Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қанды адыр немесе Шүршіт қырылған құпиясы

4870
Қанды адыр немесе Шүршіт қырылған құпиясы - e-history.kz

Бей ресми деректерге сенсек еліміздің аумағында аса ірі шайқастар болған 75 тарихи орын бар екен. Олардың барлығында да қазақ халқының тікелей болашағына қатысты яғни тағдыр шешті сұрапыл шайқастар болған. Солардың бірі – Шүршіт қырылған шайқасы өткен жер.

Ауызша жеткен деректер мен ел арасындағы әңгімелерге қарағанда, бүгінде Қарағанды өңіріне қарасты (бұрындары Баянауылға тиесілі жер болыпты) Шыбынды көлі мен Шідерті өзені арасындағы адырлы жазықта Абылай заманында нақты айтар болсақ, 1756 жылдың қара күзінде яғни 17 қазаны күні қазақ даласына 20 мың қолмен басып кірген қытай әскеріне ойсырата соққы берілген. Абылай ханның «Қылқұйрық» яғни қолына таяқ ұстауға жарайтын еркек кіндіктің барлығы атқа қонсын деген жарлығы бойынша бір қолдың астына жиналған күллі қазақ батырлары менмендеп келген жаудың мысын басып, жалғыз күннің ішінде түгін қоймай қырып жіберген. Абылайдың өзі шайқас өткен жазықтан жарты шақырымдай ғана жерде орналасқан қос төбенің бірінде қосынын құрып, бұйрықтар беріп отырған. Екінші төбе қарауыл қызметін атқарған.

Шайқастың сұрапыл болғаны сондай майдан өткен бүтіндей бұл адыр жеті жыл бойы қан сасып жатқан. Қанның иісінен қашып мал да жоламапты. Қыл аяғы сарышұнақ тышқанға шейін інін тастап ауып кетуге мәжбүр болған. Қанды адыр деген қосымша атау осыдан қалған дейді көнекөз қариялар.

Шындығында бұл жер – Сарыбел яғни Алты Алаштың басы қосылып, үш жүздің ханы атанған Абылай ханның құрметіне «Абылай ханның сары белі» деген атауға ие, қонысы жайлы, от-суы мол, қорғанысқа да қолайлы асулардың бірі. Бұл атау шүршіт оқиғасынан бұрын әлде одан кейін қойылғаны туралы нақты дерек жоқ.

Енді осы Шүршіт қырылған оқиғасы туралы тарихи деректер не дейді? 20 мың қол кім? Ол не мақсатпен келді, олар неге шүршіт аталды? Енді осыған тоқталып өту үшін аз-кем тарихи шегініс жасап көрейік: 1746 жылы қалмақ жұртының атақты хонтайжысы Халдан Серен өлгеннен кейін елде таққа талас басталады. Осы талас барысында қалмақтың бір тармағы саналатын хойыт тайпасының басшы-нояны Әмірсана жеңіліс тауып Пекинге қашып сол жерден пана табады. Ұзамай қытайдан қолдау тауып еліне қайта оралып 1755-ші жылдың қара күзінде Әмірсана Жоңғарияның хонтайжысы болу үшін бар күшін салады. Бірақ жағдай дәл өзі ойлағандай бола қоймайды. Іштегі талас-тартысты сылтауратып, жоңғардың басқару жүйесін шағын 4 хандыққа бөліп тастайды. Сөйтіп Әмірсана хонтайжы емес Хойыт руының ханы болып қалады. Ол бұл «мазаққа» шыдамай Цин империясына қарсы бүлік бастайды. Бұған қатты ашуланған Чиян лұң патша 1756 жылдың  наурыз айында «Ойрат халқы біржолата жер бетінен жойылсын!» қанды жарлық шығарып, қазіргі Тарбағатай өңіріне қарай мұздай қаруланған 60 мың қол жібереді. Зеңбірекпен қаруланған бұл қол ойына келгенін істейді. Жолындағының бәрін жайпап, ойрат жұртына қарасты аумақ халқын ойрандап шығады. Тарихи деректерде бұл соғыста аз уақыттың ішінде жалпы саны 600 мыңнан асатын жоңғардың түгелге жуығы қырылғаны айтылады. Қытай тарихшысы Уй Юаннің естелігінде бұл қырғында ауруы мен аштығын қосқанда жүз мыңнан асатын түтіннің оннан сегізі қырылғаны айтылады. Қалған оннан екісі орыс пен қазаққа қашып пана тапқан. Кейбір деректерде кезінде ұлардай шулап жататын Жоңғарияда бар жоғы 33 мыңдай ғана ойрат қалғаны айтылады.

