Атының өзі айтып тұрғандай, атамекеннен алыста жүрген қазақтар жайлы деректі фильмнің өне бойында қазақтың исі бар. Шеттегі әрбір қаны қазақ, жаны қазақ үшін қажетті болды деп ойлаймын. Тағдыр тауқыметіне ұшырап жер-әлемнің түкпір-түкпіріне кеткен қазақ бауырлардың бүгінгі жай-күйін барша қазаққа жеткізгісі келген фильм ұжымына ризашылығымды білдіремін.
Фильмнің бірінші бөлігі Моңғолия қазақтарына арналғанын көріп куанып қалдық. Тұсаукесерден кейін пікір айтушылар екіге бөлінді. Моңғолияға барып тұрып Бай Өлке қазақтары жайлы айтпай кетуді үлкен қателік деп санағандардың саны көп болған сияқты. Меніңше, фильмнің түсірілім тобы әбден таптаурын болған әдісті қайталамай, жаңа бір жол іздегендей. Неге десеңіз, бүгінге дейін Бай Өлке туралы білмейтін қазақ жоқтың қасы. Халқының тоқсан пайызға жуығын қазақтар мекендейтін Бай Өлкеге бұрын басқа телеарна, газет-журналдар көптеген мақала бағдарламалар дайындаған болатын. Қиырдағы қазақтар жаттамалы дүниені онсыз да жақсы білетін халыққа қайта ұсынудың орнына Моңғолия астанасында көп адам біле бермейтін аз қазақтың атын шығарып жүрген қандастар жайлы сөз қозғағаны фильмнің жаңашылдығы деп бағалауға тұрарлық.
Жеке басым деректі фильмді тыңғылықты дайындықпен, үлкен ізденіспен түсірген деп қабылдадым. Себебі Моңғолия еліндегі әр салада жүрген, нақтылап айтсам, ғылым, бизнес, медицина, басқа саладағы қазақтармен сұхбат құрып, халық жай-күйінен мейлінше қажетті ақпаратты алып шығарған.
Кез келген істің, үлкен жұмыстың кемшілігі болмай тұрмайды. Менің байкағаным, 130 мың қазақты 25 минутқа сыйдыру қиындау. Фильм шығады дегенде үйреніп қалғанымыздай, бір-екі сағаттан астам уақыт төселіп отыр көретін шыгармыз деп ойлаған едік, бірак біз ойлағаннан қысқа болғаны аздап көңілімізден шықпады. Кадр сыртында көптеген қиын істер болатыны анық. Сондыктан мұның ыстық-суығын білмей жатып, мінеп-сынауымыз да әдепсіздік болар, тек жеке ойымды білдіргенімді дұрыс қабылдауларыңызды сұраймын.
Жалпы фильм ұнады, келесі бөлімдерін бұдан да жақсы, сапалы шығаруларыңызга тілектеспін. Сәттілік серіктеріңіз болсын!
Ердәулет ШӘКУ, кәсіпкер, «Бесбармақ» қазақ мейрамханасының иесі
Ұлан-Батыр, Моңғолия