Солардың бірі – Алтайдың шығыс бетінде тұратын Моңғолия қазақтары. Басым бөлігі Бай-Өлгий аймағында қоныстанған. Өзгелері ел астанасы Ұлан-Батыр қаласы мен Налайхан, Дархан, Орхон, Эрдэнэт, Ховда, Төв, Хэнтай, Сэлэнгэ сияқты орталық аймақтарда қоныс тепкен.
Осындағы ағайынның тыныс-тіршілігі мен қоныстанған тарихы туралы жазылып та айтылып келеді. Дегенмен аз ғана қазақтың Қобда аймағына қай жылдардан бастап қоныстанған жайлы, Алтайдың шығыс бетін қоныстанған қандастардың тыныс-тіршілігі жайында сол елдің арасынан шыққан танымал альпинист, тәуелсіз журналист, өлкетанушы, блогер Жанарбек Ақыбимен сұқбаттасудың сәті түскен еді. Жанарбек Ақыбимен Бай-Өлке (Жергілікті қазақ Баян-Өлгийді Бай-Өлке деп атайды) қазақтары жайлы әңгімелесіп ұмыт қалған тарихи тұлғаларды да бір сәтке еске алдық.
– Жанарбек аға, білуімізше Моңғолия жеріне қазақтар XIX ғасырдың екінші жартысында келе бастады. Нақтылы уақыты қай жылы? Олардың бұл жерге келуінің басты себебі не? Баян-Өлгий аймағы орнамаудан бұрын қазақтардың қоғамға белсенділігі қандай болды? Осы сауалдарға жауап бере кетсеңіз.
– Моңғолия қазақтары 1860 жылдары Қобда бетіне келіп қоныстанды деп негізгі дерек көздерінде айтылып жүр. Алтай аймағында (Шыңжанда) мал өрісі тарылып, қоныс жетіспеушілігінен туындаған себептерге байланысты Керейдің шеруші руы және өзге бірнеше рулар Қобда бетіне өтті. ХХ ғасырдың басында жергілікті қазақтар жаңа орнаған Боғдыхан үкіметінің қарамағына кіру туралы ұсыныс жасап, таңбасын алып, қолын қойып, арыздарын жазып жіберген. Боғдыхан үкіметі бұл ұсынысты қош көріп, рұқсат жарлығын шығарады. Осылайша Боғдыханнан рұқсат алған қазақ халқы Қобда бетінде әрі сол баяғы ата-бабасының құнды қонысында өмір сүріп келеді.
Моңғол елі толық дербестігін 1921 жылы орнатты. Бұл кезде де Қобда бетіндегі қазақтар мемлекеттік жиынға белсенді түрде араласып келді. Әр жылы парламенттік жиынға қазақтарды шақырып қатыстырып отырған. Осыдан кейін Мұқан Жылбайұлы аз ұлттарға қатысты Кеңестің орынбасары болды. Кейін Мұқан Жылқыбайұлы 1932 жылы Моңғолияның Мәскеудегі елшісі болып сайланып, 9 ай қызмет атқарды. Осы кезеңдерден бастап қазақтардың қоғамға белсене қызмет жасауының бастамасы басталды.
– Баян-Өлгий аймағы 1940 жылы құрылды. Қиырда қалған қазақтың тұңғыш ұлттық аймағының бірі. Аймақты орнатуда өзіміздің қазақ ағайындардың рөлі зор болды деп еститінбіз. Осы жұмыстың басы-қасында болған саяси қайраткерлерден кімдерді айта аласыз? Есімі айтылмай келе жатқан тұлғалар да бар шығар, бәлкім?
– Сұрағыңыз өте орынды. Есімі ешқашан ұмытылуға тиіс емес тұлғалар өте көп. Баян-Өлгий қазақтарын алғаш Қобда бетіне әкелген Жылқышы, Көбеш билер жайлы ізденістер көңіл көншітпейді. Жылқышыға жеке дара билік алып беру жолында күрескен «Тоғыз қасқа» аталған шерушінің тоғыз биін де ізденіп біле жүрсек, артық болмас еді. Бұл қайраткерлерді жергілікті халық білсе де, Қазақстандағы ағайын біле бермейді деп білемін. Моңғолия қазақтары Қобда бетіне қоныс аударып, орныққан кезінде, елді ауылды қарақшылардан қорғауға атсалысқан батырларымыз болды. Солардың бірі Қырыққанбас (Смағұл) батыр. Қазақтың «Робин Гуды» атанған қайсар, рухты батыр. Оның есімі Бай-өлке қазақтарына аңыз болып айтылып келеді. Әсіресе Смағұл (Қырыққанбас), Назар батырлар жайлы аңыздарда қос ағайындының аттары ауысып айтылып жүрген жайы бар. Ал шын мәнінде екеуі де бір атаның балалары.
