Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлытау – ұлт ұясы

6100
Ұлытау – ұлт ұясы - e-history.kz
Ұлытау – нағыз географиялық феномен. Құдды бабаларымыз бұл таудың Еуразияның қақ ортасында тұрғанын сезгендей-ақ. Бірақ, Ұлытау – дегеніміз тауды ұлық көруден туған атау емес дейтіндер де бар

Мәселен, философ Ғарифолла Есім «Мұсылман жұрты тауды «Ұлы»  демейді. Теңі, теңдесі жоқ жаратушы – Алла Тағаланы ғана қазақтар «Ұлы» деп мойындаған. Ұлытау атауы осы таудың баурайындағы «Хан Ордасына» тікелей қатысы бар секілді. Бұл жерде қазіргі тілмен айтқанда қазақ хандарының барлығының дерлік инаугурациясы өткен» деген деректер айтады.

Расымен, Жошыдан тарайтын 36 ханды жұрт осы Ұлытаудың етегінде ақ кигізге көтеріп, хан сайлап, олар халқына адал қызмет етуіне ант беріскен. Шетел термині  инаугурацияны қазақ «ұлықтау» деп атаған. Бұл дәстүр, сірә, Жошы ханнан басталса керек. Жошының хан болып ұлықталуы да осы Ұлытау өңірінде өткен. Осы айтылған мәселелерден түйін шығарсақ, біздің қазір «Ұлытау» деп жүрген өңіріміздің атауы тікелей Жошы ханға және одан тараған хандардың ұлықтауына қатысты, «Ұлытау» тауға емес, хандарды ұлықтауға қатысты мәселе. Бір кездерде қазақ тілінің сингормонизм заңына сай «ұлықтау» сөзі Ұлытауға айналып кеткенге ұқсайды. Әрине, тілші мамандар, тарихшылар бұл жайға өз пікірлерін болжамдарын ұсынар.

«Ұлытау» атауын бағзы кісілер бұл таудың тым көне болғандығы үшін берген болуы мүмкін дейді көнекөз қариялар. Рас.

Батырбек МЫРЗАБЕКОВ, жазушы: Тарихи аңыздарға сенсек, Нұқ Пайғамбардың кезінде дүниені су қаптайды емес пе? Бірнеше күн өткенде мұхит қайта бастайды. Сол кезде әлемде 3 жер көрініпті. Соның бірі Ұлытаудың төбесі екен. Бұл аңызды Қаныш Сәтпаев жазып алып, еңбектерінде қолданған. Сондықтан бұл тауды Ұлы жер деп айтуға бола ма? Жер бетінде қаншама тау, жота бар. Соның бәрінен басып озып, топан су астынан қылтиып төбесін көрсеткені үшін тауға Ұлы атауын беріпті деседі.

Қазақ аңыз етіп жүрген заман, ғылым тілінде геоцен, яғни алып мұзтаулардың ери бастаған уақыты болса керек. Жер шарының жартысын су басқанда алғаш қылтиған таулардың бірі – Ұлытау сілемдері дейді геолог мамандар...

Қалибек АСЫЛБЕКОВ, географ, археолог: Сарыарқаны кезінде таулар болған. Жер бетінде бірнеше тау түзілу процестері болған. Оның соңғы биік таулары, әлі де көтеріліп жатқан Тянь Шянь, Гималай секілді. Ал Сарыарқа оларға дейін тау түзілу кезінде көтерілген тауларға жатады. Сол кезде биік тау болған. Кейін миллиондаған жылдардың ішінде шайылып, яғни эрозияға ұшырап, ұсақ тауларға айналған. Қазіргі Сарыарқадағы таулардың максималды биіктігі 1500 метрден аспайды.

Сол ежелгі таулардың мұнартқан шыңдары – қазіргі Ұлытау Қарқаралы секілді биік-шоқы ретінде қалып қойыпты. Бір кездері Ұлы таулар жүйесі болған аймақта, міне 5 мың жыл бойы номадтар мыңғыртып мал айдап жүр. Жаратқан, болашақ көшпенділер үшін сол бір алып тауларды мүжіп-езіп, Ұлы Далаға айналдырғандай көрінеді...