Осылайша елі тоналып, халқы қырылып шарасыз күйге түскен  Әмірсана Қазақ ордасына қашып келеді. Нақты айтар болсақ, 1756 жылдың көкек айының (сәуір) 7-сі күні уақ-керей тайпасының батыры Қожабергеннен келіп пана сұрайды. Сол жерде жатып Әмірсана Абылайға хабар жіберген.

Көп ұзамай Қытай патшасы Чиян лұң Әмірсананың тірі қалып қазақ даласына қашып кеткені біліп Абылайға хат жолдайды. Онда Әмірсананы ұстап беруді талап етіп, олай болмаған жағдайда қазақ даласына қол кіргізетінін айтылған. Хаттың мәтіні мынадай:  «В течение нескольких лет в Джунгарии творятся беспорядки, часты [перевороты], все племена пребывают в тревоге. Ойраты разбрелись по свету, терпят лишения, не имея никаких средств к существованию. Я [император] являюсь правителем Поднебесной, [поэтому] не мог смотреть на это безразлично со стороны, простер небесную кару и умиротворил Или. Они (джунгары) все стали безгранично счастливы. Дальнейшие улучшения предполагал осуществить постепенно, одно за другим, рассчитывал надолго. Не предполагал, что Амурсана вынашивает измену и начнет сумасбродничать. Ныне специально приказал генералам великой армии срочно организовать погоню и захватить его. Сами джунгарские тайджи, зайсаны, соединив свои ополчения для защиты справедливости, помогают [нам] захватить [Амурсану]. Ныне положение Амурсаны безвыходное. Покинув свой народ, скрылся далеко. Непременно должен оказаться в ваших казахских землях. За [все] преступления этого бунтовщика казнить мало. Куда бы он ни убежал, рано или поздно все равно захватим и казним. Ему ни за что не ускользнуть из [наших] сетей. Ты, Аблай, проявил уважение к Небесной династии, присылал своих: послов справиться о моем здоровье, [в этом] чувствовалась [твоя] искренность. Однако поскольку [послы] были задержаны бандитом, то не были представлены ко двору. Что касается коварства бунтовщика (Амурсаны), то вам оно прекрасно известно. Нет никакого резона укрывать разбойника. Если оставишь его у себя, то это принесет твоему владению вред, а не пользу. Твое владение граничит с Джунгарией. Ранее, во времена Галдан-Цэрена, ты все же испытывал с его стороны притеснения. Еще недавно твоему владению наносили урон джунгарские варвары. А теперь [ты] должен быть доволен. Сейчас все владения Западного края вошли в нашу территорию. Если вы оставите у себя бунтовщика и скроете его, то непременно возникнут конфликты, так как во всей Джунгарии нет ни одного человека, сочувствующего смутьяну (Амурсане). Из-за одного человека вы навлечете на себя: ненависть людей. К тому же великая армия также окажется в твоих пределах и будет требовать выдачи [Амурсаны]. Разве пребудут в спокойствии твои племена? Впоследствии раскаетесь безмерно. Вы [теперь] можете хорошенько взвесить и пользу и вред [от всего этого]. Обстоятельства складываются так, что вы должны выполнить мой приказ, немедленно захватить и выдать [Амурсану], [и тогда] вечно будете пользоваться моей милостью» (шығыстанушы ғалым, тарихшы Клара Шайсұлтанованың аудармасы)

Сонымен бірге Абылайға сый ретінде мол көлемде сыйлық жіберген. Белгілі ғалым Бақыт Еженханұлының «Қожаберген батыр» атты еңбегінде Қытай патшасы Чиян лұңның Абылай хан мен Қожаберген батырға арнап 4 орама атлас, жібек және мол көлемде шай жібергені айтылады. Алайда Абылай хан Әмірсананы беруден бас тартады. Әрі өзінің сенімді қолбасшыларының бірі Қожаберген батырға Әмірсананы қорғауына алуды тапсырады. Өйткені бұл кезде Абылайдың ұрыстардың бірінде жараланып, емделіп жатқан еді.

