Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәуелсіз қазақ еліне келіп екінші тынысым ашылды

2725
Тәуелсіз қазақ еліне келіп екінші тынысым ашылды - e-history.kz
Майра Мұхамедқызы - белгілі опера әншісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Париждегі атақты «Гранд-Опера» театрында Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз қазақ

–Еліміз егемендік алғаннан кейін шартарапқа шашылған талай қандасымыз атамекеніне оралды. Солардың бірі – өзіңізсіз. Атажұртқа алғаш оралған кезіңіздегі әсеріңіз жөнінде айтып берсеңіз?
– Мен елге алғаш рет 1991 жылдың қыс айында келдім. Әу баста қонақ ретінде келген едік. Атақонысымызға табан тіреп, алыста жатқан аға­йындарымызды көріп қай­тайық деп келгенімізбен, негізгі түпкі мақсатымыз атамекенге біржолата көшіп келу болатын. Алайда оған мүмкіндік болмады. Кеңес одағы құрамынан әлі шыға қоймаған біз өте қиын уақытқа тап болыппыз. Заман қиын, дүкендер бос, халықта ақша жоқ, елдің тіршілігі ауыр болды. Қытайдан бері шығарда күйеуіміз екеуіміз нағыз қазақтың ортасына барамыз деп қуанып едік. Өкінішке қарай, олай болмады. Орыстың ықпалы мен тілінің дәурені жүріп тұр. Басында, әрине, қиын тиді. Автобуста тұрып қазақша жөн сұрасаң: «Қашаннан бері қазақ бола қалдың?!» деп ұрыс­қандарды да көрдік. Қаса­қана орысша сөйлеп тұрып алатын қандастарымыз да көңілімізді жабырқатқаны рас.
Оның үстіне Алматыдағы Қазақтар қауымдастығының өкілдері де: «Қалғанда не істей­сіңдер? Күні ертең не боларын өзіміз де білмейміз. Жағдай аумалы-төкпелі болып тұр. Ешкім ештеңеге кепілдік бере алмайды. Одақтан мемлекеттер шығып жатыр. Елдің жалғыз-ақ арманы – тәуелсіз ел болу. Бірақ оған саяси жағдай мүмкіндік бере ме, бермей ме, ешкім айта алмайды. Тек тыныштық болсын, естерің барында елдеріңді тауып алыңдар!» деп кеңес берді. Яғни, тұрақтап қалудың реті келмеді. Визаның уақыты біткенше ел араладық. Туысқандарға қыдырдық. Тұң­ғыш рет қазақ даласындағы Наурыз тойына қатыстық. Той барысында телевизиялық түсірілім болды. Сол жерде алғаш рет Роза Рымбаеваның «Нау­рыз» әнін естідім. Үлкен әсер алдым. Алайда атажұртқа деген сағы­нышымыз бен мау­қымызды басып үлгермедік.
Үш айлық визаның уақыты бітіп амалсыз қайтып кеттік. Сол кеткеннен 1994 жылы бір-ақ келдік.
– «Қазақстан тәуелсіз ел болды» деген хабарды қалай қабылдадыңыз? Кімнен естідіңіз?
– Әлі есімде, сыныбымызда әлем картасы ілініп тұратын. Картадағы «Қазақстан» деген атауды көріп: «Мына жерде қазақтар тұрады. Қазақтардың Отаны не деген үлкен ел, қыдырып барар ма еді?» деп армандайтын едім. Кейін ес біле келе бұл арман «шіркін-ай, қандастарымызға қашан барар екенмін, қашан құмарымыз қанғанша өз тілімізде сөйлесер екенбіз!» деген аңсауға айналды. Тұратын еліміз өзгенің елі болған соң, айналаның бәрі қытайша сөйлейді. Оның үстіне үлкендер жағы бастары қосылса болды, ол жердегі айрандай ұйыған қазақтар мен олардың берекелі тірлігін жыр қылып айтып, туған жерге деген сағынышымызды одан сайын еселеп тастайды. Негізі, біздің атажұртымыз – Семей өңірі. Бабаларымыз сол өңірден ауған екен. «Ана жерде, мына өңірде туысқандарымыз тұрады, түбінде біріміз қалмай ата-жұртымызға көшеміз» деп жақындарымыз да үнемі айтып жүретін. Уақыт сырғып өте берді. Сағынышымыз да басылмады. Керісінше, атажұртқа деген құмарлық күн санап арта түсті.