1914 жылы Қобда аймағындағы Ішкі істер министрі Сандыг келіп Қобда қазақтарының билігін Қиюбайға тапсырып қолына таңба ұстатып, Дэлүүн, Тұлба көлінен Ташантыға дейін жерді қазақтар мекен етсін деген Боғдыханның жарлығын жеткізеді. Осы Қиюбай Ақышұлының өмір тарихы жайлы да білеріміз шамалы. Қиыр Шығыстағы майданға қатысқан ардагерлер мен ақтың қашқындарын азат ету соғысында «Тұлба көл» қырғының көрген батырларымызды да ұмыттық. Алтайды азат етуге Оспан батырға көмекке барған Баян-Өлгийдің құрама әскері жайлы мүлдем білмейміз.
Моңғол елінің басшысы Х. Чойбалсан мырзаның қазақтарға деген көзқарасы жылып, қазақ аймақ орнатып берсе де, Гоминдонға қарсы соғыста қазақтарды пайдаланған. Бай-Өлкенің алғашқы басшысы Б. Қаби бастаған партизандардың ерліктерін жас ұрпаққа біліп өспей келеді. Қабиден кейін Жеңісхан Дүзелбайұлы Баян-Өлгий аймағының тізгінін қолына алады. Ол кісі Баян-Өлгий аймағын алғаш орнатқан, алғашқы қайраткерлердің бірі ретінде есімі елге белгілі. Жеңісхан ақсақал – Қобда аймағына келген Моңғолия елінің басшысы, маршал Чойбалсонды ертіп, Баян-Өлгий аймағындағы халықпен жүздестіріп, келер жылында Баян-Өлгий аймағын өз қолымен құрған алғашқы қайраткердің бірі. Шығыс Түркістандағы азат етуге, Оспан батырға көмекке Баян-Өлгийден ерікті жасақ құруды Чойбалсынның арнайы тапсырмасымен өзі тікелей ұйымдастырып, 1500 әскер жіберген, бірақ арнайы саяси шешіммен еңбегі айтылмай, тасада қалып отырған.
Жеңісхан Дүзелбайұлы аймақ басшысы қызметін 1943-1951 жылға дейін тапжылмай атқарады. Жекеңнен кейін де Бай-Өлкені басқарған Құрманхан Мұқамәдиұлы жайлы да көп айтыла бермейді. Баян-Өлгийдің Музыка драма театрына М. Құрманхан есімі беріліп, саяси қайраткерлік істері енді-енді айтылып келеді. Моңғолия қазақтарынан шығып, жоғары билікке жеткен министрлер Мұқан Жылыбай, Ром Жуанғандар болған. 1959-70 жылдары Баян-Өлгийді басқарған Ром Жуанғанұлы да мықты ұлтшыл, халықшыл басшы болды. Бұл кісінің заманында өнер мен спорт, мәдениет пен руханият жанданды. Қазақстаннан қанша әдеби оқулықтар, газет-журналдар келді. Қазақ елінен келген қайраткерлер Бай-өлке аймағында мәдениет пен өнерге, білім реформасына төңкеріс жасап, өз шәкірттерін тәрбиеледі. Баян-Өлгий аймағында құрылыс қарқындады. Жаңа ғимараттар тұрғызылды. Солардың бірі Моңғолия қазақтарының негізгі ақпарат көзі болған Қазақ радиосының ғимарат құрылысы болды. 300 метрлік антенна құрылысын Чехословакия елінің көмегімен салды. Жол құрылысы, байланыс саласында да ілгерлеу болды. Аймақ орталығы мен сұмындарды жайлаған қазақтар арасында байланыс орнады. Ж. Ром басшының Бай-Өлке қазақтары үшін жасаған қайраткерлік істерін айтсақ, таңды-таңға ұрып әңгімелеп беруге болады. Дегенмен ол кісінің есімі де Моңғолия қазақтарында елеусіз болып келеді. Айтып тізе берсек, мұндай елеусіз тұлғалар өте көп, бәрін бір тақырыпқа сыйғыза алмаспын. Кейін бұларға арнайы тоқталармыз.
– Баян-Өлгий аймағының 90 пайызы – қазақтар. Дегенмен діні мен тілі бөлек, мәдениеті мен тұрмысы бөлек өзге елдің жерінде тұрып, ұлттық болмысымызды қалайша берік сақтап қалдыңыздар?