Бұл хабарды естіген Шүршіттің батыс шекара әскери мекемесінің бас қолбасшысы Юй Бао Тарбағатайдың Шағаноба деген жері арқылы жалпы саны 20 мыңнан шүршіт қолын жібереді. Жер қайысқан қалың қолды Дардана  және Хадаха деген екі қолбасшы басқарды. Белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, қазақ жасақтары 1756 жылы мамыр айында Шағаноба түбінде бірінші рет шайқасып қалғаны болмаса ашық соғысқа шықпаған. Себебі: олар от қару - дықпен (зеңбірек) қаруланған еді. Қожаберген батыр мен Әмірсананың қосыны бастаған қазақ қолы тиіп-қашып отырырып шешуші шайқас болатын яғни Сарыбелге дейін алып келген. Қытай қолы осылайша мың шақырымдай жүріп отырып, Сарыарқаға жетіп одан әрі Есіл, Нұра бойына дейін келеді. Сосын жолын бағып күтіп отырып қырып тастаған. «Қытайлардың негізгі мақсаты Әмірсананы ұстау ғана емес. Абылайды да алдарына жығу болатын», - дейді Ж.Артықбаев. Сонымен қатар ол кезде басында айтып өткеніміздей Абылай санына оқ тиіп жараланып жатқан еді. Осыны білген қытайлар тоз-тозы шыққан қалмақпен бірге қазақ даласын  басып алу мақсаты болғаны даусыз.

Ал бұл кезде Абылай даялық жұмыстарына кірісіп жатқан еді. «Абылай 17 қазан күні атқа мінуге жарайтын еркек кіндік Баянауылға жиналсын деген «Қылқұйрық» ұраны бойынша жинал дейтін ұраны бойынша қазақ батырлары сарбаздарын бастап Сарыарқаға қарай ағылып жатты. Қабанбай, Бөгенбай, Қожаберген, Ер Жәнібек, Қожаберді секілді қолбасылар сол жердегі төбесіндегі Абылай қосынында ордаға қарай жылжып келе жатқан Цин империясының қалың қолына тосқауыл жайын пысықтап отырды. "Шүберекке түюлі жан болыпты" дейтіні осы кез еді. Шоқан Уәлихановтың «Век рыцарства» дегені де осы кезге арналған сөз болса керек. Жатқа есесін жібермеген ер жүрек ата-бабаларымыз Абылайтың ақ туының астында бас қоса отырып қантөгіс шайқаста қытайдың жиырма мыңдық әскерін қырып жіберді» дейді Артықбаев мырза. 

Жаудың қарасы көрінген бойда қазақ қолы оларды жан-жақтан қоршауға алған болатын. Жасыбай көлінің бойында тас түйін отырған  Бөгенбай батырдың қолы шығыс солтүстіктен келіп тиеді. Ал оңтүстіктен шанышқылы Бердіқожа батыр бастаған ұлы жүз қолы келіп басқан болатын. Кіші жүз қолы ортаңғы қолды толықтырып, негізгі ұрысқа араласса, Абылайдың негізгі қосыны жауды қақ тұмсықтан келіп ұрады. Амалы қалмаған шүршіт қолы шегінерге жер таппай қиналады. Аз уақыттың ішінде жауды ықтырған қазақ қолы шүршіт армиясын Шідерті өзеніне әкеліп тіреп тұрып қынадай қырып салады. Осылайша, Шыбынды мен Шідерті өзенінің арасы қырылған шүршіттің мүрдесіне толып қалады. Ал қазақ қолынан 570 адам қаза табады. Кейбір тарихшылар олардың арасында Әмірсана да бар еді деп көрсетеді. Тағы бір деректерде бытырай қашқан шүршіт қолы өздерімен бірге 11 сарбазды тұтқын ретінде ала кеткені айтылады.

Қытайдың 20 мың әскерінен 1600 адам әрең тірі қалған. Оның өзінде өздерін қазақ даласында қандай тозақ күтіп алғанын айта барсын деген оймен яғн «қытайға тіл жеткізсін» деген мақсатпен ғана тірі қалдырғанын айта кету керек. Өйткені мың шақырым аралықта арттарынан қуа жүріп түгел қырып жіберуге Абылай қолының толықтай мүмкіндігі бар еді.