Сөйтіп жүргенде «Қазақстан тәуелсіз ел болды» деген ақ­жолтай хабар жетті. Кітап­ханада отырған едім, бір қытай келіп айтты: «Ей, қазақ, елің Тәуелсіздік алыпты. Құттық­таймын!» деп. Қуаныштан жүрегім толқып кетті. Мен ғана емес, бұл жаңалық Қытайдағы күллі қазақ баласы үшін мереке, үлкен қуаныш болды. Үлкендер көздеріне жас алып, жылап, ағайын-жұрт той жасап, бір-бірін құттықтап жатты. Қысқасы, Қазақстанның Тәуелсіздік алуы Қытайдағы қалың қазақ үшін үлкен қуаныш болды.
Ақжолтай сүйінші хабардан кейін маған «қалай да кету керек!» деген ой келді. Қытайлар да сезді-ау деймін, кетірмеудің бар амалын жасап бақты. Қоймай жүріп, 1994 жылы келіп, қалып қойдым. Қытайдан заңсыз кетіп, қайтып бармай қойдым. Заң бойынша, үш айлық визамен кеттім. Қытай Үкіметі мені Чайковский атындағы халықаралық конкурсқа дайындыққа жіберіп жатырмыз деп ойлады. Мен Қазақстанға барып, орыс ұста­зыммен бірге дайындаламын деп кеттім.
– Шу болмады ма артынан?
– Жоқ, шу болмады. Мені дереу азаматтықтан шығарып тастады.
– Тәуелсіздік сізге несімен қымбат? Немен мақтанасыз. Тәуелсіздік сізге не берді?
– Тәуелсіз Қазақ елі менің қанатымды қатайтты. Кәсіби деңгейде шыңдалуыма, әлемдік сахналарды бағындыруыма жол ашты. Өз кәсіби саламда айтылмаған опералар мен орын­далмаған шығармаларды орындауға мүмкіндік берді. Небір мықтылармен үзеңгі қа­ғыстырып, көптеген мемлекет басшыларының алдында абыроймен өнер көрсеттім. Концерттер бердім. Қазақ тарихында болмаған Чайковский атындағы әлемдік деңгейдегі конкурсқа қатысып, қазақ тарихындағы тұңғыш дипломант атандым. Менен бұрын белгілі скрипкашы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Айман Мұсақожаева қатысып, лауреат атанған болатын. Париждегі атақты «Гранд-Операда» Қазақстанның атынан өнер көрсеткен тұңғыш әрі әзірге жалғыз опера әншісі болу бақыты бұйырды. Опера, ән арқылы қазақтың атын дәріп­теуіме мүмкіндік алдым.
Елбасының қасында жүру бақыты бұйырды. Бірнеше рет халықаралық деңгейдегі шешуші тарихи сәттерде қасында болдым. Президенттің тікелей шақыртуымен «Астана Опера» театрына орналастым. Сол жерде менің екінші тынысым ашылды. «Астана Опера» театрына алғашқылардың бірі болып келуім керек еді. Бірақ кейбір азаматтардың кесірінен уақытында келе алмадым. Тек Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының шақыртуының арқасында ғана Астанаға жол ашылды. Қазіргі таңда «Астана Опера» театрында жетекші әншімін. Театрымыз өте жас.
Үш жыл болды. Репертуары жылына екі-үш қойылыммен толығып жатыр.
Ең бастысы, елім маған бос­тан­дық сыйлады. Өмір бойы аң­сап келген Отаныма келіп, жаным тыныштық тапты. Елімізде береке бар. Ұлан байтақ жеріміз бен айрандай ұйыған халқымыз бар. Мен осымен мақтанамын. Өзге халықтар тоқымдай жер үшін қан төгіп, соғысып жатыр. Көбісі Отансыз босып жүр. Мен осындай елімнің барына қуанамын, тәубе етемін.
