Мұқан Төлебаевтың өмірі мен шығармашылығы – бұл өткен ғасырдың 1940-50-ші жылдарындағы Қазақстанның музыка мәдениетінің бүтіндей бір тарихы деуге болады. Опералар, хорға арналған және симфониялық туындылар, романстар мен кантаталар...
М.Төлебаев ССРО Халық әртісі деген жоғары атақтың иегері, Совет Одағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, консерватория профессоры, Қазақстанның бірінші мемлекеттік әнұранының авторы, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған. Көзі тірі кезінде оны билік мойындап, халық жақсы көрген.
Мұқан 1913 жылы 28 ақпанда Жетісу облысының Қарашыған деген елді-мекенінде Төлебай Өскембаев пен Тәжібала Ақшалованың шығармашылық отбасында өмірге келген. Шын аты – Мұхаммедсәлім. Ұлы туардың алдында Тәжібала түс көреді, түсінде бір алып құсты ұстап алған екен. Келесі күні ауыл молдасына барып, түсін жорытады, молда баланың өмірге аман-есен келетінін жорып береді. Бірнеше күннен кейін Тәжібала түсінде тағы құс ұстап алып, оған Бопанай деп ат қойған екен. Ол тағы да молдаға барады, молда баланың есім Құраннан алып қойыңдар деп кеңес береді. Осылайша, балаға Мұхаммедсәлім деген ат қойылады. Бірақ, ата-анасы оны еркелетіп Мұқан деп атап кетеді. Мұқанның әкесі Төлебай кедей отбасынан шыққан, өмір бойы диқаншылықпен айналысқан, Бөрлітөбе құмды аймағына егістік суды бөлетін мұрап болып еңбек еткен.
Шешесі Тәжібала өңірге танымал қазақ фольклорының білгірі Ақшал Тастанбековтың көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ол да музыкаға қабілетті болған, өлең шығарып, ән айтқан. Әке-шешесінен басқа олардың үйінде әкесінің туысы, сол кездегі танымал ақын әрі айтыскер Апырбай Әуелбаев тұрған. Мұқанның музыкаға деген сүйіспеншілігін оятқан да осы Апырбай ағасы. 1929 жылы Мұқан қапал педагогикалық техникумының әдебиет бөліміне тыңдаушы болып қабылданады. Бірақ оқуын аяқтай алмайды. 1933 жылы әкесі қайтыс болып, үйдің жалғыз асыраушысы өзі болып қалған Мұқан туған өлкесіне қайтып оралуға мәжбүр болады, сол жерде Түрксіб құрылысы аясында ашылған 17 балықшылар артелінің біріне есепші болып жұмысқа тұрады, жұмысымен қоса көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастырады. Жұмысы қанша ауыр болса да, Мұқан домбырада ойнауды ұмытпайды.
Жас Мұқанның музыкалық қабілеті сұлу Төлеу қыз бен кәрі шалдың үйлену тойын бұзу оқиғасымен белгілі балды. Мұқан бұл тойға қонақтардың көңілін көтеруші ақын ретінде шақырылған дейді көз көргендер. Ал, іс жүзінде Мұқан шалға қарыз болып қалған қыздың әкесі мен ағасының оны шалға беріп қарыздан құтылмақшы болғанын домбыраға қосып ән қып айтып, жұртқа паш етеді.
1934 жылдың көктемінде Мұқан Төлебаев өз ұжымымен және үгіт бригадасымен бірге жас таланттардың слетіне қатысады. Отыз күннің ішінде Мұқан он жеті балықшы артелінің он үшінде болып, төрт балық зауытында өнер көрсетіп, жұртшылықты «Әупілдек», «Аққуым», «Жеті Арал» әндерін шебер орындауымен тәнті етеді. ХХ ғасырдың 30-шы жылдары Мәскеуде А.В.Луначарский атындағы театр институты мен П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясы жанынан Орта Азия республикаларының кәсіби ұлттық музыкалық кадрларын даярлау үшін студиялар ашылады. Консерватория жанында сол кезде қазақ, қырғыз, тәжік және өзбек студиялары жұмыс істеп тұрған. Онда бару үшін алдымен Алматыдағы таланттар байқауына қатысып, Евгений Брусиловскийдің (суретте сол жақта), Шәкен Аймановтың, Құрманбек Жандарбеков пен Күләш Байсейітованың кепілдемелерін алу керек болды. Бұл байқаудан төртеу өтеді: Мұқан Төлебаев, Қадау Баймұхамедов, Жамиға Шалбаева және Оспан Қамшыбаев.
