Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Хан Сарайшық қайта түледі

2818
Хан Сарайшық қайта түледі - e-history.kz
Тарих дұрыс болмайынша, таным дұрыс болмайды ғой. Тарихты мифтендіруге немесе саяси рең беріп бұрмалауға әсте болмайды. Өйткені өткен өмір дәлдік пен тек шындықты ғана талап етеді.

Неге дейсіз ғой. Тарихтың қайырылып соғып, қайталанбай қоймайтын тағы бір кезегі бар. Міне, тарихи тәжірибе сонда ғана сіз бен бізге зерделі таңдау, дұрыс пайым жасатады.

Олай болса тарих дегеніміз өткен өмірімізді терең зерделеп, содан сабақ алу үшін ғана қажет екен. Кейде біздердің романтикалық көңіл күйдің ауанына салынып «келер күннен үмітіміз зор» деп құрғақ қиялды құр шабақтай беретініміз тағы да бар. Біздіңше, бұл да тиянағы мен тағаны жоқ түсінік деген ойдамыз. Екі шақсыз, дәлірек айтар болсақ, кешегі мен бүгінсіз келер күннің де мағынасы еш айшықталмақ емес. Себебі, «келер шақ» ұғымының өзі «өткен шақ» пен «осы шақ» «некесінің» негізінде ғана жаратылатын уақыт қой.

Міне, осы жайттарды терең пайымдап, жіті сараптаған Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қазақ социумының қазіргі уақыт тынысын дәл түсініп қоғамға зор сілкініс әкелген үлкен жаңалық болды. Метрополия ұғымның астарына үңілсек, деколонизация процесінен өтпеген ел өзінің ең қасиетті құндылықтарынан қара үзіп қалған халықтың біріне айналмақ. Елбасы идеясының басты нысаны бұған дейінгі бұлжымас қағидаға айналған отарлаушы ел орнықтырған тұтас түсінікті төңкеріп тастап, ұлттың өз төл бозжусан болмысымен қайыра қауышуы.

Аталған идея ұлттық құндылығымызды ұлықтай отырып, еліміздің ең әйгілі ескерткіштері мен көне тарихи орындарын қайта жаңғыртуды қолға алуды да басты меже қылады. Биылғы «Ұлы даланың жеті қыры» атты жаңа мақала да осы идеяның заңды жалғасы іспетті. Ендеше сол бір сабақтас идеядан сөзіміз дәйекті болу үшін бірер мысал келтіре кетейік.

«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологялық ескерткіштер мен археологялық экспозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үдерісін көрсетеді» - дейді. Мінеки, мақалада сөз болған Ұлы дала қойнауындағы көне жәдігеріміздің бірі Сарайшық қаласы. Сарайшық XIII-XIV ғасырларда батыс пен шығысты байланыстырған «Ұлы Жібек» жолының бойындағы маңызды бекеттердің бірі әм хан ордасы болған ортағасырлық қала. Бұл хаһында алғаш жазба дерек қалдырған ғалым арабтың белгілі жиһангері Ибн-Батута еді.

«...Біз ат жеккен арбамен он күн бойы жол жүріп Сарайжук қаласына да жеттік. Бұл Ұлысу деп аталатын үлкен, терең, ағысы қатты өзеннің жағасындағы гүлденген әсем қала. Дүниежүзіндегі Бағдаттан кейінгі екінші жүзбелі көпір де осында екен» деп жазады. Сарайшық дегенде ең еске түсетін жайыт «аққу көлі» мен «алтын қайық» хикаясы. Оқиғаның негізгі мазмұны мынаған саяды.

Жәнібек ханның жан дегенде жалғыз қызы болыпты. Ол табиғатты тамашалап көбінесе су жағасына барып балықтардың шоршып ойнағанын, құстардың топ-тобымен суға келіп қонғанын ұнатады екен. Осыны байқаған әке сүйікті қызына Сарайшықтың күнбатыс жағынан жасанды көл жасатып беріпті. Көлдің суын мезгіл-мезгіл ауыстырып отырған. Айнадай көл бетіне алтын қайық жүздіртіп көл бетіне секер сепкізген. Судың тәттілігінен болса керек, көлге қонған аққудың көптігінен бұл көл «Секер көлі» деп аталған екен.

