Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақстандық «Флоренс Найтингейл» медалі иегерлері хақында

2975
Қазақстандық «Флоренс Найтингейл» медалі иегерлері хақында - e-history.kz

…Саптан шықпай нық басып келесің бе?   

   Сыздап тұр-ау әлі күн оқ тескен жер…  

   Қаласыңдар мәңгілік ел есінде, 

   Ару қыздар — алаулап от кешкендер.        

        Ф. Оңғарсынова

Отан алдында көрсеткен ерлігі үшін қазақстандықтардың ортақ мақтанышына айналған қос жұлдызымыз — Мәншүк пен Әлияға Кеңестер Одағының Батыры, Хиуаз Доспановаға «Халық қаһарманы»(2005), 113 әйелге Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы берілді. 10 мыңнан астам еңбекші әйелдер Кеңестер Одағының ордендерімен, медальдарымен марапатталды. Тылдағы еңбектері үшін қазақстандық 28 әйел Ленин орденімен, 25 «Қызыл Жұлдыз» орденімен, 196 «Құрмет Белгісі» орденімен, 400 — астамы «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған [1,Б,6].

Сондай-ақ әлем халықтарының ең беделді, ең ержүрек медбике, дәрігерлеріне ғана берілетін «Флоренс Найтингейл» атындағы медаль бар. Ол медальдің өзіндік ерекшелігі мен тарихына тоқталсақ. Алғашында Таяу Шығысқа үстемдік етіп, билік жүргізу үшін Ресей мен Түркия арасында басталған Қырым соғысына (1854 — 1856 жылдар) ағылшындар мен француздар да араласады. Осы Қырым соғысында, ағылшынның орта буын медицина қызметкері Флоренс Найтингейл (1820–1910 жж.) [5] ерекше көзге түседі. Ол ұрыс даласынан көптеген жаралы жауынгерлерді алып шығып, емдеуде кәсіби шеберлік және мейірімділік танытады. Ержүрек медбике ерікті санитарлар отрядын ұйымдастырып, өзі жетекшісі болады [3, Б,34]. Ұлыбританияда орта және төменгі буын медицина қызметкерлерін даярлаудың озық жүйесін құрады.

Соғыс кезінде жаралыларға, бейбіт өмірде ауру жандарға қамқорлығын аямай көрсеткені үшін Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалімен дүние жүзінде 1309 медбике марапатталған. Ұлы Отан соғысы кезінде Кеңес Одағының 26 медбикесі және қазақстандық 5 фельдшер [7] марапатталған. Олар: Смирнова-Кухарская М.П. (1973), Ысқақова Р.Ш. (1975), Дмитриева-Глубина А.Я. (1985), Широкая-Руденко В.В. (1987), Дмитриенко А.М. (1989). Енді қазақстандық «Флоренс Найтингейл» медалінің иегерлерінің тарихы мен тағдырына тоқталайық.

Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалінің иегері — Мария Петровна Смирнова (Кухарская). 1921 жылы Одесса маңында дүниеге келген. Мектеп бітірісімен1941жылдың 28 шілдесінде майданға аттанған жас қыз бар болғаны жиырма жаста еді. Ең алғаш медсанбатка келген бойда жаралы танкисті қабылдап алуға бұйырды. Жаралы жас жігіттің бір қолы жұлынып түскен, бұлшық етіне ғана ілініп тұр. Көпті көрген хирург қолындағы қайшысымен жігіттің бұлшық етін қиып жібергенде қолы солпаң етіп жерге түсті. Маша қорыққанынан ес — түссіз жерге сылқ ете қалды. Есін жиғаннан кейін: «Хирург ұрысып, қайтарып жібере ме, сенен ешқандай санитарка шықпайды» деп қорыққан. Жоқ , хирург бұған күлімдеп қарап: «Қызым, үйрене бер, әлі бұданда зорын көресің" [6] дегені ғой.

c9219a022be0d9f7bf96b1a086aaeaae.jpg

Мария Петровна Смирнова (Кухарская)

Осындай жанталас сәттердің талайы Мария Петровнаның басынан өтті. Кейіннен ойланып отырса 480-нен астам [7, Б,63] өрімдей жауынгерлерді ұрыс даласынан аман алып шыққан. Осыдай кезекті ұрыстардың бірінде медбикенің өзі-де жараланып, госпитальға түсті. Оның ерлігі, жанкештілігі жайында сол кезде майдан газеттері, оның ішінде «Красная Армия» газеті талай мәрте жазды. Қаншама жауынгерлер өмірін сақтап қалған Марияға алғыстарын өлеңмен жолдады. Мысалға, Евгений Долматовский «Песня о Марусе Кухарской» [1, Б,266].