– Еліміздегі өнерге қолдауға көңіліңіз тола ма? Әлемдік деңгейдегі сахналарда жүріп нені аңғардыңыз? Ол жақтағы қолдау мен бұл жақтағы өнерге деген көзқарастың айырмашылығы неде?
– Көпке топырақ шашуға болмайды. Дегенмен, «қарның ашатын» жайттар көп. Елімізде небір таланттар тасада қалып қойып жатыр. Әкесі, көкесі барлар озған заман болып тұр. Яғни, дарынсыздардың заманы туып тұр деуге болады. Бәрі бір ғана қоңыраумен шешіліп жатады. Шетелде талант бірден мойын­далады. Адал еңбек еткендер озады. Бізде осы жетпейді. Мұндай жайттар өз басымнан да өтті. Талай таяқ жедім. Бұл өнер ғана емес, барлық саладағы дерт болып отыр.
Бұл – кеңестік дәстүрден қалған бір сарқыншақ. Ол кезде аты мен атағы бар әншілер ғана үлкен сахнаға шығатын. Басқаларға жол болмайтын. Мен осы үрдісті бұзып, талант арқылы да топ жаруға болатынын дәлелдедім. Қазір жастарға мүмкіндік өте көп. «Бара ғой, қатыса қой!» дейтін жер де, байқау да көп қазір. Бізде кезінде ондай мүмкіндік бомады. Бірлі-жарым халықаралық байқауларға атағы барлар ғана қатысты. Расы керек, ол кезеңде жеңіс емес, қатысу мәртебе саналды. Мені көп жерде сахнаға шығармай, алып қалатын. Сондағы бар айтатындары – «атағың жоқ» деген сылтау. Үлкен сахнада жүріп, тек екі жылдан кейін ғана басты рөл алдым. Оның өзінде орындаушы ауырып қалып, амалдың жоғынан берілді. Атақты «Травиата» рөлі болатын. Ештеңеге қараған жоқпын. Абыроймен орындап шықтым. Сосын барып мойындалдым. Болашағыма сенім білдіріп, ақырындап сахнаға шығара бастады.
Біраз жұрт мені Франциядағы «Гранд-Опера» театрында келісімшарт негізінде ұзақ уақыт өнер көрсеткен алғашқы қазақ қызы деп мақтап жатады.
Ол жерде де еш көмексіз, қол­даусыз жүрдім. Мына күнге оңайлықпен жеткем жоқ. Адал еңбек пен маңдай тердің арқа­сында жеттім. Елімізге әлемдік «Сорос қоры» келмегенде жағ­дайым не болар еді?! Біраз конкурсқа осы қордың көмегінің арқасында бардым.
– Жаңа бір сөзіңізде бірнеше рет халықаралық деңгейдегі шешуші тарихи сәттерде Елбасының қасында болдым деп айтып қалдыңыз. Толық­тай тар­қатып айта кетсеңіз…
– Бәрі де өнердің арқасы ғой, екі рет Елбасының қабылдауында болдым. Сондай қабылдаудың бірінде Нұрсұлтан Әбішұлы: «Чайковский атындағы әлемдік деңгейдегі конкурсқа барып қатыс» деді. Мен «бара алмаймын» дедім. Өйткені орысша білмейтін едім әрі Порту­галиядағы жағдайды айтып, қаржылық мүмкіндігімнің жоқ­тығын айттым. Сосын: «Италиянша ән айта аласың ба?» деп сұрады. «Иә» дедім. «Ендеше, дайындал, бұл байқауға еліңнің намысы үшін барасың. Уайымдама, бәрі жақсы болады!» деп қайрап жіберді. Абырой болғанда, ол кісінің үмітін ақтап, дипломант атандым. Үлкен концерттерден көрінбей қалсам, «Майра қайда, неге көрінбейді?» деп іздеп жатады деп естимін. Бұл мен үшін, әрине, үлкен бақыт.