Ұлытаудың – ұлт ұясы атала бастауы Сақ заманынан келе жатқан ұғым болса керек. Өйткені, осыдан 2600 жыл бұрын Тұмар патшайым Парсыларға қарсы Ұлы шайқасқа әуелі Ұлытау етегінде жиналып, аттанған деген дерек бар.

Қабдол ӘУЕЗОВ, археолог: Ұлытаудың жерінде таңбалы Нұра деген мекен бар. Бұл мекен Сақтардың заманынан бері тарихқа ілініп келе жатыр. Аңыз бар, парсылармен сақтардың әскері соғысады. Сақтардың саны аз болғандықтан қаша жүріп соғыс салады. Кең далада көшпенділерді ұстай алмай, түнгі үзік-созық шабуылдарынан әбден қалжыраған парсы патшасы Кирге бір залым мынадай кеңес беріпті. «Сақтар үшін ең қасиетті дүние — ата-бабаларының қабірлері. Обаларына тас үйіп қояды. Соларды қиратсаң, жетіп келеді». Парсы патшасы қиратуға әмір беріпті. Содан парсылар молаларды қиратып, осы Таңбалы Нұраға келгенде, жауды сақтар жан-жақтан қоршап қырып жібереді.

Ұлытау – Сақ, Ғұн, Түрік, Қыпшақ, Алтын Орда жұртына атақоныс болды. Бірақ, ешбір дәуірде Ұлық өлке бір ғана тайпаның, не бір ғана рудың иелігінде болмаған. Бұл берекелі жер барша көшпелілердің жүрегі, ұясы саналған.

Жошы хан кесенесі

Ұлытау жерінде Шыңғыс ұрпақтарымен байланысты сәулеттік ескерткіштер жетерлік. Бұлар: Жошы, Құтлық-Темір, Болған ана, Келін-там мазарлары. Соның ішінде еңсесі биігі Шыңғысханның үлкен ұлы – Жошыға тиеселі кесене.

Жошы деген не мағына береді? Шыңғыстың әлі хан бола қоймаған кезінде, әйелі Бөртені меркіттер атқа өңгеріп, алып кетеді. Тұтқында жүріп, аяғы ауыр болып қалатыны бар. Көп өтпей, Шыңғыс әйелін құтқарып, азат етеді. Жолда туылғандықтан бала атын «Жолшы» деп қойыпты дейтін аңыздар бар. Анасының тұтқында болуы Жошының өмір-бойғы қасіреті болды. Шыңғыс хан үлкен ұлын осы бір оқиға үшін жазғырды ма, жоқ па, беймәлім.

Оқи отырыңыз: Анығында Алаша хан кім еді?

Бірақ...

1223 шылы Құланбасы жазығында Шыңғыс хан ұлы құрылтай шақырады. Осы жиында алып империя бөліске түседі. Үлкен ұлға енші ретінде әлі ырыққа толық көнбеген, қала-шаһары жоқ, көшпелілер жайлаған ұлан-ғайыр Дешті-Қыпшақ бұйырады. Бұл Шыңғыстың сыйы ма, әлде сыры ма?

Дешті-Қыпшақты иелігіне алған Жошы батыстағы ең соңғы теңізге атыңды суар деген Шыңғыс өсиетін орындай алмай, қыршын кетті. Жошының өлімі құпияға толы. Ол хақ өліммен өлді ме? Әлде у берді ме? Қазақ шежіресі Шыңғыстың үлкен ұлы саятшылыққа құмар болыпты. Құлан атуға шыққанда тағы жануардың айғыры шайнап өлтіріпті деседі.

Айдар ЫСҚАҚОВ, Ұлытау тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері: Енді бір тағы бір нұсқа бар. Кетбұқа Шыңғыс ханның алдына барып, Жошының өлімін астындағы тұлпарынан болғанын естіртті дейді. Аңыз-жыр ол сәтті былай сипаттайды:

«Уа, иеміз Шыңғыс хан!