Бұған дейін зерттеушілер Сарайшық жерінде мәңгілік дамыл тапқан хандар мен билердің саны жетеу деп келсе, қазіргі дерек олардың саны тоғыз екендігін алға тартады. Тағы да ғалымдар Жошы ұлысы тұсында Алтын Орданың он алты шаһарында ақша соғатын сарайлар болғандығын, соның бірі Сарайшық қаласы екендігін айтады. Ағылшын саяхатшысы Энтони Дженкинсон 1558-1559 жылдары Каспий теңізінің солтүстік және шығыс жағалауына саяхат жасау барысында Сарайшық қаласын көріп бүй деп дерек қалдырған екен. «Батыста Парижды көру қандай таңсық болса, шығыста Сарайшықты көру де сондай таңсық. Сол құмарлықпен Сарайшыққа келіп, жарты айдай аялдап қалдым. Сонда менің байқағаным, мұнда айына жеті жүзге дейін керуен келеді екен» деп тамсана жазады. Қаланың сәулет өнері де ерекше дамыған көрінеді. Археологтардың айтуынша шаһар іші толыққанды су құбырымен жабдықталған екен. Осылайша өз кезеңінде дәуірлеген ғажайып шаһар 1580 жылы орыс патшалығының қасақана айдап салған Дон казактарының шапқыншылығынан біржолата қирап, үлкен үйіндіге айналды. Кейін Ресей патшалығы қиранды қала орынына үлкен бекіністер тұрғызды. Бекіністің қалдықтары бертіңгі XX ғасырға дейін сақталған екен. Міне, Сарайшықтың өмір- өткелдері туралы қария тарих осылай дейді.

1999 жылы Атырау облысы әкімінің № 209 шешімімен «Хан Ордалы Сарайшық» облыстық мұражай-қорығы болып аталды. Биыл осы бір тарихи орынға республикалық мәртебе берілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің

№ 162 қаулысымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны болып қайта жасақталды. Енді «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы» төмендегідей қызмет түрлері бойынша жұмыс атқаратын болады.

1) тарихи-мәдени мұраны қорғау, сондай-ақ пайдалану саласында ғылыми-зерттеу, ғылыми-әдіснамалық, мәдени-білім беру қызметін жүзеге асыру;

2) музей ісі саласында халықаралық және ведомствоаралық ғылыми-техникалық мәдени ынтымақтастық жұмыстарын жүргізу;

3) ескерткіштерді, тарихи-мәдени мұра объектілерін, құрылыс салуды реттеу мекендері мен қорғалатын табиғи ландшафт аймақтарды, сондай-ақ музей заттарының толыққанды қорғалуын қамтамасыз ету;

4) ғылыми-қор жұмысын жүзеге асыру, ғылыми тұжырымдамалардың негізгі бағыттарын әзірлеу;

5) тарих және мәдениет мәселелері жөніндегі ғылыми тәжірибелік конференциялар мен семинарларды ұйымдастыру;

6) музей экспозициялары мен көрмелердің тақырыптық-экспозициялық жоспарларын әзірлеу;

7) кәсіпорын қызметінің оқу құралдарын басып шығару, сондай-ақ музей қорларын толықтыру үшін фото және бейне түсірілімдер жүргізу.

Оқып отырғанымыздай осы шаруаның оңға басып, күн санап алға жылжуына ел азаматтары мен меценаттардың сіңірген еңбегі зор. Жомарт жандардың соңғы жылдардағы жасаған толайым жұмыстары көпшілік назарында. Қазақта «Орнында бар оңалар» деген ғажайып сөз бар ғой.

Орыны үлкен үйіндіге айналған көне қалаларымызға қайыра көңіл бөліп, оған мемлекет тарапынан қамқорлық жасауымыз «өшкеніміздің жанып өлгеніміздің шын тірілгені» емес пе енді?!

Оқи отырыңыз: Сарайшық және Қызыл алаң

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?