аян, ол «Түркістан батальонының" құрамындағылар НКВД хабарламаларында айтылғандай «өз еріктерімен және қолдарындағы қаруларымен Қызыл Армия жағына өткендігімен» дәйектеледі. Совет солдаттарын тұтқындаудың жәй-күйі ПУ ЧГВ ЗКФ 7-ші бөлімінің бастығы майор Зусмановичтің (майордың есімі жазылмаған) берген хабарламсында жан-жақты жазылған. Түркістан легионы бойынша мәліметтер КСРО ыдырағанға дейін, мұрағаттың ЗКФ қорының 286-іс, 1019-тізімі, 106-110пп., III, 112-115пп. Сақталынған еді. Мұны болашақ зерттеушілер назарына бағыт-бағдар беруге көмегі болар деген ниетпен, нақтылап отырмыз.
Қашқын (Б.А. — мәтінде осылай жазылған) Бектасовтың (есімі берілмеген) хабарламасынан, немістің РККА жауынгерлері мен командирлерінен құралған тұтқынға түскендерді ұстау лагері — негізінен ауыр азап пен өлім құштырған, яғни адамды қорлау мен хайуандық тәртіптің орны болғанын түсіну қиын емес: «1941 жылдың шілде айының соңында мені Либавск госпиталынан соғыс тұтқындарына арналған Тильзит лагеріне ауыстырды. Сол кезде тұтқындар саны — 24000 жуық болған еді. Күз бен жаз айларында лагерьде 18–19 мың адам қайтыс болды. Жаңадан түскен кезеңде саяси қызметкерлер мен еврейлерді тұтқындардың негізгі бөлігінен айырып, ату жазасын беретін. Лагердегі кез-келген тәртіпті бұзғаны үшін адамдар ату жазасын алатын. Аштық пен аурудан (тиф, дизентерия, өкпенің қабынуы, туберкулез) күн сайын 100-ге жуық адам өлім құшатын».
Адам айтқысыз аштық тұтқындардың басын айналдырды, каннибализмге-де (адам жеу) жол берілді. Осындай мәліметтермен Нұрғалиев, Өмірзақов және басқалар да куәлік етеді. Тильзит лагерінде Қазақстандық солдаттардың болғанын ұлты татар Иделев те жауабында куәландырады. Оның қолжазбасы Гувердің соғыс, революция және бейбітшілік (АҚШ) мұрағатында болғанда қолыма түскен және 2005 жылғы жарық көрген «Қызылдар және қаралар» атты кітабымда басылған болатын.
Айта кету керек, Кеңес Одағы заманындағы Гаага және Женева «Соғыс тұтқындарын ұстау туралы» (27 шілде 1929 жылы) Конвенцияларына қол қоймауы, тұтқынға түскен миллиондаған отандастарымыздың қайғы мен қорлыққа душар болуына жол ашты. Көптеген тұтқындар қорлықтан, аштықтан, түрлі зардаптардан өлімге ұшырады. КСРО тарапынан түскен соғыс тұтқындары дәрігерлік көмек, халықаралық «Қызыл крест» қорғауы, туған-туыстарымен хат алмасу және басқа да құқығынан мүлдем айырылды.
И. В. Сталин бастаған Кеңес мемлекетінің басшылары азаматтардың және неміс әскери бөлімдеріне түскен тұтқындар мен жау қолына берілгендердің отбасылары қолдауынан бас тартты. Мұндай жағдай фашистік әкімшіліктің арқасын кең жайып еркімен әрекет етуіне мүмкіндік берді.
Кейбір зерттеушілер Түркістан легионын құру Мұстафа Шоқай идеясы болды деп есептейді. Кеңестік билікті мойындамаған, неміс идеологиясын қабылдамаған саяси эмигрант М. Шоқай өзінің пайымдауымен, түрлі ұйымдар құру жолымен-де тұтқынға түскен, аштық пен мүсәпір халдегі түркістандықтарды тұтқыннан алып шығуға болатындығын білдірген-ді. Сонымен қатар М.Шоқайдың әскери отряд құру ойлары жөнінде-де деректер әртүрлі келтірілсе-де нақтылануы тиіс.
