Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Тарихитуризм. Жетісу ғажайыптары

3531
#Тарихитуризм. Жетісу ғажайыптары - e-history.kz
Халық арасында «Жетісу – жер жаннаты» деген сөз тіркесін жиі естіп жатамыз

Расында да қаланың қарбаласынан, жиналып қалған проблемалардан қашып, жанымызға жайлы жер мен тыныштықты іздеп кететініміз бар. Ендеше #тарихитуризм айдары көркін көрсең көзің тоймайтын, жаның рахаттанатын Жетісу өңіріне саяхаттамақ.

Райымбек батыр кесенесі

Райымбек батыр көзі тірісінде тек қол бастаған батыр, елінің қамын жеген ер емес еді. «Көріпкел» және «әулие» атанған бабамыздың басына адамдар өздерінің мұң-мұқтажын, тілек тілеп, құран оқып жатады. Райымбек батырдың сүйегі жатқан жер 1981 жылы мәрмәр тастан ескерткіш орнатса, 1994 жылы «Райымбек» тарихи-этнографиялық бірлестіктің бастамасымен әйгілі батырдың басына үлкен ақ күмбезді мавзолей орнатылды. 1991 жылы ержүрек бабамыз жатқан көшенің атауы да батырдың құрметіне Райымбек көшесі болып өзгертілді. Ескі атауы – Ташкентский.

Айта кетсек, Райымбек батыр 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп батыр атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер сынды хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасаған.

Қайыңды көлі

Қайыңды көлі көшкін жылжығанның нәтижесінде бір ғасыр астам бұрын пайда болған. Алматыдан шығысқа қарай 280 шақырым жерде қарағайлы мен жапырақты ормандармен көмкерілген Күнгей Алатауда орналасқан. Жолаушының көз алдында біршама сюрреалистік көрініс тұрады: суға батқан кемелерге ұқсас Тянь-Шань шыршаларының діңгектері тура судың ішінен 15 метрге дейін жететіндей. Алайда, суға түсем дегендерді өзгеше көрініс күтуде: олардың көз алдарына желдің самалымен есілген су бетінде шағылып, күн сәулесінен тараған кемпірқосақтың барлық түстерімен ойнақтаған саз балшықпен басылған ағаштар діңгектері көрінеді.

Көлдің бүгінгі күндегі деңгейі 10 метрге төмендеген, ал судан өсіп тұратын шыршалы пейзажы енді қалпына келмес. Бұл орынға апаратын жол да бүлінген. Қайыңды көлі теңіз деңгейінен 1867 метр биіктікке орналасқан. Ұзындығы – 600, ені – 300, ал тереңдігі кей жерлерде – 30, кейбір жерлерінде 40 метр.

Мұнда дәрілік өсімдіктердің 47 түрі кездеседі. Олардың кейбіреуі қазір ұлттық фармацияда қолданылып отыр. Қайыңды көлінің айналасын аң-құстың түр-түрі мекендейді. Деректерге сенсек, аң-құстардың 197 түрі, оның ішінде орманда мекендейтін 82 түрі бар.  Қазақстанның Қызыл Кітабына енген сүт коректілердің 6, құстардың 13 түрі кездеседі.

Тамғалы тас

Тамғалы петроглифтері немесе Таңбалы петроглиф тас кешені – Жетісудың ең көне ескерткіштерінің бірі. 2004 жылдан бері Қазақстандағы ЮНЕСКО Әлемдік мұра нысандары тізіміне енген.

Тамғалы шатқалының тастағы суреттер галереясын 1957 жылдың 19 қыркүйегінде Қазақстанның тұңғыш кәсіби археологы Анна Георгиевна Максимованың жетекшілігімен Қазақ КСР Ғылым Академиясы Тарих және археология институтының Оңтүстік-Қазақстан археологиялық экспедициясындағы Жетісу отряды ашқан. Петроглифтер кездейсоқ табылғанымен, бұл жаңалықтың мәні тым тереңде еді, Қазақстан аумағындағы адамдардың осынау көне тұрағының бірі ретінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мәдени мұрасының тізіміне енді.

