Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Көне түрік әлемі: мифологиялық сандық таңбалар

3202
Көне түрік әлемі: мифологиялық сандық таңбалар - e-history.kz

Арғы қазақ мифологиясында адам мен табиғаттың арасында алшақтық жоқ. Мифтердегі ғарыштың құрылымы былай бейнеленеді: жеті қабат Жер бар, оның ортасындағы жоғары және орта, төменгі әлеммен байланыстырып тұрған алып ағаш арқылы батырлары аспан денелеріне оп-оңай өрмелеп жете алады. Немесе жер астына («Керқұла атты Кендебай», «Күн астындағы Күнікей қыз», «Ер Төстік» ертегілері) түсіп жатады. Жердің орта қабатын мекен ететін тірілер әлемі өткен шақпен, яғни аруақтар әлемімен қатынасын ешқашан  үзбейді тағысын тағылар.

Сол секілді «ерте, ерте, ертеде» немесе «есте жоқ ескі замандарда», «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған», я болмаса «Ала атқа мініп Алаша хан болғанда...» деп келетін кеңістіктің сан қатпарлы жүйелері де алма-кезек ауысып, бұл жаратылысқа дейінгі жаратылыс және жаратылыстан кейінгі дәуірдегі кеңістік пен уақыт боп өзара қатпарланып кете береді. Бір кеңістік екінші кеңістікпен еш кедергісіз алмасып жата береді. Сол секілді бір ғана Бәйтеректің өзінен бірнеше кеңістік табуға болады. Мәселен алып бәйтеректің бұтағы – аспан әлемі, діңі – жер, тереңге кеткен тамыры – жер асты тылсымы немесе өмір мен өлімнің шекарасы боп бейнелене береді. Бұл халқымыздың қиялының ұшқырлығын, ойлау деңгейінің тым кең екенін көрсететін фактор екені даусыз.

Қазақтың мифологиялық түсінігіндегі мұндай уақыт пен кеңістік қатпарларын түсіндіру үшін белгілі зерттеуші Серікбол Қондыбай «Ғаламның екі үйі» деген ұғымды қолданады. Яғни, жалпы бүкіл ғаламды бір  үй  деп  алады. Оның ішіндегі уақыт қатпарларын яғни бір-бірімен ауысып жататын кеңістіктерді бөлмелер деп деп көрсетеді. Бірнеше бөлмелерден тұратын ішкі  үйді  шартты  түрде – Төретам  немесе  Көңіл  сарайы  деп  атаса, сыртқы үйді ғалам кеңістігі,  аспан, жұлдыздар, планеталар орналасқан жалпы бөлме деп сипаттайды.  

Қазақ мифтерінде екі бөлмелі ғалам үйінің көптеген вариациялары бар, барлығында да олар «бір бөлме және көп бөлме», мәселен 1:3, 1:7, 1:9, 1:12, 1:40, т.б. пропорцияларда көрсетіледі; мұндағы «ішкі бөлме» міндетті түрде «1» санымен нақтыланса, «сыртқы бөлме» тиісінше үш, жеті, тоғыз, он екі, қырык, т.б. сандармен нақтыланады. Сонымен қатар, «ішкі бөлме» (Төретам) - сырттай өзінің тұтастығын, жалқылығын, бiрегейлігін сақтағанымен, іштей тағы да екі, үш, төрт, жеті, тоғыз, т. б. қабаттарға (бөлмелерге, қоршауларға) бөлінеді [1].

Мәселен, Аспан ғарыштың бөлшегі ретінде түркі мифологиясында сондай-ақ Орхон-Енисей жазбаларында «Көк-Тәңірі» деп аталады. Ал қара жер төрт бұрыштан тұратын шаршы кеңістік ретінде («сол төрт бұрыштың бәрі жау еді» Күлтегін жыры) суреттелген. Басында айтып өткеніміздей, бұл дәуірлерге тән көне аңыздардың денінде жер беті төрт бұрышты болып келеді. Оны айнала ғаламдық су қоршап жатады. Жердін кіндік тұсында ғаламдық тау (қап тауы және Арарат) немесе ғаламдық ағаш яки Мықан ағашы немесе  алып Бәйтерек орын тебеді. Төрт бұрышты жер үстін күмбез тәріздес аспан жауып тұрады.