Мен еліміздің тағдыры шеші­летін бірнеше маңызды халық­аралық кездесулердің бірне­ше­уінде Елбасының қасында болдым. Алғаш рет АҚШ-қа ресми сапарында еріп бардым. АҚШ-тың сол кездегі президенті Билл Клинтон еді. Жол ауыр әрі ұзақ уақыт ұшып барғандықтан, шаршап жеттік. Оның үстіне мұндай алпауыт елге алғаш рет барып тұрмыз. АҚШ жұрты сынай қабылдағандай көрінді. Сапар аясында 500 адамдық залда өнер көрсетуім керек болды. Сол кезде Елбасы айтты: «Майра, еліміздің болашағы мен екі ел арасындағы байланыстың нығая түсуі – менің ғана емес, сенің де мойныңда. Амери­калықтарды өнермен тәнті етуің керек. Залдағы 500 адамды ая­ғынан тік тұрғызатын бол. Жақ­сылап дайындал!» деді. Кеш­кісін АҚШ президенті Клинтон мен Елбасымыз бас­таған 500 адамдық делега­ция­ның алдында Бернштайнның шығармасын орындап шықтым. Зал орнынан тік тұрып қол соқты. Ертеңінде Елбасы: «Үлкен еңбек сіңірдің» деп рақметін айтты.
Сосын елімізге Қытай елінің бірінші төрағасы Цзянь Цзэмин ресми сапармен келген кезде де сол кездегі Премьер-министр Ахметжан Есімов арқылы арнайы шақыртып алды. Қытайша ән айтып, Қытай төрағасының құрметіне орай ұйымдастырылған салтанатты кешті жүргізіп беруімді сұрады. Қытайша ән айтып, кешті жүр­гіздім. Қытайлық делегация өте жақсы қабылдады. Бір кезде мені Нұрсұлтан Әбішұлы ша­қырды. Екі президентің ортасында отырмын. Сөз арасында Қытай төрағасы менен: «Неше жыл болды?» деп сұрады. Мен: «Келгелі неше жыл болды?» деп сұраған шығар деп ойлап, «екі жыл болды» деп жатырмын. Сөйтсем, шетелдік төраға Елбасымызға қарап: «Нұрсұлтан Әбішұлы, жастарыңыз қандай керемет! Екі жылдың ішінде қытай тілін осындай деңгейде меңгеріп алыпты, Мен Қытайда тусам да, әлі күнге дейін шанхай диалектісімен сөйлеймін» деп мақтау айтты. Өзім ыңғай­сызданып келдім. Елбасы «үн­деме!» дегендей ишарат біл­дірді. Кештен соң Президент қасыма келіп: «Азаматтық алып пе едің?» деп сұрады. Мен екі жылдан бері бармаған жерім, ашпаған есігім қалмағанын, ала алмай жүргенімді айттым. Жақында аласың деп, сол кездегі Алматы қаласының әкімі Шалбай Құлмақановқа тапсырды. Азаматтық алдым. Азамат­тық­пен бірге, екі бөлмелі пәтер­дің кілтін де тапсырды.
– Қытай төрағасы сол бойы білмей кетті ме сіздің Қытайдан келгеніңізді?
– Артынша қызық болды. Бұл 1994 жылы болған оқиға еді. 1996 жылы екінші рет келді. Сол кезде: «Әй, сен біздің қыз екенсің ғой!» деп күлді. «Сені екі ел арасындағы мәдени көпір деп білеміз. Білімді біз бердік, ұмытпа!» деп кетті.
– Өнерге баулып жатқан шәкірттеріңіз бар шығар?
– Бар. Бірнеше шәкірт дайындап жатырмын. Үш бірдей сопрано дауысты шәкіртім бар.  Қолымнан келгенше өнердің иірімін үйретіп жатырмын. Алайда бәрі айналып келіп ақшаға тіреледі екен. Балапандарымды үлкен сахналарға алып шығу қиын болып тұр. Бүгінгі таңда Қазақстандағы өнердің жайы да қиын. Өнер адамдарын соншама неге қадірсіз қылып қойғанына таң қаламын. Балаларды бес жа­сынан бастап музыкаға баулимыз. Он жыл бойы академиялық оқуын бітіреді. Ал жемісі мынау – жалақысы небәрі 50-60, әрі кетсе 80 мың теңге. Амалдың жоқтығынан небір мықты таланттар басқа салаға кетуге мәжбүр.
Бір өзгеріс болса, ең алдымен бізді өзгертеді. Осындай жайттардың салдарынан қаржы мәселесі үнемі қолбайлау болып жатады. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?