Өткен жарты ғасырда осы жерлерде ондаған ғылыми экспедициялар болып, әрбір дала маусымында ғалымдар көне дәуірдегі адамдардың өмірі туралы жаңа дәлелдемелер тауып отырған. Бүгінгі, ауданы 3800 га қорық – датасы біздің жыл санауымызға дейінгі ХІV-ХIII ғасырдың ортасы – ХІХ-XX жүзжылдық аралығымен көрсетілген елді мекендер, мазарлар, тас қашалған орындар, петроглифтер галереялары (ал олардың бәрін қосқанда 5000-н астам суреттер) және діни құрылыстар (құрбан шалынатын жерлер) түрлі кезеңдегі жүзге тарта ескерткіштерден тұратын қорық бірегей археологиялық кешен болып табылады. Міне осы кездің бәрінде, бірнеше мыңжылдықтар бойы мұнда адамдар тұрғылықты өмір сүрген, бұған дәлел – тастан қаланған үйлер мен мал кіргізетін қоралардың орны, ыдыстардың сынығы және тастан, темірден, сүйектен жасалған бұйымдар.

А. Байтұрсыновтың музей-үйі

1988 жылы алашордашылар ақталған тұста Байтұрсыновтың балалары мен немерелері Ахметтің атына қоғамдық қор құрып, ақынның бір кездері тұрған үйін мұражайға айналдыруды қолға алады. Алайда бұл істі жүзеге асыру оңайға соқпады. Себебі, үй басқа біреулердің меншігіне өткен еді. Дегенмен де, ақын ұрпақтарының бастамасы нәтижесіз қалмады. 1993 жылы Алматы қаласы, Космонавтар көшесінің бойындағы нөмірі 60-ыншы үйді мұражайға айналдыру жөнінде шешім қабылданады. Осылайша, 1998 жылдың 12 қыркүйегінде қайта жөндеу жұмыстарынан өткен мұражай-үйдің салтанатты түрде ашылуы болады. Сондай-ақ, Алматы қаласындағы көптеген көшелердің атауы өзгертілген тұста ғалымның үйі орналасқан осы бір көше Байтұрсынұлы деп ауыстырылады.

Мұражайдағы экспонаттарға келер болсақ, өкінішке қарай суреттер, қолжазбалар мен ғалымның көзі тірісінде шыққан кітаптары қамауға алынған сәтте-ақ жойылған екен. Ұлт ұстазының өзі құрап, жазып шыққан «Қазақ тілінің әліпбиінің» таралымына да тыйым салынды. Байтұрсынұлы «халық жауы» деп танылғаннан кейін отбасы да үйден қуылып, қуғын-сүргінге ұшырайды.  Төрт бөлмеден тұратын мұражайдағы ең үлкен әрі жарық екі бөлмеде Байтұрсынұлының отбасына және замандас достарына қатысты құнды мағлұматтардың түпнұсқасы мен көшірмесі және бірең-саран экспонат бар. Ал үшінші тар әрі қараңғы бөлмеге санаулы ғана экспонат қойылған екен. Мұнда Ахмет Байтұрсынұлының ату жазасына кесілер алдында түскен фотосуреті ілініп тұр. Кішігірім мұражайды бір демде аралап шығатын келушілер дәл осы суреттің жанына келіп ұзақ уақыт ой үстінде қалады. Себебі бұл – ұлт ұстазынан қалған соңғы естелік.

Үлкен Алматы көлі

Сұлулығына көз тоймайтын көл Тянь-Шань тауларының ортасында, теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Ғалымдардың жорамалдауынша, су айдыны мыңдаған жыл бұрынғы жер сілкінісінің нәтижесінде пайда болған. Алматыдан 15 шақырымдай жүрсеңіз, табиғаттың ертегі секілді ғажап туындысына жетесіз.

Көл аса үлкен емес, оның жағалауының ұзындығы шамамен 3 шақырымдай, ал тереңдігі 40 метр боп келеді. Көл 1,6 шақырымға созылып жатыр, ал ең кең жері 1 шақырымға дейін жетеді. Қыста көлдің аумағы кішірейеді, ал тамыз айында көлдің беті 20 метрге дейін көтерілуі мүмкін. Көлді жан-жағынан биік-биік тау шыңдары қоршап тұр. Олардың ішіндегі ең танымал шыңдар: Турист (3954 м), Озерный (4110 м) және Советтер шыңы (4317 м).