КСРО Ішкі Істер Халкомының орынбасары, ерекше бөлімдер басқармасының бастығы, 3-ші рангтағы мемлекеттік қауіпсіздік Комиссары Абакумовқа түскен хабарламадан үзінді келтірсек (стилі мен орфографиясы сақталған): «1942 жылдың 25 желтоқсанында Теңіз атқыштар бригадасының 68-ші қорғаныс бөлігінде, 56 армияның, 1941 жылғы шайқастарда әртүрлі уақытта немістер қолына түскен, лагерьде болған, сонан соң таңдалып алынып, «Түркімен (?) ұлттық легионының" 3-ші батальонына бекітілген ортаазиялық ұлт өкілдері, Қызыл Армияның бұрынғы қатардағы және командалық құрамынан тұратын әскери қызметкерлерден топтастырылған неміс армиясының «Түркістан легионының" 41 жауынгері өз еріктерімен біздің жаққа қарай өтті: қазақтар -20, өзбектер-9, татар-4, қырғыздар-3, тәжіктер-3, түркімен-1, башқұр-1, бұрынғы Қызыл Армияның орташа командирлері-3, Қызыл Армияның кіші командирлері-8, бұрынғы қызыл әскерлер-30». Сонымен қатар, хабарлама мәтінінде «Түркімен легионының" ұйымдастырылуына бастама жасағандардың бірі эмигрант Велихан, узбек (мәтінде осылай)» екені айтылады. Бұл жерде аса мән берілетін жағдай, Түркістан легионының жауынгерлері Кеңес әскерінің 1945 жылғы жеңісінен бұрын-ақ, яғни 1942 жылдың желтоқсанында Қызыл Армия жағына өз еріктерімен өткендігі.
Келесі анықтамада «Түркістан жаяу әскер легионының», «буржуазиялық-ұлтшыл» Вали Каюм Хан басшылығындағы, жан-жақты сипаттамасы берілген (түрі, бойы, кіммен қарым-қатынаста және т.б.) «Түркістан ұлттық Комитетінің" қатысуымен, неміс басшылығының тапсырмасымен құрылғаны жөнінде айтылады. Сол сияқты, Брянск майданы маңында Қызыл Армия жағына өткен легионер Сейтмуратов, Вали Каюм Ханға дейін «Түркістан комитетінің" төрағасы, 1942 жылдың қаңтарында қайтыс болған атақты ұлтшыл Мұстафа Шоқай болғанын айтады. (Атақты қазақ саяси эмигранты Мұстафа Шоқай (Чокай) белгісіз анықталмаған жағдайда 1941 жылдың 27 желтоқсанында қайтыс болған, сондықтан да ол легионның қалыптасуы оның қатысуынсыз болған. (қараңыз: М. Чокай „Я пишу Вам из Ножана…“)[4]. Саяси қайраткер өлімі ұрпағын ойландырмай қоймады, кейін тарих ғылымдарының докторы К. Есмагамбетов және басқа да зерттеушілер еңбектерінде зерделенеді [5]. Жоғарыдағы мәліметтер М. Шоқайдың легионның құрылуына қатысуы мүмкін еместігін айқындайды.
Келесі хабарлама бойынша КСРО ХІІК Күнгей Кавказ майданы Ерекше бөлімінің мемлекеттік қауіпсіздігінің аға майоры Н. Рухадзе жоғары жаққа былайша, ақпарат береді: „легионерлерді тергеумен қатар, олардың қарсы тыңшылық және диверсиялық жағы бойынша майдан жұмысына тарту құралдарын зерттеумен айналыстым. Бұл жұмысқа алты адамның кандидатурасы таңдап алынды: легион тұрған жерге жету және басқа легионерлерді әкелу тапсырмасымен бес адам, сонымен қатар легионда жұмыс атқаратын немістің „I-ц“ тыңшылар бөлімінен“ неміс офицерін ұстау және кеңес әскері жағына жеткізу мақсаты белгіленді. Одан басқа, ЧГВ армиясы ХІІК (НКВД) ерекше бөлімдерінің барлығына кең ауқымда легионды бөлшектеу мақсатында, оларды „Түркімен легионы“ қатарына енгізу үшін қазақ, өзбек, татар, қырғыз және басқа әскери қызметкерлер қатарынан тексерілген агентура таңдап алынды». Хабарламадан көрініп тұрғандай, ХІІК (НКВД) өз еркімен берілген легион мүшелерін кеңес әскерінің нақты мақсаттарына белсене пайдаланған. Тиісінше, көптеген легион мүшелері үгіт-насихат және Совет Одағы жағына өтетіндерді тарту үшін немістер жағына кері қайтарылды. Олар болса мұндай қайта оралғандарды сол жерде ұстап, атып тастайтын болған. Жалпы баяндау бойынша «Түркістан легионы» туралы сөз болғанмен, ХІІК (НКВД)-ның арнайы хабарламаларында «Түркменский», «Туркестанский» деген атаулар жиі кездеседі. Ұйымдастырушылар фамилиясы да әртүрлі жазылады: Вали Каюм Хан (Валихан), есімдері мен тегі-де көрсетілмеген. Мысалы, М. Шоқайды «М. Чокай» деп көрсетеді.
Балға мен төс арасында
Түркістан легионы 1942 жылдың шілде айында құрылды. Кей жағдайларда басқа да айлар аталады. Бірақ бұл әртүрлі батальондардың құрылу мерзіміне байланысты болуы мүмкін. Маусымнан қыркүйекке дейін, мысалы, 785.5 нөмірлі 7-ші батальон 1942 жылы маусым айында Ромны қаласында (Польша) құрылды. 784 нөмірлі 6-шы батальон 1942 жылы шілде айында Варшава маңындағы Легионово елді мекенінде жинақталды. Кейбіреулері Чехия, тіпті Украинада құрылған сияқты. Легионға жауынгерлер мүшелікке өз еркімен кірген деген-де көзқарас бар. Бірақ, сараптама көрсетіп отырғандай, жауынгерлердің кейбіреуі легионға аштықтан қашып кіруге мұқтаж болса, ал кейбірі отрядқа күштеу арқылы тартылған. Мысалы Айткеш Толғанбаев осылайша легионға түскен.