1936 жылдың тамызында олар Мәскеуге жол тартады. Е.Брусиловскийдің естелігінше, Мұқан Төлебаевқа тамаша музыкалық бейімі мен интонациялау шеберлігі көмектескен. Музыкадағы алғашқы кәсіби машығын Мұқан Төлебаев 23 жасында алады. Алғашқы екі жыл ол Ксения Васкова, Мария Владимирова мен Елена Катульскаяның жеке дауыспен шырқау кафедрасында оқиды, алайда өкпесінің созылмалы ауруы оны совет композиторлары Борис Шехтер мен ССРО Халық әртісі Рейнгольд Глиэрдің басшылығындағы композиторлық бөлімде өз күшін сынау көруге мәжбүр етеді. Бұл жерде ол фортепианомен танысады. 1938 жылы Мұқан Төлебаев өзінің дебюттік туындысы – досы З.Ілиясовтың өлеңіне «Кешкі көк» романсын жазады, сонымен қатар, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлу» операсын қою идеясын ойластырып жүреді. Студиядағы оқуынан кейін ол консерваторияның негізгі курсына түспекші болғаны композитордың естеліктерінен белгілі, алайда 1941 жылдың жазында Ұлы Отан соғысы басталып кетеді. Қазақтың көптеген батыл ұлдары сияқты Мұқан Төлебаев та соғысқа баруға ұмтылады, тіпті халық жасағының қатарында да болады, бірақ денсаулығының нашарлығына байланысты оны майданға жібермейді. Ол жорықтық-марштық әндер жаза бастайды («Тос мені, тос», «Соқ, барабан», «Қанаттым» және басқалар). Оның өмірінің бұл кезеңі Евгений Брусиловскиймен тығыз байланысты, ол 1941-1946 жылдары Мұқанға композиция негіздерінен сабақ берген. Мұқанмен қарым-қатынасы туралы Евгений Брусиловский былай деп жазады:
«Мы обычно не без ядовитости спорим, что звучит по-казахски…. Мы ревниво обсуждали каждую интонацию, тот или иной гармонический прием. Что делать с терцией? Можно ли пользоваться D7 в чистом виде или в альтерированном? … Вопросов было много и все нервные. Не успев толком освоить технический уровень первой гармонии, Мукан заглядывал далеко вперед. Так от первой песни «Соқ барабан» до последней «Тос мені, тос» Мукан прошел путь возвращения из Москвы в Казахстан, выяснения стилевых, ладо-гармонических принципов казахской музыки»
Мұқан Төлебаев үшін 1942 жыл оқиғаға бай жыл болды. Осы жылы ол Қазақ ССР Композиторлар одағына мүше болып, оркестрге арналған «Поэманы», скрипка мен фортепианоға арналған бірнеше камералық-аспаптық туынды, қобыз бен фортепианоға арналған «Лирикалық би» шығармасын, «Таня туралы ән» әнін жазады, бұл ән Ұлы Отан соғысы туралы шығармалардың республикалық конкурсында үздік ән атауын жеңіп алады. Бұдан басқа, ол осы жылы Алматыда халық аспаптары оркестрінің дирижері болып жұмыс істей бастайды, және Е.Брусиловский мен Л.Хамидимен қатар Қазақ ССР-нің бірінші Мемлекеттік Әнұранының авторы болады.
1945 жылы М.Төлебаев «Қазақ увертюрасы» мен «Амангелді» операсын жазып, осы үшін Қазақ ССР Еңбек сіңірген өнер қайраткері деген жоғары атаққа ие болады. М.Төлебаев туралы Евгений Брусиловский былай деп жазған:
«М.Төлебаевтың композитор ретіндегі жылдам өсуі ерекше. 1936 жылы ол нотаны да білмейтін. Ал бес жылдан кейін Мұқан Төлебаев Мәскеуден толық сауатты музыкант болып оралды. Қажетті техникалық дайындығы жоқ жас композитор ірі формамен бірлесіп жұмыс істеу үшін біліктірек композитор бірігеді, бұлай жиі болып тұрады... Төлебаевтың менімен бірге авторластығының себебі мүлде басқаша еді... Ол сол кездің өзінде-ақ өзі жеке опера жаза алар еді, бірақ оған практика, тәжірибе жетіспеді. Келесі операмен жеке жұмысқа өзін даярлай отырып, М.Төлебаев «Амангелді» операсын жазуға белсенді қатысты.
