Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Атамбаевтың адасуы

1498
Атамбаевтың адасуы - e-history.kz
Кез келген жаңа мемлекет қиын жағдайда қалыптасады. Сол секілді тарих сахнасына шығатын жас (жаңа) ұлттар да сондай қиыншылықты бастан кешеді

XV ғасырда дербес хандық құрған жас қазақ ұлты Орталық Азияның көне тайпаларын біріктірді. Бұған қоса, қазақ этносының қалыптасуы Сібірден Алатауға, Шығыстағы Алтай тауларынан Каспий теңізіне дейінгі ұлан-ғайыр далада жүрді.

Қытайдың, парсының ескі жылнамалары, Византия мен Еуропа елдері жазбаларының өзінде қазақ халқының негізін құраған үйсін, қаңлы, дулат, найман, керей, қыпшақ тайпаларының ежелгі Қазақ қонысын мекен еткені жазылады. Еуропа мен Ресейдің жылнамалары қыпшақтарды сонымен бірге половецтер, яғни ұзын бойлы, шаштары ақ сары дала мекендеушілері деп жазады.

Көне үйсін, қаңлы, найман және басқа да тайпалардың қазіргі Қазақстанның байырғы халықтары болғанын ерекше атап өтпекпіз. Сақтардың тікелей ұрпақтары ретінде олар қазақ халқының негізін қалады. Солармен қазақтардың этникалық тарихы да басталды.

Көшпелі халықтың саяси тарихы да сәтті жасалды. Әлгінде аталған ежелгі тайпалар Алтын және Ақ Орда, Әбілқайыр хандығының негізінде бүкіл Еуразия құрлығындағы келешек алып мемлекеттің бірі – Қазақ хандығының іргесін көтерді.

Әбілқайыр ханның саясатына наразы Шыңғысхан ұрпақтары Керей мен Жәнібек Моғолстанға көш бастап, Балқаш көлінің маңына жайғасты. Батыс шекарадан басталған көш Ұлытаудан (Орталық Қазақстан) асып, шығыс барып қонды.

Атақты тарихшы Мұхаммед Хайдардың жазғаны бойынша, «... Сол заманда Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ даласына түгелдей билік жүргізіп отырған кезі еді. Жошы ұрпағының сұлтандары жорық жасап, Жәнібек хан мен Керей хан одан бөлініп, Моғолстанға кетіп қалған еді. Есенбұға хан оларды құрметтеп қарсы алып, қоныстануға Моғолстанның батыс жағындағы Шу өзені алабындағы Қозыбасыны берді. Олар бұл аймақта тыныш өмір сүрген. Әбілқайыр хан қайтыс болған соң өзбек ұлысы бір-бірімен шайқасып, араларында үлкен келіспеушілік туды. Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды.олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сүлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады».

Орта ғасырлық автор Махмұд бен Уәли де бұған ұқсас мәлімет келтіреді: «... Жошы ханның кейбір ұрпақтары, мысалға Керай-хан (түпнұсқада солай) мен Жәнібек-хан... бас ию мен бағыну аясынан шығып, Отанын тастауға бел байлады. (Атадан) мұраға қалған елден бас тартып, жат жерге жол тартты. Құрметке лайық бір топ адамдармен бірге Моғолстанға аттанды». Қарап тұрсақ, қос автор қазақтардың шығысқа, Балқаш көлі мен Алатау тауларының маңына көшкенін атап өтеді. Яғни, ұлы қазақ көші шығыстан батысқа емес, қайта батыс аймақтан шығысқа қарай болған.

Шыңғыс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек, олардан туған Бұрындық пен Қасым бірнеше ғасырларға созылған, тек ХІХ ғасырдың орта кезінде қиратылған хандықтың іргесін қалаған еді. Осы кезде қазақтар Алтай мен Каспий, Сібір мен Ташкент арасындағы алып атырапқа иелік етті. Бұл олардың ата-бабаларынан атам-заманынан, сақ дәуірінен мұра болып қалған жерлер болатын.

Осы деректерді біз, яғни орта ғасырлық авторлардың аталған мұраларын арнайы көрші мемлекет басшысы тұжырымдарының дәйексіз екенін көрсету үшін келтіріп отырмыз. Қырғызстан Президенті А.Атамбаев тарихты өз қалауына қарай бұрып көрсеткісі келеді. Ол, тіпті, өзінің айтып тұрған тақырыбына қатысты жазылған әдебиеттермен таныс болмауы да мүмкін.

