Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Үш жүздің басын қосқан – Ордабасы

9416
Үш жүздің басын қосқан – Ордабасы  - e-history.kz
Қасиет қонып, құт дарыған қазақ даласының тасын түртсең тарихы сайрап қоя беретін хикметке толы мекендерінің бірі – Ордабасы тауы

Жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы ақылмен екшелді, талқымен таразыланды. Содан бері екі жүз тоқсан көк-темнің өзегі гүлдепті. Әмсе қамшының сабындай қысқа дейтін біздің уақыт санамызға ұлы тарихтың ұмытылмас сұлбасын сызып келеді. Сол берекелесудің, сол бәтуаласудың құны бү¬гінде бақуатты жүрген он миллион қазақ үшін тым биікте.

Ордабасы – Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданындағы таулы өңір. Табиғаты таңғажайып. Етегінен ұшар басына дейін тырмыса өрген салба-салба самырсын қарағайы болмаса да, қазақ үшін салқар-салқар таулардан бәсі биік. Тіпті, неге деп ешкім сұрамаса керек-ті. Өйткені сол жолы қазақтың басы Ордабасы болып бірікті де, қазақ тарихындағы 1723 – 1727 жылдардағы нәубетті кезеңнің қара бұлтын аспанынан біржола ығыстырды. Әмсе тарихта «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген атпен қалған жоңғар шапқыншылығына тоқтау салды. Бадам өзенінің сол жағалауында қазақтың үш жүзінің өкілдері ұлы құрылтай өткізді. Біртұтас қазақ әскері құрылып, бас қолбасшы сай¬ланды. Батырлығы, әдіс-айласы, соғыс тәсіліне жетіктігімен танылған Кіші жүз ханы Әбілқайыр үш жүздің біріккен қазақ жасағына бас қолбасшы болды. Осылайша берекелі ауыздан шыққан берік байламның арқасында қазақ жеңіске жетті. Жоңғардан ел азат етілді. Ал сол ұлы құрылтай барысы кейіннен қазақ арасында «Күлтөбенің басында күнде жиын» деген асыл сөзге арқау болды.

Ордабасы тауында 290 жыл бұрын жоңғарға тойтарыс беру үшін бәтуалы жиын өткізбесе, бүгінге бас аман, көңіл бүтін жетер ме едік? Сондықтан «Күлтөбенің басында күнде жиын» қылмасақ та, Ордабасыдан оқта-текте төбе көрсетіп тұруымыз парыз іспетті.

ХVIII ғасырда үш жүздің басын қосқан Ордабасы тауына үш жол алып барады. Тағы да Шымкенттегі Төле би мен Қазыбектің, Әйтеке бидің атындағы үш даңғыл тоғысқан тұста Ордабасы алаңы орналасқан. Бүгінде тарихтың ақтаңдақ беттеріне айналған «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» зұлматы уағында қазақтың құтын қашырды, берекесін кетірді. Сонда жоңғарларға қарсы күресті үш жүздің игілері осы төбенің басында кеңескен жоқ па?! Содан бері қазақта құрылтай да, жиын да жетеді. Жоғарыда айтқанымыздай, осыдан дәл 290 жыл бұрын қазақтың үш жүзінің басы Бадам өзені бойындағы Ордабасы тауында түйісті. Әбілқайыр, Әбілмәмбет, Сәмеке, Жолбарыс хандар мен Төле, Қазыбек би бастаған әр рудың би-шешендері мен батырлары бас қосқан басалқада жоңғарға қарсы жортуылмен қатар қазақ жасағы қолбасшысын сайлау мәселесі де майшаммен қаралды.

Осылай Әбілқайыр ханды бас қолбасшы қылып, тізе біріктірген үш жүз 1727 жылғы Бұланты-Білеуті және 1729 – 1730 жылдардағы Аңырақай шайқастарында жеңіске жетті. Тағдырлы шешім қабылданған жердің бірі саналатын Ордабасыны дүйім ел бес саусақтай біледі. Төбе басында 28 м биіктіктегі монумент пен үш ескерткіш бар. Аталмыш монумент 1994 жылдың 1 қаңтарында «Ордабасы» тарихи-мәдени ұлттық қорығы болып ашылғанда орнатылды. Жыл сайын Ордабасыға 40 мыңнан астам турист келеді.