Добыра не деп жырлайды,

Сарнап дауысын қырнайды,

Құлағың сал осыған…

Ақсақ құлан, қу құлан,

Қияннан қашқан ту құлан,

Қиырсыз құба далада,

Аңда жүрген балаңа,

Кез болып бір қашыпты,

Белден белге асыпты.

Ақсақ құлан, Жошы хан,

Елсіз құба далада,

Қат-қат құбыр салада,

Мекендеп өрген, өрбісіп,

Ордалы құлан жосыған.

Қуып ақсақ құланды,

Мінгені тұлпар құнан-ды,

Ордалы үріккен құланға

Құйғытып ойнап қосылған,

Өлім деген Тәңір ісі, 

Сол қу құлан, ту құлан,

Балаң өлді – Жошы хан!

Нансайшы, ханым, осыған.

Бұл жырдан түсінетініміз, Жошы ханның астындағы тұлпары – құланмен будандасқан екен. Ол құландардың үйіріне қосылмақ боп, алып қашады. Игермек болған Жошының қолы қарысып қалыпты. Содан оң қолы жұлынып кетіпті деген ақпарат бар.

Енді мынау қызықты қараңыз. 1940 жылдары Әлкей Марғұлан Жошының зиратына археологиялық зерттеу жүргізеді. Топырағын аршып, табытты ашады. Сол кезде қабірден екі адам шыққан. Бірі ер азамат, екіншісі әйел кісі. Ер кісінің оң жақ қолының болмағанын Әлкей Марғұлан өз естелігінде тәптіштеп жазған. Аңыздағы ақпарат пен археологиялық деректер дәлме-дәл келіп тұр.

Кесене астында Жошы ханның жатқанына шөкімдей де күмән жоқ. Бірақ, неге моңғол ханына мұсылман зираты соғылған? Бұл мазар – Жошы ханның жылдық асында тұрғызылды ма? Әлде кейінгі құрылыс па?

Жошы және Шағатай әулетінің хандары исламды қабылдағаннан кейін мұсылман емес бабаларының басына мұсылман зираттарын тұрғыза бастайды. Осы арқылы аталарының мемлекетті қалыптастырудағы рөлін айшықтағысы келді. Осыған қарап отырып, Жошының бейітіне мұсылмандық кесене кейін соғылған болуы мүмкін деп ойлаймыз. Бәлкім, осы мазар соғылып, Жошының сүйегі осында қайта жерленген болар?

Бір анығы. Жошы хан мазары – күллі далаға кесене соғу стилін қалыптастырып кеткен, күрделі сәулет нысаны. Зират – күйдірілген қызыл кірпіш, әк сияқты материалдар пайдаланылған. Кесене кірпіштері осы төбенің етегіндегі қоныста дайындалыпты.

Тарихи деректерде ол кент «Орда-Базар» атымен танымал. Бұл шаһарды Жошының өзі көтерген әрі Еділ бойында 1254 жылы Сарай қаласы салынғанға дейін Алтын Орданың астанасы боп тұрған. Орда-Базар шаһарындағы шеберханалардан теңгелер басылып, Ұлыстың барлық кент-қаласына тараған. Қалада қолөнершілер мен саудагерлердің жеке кварталдары болған. Алаш жұрты Сайын хан атайтын Батудың балалық шағы осы Ұлытаудың етегінде өтті. Орда-Базарда ер жетті...

Осы Орда-Базар шаһарында, атақты қолбасшы Кетбұқа дала жұртынан сарбаз жинап, Құлағумен бірге Иранды шабуға аттанған. Осы кенттен Бату хан Еуропаны бағындыруға шыққан. Әттең, не керек, сол Орда-Базар бүгінге жеткен жоқ, бір-екі сарайдың ғана орны табылды. Совет заманында үстіне жер жыртып, егін салынып кетіпті.