Кеңестік өкіметке қарсы ұлттық легиондарды қалыптастырудың негізгі орталығы арнайы лагерлер — Польшадағы Легионово және Едлин станциясы жанындағы казармалар болып табылады. Одан басқа да орталықтар болды. Легионерлер киімінің формасына «Алла бізбен бірге!» деген жазуы бар Хожа Ахмет Ясауи мавзолейінің сурет-белгісі (эмблема) салынды. Легионовода барлық тұтқындар ұлттық ерекшеліктеріне сәйкес бөлімдер бойынша орналастырылды. Мұнда «Түркістан батальонынан» бөлек, армян, азербайжан, грузин, украин, тіпті Африкадағы басқыншылық кезіндегі қолға түскен тұтқындардан құралған, араб легионы қалыптасты. Орыс тұрғындарынан құралған саны ауқымды легионерлер екі армияны құрады — армия генералы Власов басшылығындағы Орыс азаттық армиясы (РОА) және келесі, генерал Каминский қолбасшылығында болды. Басқа да орыс казактардан тұратын полктардың бірнешеуі болған.
Тәртіп бойынша даярлық орталықтарына келген болашақ легионерлерге уақытымен тамақ, арнайы форма беріледі және әскери-тактикалық даярлық жүргізілді. Оларға ай сайын 45 және одан да көп алтын төленді, демалыс кезінде қала шығып тұруға рұқсат берілді. (Айтқандай, отандық тарихшылар тарапынан «хиви» жағдайы зерттелмеген өзекті тақырыптардың бірі). Неміс тілінде — «хиви», неміс армиясына көмек берген совет жауынгерлерін қысқаша осылай атаған[7]. «Хивилер» толық мағынасында тұтқындар болмаған, көбіне еркін жалданушыларға келеді. Қоршауда қалған немесе әлсіреген кеңес жауынгерлері өздері немістердің әскери бөліміне барған және неміс солдаттарының тамағы мен тұрған жерлерінде, окоп, блиндаждар қазуға, тіпті снаряд тасу тағы басқа жұмыстар үшін пайдаланылған. Мұндай «хивилар» неміс әскерінде айлап жүрген, бірақ екі жақты шабуыл басталған кезеңде, қызыл армия жауынгерлері оларды қатал жазалайтын болғандықтан, сол мезетте қашып кететін болған. «Хивилердің" саны анықталмаған, бірақ өте көп болғаны да жасырын емес, кейбіреулер оның санын миллионға жуықтатады. Кеңестік тұтқында болған неміс офицері Виганд Вюстер өзінің естелігінде (Кровавый кошмар вермахта. М., 2010) «Хиви» туралы ішінара жазады. Онда «хивилардың" көптеген суреті берілген.
Ал енді легион жайын жалғастыратын болсақ, оған тартылған тұтқындар арасында: болашақта КСРО мемлекетінің таратылатыны, дін қайта орнына келетіні, ұжымдасқан шаруашылық болмайтындығы және әрбір адамға өз шаруашылығын жүргізуге жеке жер үлесі берілетіндігі жөнінде әңгімелер мен лекциялар өткізіліп тұрды. Легионерлерге арналған «Милли Туркестан» және орыс тілінде «Клич» журналы шығарылып тұрды. Батальонды неміс офицерлері: Мадельбайер, Хайс, Мармадер және басқалар басқарған. Әрбір батальон құрамы 300-ге жуық жауынгерлерден тұрды. Майданға кетер алдында легионерлер ант қабылдаған, барлық қоғамдық шаралар молдалардың қатысуымен өткізіліп отырған. Насихатшылар үнемі Германия Түркістан халқына көмектесетінін айтатын. Бір сөзбен айтқанда, адамдарға идеологиялық тәрбие жұмысы үнемі жүргізілген. Бірақ, дегенмен-де легион жауынгері мәртебесі, неміс армиясы әскерінің жауынгері мәртебесінен әлде қайда төмен болды.