Елбасы: «Ордабасы – ел жүрегі, жер кіндігі» десе, Әбіш Кекілбаев: «Ордабасы – қазақ рухының қағбасы» деген еді. Өкінішке орай, жерімізге тырнағын батыра бастаған орыс отаршылдары кезінде сонау заманнан ата-бабадан қалған қорғандар мен қорымдарды түгел тонаған. Осыдан Ордабасы ғана емес, Оңтүстіктің Созақ пен Сыр бойы, Қаратау мен Қазығұрт, Алатау мен Түркістан, Сайрам мен Отырардың тұтас астаң-кестеңі шыққан. «Қазақ топырағынан қазір табылып жатқан баға жетпес деректер, Алтын адам сол сұрапылдардан Құдай сақтап қалғандары ғана…». Осыдан жырма үш жыл бұрын, Тәуелсіздік тағылымына Ордабасыда ұлы жиын өтті. Осы тоқсан үштегі жиынға жүз елу мың адам қатысты деген ақпар бар. Осы жиынды: «1726 жылы Ақ орда тігілген биікке, Тутөбенің оң жағындағы белеске көтеріліп бара жатқанда , бір шетінен екінші шетіне көз жетпестей, қыр-қыратты қаптаған қарақұрым халықтың үстімен таңғажайып теңіз толқыны жүріп өткендей болды.

Сонау бір замандарда Ордабасы тауы жер бетінен жойыла жаздады. Кәдуілгі Ордабасы деген сөзді айтуға да, жазуға да тыйым салынған кездер болған екен. Жаза қалса, корректорлыққа келгенде сызылып тасталатын. Алайда қазақ қаламгерлері оны қорғау үшін аз жұмылған жоқ. Соған қарамастан Ілияс Есенберлин, Әбіш Кекілбаев, Софы Сматаев, Мұхтар Мағауин бастаған қаламгерлердің тың туындылары жарыса жарияланып жатты. Бертін келе Шерхан Мұртаза шімірікпей шындықты жазды. «Тоқсан үшінші жылдың ерте көктемінде Ордабасы тауының үштен бірін ойып алған карьер үңірейген күйінде үнсіз қалды. Бүйрек-бауырынан жартылай айырылғандай Ордабасы солықтап жатты-ау сонда. Кенет… Кенет Алматыдан ақжолтай хабар жетті». Осыдан соң қатарынан үш жылды үш биді еске алуға арнаған. Осы жолғы жиында Елбасы: «Ордабасы тауын сақтау, көркейтіп-көріктендіру – перзенттік парызымыз деп осы жолда тарихи жәдігерімізді қолдап-қорғау жолында нақты тапсырма берді. Одан қалды тарихи құндылықтарымызды қайта жаңғыртқан "Мәдени мұра" бағадарламасы аясында да Ордабасы құтты тарихи мекен ретінде мемлекет қарауына алынды. Бұл дегеніміз тарихты құрметтеу, бабадан қалған баға жетпес жәдігерді сақтау, жас ұрпаққа аманат етіп қалдыру. Осы тұрғыда Ордабасына тікелей қатысты тағы бір жақсы сөз бар -  қазақ бөлініп те көрген, бірігіп те көрген. Бөлінгені – Ақтабан, біріккені − Ордабасы», − деген салиқалы сөздер бар. Бұның дуалы сөздің түбінде тұнған тарих жатыр.

Ордабасы- қазақ халқының тарихыңда маңызы жағынан ерекше орын алатын, жоңғар басқыншыларына қарсы тәуелсіздік үшін ұлт-азаттық қозғалысты бастаудың ошағы, темірқазығы болып табылады. Орбасындағы ымыралыстық жолындағы айтулы жиын мәңгі халық жадында қалады. Жан-жақтан жау анталап, тыныштық кеткен заманда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ауызбіршілікпен ұйымдасқан түрде жауға қарсы батылдық таныту – тарихта қайталана бермейтін ерлік.

Қазіргі таңда әрбір грек баласының 300 спарталықтың ерлігін жатқа соғып, сол арқылы рухтанатынын ескерсек, біздің мұндай айтулы тарихымыз, Отан қорғауда жаудың көзінше жаға тартыспай керісінше ынтымақтастықтың үлгісін көрсеткен ата- бабамыздың бұл ерлігін жастарымызды отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің жарқын мысалы бола алатыны ақиқат.

Дәулет ІЗТІЛЕУ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111)

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?