***

Қырғыздың танымал тарихшысы Оскан Осмонов былай жазады: «... ғалымдардың біразы қырғыздардың Отаны деп Енисейді (Енесай-Анасай) есептейді, басқалары қазіргі Солтүстік-батыс Моңғолиядағы Хыргыз-Нур (Қырғыз) көлі деп атайды... Археолог, профессор Ю.Худяков, қытайтанушы Л.Боровкова және қазіргі қырғыз тарихшылары болса, қырғыздардың б.з.д. І ғасырдағы атақонысы Шығыс Тенир-Тоо аймағы, яғни қазіргі Шығыс Түркістандағы Манас, Кара-Шаар қалаларының солтүстігіндегі, және Боро-Хоро тау жотасының солтүстігіндегі жерлер деп атайды. Қырғыздардың көне заманнан бергі көршілері түркінің ғұн, үйсін, динлин тайпалары болған деп тұжырым жасайды».

IX ғ. 40-жж. Енисей (басқалай – Кем өзені) бойын мекен еткен қырғыз тайпалары Ұйғыр қағанатын құлатты. 843 жылы «ұйғырлардың ізіне түскен Енисей қырғыздары Шығыс Түркістанға (бұл қазіргі Қытай жерлерінде) баса-көктеп еніп, Аньси мен Беш-Балық қалаларын басып алды да ілгері Тенир-Тоо мен Жетісу шекараларына дейін жетті. Осылайша, «Қырғыздардың ұлы державалық мемлекеті» пайда болды. Мемлекеттің шекаралары Гулигань (Байкал) көліне, оңтүстігінде Тибет тауларына, оңтүстік-батысында Гэлоллу (Жетісу) жеріне дейін созылды. Солтүстік шекаралары қазіргі Красноярск қаласы отырған елді-мекенге дейін жетті. Ал, қазіргі Туваның орталық аудандары қырғыз билеушілерінің ордасына айналды», деп жазады О.Осмонов. Демек, оқулық авторы қырғыздардың Орта Азияда емес, одан алшақ қазіргі Ресей мен Қытай территорияларын мекен еткенін баса атап көрсетеді.

Х-ХІІ ғасырларда қырғыздар жартылай Қарахан мемлекетінің құрамына енді.

ХІІІ ғасырдан бастап қырғыз тарихында жаңа кезең басталады. 1207 жылы Шыңғыс ханның әскерлері Қырғыз елін шауып, өзіне бағынышты етеді. «Моңғолдың құпия шежіресі» еңбегінде оқиға былай баяндалады: «Қоян (1207 ж.) жылында Жошы оң қол әскерін алып, орман жұртын жаулау үшін аттанғанда, Бұқа жолбасшы болады. Ойраттың Құдығы бегі түмен ойратын бастап, өзі келеді. Құдығы бек келіп, Жошыға жер танытып, түмен ойрат өлкесін аралатып, Шикшиге барады. Жошы ойрат, бұриат, барғы, ұрсуыт, қапқанас, қанқыс, тұба тайпаларымен қоса, түмен қырғыз жеріне жеткенде, қырғыз нояндары Еди, Иналшы, Алдияр мен Өлебек-тігіндер ілесіп кіріп, ақ сұңқар, ақ ат, қара бұлғын алып келіп, Жошыға кездеседі. Шібір, кестін, баят, тұқас, төліс, тас тәрізді баяғыдан бергі орман халықтарын иеленіп алып, қырғыздың түмен ноянын, мыңдық нояндар мен орман жұртшылығы нояндарын ертіп келгенде, олар Шыңғыс хағанға ақ сұңқар, ақ ат, қара бұлғын тарту етіп кездеседі... деректе одан әрі Шыңғыс хан ойрат тайпаларын, қырғыздар мен өзге орман жұртын қан төкпей бейбіт жолмен бағындырғаны үшін Жошыға үлкен алғысын айтады «Ұлдарымның үлкені сен үйден алғаш рет шығып, жолың құтты болып, барған жеріңде адам мен ат шығындап қинамай, бақытты орман жұртын бағындырып келдің. Осы бұқараларды саған бердім», - деп әмір етеді (Моңғолдың құпия шежіресі (XII-XIII ғасырлардағы көшпелілер шежіресі) Аударған М.Сұлтанияұлы. – Алматы: Өнер, 1998. – 165 б.).