1942 жылдың жазы мен күз айларында «Түркістан легионының" батальоны майданға жіберілді және „Кабардинская“ және „Асфальтовая“ станцияларына келеді. Атауына қарағанда олар Кубан және Дон маңында болған. Кейін легионерлердің өзі хабарлағандай майданға бағытталған жолда „Қызыл Армия жағына өткісі келетіндер жағы белсенділік көрсеткен, ал майдан аймағына келгенде, нақты даярлықпен Қызыл Армия жағына жеке және топ бойынша өтуге байланысты іштей бытыраңқы күйге түсті“. Батальоннан Ростовтан Донға дейін жауынгерлер жеке және шағын топ болып қаша бастады. Қызыл Армия жағына өтудің ұйымдастырушысы рөлін Байжанов пен Бектасов атқарған. Өздерінің тыңшылары арқылы, ақпараттанған неміс жағындағылар, легионерлер Қызыл Армия жағына шыққан жағдайда ату жазасын алатыны, отбасыларына зиян келтіретінін жариялап қорқытып отырған.
„Түркістан легионы“ жауынгерлерінің көңіл-күйлері күрделене түскен. Олардың бір бөлігі немістер жағына адал қызмет атқарды. Мұндай адамдарды басшылық үнемі марапаттап отырды. Ал кебіреулері кеңес билігінің айыптауынан сескеніп, өздеріне қашуға ыңғайлы мезгілді күтті. Алғашқы мүмкіншілікті пайдаланып Қызыл Армия жағына шыққандар да аз емес. Мысалы, Нұрғалиев хабарламасында: „Украинада поездан 10 адам қашып кетсе, Кубаньда Белореченскіден жаяу келе жатқанда — 7 адам. Асфальтовкіде және жолда 13 — адам. Біз өтпестен бұрын 22 желтоқсан күні таңертең бір мерген қашып кеткен. … 23 желтоқсан күні Бектасов пен Байжанов жылдам өздерінің адамдарын жинайды. Осы түн бізді ауыстыратын немістер келу керек еді, олардың байланысшысы келген. …Байжанов пен Бектасов өздерімен 29 адамды алып ертерек шығып кетті“,-деп көрсетеді. Қызыл Армия жағына легионер жауынгерлерд өтерде-де қайғылы оқиғаларға жол берілгендігі, НКВД офицерлері кеңестер жағына шығудан бас тартқан жағдайда жауынгерлерді, сол орнында атып жіберілгені айтылады. Бұл өлтірілгендер Ахметов немесе Сыздыков болуы мүмкін». Ал немістер қашқындарды көріп, атысты бастайды, осы кезеңде біршама легионерлер жер құшады. Кейбір қашқындар арнайы қойылған неміс бекеттерінде ұсталса, кейбіреулері ұсталған орнында атылды немесе ұзақ мерзімге абақтыға жабылған болатын.
Легионерлер батальонын ыдырату және оны Қызыл Армия бөлімдерінің жағына қарай бұру мақсатын көздеген 4-ші батальонда (№ 782) жасырын ұйым болды. Ұйым өзінің командалық құрамын құрды, оның құрамында: Ушуров батальон дәрігері, 1-ші рота командирі Коротаев (Қаратаев?), штаттық ротаның командирі Абдуллин, фельдшер Абдужапаров, 1-ші взвод командирі Исмаилов, 1-ші рота старшинасы Умаров болды. Бірақ, штаттық рота командирі Гафуров, 1-ші рота старшинасы Хамитов, химиялық взвод командирі Иманбаев және легионер Куниевтің жасырын ұйымға сатқындық жасағаны туралы НКВД хабарламасында айтылады. Мұндай мақсатты көздеген жасырын топтар 1-ші батальонда да болды. Олардың ішінде 5-ші ротаның командирі, бұрынғы Қызыл Армияның лейтенанты Игдисамов және бұрынғы лейтенант Назиров белгілі болды. Бұл, ақпарат жоғарыдағы ХІІК хаттамасынан алынып отыр: «1943 жылдың 18 қыркүйектің түнінде 389-шы батальонның солдаттары мен офицерлері „көтеріліске шықты“ (мәтінде осылай берілген), бар немістерді өлтіріп, Қызыл Армия бөлімінің жағына толықтай өтеді. Легионерлер ұйымдасып өту жағының бастамашысы 1-ші рота командирі Атаханов Абдулла болды. Ал батальон командирі майор Вальтер кеңес жағына өткен легионерлер қолынан қаза тапты. Сайып келгенде, барлық батальонда легионерлердің Қызыл Армия жағына өту жағдайы көрініс алды». Орыс-Кеңес тарихшысы Дмитрии Волкогонов өзінің «тримуф и трагедия» деген көлемді еңбегінде Бергенов деген қазақ 44 әскерді неміс жағынан майдан бұзып қызыл әскерге өткенін жазады.
Гурьев (Атырау) облысынан шыққан Алихан Агаевтың жетекшілігіндегі жеке топ диверсиялық жұмыс жүргізу үшін Батыс Қазақстанға тасталды. Бірақ көп ұзамай қоршауға түсті және оларды ХІІК (НКВД) -ның ерекше тобы жойып жіберген. А. Агаев сол өңірдің тумасы болатын.
