Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Ғылымдағы Телқоңыр

1638
Ғылымдағы Телқоңыр - e-history.kz
Түркітанушы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлы мен археолог ғалым Зайнолла Самашевтің 70 жылдық мерейтойына байланысты дөңгелек үстел ұйымдастырылды

ҚР Қарулы күштерінің ұлттық-әскери орталығының әскери-тарихи музейі Президент Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында түркітанушы ғалым, профессор Қаржаубай Сартқожаұлы мен археолог ғалым, профессор Зайнолла Самашұлының 70 жылдық мерейтойына арналған «Ұлы Дала: рухани құндылықтар» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.

Сағат 10.00-де басталған іс-шараның модераторы белгілі суретші, әскери этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Қалиолла Ахметжан бұл жиынның маңызы жайлы қысқаша ой білдірді. Оның айтуынша, 70 жасқа келіп жатқан қос ғалым қазақ руханияты үшін өлшеусіз үлес қосқан үлкен жүректі азаматтар, олардың мерейтойы – ғылымның мерейтойы, елдіктің мерейтойы екенін атап көрсетті.

Бұдан соң кіріспе сөзінде Әскери-тарихи музейдің директоры, асылдың тұяғы Перизат Ақселеуқызы ұлттық тарих ғылымындағы көрнекті ғалымдардың мерейтойымен құттықтап, лебізін білдірді.  Арнайы дайындалған бейнероликте түркология ғылымында із қалдырған Қаржаубай Сартқожаұлы мен археологияның шыңына шыққан Зайнолла Самашевтің ғылыми жетістіктері сараланды, шәкірттері Тұрсынхан Зәкенұлы мен Ақан Оңғар құттықтауларын жолдады.

Еркін форматта өткен шарада белгілі жазушы, тарихшы, ҚР Президентінің кеңесшісі болған қадірлі Қойшығара Салғараұлы қазіргі кезеңдегі түркология ғылымындағы маңызды мәселелерге назар аудартты. «Түрік әлемі қанатын жайып, кеңіп келеді. Біз бұрын түркі тілдес халықтардың арғы тегін зерттеп, туыстас етіп келсек, қазіргі заманғы жаңа ғылым, ғылыми жетістіктер  еуропалық халықтардың түпкі тегі түрік екендігі дәлелденіп жатыр. Мұнан кейінгі ой, тұжырым бүкіл адамзаттың бастауында түріктер тұрғанын мойындауға тура келеді», – деді Қ. Салғараұлы. Түркітанушы ғалым баба тарихын таныту ісінде археологтардың нағыз тарихшы екенін, себебі мұндай мамандық иелері жан-жақты, әр түрлі саладан хабары бар кәсібилігін жоғары бағалайтынын айта келіп, Зайнолл Самашевқа ерекше алғыс білдіретінін жеткізді.

Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков еліміздің басты рәмізін жасау сәтінде археолог З. Самашұлының еңбектері көп септігін тигізгенін айтты. Сәулетшінің айтуынша, 90-ыншы жылдардағы елтаңба конкурсы кезеңінде арғы дәуірлердегі қазақ тарихын бейнелеу үшін халық жадында сақталған-сақталмаған символдарды іздеп, зерттеу қажет болған. Осы орайда З. Самашевтің көне сақтар дүниесіне тән символдық белгілерді ғалым кітабынан тапқанын Елтаңба авторы өзінің дүниесіне қуана-қуана кіргізген. «Сондықтан да менің авторлығым болғанымен, осындай талантты ғалымдардың шығармалары көп көмектескенін, олардың үлесі зор болғанын мақтанышпен жеткізгім келеді», – деді Ж. Мәлібекұлы.

Жиын барысында Түркия елінен сүйінші хабар жетті. Түркия Премьер-министрі жанындағы Жаңа Түркия ғылыми зерттеу орталығы ғалым Қаржаубай Сартқожаұлын ғылымдағы үздік жетістіктері үшін арнайы сыйлықпен марапаттаған екен, сол сыйлық табыс етілді.

Атақ демекші, осы тұста сөз алған Тұрсын Жұртбай мырза екі ғалымды «Телқоңыр» деп атайтынын айта келіп: «Атақ деген еңбектен қашатын, еңбектенген адамнан қашатын қу болу керек. Өйткені, атақ еңбектен қашпаса, онда атақ-даңқ осы Телқоңырдың бастарына ұя салса керек еді. Бұл екеуі атақ-даңқты әспенсітіп,басына шығармайды. Керісінше, атақ-даңқты ноқталай жайдақ мініп, екі өкпесінен тепкілеп, еңбекке салып келеді, яғни екеуі де атақ-даңққа күрек ұстатып, көр қаздырып қойды. Айырмасы: Қаржаубай қазылған көрден сөз іздейді, Зекең – Зейнолла ағамыз көрді қазып, кең қазып, тарих іздейді» деді.

Сөзінің аяғын Т. Құдакелдіұлы «Бұл ретте екеуі де олжалы. Егер мен бір жаңалық ашсам, өзімнің мұратыма жеткендей қанағаттанар едім. Ал бұл Телқоңырлар жыл сайынғы экспедицияларында әлемдік жаңалық ашады. Зекең – Зейнолла ағамыз көр қазып жүріп, үнемі «алтын келіншектерді» табады. «Алтын келіншектерге» келгенде оның жолы болады. Көрдегі «алтын келіншектерге» көңілдің ауғаны сондай, тіршіліктегі келіншектерді менсінбей кетеді-ау деймін. Ал Қаржаубай қу бірден пайдалы іске бой ұрып, ең үлкен алтын, алтын ұялы Жәлей жеңгемді тауып алды.

Ал Телқоңыр құрдастар! Жұптарың жазылмасын. Өздерің құмартқан келіншектердің бетін аша беріңдер!» деп әзілге салып, жақсы көңілмен аяқтады.

Жиын соңында музыкалық нөмір орындалып, ақын Несіпбек Айтұлы өлең арнады.

 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?