Бірақ 10 жылдан кейінгі қырғыздар мен тувалықтардың (туматтардың) көтерілісі аяусыз басып жаншылды. Бұл оқиғадан кейін қырғыздардың монғолдарға бодандыққа түсуі өз алдына; назар аударарлық жағдай – мемлекеттігін де әлденеше ғасырға жоғалтып тынды. 

Олар Шыңғысханға бас ие салысымен, оның әскерінің қатарында Батыс тарапқа бағытталған жорықтарына қатыса бастады. Көрнекті тарихшы-ғалым Василий Бартольд Орталық Азияны мекендейтін түркі халықтарының тарихы жөніндегі өзінің әйгілі лекцияларында (Стамбул, 1926 ж.; 2015 жылы қайта басылып шықты) (126 бет) «... сонау VIII ғасырдағыдай бір қағанға бағынған заман қырғыздардың көзінен әлдеқашан бұл-бұл ұшқан еді, ел іші екіге жарылып, әрқайсында жеке билеуші болды; бірақ екеуі де өздерін «хан» деп атаған емес. Нәтижесінде, қырғыздардың санасы бірте-бірте ескіріп, бір кездері өздерін хан билеген жұрт екенін ұмытуға да айналды», – деп атап көрсетеді.

Осы сөздің ақиқаттығы – шынында да қырғыз тарихында бұдан былайғы уақытта хандар институты қылаң етіп бой көрсеткен емес, оның орнын жергілікті манап-феодалдар басты. Ал, XIII-XV ғасырларда қырғыз тайпалары Орта Азия территориясына жүйелі түрде қоныс аударған болатын.

Қырғыз тайпаларының Минусин ойпаңынан (Енисей) Орта Азияға көшкені жайлы болжамның бірнеше нұсқасы бар. Бірақ Оскан Осмонов және өзге тарихшылардың біразы (С.Абрамзон, О.Карасаев) көшу үрдісі кезінде Енисей тайпалары өзге түркі және монғол тайпаларымен сіңісіп араласты дейді. Сонымен бірге қырғыздардың құрамы құлдыраған Моғолстан тайпаларымен да толықты, XIV-XV ғасырларда Енисей аңғарынан Орта Азияға біржола көшіп кеп орнығып алды. Мысал ретінде айта кетейік, қырғыздар құрамындағы Бұғы, Солто, Сарыбағыс, Сарт-қалмақ т.б. қазақ, қарақалпақ, көшпелі өзбек құрамында кездеспейді. Осы тайпалардың есімдері сол Сібір жағын меңзейді. Ал қырғыз құрамындағы – аздаған қыпшақ, найман, қатағандар кейін моғолстан, не Ноғай Ордасынан шыққанға ұқсайды

Қазақтың ұлы жазушысы Сәкен Сейфуллин 1526 жылы Тахир ханның тұсында үйсін және қырғыз рулары Қазақ хандығының құрамына енгенін жазады.

Есім және Тәуке хандар тұсында қырғыздар Қазақ хандығының құрамында болып, жоңғар басқыншылығына бірігіп қарсы тұрған, сосын қайта бөлініп кеткен.

Қырғыздардың ұйысуының жаңа кезеңінің қалыптасуы жөнінде профессор Тұрсын Сұлтанов (Ресей) бірқатар ойтүрткі деректер келтіре отырып былай дейді: 

«Елшігетай (Шағатай ұлысының ханы) елдің береке-бірлігін арттыра отырып сыртқы дұшпандардың екпініне тойтарыс берді. Атап айтқанда ол, Шағатай ұлысының шеткі қоныстарын шауып, тыным бермеген «қырғыз тайпаларының әскербасыларын» (сердаран-и аквам-и кыргыз) тәубесіне түсіру үшін хандықтың солтүстік-шығысына әскери жорық жасады; кейін Ертіс бойына жетіп, сол жерде тұратын «орман тұрғындарын» (бишенишинан) өзінің Тәңір шарапатына бөленген елінің орталық аймақтарына алып келіп қоныстандырды». (жобалауымызша бұл Жетісудың оңтүстік-батыс шегі болса керек). Яғни, шындығында Ертіс бойын жайлаған қырғыздардың бір бөлігі Жетісуға көшірілген (бүгінгі қырғыз халқының ата-бабалары), ал қалған бөлігі қазіргі оңтүстік алтайлықтардың құрамына енген.