Ақсақ Темірден қалған белгі-тас

Әлемдік держава болған Алтын Орда империясы XV ғасырдың соңына таман күйреді. Бұл опатқа себепкер – Орта Азияның жыртқышы Ақсақ Темірдің 1391 жылғы жорығы еді.

Ол 300 мың қолды Самарқан түбінде жиып, ерте көктемде жорыққа шығады. Сәуір айында Сарыарқаның кіндік жонында жатқан Ұлытау тауларының шетіне ілінеді. Кезінде Жошы ханның атақонысы болған бай өлкенің таза ауасы мен суын, шүйгінді жайылымдарын көрген билеуші қаншама күндер бойы жорықта болған, Бетпақдаланың шөл даласын кесіп өтем деп шаршап-шалдыққан әскеріне бірнеше күн осы жерде тынығуына мұрсат береді. Әрі осы маңда болғанын әйгілеу үшін тасқа жазба қалдыруды бұйырады. Ол жазба екі тілде түсіпті: Әуелгісі Құран аяттары:

«Рақымды да шапағатты Алланың атымен! Жер жүзінің әміршісі, шындықтың шамшырағы. Берік қорғаушы, бәрінен де күшті, бәрінен де құдіретті, Өмір мен өлім сыйлаушы данышпан!».

Ал, одан кейінгісі өзіміздің ана тілде жазылған:

 «Мен, Тұран сұлтаны Темір-бек 300 мың әскермен хижраның 769 жылы сәуірдің 6-і күні, Орда ханы Тоқтамысқа қарсы жорыққа шықтым. Осы жерге жетіп, ұрпаққа белгі қалдырдым. Алла ісімізге жар болсын!»

Ақсақ Темірдің Ұлытау жерінде болғаны, осындай ескерткіш тас қалдырғаны – айдай әлемге тек алты ғасырдан соң ғана белгілі болды. Бұл белгі-тасты 1935 жылы тауып, жария еткен – қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев еді. Бір қызығы, халық арасындағы Алтыншоқы жайындағы аңыз, сол төбе басынан Қаныш тапқан тас-жазу – бәрі-бәрі Шараф әд-дин Әли Йезди атты тарихшының XV ғасырда жазған «Зафар нама» кітабындағы деректермен тұп-тура сәйкеседі. Ол Әмір Темірдің Ұлытау деген жерге келгенін, шаршап-шалдыққан әскеріне демалыс бергенін әрі сол жерге тастан мұнара тұрғызуға әмір еткенін жазады.

Ұлытаудың келесі бір шыңы – қазақтың жыр-дастандарына кейіпкер болған Едіге бидің атын алыпты. Қарт шежірешілер осы таудың етегінде Едіге батыр Тоқтамыспен анда болған. Осы тауда екеуі бітіспес жауға да айналған деседі. Қос тарланның алауыздығынан аты дүрілдеген Алтын Орда империясы күйреді...

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, тарихшы: Қазақтың шежірешілері Едігенің әр жылын жыр-аңызбен сатылап тарқатады. Сол едіге жырында, Едіге мен Тоқтамыстың арасындағы келіспеушілік әдемі баяндалады. Едігенің Тоқтамысқа қызмет жасағаны рас. Кейін екеудің арасында дүрдараздық болып, дұшпандар екеудің арасын бұзып, ақыр соңында Едігенің қашып, Ақсақ-Темірге баратыны. Темірбектен көмек алып, қайтып келетіні рас. Осы дүрдараздықтың кесірінен алып Орданың түбіне жеткені де рас.

Ұлытаудың үлкен шыңдарының бірі Әулиеата тауында ең керемет құбылыс бар. Едіге бидің һәм Тоқтамыс ханның моласы бір төбеде қатар жатыр. Көзі тірісінде бір-бірімен жауласқан екі тарихи тұлғаны қатар жерлеген ұрпақтары болса керек! Сондағы мақсат не? Мақсат – елдің тұтастығын сақтау. Тұтас түркі жұртын бөлшектемеу. Осы биік мақ­сатты кейінгі ұрпақтарға өнеге ету. Ұлы далада бірін-бірі қуып, жауласқан Тоқтамыс хан мен Ер Едігенің Әулиетауда қатар жатуы – тарихтан қалған ұлағатты ата дәстүр. 