– Бай-Өлке қазақтарының әкімшілік орталығы Қобда аймағына қарасты болды. Осылай 1940 жылы Моңғол елінің басшысы Х. Чойбалсан Баян-Өлгий аймағын құрып берді. Үкімет алғашқы басшыға Б. Қабиды тағайындады. Ол кезде үкіметтен, партиядан қазақтар қорықты. Бұлғын сұмын өлкесінің қазақтары Қытайға ауа көшті. Шынжаң жақта да қырғын соғыс бұрынғыдай емес, жағдай мәз емес еді. Келесі басшылыққа Жеңісхан Дүзелбайұлын тағайындады. Бұл кісі Баян-Өлгий аймағына халықты орнықтырып алғашқы қалашық негізін орнатты. Қазақтарға үкіметтің көз қарасының түзу екені сендіру үшін де Баян-Өлгий аймағы орнасымен Өнер клубын қоса орнаттыпты. Оны ақын Б. Ақтанға басқартты. Ұлан-Батырдан әртістерді оқытып, өнер ордасына қызмет атқаруға алдырды. Баян-Өлгий аймағы орнаумен бірге баспа бөлімі орнап, қазақ тілінде «Өркендеу» тұңғыш жергілікті газеті 500 данамен жарық көрді. 1942 жылдан «Үгітші» журналы үгіт насихат парақтарын шығара бастаған. Міне, Баян-Өлгий қазақтары рухани әлемге жақын болудың бір себебі осылай. Үкімет те көп қыспақтамай еркіндік берді.
Бұл жердегі жергілікті халық қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық құндылығын жоғалтпай, басым көпшілігі ата-бабамыздан келе жатқан мал шаруашылығына икемді болды. Жайлауға көшіп қонып, киіз үйді тігіп, қыстау, күзеуін салды. Көшпенді өмірден алшақтамады. Соның арқасында бүгінде қазақтардың төрт-түлік саны көп. Өйткені мал шаруашылығы – қазақтың ертеден ата кәсібі. Киімі де, тағамы да, тұрмысы да малдың арқасында.
Баян-Өлгий аймағын алғашқы басқарушылар Жеңісхан мен Ром екеуі Моңғолия қазақтарындағы әйгілі «Көп қалақша» аталған әйгілі «Бешең ауылы» делінетін домбырашы күйші ауылдың ұрпағы еді. Олар жергілікті қазақтардың ұлттық руханиятына көп еңбек сіңірді. Ром Жуанғанұлы басшылық еткен жылы Баян-Өлгий театр ұжымы 1960 жылы 10 күндік концерт қойып, астана Ұлан-Батыр тұрғындарын қазақтын ән-күй, биімен таң-тамаша қылып, сол жолы «Еңбек сіңірген әртісі» атағымен қазақтар топ-тобымен марапталған екен. 1965 жылы Бай-Өлкенің өзінде 1 сағаттық қазақ тілді радионың іске қосылуының бай-өлкелік ағайынның өнерге жақын болуына, әрбір қазаққа өр рух сыйлауға керемет әсері болған. Міне, бойында өнері бар басшылар халқында де өнерге жақын қып, бойларына ұлттық құндылықты сіңіріп кемелденуіне ерекше ықпал етті.
– Жанарбек аға, Моңғолия қазақтарының ұлттық құндылықты сақтауға деген құлшынысы бойларында ежелден болды ма? Әлде қоғам солай тәрбиеледі ме?
– Қоғам тәрбиелей алды дей алмаймыз. Өйткені ол қоғам да өзге елдің идеологиясы қызмет атқарды. Олар қазақтың рухани дүниесіне, салт-санасына мейлінше қарсы болды. Әсіресе қызыл коммунист уақытында діни жоралғыларды құртып, салт-дәстүрден алшақтатып, ұлттық құндылықтарымызды жоқ қылуға дейін барған кездері болған. Елдің арасында өсектік деңгейдегі кітаптар мен коммунистік идеяны көпіріп жазған оқулықтар болды. Жоғарыдан келген тапсырмалар болды. Дегенмен мұның бәрі Моңғолия қазақтарына теперіш болмады. Өз ұлтына деген сүйіспеншіліктің, сосын ежелден ата-баба қанымен қалыптасқан дәстүрді олар берік сақтауға талпынды.