Соғыс барысында көрсеткен ерліктері үшін Мария Петровна «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «І, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» [1, Б,268] медальдарымен марапатталды. Ерлік жолын Жеңіс күнімен аяқтаған Мария Петровна бейбіт өмірде-де адам денсаулығының сақшысына айналды. Өзінің жан жарын майданда кезіктірген Мария онымен 46 жыл өмір сүрді. Екі қыз бала тәрбиелеп өсірді. 

Соғыс кезінде жаралыларға, бейбіт өмірде ауру жандарға қамқорлығын аямай көрсеткені үшін 1973 жылдың мамыр айында Мария Кухарская Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалімен марапатталды.

Мария Петровна соғыстан кейін Көкшетау қаласында жиырма төрт жыл балалар медбикесі болып, бас медбике болып төрт жыл және санитарлық дәрігердің көмекшісі болып екі жыл, барлығы отыз жылға жуық табан аудармастан еңбек етті.
Еңбек майданындағы тынымсыз тірлігі ескерусіз қалған жоқ. 1976жылы Отанымыздың жоғары наградаларының бірі — «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» [1, Б,269] белгісіне ие болды.
Ұзақ жылдар бойғы үздіксіз-де өнегелі еңбегі ескеріліп, 2001жылғы наурызда Көкшетау қаласының құрметті азаматы атанды.
Отты жылдары етегімен су, тобықтан кан кеше жүріп, көптеген жауынгерлердің қатарға қосылуына себепші болған жауынгерлік жорықты жылдары өлең — жырға айналған Мария Петровна Смирнованың қысқаша өмір жолы осындай.
Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалінің қазақстандық екінші иегері, лейтенант — Разия Шәкенқызы Ысқақова. Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тумасы. 1936 жылы жеті жылдық мектепті бітірген соң Шымкент қаласындағы медициналық училищені бітіріп, фельдшер мамандығын алады. Еңбек жолын ауылдан бастағалы отырған кезде Ұлы Отан соғысы басталады. Өзі сұранып, 1941 жылдың қазан айында әскери фельдшер болып соғысқа аттанды. Ол кезде Разия Шәкенқызы он тоғыз жасар қыз еді.