Алайда М.Төлебаевтың мансабындағы басты опера «Амангелді» емес, бвасты опера – ақын қажым Жұмалиевтың либреттосына жазылған «Біржан мен Сара» операсы, бұл операны ол он алты жыл жазған. Бұл лирикалық-драмалық туындының премьерасы 1946 жылдың 7 қазанында өтті, ондағы басты рөлдерді Әнуарбек Үмбетбаев пен Күләш Байсейітова орындады. Мұқан Төлебаев көп жұмыс істеді. 1948 жылы оның скрипка мен фортепианоға арналған «Сюита», «Бесік жыры», «Лирикалық би» және «Трио» шығармаларына және «Алтын мүйіз» фильміне әлем тамсанды. 1949 жылы «Біржан мен Сара» операсы үшін ол ІІ дәрежелі Сталиндік сыйлықтың лауреаты атанды, скрипка мен фортепианоға арналған «Ішекті квартет» және фортепианоға арналған «Токката» туындыларын жазған. Екі жылдан кейін ол Мәскеу консерваториясын композиция классы бойынша тәмамдайды, «Коммунизм оттары» кантатасы мен «Қазақстан» поэмасын жазады.
Оның өмірінде сүреңсіз кезеңдер де болды. 1950-ші жылдардың басында сталиндік репрессиялардың жаңа толқыны басталды, соның аясында Сталин бұл кезде «ұлттық ұйымдарды» жоюға тырысты. Осындайлардың қатарына қазақ мәдениетінің және ғылымының зиялылары да кіргізілді, олардың ішінде жуырда ғана «Халық композиторларының өмірі мен шығармашылығы» атты кітабы жарық көргеннен кейін сынның астында қалған ССРО Халық әртісі Ахмет Жұбанов (оң жақтағы сурет) та болды. 1951 жылдың қыркүйегінде «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде Жұбановтың жұмысына сыни рецензия жазған тағы бір мақала шыға келеді, мақала астында Мұқан Төлебаевтың қолы тұрған. Әріптестердің арасында ешқандай да жауласу болмаған, ал медиакеңістікте жасалған мұндай қастандықты сатқындық деп санауға болар еді. Алайда, композитордың туыстары мен зерттеушілер бұл хаттың авторы Мұқан Төлебаев емес, Владимир Мессман мен Евгений Брусиловский деген пікір білдіреді. Соңғысы досы Мұқан Төлебаевтан хатқа қол қоюын сұраған. Айта кетерлігі, Төлебаев Брусиловскийді өзінің ұстазы санап, оның пікіріне құлақ түріп жүрген, сондықтан да оған толықтай сенген.
Мақала газет бетіне шыққаннан кейін Мұқан Төлебаев жанына Бақытжан Байқадамовты ертіп Ахмет Жұбановтың үйіне барып, кешірім сұрайды. Ахмет Жұбанов оны кешіреді. Мұқан Төлебаев кеш үйленген. Болашақ жары Дариғамен оны Күләш Байсейітова таныстырған. Қазақ консерваториясының қырық жастағы оқытушысы Мұқан Төлебаев жиырма екі жасар Дариғаны Күләш Байсейітованың жанында астаналық концерттердің бірінде көреді. Құрбысынан таныстыруын өтінеді, ал көп өтпей олар шаңырақ көтереді. Мұқан Төлебаев жұмысын жалғастыра берді. Осы жұмыстарының нәтижесінде 1953 жылы Жамбыл атындағы республикалық сыйлықты иеленеді, ССРО Халық әртісі (1959) атағын алады, Қазақ ССР Композиторлар одағының төрағасы болып тағайындалады. 1959 жылы Мұқан Төлебаевтың денсаулығы күрт нашарлайды. Медициналық тексерулер нәтижесінде метастаздарымен бауыр обыры диагнозы қойылады. Сол жылы Мұқан Төлебаев жұбайымен Бурабайға аттанады. Композитор 1960 жылдың 2 сәуірінде өмірден өтеді. Мұқан Төлебаев аз болса да, бақытты ғұмыр кешті. Өзінен кейін өлмес мұра қалдырды, олардың көпшілігі әлемдік музыка мәдениетінің қазынасына енді.