Біздің пайымдауымызша, «Түркістан легионы» жауынгерлерінің жалпы саны 100 000 адам шамасын құрайды. Бірақ бұл сан да нақтылауды қажет етеді. Легион жауынгерлерінің сенімсіздігіне көзі жеткен неміс командованиесі оларды майданнан кері шақырып, Италия, Франция және Югославия партизандарына қарсы күреске жіберді[6]. Олардың одан кейінгі өмірі Франциядағы Қазақстан елшілігінің дипломатиялық қызметкері Бахыт Садыкованың еңбектерінде біршама зерттелген болатын.
Мария Шоқай естелігінде: «маған екі қазақ келді: олардың біреуі танымал жазушы Асан Кайгин, келесі Ташенттің бұрынғы милиционері… есімде қалғаны, олар неміс әскерінен қашқысы келді және менен көмек сұрады». Бұл оқиға 1944 жылы Францияның Ножан қаласында болған[8].
Айткеш Толғанбаев кейін жазған өзінің естеліктерінде түркістан легионын неміс командованиесінің Францияға ауыстырғаны туралы айтады. 1943 жылдың желтоқсанында Түркістан легионының орналасқан жері — Францияның оңтүстігінде, Тулузадан алыс емес Альби деген шағын қалашығы болды. Түркістандықтар арасында Бақтыгерев болған. Осында легион штабы да орналастырылды. Түркістан легионында Қарыс Канатбай да болған еді. Бірақ К. Канатбай Вали Каюм Ханның қаһарына ұшыраудан сақтанып, басқа бөлімше құрамына өтіп кетті. Өзара келісімнен кейін Қарыс Канатбай айналасындағы адамдармен генерал Власов армиясына кірді және сонда Түркістан Ұлттық Кеңесін ұйымдастырды. Кейін бұл Кеңестің мүшелері «Түркістан ісі» бойынша сотталды. Соғыстан соң К. Канатбай Батыс Еуропада қалып қойғандықтан да «түркістандықтар» сотынан аман қалды.
1944 жылдың мамыр айында Түркістан мемлекетін құруға арналған алғашқы Құрылтай болып өтті. Негізгі баяндаманы ұлты қазақ, комитеттің Вице-президенті С. Алмамбетов жасады. Бұл кісі туралы мәліметтің аздығына қарамастан, құрылтайды өткізуде айтарлықтай рөлі болғанын байқауға болады.
«Түркістандықтар» тағдыры
«Түркістан легионы» мүшелерінің тағдыры әртүрлі, бір бөлігі Қызыл Армия жағына өтетін мезгілде неміс бөлімшелерімен қарама-қайшылықта қайтыс болды. Келесі бөлігі Қызыл Армия құрамына кірді.
Соғыс аяқталған соң, әскери тұтқындардың басым бөлігі, оның ішінде «Түркістан легионында» болғандар да Отанға қайтып оралды. Кеңестік билік оларға кешірім берілетініне уәде берді. Сонымен қатар, оларды елінде отбасылары, сүйген жарлары мен балалары күткен еді. А. Толганбаевтың естелігі бойынша, И. В. Сталин атынан және оның тапсырмасы бойынша генерал Голиков былайша жариялайды: «Құрбандықсыз және шығынсыз соғыс болмайды. Дұшпандар қолында қалған тұтқындар болған жағдайға кінәлі емес. Отаны күтіп отырған, аналары, әйелдері, ағайындары, қарындастары, қыздары мен балалары күтіп отырған Отандастардың үйлеріне еркін оралуларына болады. Қайтыңыздар!». Кейінгі жағдай көрсеткендей тарихи шындық, мұның бос ұран, адамдарды алдау екенін көрсетті. 1945 жылы Кеңес үкіметі кей жерде уәдемен, ал кейде күштеп бұрынғы лагерь тұтқындарын үйге қайта оралуға мәжбүрледі. Бірақ, ел басшылығының атынан берілген уәде тағы да өтірік болып шықты.
М. Шоқайдың жесірінің жақсы әсермен есіне алған тағы бір түркістандық, есімі Хасан деген қазақ 1946 жылдың наурыз айында Германияға жіберілген. Сонда бары-жоғы белгісіз болып кетеді, Мария Шоқайдың пайымдауынша «оны өлтірген» тәрізді. Мүмкін Хасанды ХІІК (НКВД) қызметкерлері ұстап алып, атып тастауы немесе Кеңес Одағында тар қапасқа салып жіберілуі мүмкін.
Айткеш Толғанбаев елге қайтып оралу туралы көп толғанды. Ол ортаға танымал скрипкашы болғандықтан да, оған Италияда келешегіне жарқын жол ашылған-ды. Бірақ туған даласына, туған отанына деген сүйіспеншілігі, оны Қазақстанға оралтты. Олардың бір бөлігі Қарыс Канатбай, Әлім (Ғалымжан) Алмат, Баймырза Хайт Германияда қалуды ұйғарды немесе Түркия, Египетке қоныс аударды… Әлім Алмат кейінірек әлем жұртшылығына музыкант ретінде танылды.