Аман есен құтылғанымен қашқан сарбаздарды өз елдерінде жақсы жаңалық күтіп тұрмаған еді. Жамбыл Артықбаевтың айтуынша, олардың біразы өлім жазасына кесілген: «Император жаз бойғы соғыстан еш нәтиже шықпағанына қатты ашуланды, алдымен Іле бойында тұрғанда Әмірсанадан айырылып қалды, «бар пәле осыларда» деп Церен мен Юй Бао өлім жазасына кесілді. Енді Сарыарқаға қашқан уақытта Абылай мен Әмірсананың әскеріне кездесіп тұрып, ұстай алмағаны үшін деп Дардана мен Хадаха князь «гун» атағынан айырылып, қатардаға солдат қалпына түсті. Әскерді қару-жарақпен, тамақпен қамтамасыз етуге тиіс тағы жүздеген адам өлім жазасына кесілді. Осылайша аман қайтқанымен қытай армиясының басшылары өз императорынан көресіні көрді».

Қытай әскерінің шығыны өте көп болғанын қазақ жеріне жасаған жорықты сырттан қадағалап отырған Ресей әскерилері де растайды. Сібірлік Бригадир В.Якобидің «Батыс жорығына аттанған қытайдың жиырма мың әскерінен Селенгі шекарасына тек мың алты жүзі қайтып оралды» деген мәліметі осы сөзімізге куә болса керек.

Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінің ғылыми қызметкер-сарапшысы Бейсен Ахметұлының айтуынша, қазақ қолы бұл ұрыста жеті топқа бөлінген:

  • Алдыңғы топ – шұбарайғыр Қожаберген батыр бастаған қазақ қолы. Олар жауды үнемі шырғаға түсіріп, кеміктеп қырып титықтатты. Әрі Абылайға дер кезінде хабаршы жасаулар жіберіп отырды.
  • Екінші топ – жаудың басып өтетін жерінде отырған қазақ ауылдарын қауіпсіз өңірлерге көшіріп отырды.
  • Үшінші топ – барлаушы жасақтар.
  • Төртінші топ – негізгі соғысқа дайындалған қазақ қолы.
  • Бесіншісі – салықшылар, яғни қосымша көмекші қолдар мен соғыс жағдайындағы қолды қару-жарақ, ат-көлік және азық-түлікпен қамдайтын қол. Олардың құрамында молдалар мен дәрігерлер де болды.
  • Алтыншы топ – соғыс кеңесі. Онда Аылай хан мен бірге қолбасшы батырлар, билер мен көріпкел бақсылар, әулиелер болды.
  • Жетінші топ – қазақ ауылдарымен тығыз байланыста отырған сарабдал жортуылшылар болды.

 

 

P.S. Жақында қазақ тарихындағы шешуші шайқас болған осы Шүршіт қырылған тауы ресми тіркеуге алынып, Абылай ханның қосыны орналасқан қос төбенің бірінің басына арнайы белгі орнатылды. Шараны ұйымдастырған - Қазақстан Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейі, «Қожаберген батыр» қоғамдық қоры және «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы».  Расы керек, бұл жерді табу оңайға түскен жоқ. Ескі атауы ұмытылған. Жергілікті тұрғындарының түгелге жуығы өзге ұлт өкілдері болғандықтан өңір тарихын білетін адам тапапй қиналдық. Ақыры қолымызға 1800 жылдары Ақпатша тұсында орыс географтары жасаған ескі карта түсті. .Картада жер аттары тайға басылған таңбадай жазылып тұр. Ал қазіргі картамызда көп жер аттары өзгерген немесе мүлдем жоқ болып шықты. Бірақ Шыбынды мен Батпақты көлдері жазылған. Сол секілді осы Шыбынды көлінің жанындағы биік төбе Шүршіт қырылған деп белгіленіпті. Осы бойынша, белгі қойдық. Бұл жерде болашақта үлкен ескерткіш қойылады деп сенеміз. Ресей Франциямен соғысқан Бородинода алып ескерткіш кешен тұрғызды. Сол арқылы отаншылдық тәрбиені жүргізіп, тарихын насихаттап отыр. Ал «Шүршіт қырылғанда» да дәл сондай ескерткіш кешен салуымыз керек. Екіншіден, онда қазақ тарихындағы ең үлкен ұрыс өткен және қазақ жағы ұлы жеңіске қол жеткізген жер. Үшіншіден, бұл – ұрпақ үшін қажет шара. Төртіншіден, «аруақ разы болмай тірі жарымайды» деген сөз бар. Осы тәуелсіз еліміз, осынша байтақ жеріміз үшін қан төккен батыр бабаларымыздың рухын дәріптеу, ерлігін үлгі ету – біздің борышымыз» – дейді Әскери-тарихи музей басшысы Нұртаза Асылов.

 

Оқи отырыңыз: Шүршітқырылған шыңдығы

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?