Шарын шатқалы

Табиғаттың көз арбаған таңғажайып тартуы Шарын шат­қалы туралы әңгіме қозғағанда қиял қыраны мыңдаған, мил­лион­даған жылдардың қойнауына қанат қағады. Төл тарихын зерделегенде 2-3 мыңжылдықтан дерек тар­та­тын саналы ұрпаққа 300 миллион жыл бұрын да жер жүзінде тіршілік бол­ғанын, со­­ның нақты айғақ куә­сі осы бір ғасырлар ағымында жел мен су, жауын-шашын, зілзала зар­дап­та­ры­мен жасанып, ғажайып көріністерін өр­нектеген табиғат фан­та­зия­сының ұшқырлығына толқып, таңырқайсың. Оның уақыт құпияларының деректерін құшағына қысып, динозаврлар дәуірінен бүгінгі күн­ге дейін жеткізгенін аңғарасың. Бұл айғақтар Шарын өзе­нінің ар­насындағы ерен және тораңғы ағаштары, сирек кездесетін ке­сірткелер мен жән­діктер, өсімдіктер.

Шатқал Алматы қа­ла­сынан 193 ша­қырым қа­шық­ты­қта Еңбекшіқазақ, Ра­й­ым­бек және Ұйғыр ау­дан­да­ры­ның жерін көктеп өте­тін Ша­рын өзенінің аң­ға­рын бой­лай оңтүстік ба­тыс­тан, солтүстік шығысқа қарай 154 шақырым созы­лып жа­тыр. Шарын шат­қа­лын­дағы сан түрлі бедерлі кө­рі­ніс­тер­ді жергілікті тұр­ғын­дар ер­те кездерде миф­тік аңыз­дар­ға арқау етіп, «Шай­тан қала», «Қыз­ғылт қа­мал­­дар» деп те атаған. Он­дағы әр­түр­лі мүсін пі­шін­ді жеке жар­тастарды «Мыс­тан кем­пір», «Ай­да­хар», «Тас қала­шық» атандырып, со­ған сәй­кес ел арасына аңыз, ертегі текті әң­гі­ме­лер та­раған. Осынау бір арнаға то­ғыс­қан құпия мүсіндер мен жар­тас­тар әле­мін то­ғыс­­тырған Ша­рын өзе­нінің кей тұ­сын­дағы жар­қа­бақ­­тар­дың биік­тігі 150-300 метр­ге дейін же­теді, ал өзен аңғарының ені 20-80 метр­дей болып ке­ле­ді. Арын­ды, сырлы Шарын өзені Те­ріс­кей жә­не Күнгей Ала­тау­ы­нан бас­тау алып, Іле өзе­ніне құяды.

Шарын шатқалындағы та­би­ғи, тарихи ескерткіштер ғалымдар мен рес­публика билігін бұрын да ой­лан­ды­­рып, оны қорғау мә­се­лесінің жол­дары із­дес­ті­рілген. Ша­рын аң­ға­рын­дағы Ерен то­ға­йы Орта Азия мен Қа­­зақ­стан аумағында ғана сақ­тал­ған өте құнды та­биғи-та­рихи ескерткіш ре­тінде 1964 жы­лы 19 нау­рыз­да Қазақ КСР Министрлер Ке­ңесінің №447–Р арнайы қау­лы­сы­мен респуб­ликалық маңызы бар табиғат ес­керткіші деп жаряланды. Алайда орман шар­уа­шы­лы­ғы болмаса, шат­қал та­би­ға­тын арнайы заң­мен қор­ғай­тын құрылым бол­­ған жоқ.

Біз баяндаған киелі де әсем жерлер жалпақ жатқан Жетісу өңірінің бір бөлігі ғана. Еліміздің мәдени өңірі әрдайым адамды рухани жаңғыртудан жалықпайды. 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?