Әділетсіз төрелік
Отанына қайтып оралғаннан кейін, бұрынғы әскери тұтқындар немесе Кеңес үкіметінің қызметіне сыни көзқарастағылар тұрақты түрде НКВД бақылауында болды.
1945–1946 жылдар аралығында олар туралы біршама «материал» жинақталды. Осы тұста, ақиқатын айта кету қажет, Отанына оралған «түркістандықтар» ешқандай саяси қызметпен айналысқан жоқ, заңды бұзатындай іс-қимылдар жасамаған да еді. Дегенмен олар өздерінің соңынан бақылаудың барын білетін, сондықтан да «бетегеден биік, жусаннан аласа» тіршілік кешті.
Мұнымен салыстырғанда батыс елдері, бұрынғы әскери тұтқындарға мейірімдірек және кеңірек болды. Қажетті тексерістен кейін олар күнделікті өмірлеріне қайтып оралды, қызмет атқарды, тіпті үкіметтік билік органдарына сайланды да. Тұтқыннан босап келгендер «Аман қалғаның үшін» деген медальмен марапатталды.
Бірақ, сталиндік үкімет қарапайым адамдар тағдырын ойлап, бас қатыра қоймады. Және шындығында, кеңестік бюрократия, дамыған адамзат қоғамына тән өркениеттік нормаларын ұстанғысы келмеді-де[10].
1947 жылға қарай, өткен жылдар аралығындағы Қазақ, Өзбек, Қырғыз және Түркімен КСР бойынша жинақталған материалдар біртұтас біріктірілді. Сталиндік органдар тұтқындарды жазалаған кезеңдегі ойдан шығарған «біріккен» орталықтар мен одақтар бойынша жинақтап жазалауға бейім тұратын. Осының мысалы ретінде көптеген кеңес өкіметі басшыларын қапасқа тоғытқан, 1937–1938 жылдардағы «орталықтар» мен «одақтардың" ойлап тапқан „Алаш-Орда ісін“ еске алуға болады. Бұл үрдісті ұйымдастырушылар „Отанға және Лениннің ұлы ісін сатқындықтары үшін халықтың тарихи әділ-жазасын“ алды деп жариялап, айыптау шараларының салмағын арттыруға тырысқан-ды.
Мұндай процестің жалғасы ретінде „Түркістан Ұлттық комитеті“ және „Түркістан ұлттық кеңесіне“ қатысушылар және „Түркістан легионы“ мүшелері жазаға тартылды. Айыпталушылар құрамы әртүрлі болды, кейбірі әскери тұтқыннан оралғандар болатын, ал кейбірі сталиндік лагерден қармалды. Солардың ішінде бұрын машинистка-іс-қағаздарын жүргізуші болып қызмет атқарған, ұлты өзбек әйелі, соғысқа дейін Қазақстан үкіметінде министр қызметін атқарған Нұрқан Сейтов, сол сияқты, ақындар мен жазушы Х. Абдуллин, А. Абдуллаев (түрікмен) сияқты жазушылар да болды. Сотталғандардың арасында ғалымдар да, мұғалімдер және сонымен қатар музыкант Айткеш Толғанбаев та айыпталды.
Процесс екі жақтың және қорғаушыларының қатысуынсыз Түркістан әскери трибуналының жабық отырысында жүргізілді. Трибунал құрамына төрағалық етуші юстиция генерал-майоры Хабулатов, Сот мүшелері — полковник Катков, юстиция майоры Деброденев, хатшы Шяхонин болғанын А. Толғанбаев еске алады. Айыптау қорытындысына полковник Сакенов қол қойған. Кейін ол МҚК генерал-майоры шенін алды. Жоғарыда аталған Катков пен Сакенов кезінде С.Сейфуллин сияқты тағы басқа алаш азаматтарын қинаған „полковниктер“ болатын.
Сотталушылардың ұлттық құрамына келетін болсақ: қазақтар -19 және Түркістаннан бір өзбек, өзбектер -18, тәжіктер -2, түркімендер -7, қырғыздар -2[11]. 1947 жылдың 8 сәуірінде басталған сот ісі, осы жылдың 18 сәуірде аяқталды. Яғни сот процесі бар-жоғы 10 күнге созылды және 49 адамның қылмыстық жазаға тартылуымен аяқталды. Олардың барлығы РКФСР Қылмыстық кодексінің ең ауыр — 51-ші және 58-ші баптары бойынша сотталды. Басқаша айтқанда, оларды „халық жауына“ жатқызды және оның 11-ін ату жазасына кесті, 1914 жылы туылған, Ақмола облысы Қорғалжың ауданының тұрғыны — Тыныбеков Хәкім, Колдыбаев Артур, Бекбосынов Сатыбалды, Сейтов Нұрқан, Жаманқұлов Зунум және басқалар. Кейін ату жазасы 25 лагерге ауыстырылды. Олардың ішінде біреуі атылды.