Бұдан кейін әлгі жаңадан қоныс аударылып келген қырғыз тайпалары алдымен Шағатай ұлысының, ал уақыт өте Моғолстан мемлекетінің құрамында болған.

Қырғыздар тарихын популяциялық генетика негізінде зерттеген Жақсылық Сәбитов:

«IX ғасырда Енисей қырғыздарының бір бөлігі Алтайға қоныс аударды. IX-XIII ғасырлар аралығында Алтай мен Ертіс бойы өңірінде келімсек енисей қырғыздары мен жергілікті қимақтар мен қыпшақтардың араласуы жүрді. Осы араласудың негізінде шамамен 1326-1329 жылдары екіге бөлінген алтай қырғыздары пайда болды. Бұлардың біраз бөлігі Алтайда тұрақтап қалды, ал қалғаны езгіге түсіп Жетісу мен бүгінгі Қырғызстан территориясына қоныс аударылды, сол жерде олар моғолдармен араласты.

Осы себепті генетиктер 1340-шы жылды, осы күнгі қырғыздарды тудырған қырғыз-қыпшақ («алтай қырғыздары») пен моғол – екі этникалық ұжымның араласуының басталуы деп таныды. Бүгінгі қырғыздар үш этносаяси қауымнан («кырғыздар», «қыпшақтар», «моғолдар») жекелеген генетикалық компоненттерді, Енисей қырғыздарынан – этникалық атауды, ал қыпшақтардан – қырғыз бен қазақты туыстастыратын тілді мұра қып қабылдады».

Осы үш компоненттің барлығы қырғыз этногенезінде бар. Сондықтан, А.Атамбаевтың «қазақ қырғыздан тарапты - мыс» деген уәжі ешбір қисынға келмейді. Қайта Енесай, Сібір, Алтайдан келген қырғыз қоғамы Қазақ елі мәдениетіне ықпалды болып, қазақтан біршама үйренген болатын.

Бірақ, Х ғасырда айрылып қалған мемлекеттілігін қайтадан құру ендігі жерде қырғыздардың қолынан келмеді. Сол себепті қырғыз мемлекеттігінің қайта қалыптасуы 1917 жылғы төңкерістен кейін ғана жүзеге асты.

Қырғыз, қазақ, өзбек этногенез үрдісінің өзара ұқсас болуының сыры, осы халықтарының қалыптасуының негізінің бір пішінде және тарихи жағдайдың өзара орайлас екендігінде. Бөліне көшкен (көшпелі өзбектер) тайпалар Әмір Темір ұрпақтарының империясын тоздырып, «өзбек» этнонимін Мәуреннаһр территориясына өздерімен бірге ала келді.

Этностың қалыптасу, өсу және құлдырау тарихы – өте нәзік мәселе. Сол себепті, бұл жерде саяси ұран мен бәтуасыз мәлімдемелерге орын жоқ.

 

Бүркітбай АЯҒАН, ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының директоры, т.ғ.д., профессор

 

Әдебиеттер тізімі:

1.   Мұхаммед Хайдар Дулати. Тарих-и Рашиди. – Алматы: М.Х. Дулати қоғамдық қоры, 2003. – 616 бет.

2.   Махмуд ибн Вали // Биср-ал-асрар фи манахиб ал ахйар // Материалы по истории Казахских ханств XV-XVIII веков (извлечение из персидких и тюркских сочинений». Алма-Ата, 1969 г.

3.   О Дж. Осмонов. История Кыргызстана (с древнейших времен до наших дней). Учебник для вузов. - Б.: Мезгил, 2012. – 612 с.

4. Моңғолдың құпия шежіресі (XII-XIII ғасырлардағы көшпелілер шежіресі) Аударған М.Сұлтанияұлы. – Алматы: Өнер, 1998. – 224 б.

5.   В.В. Бартольд. Тюрки: Двенадцать лекции по истории турецких народов Средней Азии. - Алматы, 1993 г. 

6. Тұрсын Сұлтанов. Чингиз-хан и чингизиды. М.: 2006.

7. Жаксылык Сабитов. Являются ли казахи и киргизы генетическими братьями? Vласть интернет-журнал. 2017.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?