Нақты өмірден бір-екі мысал келтірейін. 1928 жылы Моңғол елі Бай-өлке қазақтарының жастарын оқытып, елді жаңа заманша басқарту мақсатында бір топ қазақ жастарын Ұлан-Батырға алдырады. Ішінде Зайсанов, Шолтай, Жеңісхан, Биғайша, Күзнайлар бар. Олар Ұлан-Батырға барған соң, өзге ұлттың тамағын ұсынып, сол елдің тілінде қызмет атқарған. Жастардың арасынан Жеңісхан Дүзелбайұлы бас болып үкіметке хат жазып бізді Қазақстаннан оқытып бер деп арыз түсірген. Елбасы Х. Чойбалсын ойлана келе оларды Мәскеуге жіберіп Қазақстаннан қазақ ұстаздарын алдырып, өз ана тілдерінде курс дәрісін өткізген. Міне сол бір топ жастың ішінен М. Зайсанов генерал болды. Шолтай халық ұстазы атанды. Жеңісхан – Бай-Өлкені өз қолымен орнатқан тұлға. Міне Бай-Өлкенің алғашқы тұлғаларының жас кезінде де қорғаламай, өз ұлтының мүддесін қорғап ел басшыларына тіке тұрып, мінез көрсеткен. Ұлттық құндылығымызды осындай нар тұлғалы ағаларымыз қым-қиғаш уақытта сақтап қалуға жәрдем болса, бүгінгідей бейбіт заманда олар неге бұл өнерді ұлықтамасқа! Сондықтан Бай-өлке қазақтары көшпенді өмір сүрген бабаларымыздың рухани мұрасына, оның ұлттық тағамына, дәстүріне, өнеріне, мәдениетіне кір келтірмей ұлықтап келе жатыр.
Тағы бір әңгіме айтайын. 1937-1938 жылдары саяси нәубетпен Моңғолиядағы бай-билерді және дін қайраткерлерін қуғынға ұшыратып, әр ауылдағы игі жақсылардың бәрін асып, атып, қырып тастады.
Ел енді кімді ұстайды, кімді атады деген бір үрейден арылмаған саяси қанды қырғын қан исі кеппеген жылдардың бірінде, 1939 жылы үкімет басшысы маршал Х. Чойбалсан Баян-Өлгий территориясына іс бабымен сапарлай келіп сол кездегі қазақтардың ең көп жасаған адам 105 жастағы Зымыран апаға барып сәлем берген. Зымыран апа Х. Чойбалсынның өкіл анасы болыпты. Сонда қоштасарда маршал кейуанадан «Апа, маған не тілегіңіз бар, орындайын» десе, Зымыран апа: «Жасар жасымды жасадым, енді өлер жасыма келдім, маған жаназа шығарар Молда керек», – депті. Тіке маршал Х. Чойбалсынның қадағалауымен барлық дін адамдарын атқызып, қырып тастаған. Ақыры үкімет басшысы қарт ананың тілегін орындап, жаназа шығаратын молда тауып берген.
Міне, осындай қиын заман болса да Бай-Өлкенің үлкенді-кішілі әр жастағы халқы қазақтың ұлттық рухымен, қазақылығын қанына сіңіріп, ұрпағын тәрбиелеп, ана тілінде еркін сөйлеп, жақсы тіршілікті өмір сүріп келеді. Осы Моңғолия қазақтары нағыз өр рухты қайсар қазақтар екенін Қазақстан тәуелсіздігін алғанда тағы бір мәрте дәлелдеді. «Қазағым» деп ұрандап, үлкенді-кішілі қызметтерде отырған қоғам қайраткерлері, мәдениет пен өнер саласының білгірлері, ағарту ұстаздар, спорт саңлақтары бар – барлығы көш басын атамекенге бұрды. Олардың басты арманы да менің балам, немерем Атамекенінде биік дәрежеге жетсін, Отанында ұлықталсын деген үлкен арман-тілектері болды. Соған жетті деп ойлаймын.
– Қазіргі Баян-Өлгий қазақтарының Атамекенге көзқарасы қалай?
– Бұрын Қазақстан жайлы әңгіме, аңыз естіп ғана жүрсек, 1990 жылдан бастап Баян-Өлгий халқының тең жартысы Атамекен Қазақстанға қоныс аударды. Ол көші-қонмен бірге Бай-Өлкенің талай талантты азаматтар, өнер иелері мен ғалымдары әр саланың адамдары көшті. Баян-Өлгий қазақтарының қандай жағдай болсын, Қазақстанда жарты жаны жүр, біреудің туысы біреудің танысы, дос жараны дегендей. Соңғы уақытта білім саласында қаншама балаларымыз Қазақстанда білім алуда. Сондықтан да аматекенмен бәріміз жақын араласып, Қазақстан туралы ақпарға қанықпыз. Ұлттық арнаны тамшалап, қазақ радиосын бір сәтке болсын тыңдай аламыз. Қазақстаннан алдырған кітап, газет-журналды ұрпағымыз оқып, өсіп келеді. Отанымызға бәлен-түген дейтін көзқарас жоқ. Бұрын қандай еді, қазір де сондай. Қайталап айтам, Атамекен жайлы шеттегі ағайының ешбір бөтен көз қарасы болмақ емес. Көші қонға байланысты игі жоба ойластырылып, қазаққа деген мықты саясат іске асса, көші қон жалғаса беретініне сенем. Тек қана жақсылық болсын Отанымызда!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Ескерту: Баян-Өлгийдің жалпы көрінісі ашық интернет алаңынан және басқа суреттер автордан алынды.