Осы тергеу процестерінің күш көрсету мен қинау арқылы жүргізілгенін, кейін аман қалған түркістандықтар көпке дейін айтып жүрді. Оларға: шетелдік мемлекеттің пайдасына шпиондық іс-әрекет (А. Толганбаев), диверсия, үгіт және тағы басқа іс-қимылдар жасаған деген күнә тағылды. Қамауға алынғандардың өздерін қорғауға мұршалары да қалмады. Ал қалған 38 адамға келетін болсақ, олар 7–25 жыл аралығындағы түрлі мерзімге айыпталды (Мәлімет А. Кәкен „Түркістан легионы“.-А., 2000ж. кітабынан алынды). Бұған қосымша айта кететін жәйт, айыпталғандар еңбек лагерінде еркіндігінен ғана айырылған жоқ, „олардың саяси құқынан айыру мен мүлікін тәркілеу“ қоса жүргізілді. Бұл адамның құр сүлдесі ғана, көлеңкесі қалды дегенді білдіреді. Бірнеше күннен соң айыпталушыларды бекітілген Ережеге сай кезең-кезеңімен Сібірге, Байкалдан тыс жерлерге… жіберді. Ал қазақстандық лагерлерге осындай құрбандар Прибалтика, Украина, Кавказ, Ресей қалаларынан толассыз келіп жатты. „Түркістандықтармен“, жалпы барлық әскери тұтқындармен есеп айырылысу үрдісін Айткеш Толғанбаев тағдырынан да белгілі болып тұр. Тергеу кезінде А. Толғанбаевтың француздар қарсыласуына қатысы, Артур Қолдыбаевтың куәлік еткен сөзі, еленген жоқ. Тергеу жұмысы жауынгердің кінәсіздігін дәлелдейтін, Ерекше бөлім қызметкерлерінің Италиядағы әскери миссиясына да сұраныс жасаған жоқ. Сонымен, Айткеш Толганбаев та РКФСР Қылмыстық кодексінің 2б., 58–11 58–16 және 58–10 баптары, дұшпандар жағына өту түріндегі Отанға сатқындық, кеңес өкіметіне қарсы насихат, үгіт және шпионаж бойынша жазаға тартылды».
1970 жылы А. Толганбаев бұрынғы Италиядағы совет елшісі М. А. Костылевті іздестірді. Бұл кісі Айткеш үшін көп жақсылықтар жасаған еді. Ол тарихи сұхбатты былайша еске алады: Жеке әңгімелескенде бұрынғы елші: «Шындықты білгіңіз келе ме? Мен сонда білгенмін, Одаққа қайта оралған соң Сізді тұтқындайтынын.
-Білдіңіз ба? Сонда маған ишара да жасамадыңыз ба?
-Құқым болмады. Егер айтсам, өзіме оңай соқпаған болар еді. Менің қолымнан келгені Сіздің қайтатын мерзіміңізді созу ғана болды… Сіздің аман қалғаныңыз, Ол бақыт қой»[12]. Елшінің бұл жауабы, Кеңес үкіметінің әскери тұтқындарға жариялаған кешірімі әділеттілікті аттап, жалған болғандығын дәйектеп-ақ тұр. Ол кезеңде тұтқындарды айыптау міндетті түрде болу қажет болды. Оның басты мақсаты шындыққа қол жеткізу емес, қорқыныш пен биліктің күшінің әсерін көрсету болды. Бірақ тағылған мұндай айыптарға сену және сенбеу күрделі мәселе. Біріншіден, генерал Голиков айтқандай тұтқынға түскендерге кешірім жасалынған еді. Ал басқа қосымша «күнәлары» — айқын дәйектелуі қажет-ақ еді. Уақыт — төреші, айыптаудың қисынсыздығы мен қателігі айтқандай, сол биліктің өзімен мойындалды.
Қазіргі оқырман «Ұлы көсемнің" 1953 жылғы өлімінен кейін 1955 жылы КСРО Жоғары Кеңесі Президиумының төрағасы Климент Ворошиловтың шығарған «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезеңінде оккупанттармен ынтымақтасқан кеңес азаматтарының амнистиясы жөніндегі» Жарғысы жұрттың бәрінің есінде сақтала қойған жоқ-ты. Оның қосымшасындағы берілген Қаулыда жау қолына берілген тұтқындар, Кеңес Армиясы мен Флотының әскери қызметкерлеріне Жарғыны қалай пайдалану қажеттігі жөнінде түсінік жасалды. Осы Жарғы бойынша біршама тұтқын еліне қайтарылды.