0a41aa3236396bf7ab5985c254395ab1.jpg

Рәзия Ысқақова

Рәзия Ысқақова І Украина майданында генерал — полковник П. Рыбалко қолбасшылық еткен атақты танк армиясына қарасты 55 танк бригадасында фельдшер болады. Жауып тұрған қорғасын оқтың арасынан талай жаралыларды алып шыққан. Фельдшер Рәзия Ысқақованың бір ерлігі жөнінде осы бригаданың медицина қызметінің бастығы майор Богусловский: «Медицина қызметінің лейтенанты Ысқақова нағыз ерлік көрсетті. Ол жанып жатқан танктен батальон командирі Федоров пен оның экипажын алып шықты. Ол жаралы он бес адамды өлімнен құтқарып қалды» [1, Б,362] — деп жазған. Бұл — Сандомир үшін шайқаста болған оқиға еді.
Рәзия Шәкенқызын кейде майдандас достары «Қазақстан розасы, Қазақстан гүлі» [3, Б,44] деп те атайтын.
1943 жылдың жазында Курск доғасындағы Прохоровка елді мекенінің маңында танк үстінде лаулап жанған оттың қызыл жалыны қара түтінмен айналасындағылардың бәрін қырып, қара металдың өзін балқытуға шақ қалғанда Рәзия апамыз төрт бірдей танкисті от оранған танктен алып шықты. Лаулап жанған киімдерін сөндіріп, төртеуінің жарасын таңып, бәрін медсанбатқа жеткізді. Дәл осы күні жиырма танкисті ажал аузынан арашалап алып қалған.
Рәзия Шәкенқызы Сталинградттан бастап Харковті, Киевті, Варшаваны азат етуге қатысты. Берлинді алу шабуылына ат салысты. Праганы азат етуде-де майданның ортасынан табылды. Киев қаласы түбіндегі үлкен ұрыс алаңы. Рәзия кезекті жауынгердің жанына еңкейе бергені сол еді, жақын жерден жарылыс болды. Ол есеңгіреп қалды, ал сарбаз снарядтың жарқыншағы тиіп, екінші рет жараланды. Басының айналып, жүрегінің айнып, құлағының тас керең болып естімей қалғанына қарамастан, жаралы сарбазды арқалап медсанбатқа жеткізеді. Осы ерлігі ескеріліп «Ерлігі үшін» [1, Б,362] медальмен марапатталды.
Бірде ротаның старшинасы Ивашенко ұрыста қатты жарақаттанды. Хирургтердің пікірі бойынша оның өмірін тек қан құю арқылы сақтап қалуға болады екен. Сол кезде фельшер Рәзия ойланбастан жаралы старшинаға өзінен қан алуды ұсынды. Рәзия Шәкенқызы соғыс кезіндегі осындай ерліктері үшін 1975 жылы Халықаралық Қызыл Крест комитетінің «Флоренс Найтингейл» медальмен марапатталған.
Рәзия апаның кеудесінде «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін» және басқа он жеті медаль жарқырайды. Кеңестер Одағының құрметті қан тапсырушысы болып қаншама адамның ажалдан арашалануына септігін тигізді. Бейбіт өмір кезіндегі еңбегі үшін «Денсаулық сақтау саласының үздігі» [5] белгісімен марапатталды.
Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалінің қазақстандық үшінші иегері — Антонина Яковлевна Дмитриева(Глубина). 1921 жылдың 8 наурызында Омбы облысы Шалқар(Челкар) ауданының Татарка аулында дүниеге келген. Санитарлық инструкторлардың курсын бітіріп, 1942 жылдың желтоқсанында майданға аттанды[7,Б,64]. Соғыстың алғашқы шебінде мотоатқыштар батальонында санинструктор болған. Жауынгерлер мен офицерлерге көмек көрсете отыра, жараланғандарын ұрыс даласынан шығарды. Антонина Яковлевна Белоруссияны, Польшаны азат етуге қатысты. Ол осы шайқастарда қан кеше жүріп, жаудың қарша борап тұрған оғынның арасынан жауынгерлерге медициналық көмек көрсетіп, оларды майдан шебінен алып шықты.
Соғысты Германияда жеңіспен аяқтағандардың бірі. Соғыс кезінде өзі-де екі рет жараланған.

4b25a7df51526d38d5a1ade8c7ebc3ac.jpg

 Антонина Яковлевна Дмитриева(Глубина)

Соғыс барысында көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерлігі үшін» медальдармен марапатталған. 1985 жылы ХҚКК (МККК) ең жоғарғы наградасы — «Флоренс Найтингейл» атындағы медальмен марапатталды. 1945 жылы демобилизациядан кейін Павлодарға келген. Зейнет демалысына дейін 37 жыл[7,Б,65] медбике болып жұмыс істеді.
Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалінің қазақстандық төртінші иегері, кіші лейтенант — Вера Власовна Широкая-Руденко. 1941 жылы Одессадағы медучилищені бітірген. 18 жасқа толмай майданға аттанды. Ол өзінің кәмілетке толғанын Чапаев дивизиясының жаяу әскер тобыныңалғы шебінде қарсы алды. Оның майдандық жолы Новороссийск, Батайск, арқылы жаяу әскер полкінің 8 армиясының әскери фельдшері, кейін медицина қызметінің кіші лейтенанты болды. Ростов-на Дону қаласын азат етуге және Дон өзеніндегі шабуылға қатысқан. Ол осы шабуылдарды Дон арқылы 50 жаралы жауынгерді өткізіп, оларға жәрдем көрсетті. Бұл еңбегі үшін 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Жаралы жауынгерлерге бірнеше мәрте өзінің қанын құюға келісімін берген, ештеңеден қорықпайтын батыл қыз болды. 1944 жылы Вера контузия алып, осы жылдың ақпанында демобилизацияға Брянск облысына кетіп, Одесса қаласында ауруханада, аға медбике қызметін атқарды. 1954 жылы КСРО Денсаулық сақтау министрлігінің жолдамасымен тың жерлерді игеру үшін Қазақстанға келеді. Ол мұнда 30 жылдан астам медицина саласында жұмыс істеді. Вера Власовна «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Тың жерлерді игергені үшін» [7, Б,64] медальдарымен марапатталды. Сондай-ақ ол «Денсаулық сақтаудың үздігі» белгісімен, ал 1987 жылы «Флоренс Найтингейл» атындағы медальмен марапатталды.
Халықаралық Қызыл Крест Комитетінің «Флоренс Найтингейл» медалінің қазақстандық бесінші иегері — Анна Михайловна Дмитриенко. 1923 жылы Алтай өлкесінің Линьки аулында дүниеге келді. 18 жасқа жаңа толған, қаршадай қыз Анна Мәскеу, Ленинград, Старая Русса қалаларын қорғауға қатысты. Майдан даласынан 200-ден астам ауыр жараланған жауынгер, офицерлерді шығарды. 1943 жылдан бастап тұрақты қан доноры болды. 1944 жылы зардап шеккендерге көмек көрсете жүріп, өзі жараланады, сонан соң Кеңес Армиясы қатарынан демобилизацияланады.
25 жылдан астам туберкулезге қарсы күресу диспансерінде медбике болып қызмет етеді. Қызмет барысында ҚазССР ҚКҚ қызметіне белсене қатысады. Қызыл Крест учаскелік комитеті негізгі ұйымының төрайымы міндетін атқарады. Анна Михайловна — тегін қан донорлығының насихатшысы, үйде науқастарды күту бойынша қызметшілер курсын дайындаушы медицина қызметкері. А. М. Дмитриенконың ерлігі мен еңбегі ескеріліп «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» [7, Б,66] және т.б. медальдарымен марапатталған. 1989 жылы «Флоренс Найтингейл» атындағы медальмен марапатталды.