Алаша хан кесенесі

Қазақ даласының дәл ортасында, қасиетті Ұлытау байрайында Алаша хан кесенесі тұр.  Дала ескерткіштерінің баршасы секілді, бұл бейіттің де өн бойы сан-қилы аңызбен өрілген. Біреулер бұл ескерткішті Қазақ хандығы құрылып жатқан жылдары тұрғызылды десе, басқалары бұл құрылыстың іргесін Шыңғыс хан заманын тарқатады.

Кесенесі бар. Өзі жоқ. Алаша хан туралы аңыз кең-байтақ қазақ даласының қай түкпірінде болса да белгілі. Қай қазақтан сұрасаңыз да, ата-тек шежіресін сол Алаша хан заманына дейін алып барады, қазақтың үш жүзге бөлінуі де ел түсінігі бойынша Алаша хан заманынан өз бастауын алады. Солай бола тұра, тарихи деректерде Алаша атымен бірде-бір хан кездеспейді. Мифтік тұлға ма, әлде өмірде болған кейіпкер ме? Білмейміз. Сонымен, халық Алаша атымен қай ханның есім-сойын шифрлеп, жасырды екен?

Қабдол ӘУЕЗОВ, археолог: Алаша хан бұл кісіге берілген лақап ат болуы мүмкін. Мысалы Теміршіге Шыңғыс хан деген берілді ғой. Бұл да солай. Бір нақтысы түрік-моңғол халықтарын біріктірген тұлға болуы керек. Сол үшін үлкен кесене орнатылған болуы керек.

Алаша хан кім болды? Қазақтың тұңғыш академигі Қаныш Сәтбаев та бұл сұраққа жауап іздегендердің бірі. Ол 1927 жылғы «Ер Едіге» атты еңбегінде мынадай өлең жолдарын тізбелейді:

Алаш алаш болғанда,

Алаша хан болғанда,

Қазақ-қалмақ, ноғайлар

Бәрі сонда бір болған.

Ынтымағы жарасып,

Айдын көлдей дүр болған,

Еділ-Жайық, Оралды,

Өрлей, қойша жайылған…

Халық аузынан осындай жырды жазып алған оқымысты-геолог, тегінде Алаша хан деп, бұл жұрт – атақты Шыңғыс ханды айтып жүруі де мүмкін» деген жорамал жасайды. Дәл осы ойды қуаттайтын тағы бір пайымды, шежіреші Мәшһүр Жүсіп те айтады. Ол: «Алаша ханның Жошы хан деген жалғыз баласы болыпты. Құлан қуамын деп, бала астындағы аты желігіп, құланның әңгісіне еріп, қазасы сонан болып, бала аттан жығылып, құлан теуіп өлтіріпті» деген деректер айтады.

Алаша хан, Жошы хан,

Ақсақ құлан жосыған.

Құлан теуіп өлтірді,

Бұйрығын ақтан келтірді, – дейтұғын сөз сонан қалған» деп, сөзіне дәлелді халықтың жыр-дастандарынан келтіреді.

Бірақ, атағы жер-жаһанды дірілдеткен қағанның Сарыарқада жатқанына күмәнмен қарайтындар да көп. Айтпақшы, кесененің өзі тым ерте болғанымен, қабірдегі сүйек XVIII-XIX ғасырлардікі екендігі де анықталды. Бертінде белгісіз біреу қойылған болса керек... 

