Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тәжік-Ауған шекарасындағы оқиғаларға арналған экспозиция

2281
Тәжік-Ауған шекарасындағы оқиғаларға арналған экспозиция - e-history.kz
Бүгін Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери-тарихи музейінде 1992-2001 жылдар аралығында Тәжік-Ауған шекарасындағы оқиғаларға арналған экспозицияның салтанатты ашылу шарасы өтті

Ішкі әскер жауынгерлері үшін 1995 жылдың 7 сәуірі қайғылы күнге айналды. Тәжікстан Республикасының Пшихавр тау шатқалында күші басым қарақшылар тобымен арада қақтығыс орын алды. Айқас барысында 17 жауынгер қаза тауып, 33-і  жараланды. Қарақшылар есірткі алып өтпек болғанда, біздің жауынгерлердің мықты қарсылығына тап келеді. Жауынгерлер өздерінің әскери міндетін абыроймен орындап, әскери антқа адалдық танытты және Қазақ батальонының абыройына нұқсан келтірмеді.

Қазіргі уақытта Тәжікстандағы аталған тау шатқалында ескерткіш тақта орнатылған. Олардың есімдерімен Қызылорда, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында көшелер аталған, Алматыда олардың атындағы сквер бар, ал Ақмола облысындағы орта мектеп қатардағы жауынгер Ербол Кикібаевтың есімімен аталған.

Шараның ашылу салтанатында сөз бастаған запастағы полковник, «ҚР ҰҚК Құрметті қызметкері» төс белгісінің иегері Каменов Файзулла Каменұлы ұйымдастырылып отырған іс-шараның әлеуеттік маңызына тоқтады.

«Құрметті қонақтар, бүгінгі іс-шараны ұйымдастырушыларға Тәжік-Ауған шекарасында болған, қаза тапқан ардагерлердің атынан рақмет айтқым келеді. Біздің жауынгерлер 1998-1999 жылдары сол шекарада маңдай терлерін төгіп, қорғады. Осы ерлікті тәжік халқы әлі күнге дейін есінен шығарған жоқ. Бүгінгі іс-шараның тәрбиелік маңызы өте зор. Келешекте, Тәжік-Ауған батырларын Екінші Дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен ерлермен бірдей қойып, ұрпақтың ешқашан ұмытпайтынына шын жүректен сенемін. Осы сәтті пайдалана отырып, Тәжік-Ауған шекарасында болған жауынгерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айқым келеді. Ендігі жауынгерлердің сұрапыл соғыста емес, тек бейбіт тыныштықта өздерінің Отан алдындағы борыштарын өтегенін қалаймыз», – деп Файзулла Каменұлы «Кенесары ханның жауынгерлік даңқты жолдарымен» соңғы бағыты Тәжікстан Республикасында аяқталатын халықаралық автошеруінің экипажына ақ батасын берді.

Шараны ұйымдастырушылардың айтуы бойынша, жастарды жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді жандандыру және жетілдіру, Отан қорғаушылардың, ҚР Қарулы Күштерінің беделін көтеру, сондай-ақ жекелеген әскери құрылымдардың рөлін көтеру, Қазақстан Республикасының күш құрылымдарына сәйкес ардагерлер ұйымдарының жұмысын күшейту. Естеріңізге сала кетейік, жауынгерлердің даңқын шығарып, олардың есімдерін шығаратын шараның ұйымдастырушылар Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі «Ардагерлер одағы (Тәжік-Ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарына және әскери қақтығыстарға қатысушылар)»  және Республикалық қоғамдық бірлестігімен бірлесе ұйымдастырып отыр.

Сондай-ақ, іс-шара ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұйымдастырылып отыр. Шара барысында көз жұмған жауынгерлердің құрметіне естелік әндер айтылды.

Салтанатты іс-шараға «Кенесары ханның жауынгерлік даңқты жолдарымен» соңғы бағыты Тәжікстан Республикасында аяқталатын халықаралық автошеруінің экипажы қатысты. Қозғалыс бағыты: Көкшетау қаласынан басталып, Қапшағай жеріне табан тірейді. Экипаж құрамы барлығы 13 қалада болып, әр барған жеріне осындай салтанатты жиындар ұйымдастырып отыратындарын айтты.

Қозғалыс бағыттары: Көкшетау – Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Жезқазған – Ұлытау – Қызылорда – Шымкент – Ташкент (Өзбекстан) – Душанбе (Тәжікстан) – Хорог (Тәжікстан) – Тараз – Алматы – Қапшағай.

Автошеруге қатысушы, Тәжік-Ауған соғысын да әскері борышын адалдықпен орындаған Айғанов Нұрболат Жолболдыұлының айтуынша, Көкшетау қаласы Кенесары ауылында басталған автошеруді 15 күннің ішінде бітеді.

«Автошеру бірнеше қалалармен елді-мекендерде болады. Соның ішінде Тәжікстанның астанасы Душанбе қаласында қаза тапқан жауынгерлерге арналған ескерткіш орнатылған. Біз сол жерге барып, қаза тапқан қандастарымызға гүл шоғын қойып, еске алу үшін үлкен сапарға аттанып бара жатырмыз. 1995 жылы біздің сарбаздарымызға моджахеттер шабуыл жасап, 5 сағаттық шайқаста біздің 17 қандасымыз қаза болып, 33  жауынгер әр түрлі жарақат алған еді. Біздің атқыштар батальоны сол ұрыс болған шатқалға барып, ескерткіш орнатайын деп жатырмыз. Осындай маңызды істерді орындап, елге аман-есен оралмақ жоспарымыз бар», – деді Қарағанды қаласының Тәжік-Ауған шекарасында болған ардагерлер одағының төрағасы Айғанов Нұрболат Жолболдыұлы.

Іс-шараның соңы Тәжік-Ауған шекарасындағы оқиғаларға арналған экспозицияның таныстырылуымен жалғасты. Экспозицияда жауынгерлердің киген киімдерінен бастап, сол кезде берілген бұйрық пен қазылған қорғаныстарына дейін көрсетілген.

Салтанатты жиынға қоғам қайраткерлері, музей қонақтары және БАҚ өкілдері қатысты.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?