5917ff3332bca0e86a351ebcf5d5ce4d.jpg

Анна Михайловна Дмитриенко

Ұлы Отан соғысы кезінде және одан кейін Қазақ ССР ҚКҚ Армия бөлімдеріндегі медбикелер мен сан.дружинницалардың соғыс немесе бейбіт кезде әрқашан жоғары дайындықта болды. Жоғарыда келтірілген дәлелдер мен дәйектер он сегізге толмаған, жиырмадан енді ғана асқан жас қыздардың Отаны үшін өз жандарын құрбан етуге дайын екендігін көрсетеді. Жауып тұрған оқтың арасынан талай жаралы жауынгерлерді аман алып шығу, қансырап, бір қадым басу мұң болып, көмек күтіп жатқан талай боздақтарға, балапанына су тасыған қарлығаштай болып көмегін аямаған медбикелердің алдында жас ұрпақ тағзым етуге міндетті. Қазақстандық ХҚКК «Флоренс Найтингейл» медалімен марапатталған қаһарман қыздарымыздың көрсеткен ерлігі бүкіл әлем халықтарының есінде қалып, жас ұрпақты тәрбиелеуде таптырмас үлгі болары анық. Отан үшін жан берген Мария Петровна Смирнова (Кухарская), Разия Шәкенқызы Ысқақова, Антонина Яковлевна Дмитриева(Глубина), Вера Власовна Широкая-Руденко, Анна Михайловна Дмитриенколардың қысқаша тарихы мен тағдыры осылай.

b9e43b2bc4942a9d36270897721b6019.jpg

Вера Широкая

Осы жұмыс жазу барысында МКҚК Көкшетау медициналық колледжінің «Мейірбандылық және ержүректілік» мұражайының материалдары қолданылды. Колледж директоры Мұратбекова Светлана Қабденқызы мұражай материалдарын қолдануға рұқсат беріп, жұмыстың мәнді өтуіне септігін тигізгені үшін зор алғысымды білдіремін.

Д.М. Тұрарбеков Л. Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты,
Астана қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Қасымова Б. Қазақстанның қыздары — Ұлы Отан соғысы жылдарында. — Астана, 2005. — 371 б.
2. www.rokk.ru. Cписок советских медалисток Флоренс Найтингейл, награжденных Международным Комитетом Красного Креста с 1961 по 2005.
3. Будко Д. А. За истинное милосердие и заботу о людях // Военно — исторический журнал. — 2006. — № 3.
4. Көлбаев Т. Қазақ әйелі қаһарман // Дала мен қала. — 2010. — 8 наурыз.
5. http://ru.wikipedia. Биография Флоренс Найтингейл
6. www.google.ru. Римма Волкова. Свеча, которая не гаснет. Воспоминание о войне.
7. Қызыл Крест Халықаралық Комитетінің Қазақстан Республикасы Қызыл Ай Қоғамының анықтамасы. Астана, 2009
8. МКҚК Көкшетау медициналық колледжінің «Мейірбандылық және ержүректілік» мұражайының материалдары

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?