Сақ дәуіріне тән мифтердегі уақыт моделі де осындай. Сақ-үйсіндердің мифотогиясындағы кеңістіктің вертикаль, горизанталь модельдерінің құрылымдары төрт тарап немесе төрткіл дүние, төрт құбыла, үш қабат көк, ғаламдық ағаш, ғаламдық тау т.с.с. болып келеді. Серікбол Қондыбай бұл модельдерді  былай түсіндіреді:

Төрткүл − мифоэпикалық кеңістік моделі, оны түсінудің төрт деңгейі бар,

Бірінші деңгейдегі төрткүл − бүкіл ғаламның көлденең моделі

Екінші деңгейдегі төрткүл ғаламның адамзат тұратын бөлігі

Үшінші деңгейдегі төрткүл − этникалық өз кеңістігі

Төртінші деңгейдегі үш қабат жалпы ғаламның сыртқы пішіні.

«Үш қиянның» модельдік сипатын түсінудің екі деңгейі бар, біріншісі − мифтік ғалам моделінің үштігі бойынша, бұл  Үш қиян − ғаламның үш дүниесі (жоғарғы, орта, төменгі), бұл түсінік жырларда сақталмаған. Екіншісі − әлеуметтік-этникалық үштік бойынша, мұнда Үш қиян − «аңыздық ноғайлының үш әулеті, үш рулы жұрты, ортасы және екі қанаттары» болып табылады, сондай-ақ үш қияндық ұяны ноғай, қалмақ, ындыс деген «эпостық этностар» иемдене алады, оны әр жырдың сюжеттік құрылымына байланысты айқындауға болады.

Қазақ түсінігінде ғаламның үш қабатын кейде «үш қиян» деп те атаған. Қиян сөзі ауыз екі тілде «алыс жақ» дегенді білдіреді, яғни бұл сөз «қырым» ұғымымен осы жағынан мәндес болып келеді. «Қиян» сөзі жалпытүркілік мифопоэтикада да жиі қолданылады. Мәселен «Ергенеқон» туралы аңызындағы Ергенеқон аңғарына жасырынған екі жігіттің бірінің есімдері де Қиян (екіншісі – Нүкіз) екенін айта кету керек.

Көшпелілер - төрткүл пішінді барлық уақытта да жақсы меңгерген, төрт бұрышы ғалам моделі сақ-скифтерге де, массагеттер мен сарматтарға да, көктүріктерге де ортақ түсінік болған, көшпелілердің қорымдар, ғимараттар салу дәстүрінде кеңінен қолданылған (мысалы, Вара, Парадиз, Өтукен, Ергенеқон, Алғи). Тарихи төрткүл пішінді тұрақтардың ортағасырлық көшпелілерде мол таралғандығын К.Байпаковтың «Городица типа торткуль» деген мақаласынан оқуға болады. «VII-XIV ғасырларда төрткүл типті бекініс-қалалар Жетісу, Орталық Қазақстан, Ыстықкөл, Тува, Моңғолия, Төменгі Сырдария, Азов-Дон аймақтарында кең таралған. Белгілі тарихшы К.Байпаоқовтың айтуынша, Жетісу, Встықкөл, Тыва, Орталық қазақстан, Төменгі ысрдаория, Моңғолия жерінен табылған 7-14 ғғ тән ескерткіштердің көбі осы төрткүлформаны еске салады [2]. Сондай-ақ, С.А. Плетенев те «От кочевий к городам» еңбегінде осындай деректерді келтіреді [3].