Алаша ханның кім екендігін мазардың архитектуралық құрылымы арқылы таппақ болғандар бар. Бірақ, кесененің сәулеттік шешімдері әр заманнан алынғандай, адастырады. Мәселен ою-өрнегі Қазақ хандығының тұсынан хабар берсе, сәулеттік шешімі Қараханидтер кезеңіне жетелейді. Бір қызығы, Алаша хан кесенесінде, ешбір мазарда кездеспейтін төбедегі күмбезіне алып шығатын жол бар. Мола үстіне шығу қазақ үшін кешірілмейтін күнә екендігін ескерсек, күмбезге алып шығар баспалдақ, бұл ғимараттың бейіт еместігін дәлелдейтіндей. Ғалымдардың пайымынша, абыз-көсемдер, молдалар осы баспалдақ арқылы қасабетке шығып, сан мыңдаған халық алдында уағыз-ұран айтса керек!

Этнограф-тарихшы Жамбыл Артықбаев кесененің осындай архитектуралық шешімі ел аузындағы аңыздар, тарихи деректерді саралай келе, Алаша хан – мифтік образ деген тұжырымға тоқтап отыр. Неге мифтік образ? Өйткені Алаша жылқы деген мағына береді екен. Башқұрт пен татар, әлі күнге жылқыны «Алаша» дейді. Алашаң қайда десең, жылқысын көрсетеді. Қазақ жылқының Алаша дейтін атауын неліктен ұмытып қалғаны белгісіз.

Сонымен, Алаша образы шамасы энеолит яғни тас ғасырының соңғы кезінде пайда болуы мүмкін?! Бұл осыдан 5-6 мың жыл бұрынғы кезең. Осы кезде, далалықтар жылқыға алғаш мінген кезі. Бұл ұлы оқиғаны көшпенділер білген. Білген соң, аңыз-жырында: Алаш Алаш болғалы, Алаш атқа мінгелі деп әлі айтып жүр.

Алаша ханның тас ғасырының кейіпкері екендігін, қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін, аңыз-хикаяларынан белгілі, кемеңгер Майқы би туралы дастандардан да білуге болады. Ол бойынша, Майқы би – Алаша ханның алғашқы ұстазы, жетекшісі, қамқоры-мыс. Аңыз мазмұнына қарағанда «Майқы би өзі ақсақ екен. Өмір бойы арбамен жүреді екен. Арбасын жаяу кісілерге тартқызады екен». Бұл дастаннан ұғарымыз, ол кезде адамзат әлі атты қолға үйретпегендіктен, көсемдерін жаяу арқалап жүрген секілді. Қалай десек те, Алаша аңызы – бізді тым ескі, есте жоқ заманға жетелейді.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, этнограф: Алаша хан ескерткіші – жылқыны алғаш қолға үйреткен бабаның культі секілді. Сол мысты-тас дәуірінде, бұл кесене үйілген тас кейпінде болса керек. Даладағы тайпалар жылқы піріне зиярат жасап, осы тас-төбенің басында қолдарын жылқы қанына малып, ант ішіскен. Құрбандық шалған. Алаша ұғымы әр дәуірде бір жаңғырып отырған. Екінші рет Көк түріктерінің кезінде идеологиялық образ болғанға ұқсайды.

Алаш идеясы – күллі көшпендіні біріктіруші керемет идея. Бүкіл далалықтың түбі бір ата. Сол әр руға таңба берген, ұран айтқызған дейді жыр-дастандар. Дәл осы Алаша идеологиясы Қазақ хандығының тұсында қайта жаңғырған. Өйткені Алтын Орданың империялық дәуірі бітті. Ел болу үшін идеалды бағдарлама және негіз керек, қазақ ғұламалары қайтадан Алаша ханға жүгінеді. Мен бұл күмбез «қасқа жолдың иесі» Қасым ханның тұсында салынды ма деп жобалаймын. Енді бұрынғы тас-сағананы қазақ тайпалары, мұсылмандық сәулет кейпінде, насихатқа, құрылтайға ыңғайланған сағана етіп тұрғызғанға ұқсайды. Қазақ қауымының ішіне енген әр түрлі, әртекті рулар Алаша баласы болып, бірі ағалық, бірі інілік жолмен туыстық жүйе құрып келеді. Қалай десек те, Алаша хан – қазақ жұртының жарты мың жылдық идеологиялық тұғырына айналды. ХХ ғасырға дейін ұмытпадық. Алаш Орда үкіметі де, осы Алаша хан идеясын тұғырнама етті.