Тұтқынға түскен әскери қызметкерлердің РКФСР Қылмыстық кодексінің 1922 және 58–10 баптарымен және басқа одақтас республикалардың қылмыстық кодекстерінің баптарына сәйкес, жазасын алып тастау және оны құқтық жоюмен босатылғандар қатарына жатты. Бұл Жарғы көптеген бұрынғы шын мәнінде жазықсыз әскери тұтқындардың, жанын сүйреткен «өлермендердің" лагерьден шығуына мүмкіндік берді. Дегенмен, бұл кезеңде 1955 жылғы Жарғыға дейін сотталғандардың көпшілігі тірі емес еді. Олардың отбасыларының берекесі кеткен, жанұялары жан-жаққа тарап кеткен болатын. Бірақ, бұл Жарғы да сыңаржақты болды. Лагерден босатылған бұрынғы әскери тұтқындардың азаматтық құқысы толықтай қалпына келтірілмеді. Олар партиялық және құзырлы органдардың „бақылауы“ және қызметке орналасуда шектеулер болды. Шындығында олар, өз елдеріне шамасы мен мүмкіндіктеріне қарай қызмет еткісі келді.
Эпилог
1955 жылы 17 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының № 17/09 Жарғысы негізінде кешірім ойынша Айткеш Толғанбаев жазасын өтеген жерде (Сусуманда) мерзімінен бұрын босатылды. Бірақ бұл кісі, ақталуға ұзақ жол арқылы жетті. 1957–1972 жылдар аралығындағы жәбірленушінің берген арызына сәйкес, Қазақ КСР ҚМҚ және КОКП ОК қылмыстық істі қайта қарау және, ақтау бойынша прокуратура тарапынан бақылау тәртібінде, мұрағаттық қылмыстық істерге, оның ішінде қосымша да тексеру жұмыстары жүргізілді. Соңында билік мынадай анықтама берді: „Сіздің шетелдік мемлекеттің арнайы қызметіне және тыңшылыққа қатысыңыз расталған жоқ“. Осыған қоса қылмыстық істі қайта қараудың қабыл алынбауына байланысты, „дұшпан жағына өту және кеңес өкіметіне қарсы насихат және үгіт формасындағы“ айыптау бұрынғысынша тағы да қалдырылды. Тек КСРО ыдырағаннан кейін ғана, тәуелсіз Қазақстан Республикасы құрылған соң Президент Н.Ә. Назарбаевқа жасаған өтініштен кейін, 1992 жылы мамыр айында Қазақстан Республикасының Прокуратурасы шешім қабылдады.
„Толғанбаев Айткешке қатысты Түркістан әскери округының Әскери трибуналының Үкімі және кейінгі сот шешімдері негізсіз деп танылсын“. „20-50-ші жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының құқысын қалпына келтіру туралы“ 1990 жылғы 13 тамызындағы КСРО Президенті Жарғысының бірінші бабы негізінде ол, ақталды».
Шығыс Қазақстандық Манас Нұғыманов француз әйелін тастап Отанына оралды, сотталды, 10 жылын лагерде өткізді. Оның қызы Моник Легра-Нугманов әкесін ұзақ іздеді. Бұл адамдардың тағдыры «Бір уыс топырақ үшін» фильмінде көрініс тапты. Түркістандықтар тағдыры осындай күй кешті. Әскери тұтқындарға деген арсыз және қатал қатынас жасағандар да КСРО азаматтары, басқаша айтқанда кеңестік бюрократияның басты көрінісі еді. Ал тұтқынға түскендер болса, қарапайым елінің азаматтары еді. Олардың бар арманы еркін және бақытты өмір сүру болатын.
Автор, қазақстандық әскери тұтқындар тағдыры, жалпы «Түркістан легионы» мүшелері жөнінде одан әрі терең іздестіру жұмыстарын жүргізуді қажет деп есептейді. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін аз зерттелген тақырып төңірегінде оқырмандарға ой салу көзделді.
ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор Б.Ғ. Аяған
Пайдаланылған әдебиеттер:
Верт Н. История советского государства. 1900–1991. М., 1992. -.281.
Верт Н. сообщает, что с начала войны да 1 мая 1944 г. согласно немецкой статистике в плен поколе 5, 75 млн. советских солдат.
2. Копии документов «Особого отдела НКВД СССР Закавказского фронта».
3. См. Кәкен А. Түркістан легионы. Деректі талғам. А., 2000ж.
4,8.Чокай М. «Я пишу Вам из Ножана». Кайнар, 2001. с. 107–111
5. Есмағамбетов К.Л. Әлем таныған тұлға. «Дайк-пресс», 2008. -с. 444- 447.
6. См. История Казахстана с древнейших времен до наших дней в пяти томах. А., 2010. -т.4. с.511.
7. Вюстер В. Кровавый кошмар Вермахта. М., 2010. (Вторая мировая война. Жизнь и смерть на Восточном фронте.) Аяган Б. Красные и черные (Материалы Гуверовского архива США) — Алматы, 2005. с. 115–118, 119–120.
9. Бекенов С. Қазақ тұтқыны. А., 2007.
10. Данные взяты из книги А. Толганбаева «Исповедь судьбы жестокой» А., Казахстан, 1993.
11. Кәкен А. Түркістан легионы. Деректі талғам. А., 2000ж.
12. А. Толганбаева «Исповедь судьбы жестокой» А., Казахстан, 1993.