Сол секілді қазақ мифологиясындағы жеті қабат көк т.б түсініктерді осы екі бөлмелі ғаламның 1:7 формасымен яғни «жеті бөлмелі ғалам» ұғымымен түсіндіруге болады. Қазақ мифологиясында (әсіресе ертегілерде) 7 санына қатысты элементтер өте көп. Мәселен «Айдаһар» ертегісінде түнде айдаһарға айналып кететін әйелін алдап жеті қабат темір үйге кіргізіп  сыртынан өрт қойып өртеп жібереді. Айдаһар 7 қабатты темір үйдің алты кабатын бұзғанымен, жетіншісін бұза алмай өледі «Едіге батыр» жырының Ә.Диваев жазып алған нұсқасында да жеті қабат темір үй бар. Едігенің сұлу келіншегін тартып алмақ болған хан оны орындалмас тапсырма беріп алыс сапарға аттандырғанда, Едіге өзінің әйелі болған пері кызына, оның акылымен осындай үй салып береді.  «Нанбатыр  ертегісінде де есігі жеті қабат үй салып алатын эпизод бар. «Жеті қабат» (қат) жер асты» мысалдары «Үш батыр», «Қарашаш қыз», «Жоғалған хан қызы», «Төлеген мен Назипа», «Жарты Төстік» секілді ертегілерде кездеседі. Сондай-ақ, «Үш батыр» ертегісінен «жеті қабат дария» ұғымын байқауға болады. Сол секілді «жеті қабат ақ семсер» (Жарты Төстік ертегісі), «жеті қабат жібек» (Ханшетай ұғымын да жалпы жеті қабат, жеті бөлме, жеті кезең деңгейінде қарастыруға болады.

Мифтік, аңыз немесе ертегілік мәтіндерде 40, 41 санына қатысты элементтер өте жиі кездесіп жатады. Серікбол Қондыбай өзінің арғы қазақ мифологиясы кітабында 40 санын кеңістіктің адамдар, нақты этнос-ұлттар яғни жан атаулының өмір сүруіне болатын қатпары деп суреттейді. Ал «41-нші» өтіп кеткен ата-бабалардың жиынтығы. Немесе  өсу сатысы, ең жоғарғы пір, кемелдену кезеңі. Яғни оған жету үшін алдыңғы қырықтан сүрінбей өту керек. 41 сарайлы шаһардың немесе 41 бөлмелі үйдің «Аспан үйі» яғн ғалам екендігі даусыз. Оның ішіндегі ең соңғы бөлменің ғаламның діңгегі немесе Ілкі төр. 41-нші бөлме жету мұраты – ең соңғы меже. Адамның ақылы мен ойы, күш қуаты «қырықты меңгергенімен», танығанымен ең соңғыны «41-іншіні» тани, меңгере алмайды. Өйткені, 41 бөлме дегеніміз – иррационалды, трансцендентті яғни бұл пәнидің пендесіне жету бақыты бұыйырмаған «Құдайы кеңістік» Ол - Төретам. Асан қайғы да жерұйықты іздеу барысында тура осындай 40 сынақтан өтеді, қазақстан картасында бейнеленген 40 түрлі жерді басып өтіп, оларға қырық түрлі атау  берген. Бұл – арғықазақтың да, бүгінгі қазақың да өмірлік бағдарламасы іспетті. Рас, осы шектен өтіп кететіндер де бар, одан өтуге болады. Тек соңғы есіктің табалырығын аттамас бұрын оның алдындағы 40 бөлмені аралап, арылу және ие болу сатыларынан өту, яғни жай пендеден Кәміл адамға айналу керек. Дайындықсыз бірден соңғы есікке кірем деу – астамшылық, мұңың арты апат алып келеді [1].