Атамыз Алаш ұраны қазақ мемлекеттігіне идеологиялық тұғыр жасап берді. Бұл тұғыр таңбалы тас Ұлытау етегінде жасалған. Сонда Қазақ хандығының құрылуы, Алаша ханның бейітінің салынуы мен Таңбалы тасқа белгілер түсуі – бұл бір мезгілде болған оқиғалар.

Төбе үстіндегі Алаша кесенесі – Қасымның тұсынан бастап, халықтың ханды сайлайтын, таңдаулысын ақ киізге көтеретін келелі орынға айналды. Ұлытау – көшпелі жұрттың рухани астанасы болғанға ұқсайды. Қандай ұлы іс, кеңес болса да осы жерде өткізген. Бұл – қазақтың көшесіз астанасы...

Қазақтың мемлекеттігін сақтап қалған ұлы жер

Бір замандары, қазақтың – ұлт болып қалыптасуына себепкер Ұлытау, XVII-XVIII ғасырларда ұлт ретінде сақталып қалуымызға да себепші болды. Шығыстан орыс-қытай айтақтаған Жоңғар мемлекеті басып кірді. Бұл заман халық есінде Ақтабан-Шұбырынды атауымен қалды. Алашқа жер бетінен жоғалып кету қаупі туды. Осынау қиын-қыстау кезінде, қазақ жұрты қадым заманнан пана болған Ұлытауға жиналды. Ұлытаудың етегінде Бұланты өзені ағып жатыр. Осы дарияның жағасындағы жазықта қазақтың біріккен қолы жауды тосты. Жоңғарлар Ұлы Даланы шарпи өтіп, Еділ бойындағы қалмақтармен қосылып кетпекті жоспарлап еді. Ал, екі ортада жатқан қазақ ше?! Оның тағдырын қайқы қылыш шешуі керек-тін. Міне, Ұлытау етегіндегі Бұланты соғысының маңызы осыдан көрінеді. Бұл қазақтың соңғы соғысы еді.

Бұланты соғысында қазақ жеңілсе, Ұлытауды беріп қоюшы еді. Сөйтіп, қазақтың саяси-идеологиялық орталығы – Жошы Хан, Алаша хан секілді қазақтың қастерлі орындары қалмақ қолында кетуші еді. Ұлытауды берсе еді, мемлекеттілік санасынан айырылып қалушы еді. Бұланты соғысының маңызы осында! Осы Ұлытаудың етегінде екі халықтың тағдыры шешілді. «Жоңғар мемлекеті өмір сүре ме, әлде қазақ хандығы ары қарай өмірін жалғастыра ма?» деген сұрақ тұрды. Сол шақта Ұлытауды сақтап қала алған қазақ, міне бүгін мемлекеттігін де сақтап отыр!

Ұлытаудың тұғырлы таулары – отаршылдық саясатқа қарсы атойлап атқа қонған, тәуелсіздіктің соңғы ошағы. Кенесары хан отаршыл империясымен жағаласып өткен он жылдық соғысының сегіз жылын осы таудың етегінде өткерген.

Мақала түйінін Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың мына бір сөзімен қорытындыласақ: «Кешегі келеңсіз күндерде бабадан қалған сөзден жаңылып, бағзыдан қалған ізден адасып қала жаздаппыз. Талай-талай алқалы кеңес өткен атақты Күлтөбе баяғыда жыртылып кетіпті. Сайрам түбіндегі Мәртөбе күні кеше құртылып кетіпті. Қасиетті орындаран қалғаны – Ұлытау мен Ордабасы. Бауырында бабалардан түскен із әлі сайрап жатыр. Басында бабалар дауысы әлі саңқылдап тұр. Енді сөзден жаңылып, ізден адасар ретіміз жоқ».

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?