Яғни, қазақ халқының ауыз екі тілі мен фольклорлық  мәтіндерінде  кездесетін «қырық»  және  «қырық  бір»  сөзі – көп  жағдайда  кез-келген  өлшемнің (уақыттың, кеңістіктің, әрекеттің  т.б.) ең  шеткі  межесі. Қондыбайша айтсақ,  41-інші  бөлме – ғалам  түпкі негізі, яғни Құдайы  құдірет. Бұл бөлмені ашуға болмайды. Бұл шектеуден асқандар әр түрлі қасіретке қайғыға ұшырайды. Яғни адам танымына қайшы келетін жұмбақ, ашуға болмайтын құпия кеңістік. Бірақ соған қарамастан, атам қазақ оны ашуға тырысып көрген. Ауыз әдебиеті үлгілерімізде «соңғы бөлмені ашуға болмайды» деген тыйымға қарамастан ашып көру мотиві жиі кезедесетін ертегілер өте көп. Мәселен, «Қырық қарақшы»,  «Ай астындағы айбарша сұлу», «Құдыс хан» және «Бай мен баласы» ертегілерінң кейіпкерлері  алтын сандық пен 40 есігі бар сарайдың кілтін қолға түсіріп есіктерді ашымын деп опық жейтіні бар. Ашуға тыйым салынған бұл үйлерде еріндері шегелеулі қанатты жылқылар тұрса, кейбіреулерінде ауыздары түйрелген қыздар отырады. Бөлмені ашып кірген кейіпкерлер бұл пырақтарды боосатып, қыздардың ауызын шешеді. Сол сәтте пырақтар мен айдай сұлу перінің қыздары көкке ұшып кетеді. Кейіпкер жұмбаққа толы бұл жаратылыс иелеріне қолдары жете алмай қан жұтып қалады. Бұл енді адам баласының ақыр түбінде опық жейтінін, дүниенің сағым алдамшы өмір екенін білдіретін, түбі барынан айырылатын көрсетсе керек.

Сондай-ақ кейбір ертегілерде ең соңғы бөлмеде алтынмен апталып, күміспен күптелген әдемі хауыз болады. Ол хауызда екі балық жүзіп жүреді. Мұндағы оқиғалардың барлығаы да халықтық нанымдағы уақыт пен кеңістік формалары екені даусыз. Мәселен, байлаудан босаған жылқылар маусымның басталуы, балықтар күн мен түннің белгісі болса,  қолға түспей көкке самғап кеткен қанатты пырақтар, айдай сұлу перінің қыздары зуылдаған уақыттың сипатын білдіреді. Мәселен Ертөстік ертегісінде ырыққа көнбей қайта-қайта бір орынға айналып келе беретін жылқылар туралы айтылады. Болмаған соң соң Төстік күрең басты бір биені ұстап алып, аяғына  қыл бұрау салып шыңғыртады. Оның жанұшыра шыңғырған дауысын естіп барлық жылқы сол жерге жиналады. Сөйтіп күрең биені тұрғызып алып жетектеп жүре береді. Артынан ырыққа көнбеген барлық жылқы ілеседі. Мұндағы айналып келе беру 12 айдың циклын көрсетсе керек. Ал күрең жылқыны күннің, уақыттың өзі деп ұғынамыз. 

Қазақ халқының «қырқынына шығару» салты да осыған байланысты болса керек. Өйткені, қазақ түсінігі бойынша,  дүниеге  келген  сәби  40 күндік  уақыт  өткенге  дейін әлі  қалыптаспаған, әлсіз  болып  есептелінеді. Яғни сәби бұл уақытта өмір мен өлімнің арасында болады. Әлі «тумаған». Тек 40  күн өтіп, 41-нші күн  болғанда  ғана ол  шынайы  өмірге дүниеге  келген болып саналады.  Осы  уақыт  ішінде  нәрестені  бөгде  адамдарға  көрсетпейді. Қырқынан  шыққан  соң ғана,  арнайы  жоралғы («қырқынан  шығару,  ит көйлек»)  өткізіп, баланы,  «өлілер  дүниесінің  қақпасын  күзететін  итке»  сыйға беріп, бұл  дүниеге  өткізіп алады. Сол секілді, қайтқан  адамның  жаны 40 күн бойында  бұл  дүниеде  жүреді  де,  тек  41 – нші  күн  болғанда ғана  о  дүниеге өтеді, яғни,  «ит  күзеткен»   өлім қақпасынан қақпасынан өтеді деген түсінік болған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қондыбай, Серікбол - Толық шығармалар жинағы 1 том . Қазақ мифологиясына кіріспе Алматы : Арыс, 2008  373.
  2. Байпаков.К «Городица типа торткуль» (Археологические памятники Казахстана. 1978.
  3. С.А.Плетнев   «От кочевий к городам» − МИА. 142. М.,1967. 13-50-66.)
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?