Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы
Бүгін тарихта

Сейфуллин музейінде жазушының мүсіні қойылды

2689
Сейфуллин музейінде жазушының мүсіні қойылды - e-history.kz
Сәкен Сейфуллин музейінде «Рухани жаңғыру» жобасы аясында қазақтың жазушысы, ақын және қоғам қайраткеріне арналған іс-шара өтті

Ең алдымен Сәкен Сейфуллин биографиясының қыр-сырын ашатын, оның өмірі мен шығармашылығы туралы фильм көрсетілді. Онда пасық айыптаулар мен адам төзгісіз азаптаулардан кейін Сәкен Сейфуллиннің өмірі 1938 жылы үзілгені баяндалады. Іс-шарада ақынның мүсінінің тұсауы кесілді. Қатысушыларға Сәкеннің 3 томдық кітабы тарту етілді, онда ақынның достарының, туыстарының және Мұхтар Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин сияқты қайраткерлердің және басқалардың естеліктері жинақталған.

Бұл күн жайлы С.Сейфуллин музейінің директоры, белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы:

– Қарашаңырақта ұлы ақын Сәкеннің рухына арналған көптеген шаралар өтіп жатыр. Бүгін үш шара өткізейік деп отырмыз. Біріншісі – Сәкеннің фарфордан жасалған мүсінінің ашылу салтанаты. Екіншісі – «Тар жол, тайғақ кешу». Биыл үшінші жыл «Сыр сандық» сериясымен кітаптар шығарып жатырмыз. Бірінші кітап «Көргендердің көзімен, Сәкеннің салған ізімен» деген атаумен жарық көрді. Екінші кітапты Сәкенді зерттеуші ұлы ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыз туралы естеліктерді жинақтап, ол кісінің өмірден өткенінің бір жылдығы қарсаңында шығардық. Одан кейінгі үшінші кітап «Тар жол, тайғақ кешудің» бояуы әлі кепкен жоқ, кеше ғана қолымызға алдық. «Тар жол, тайғақ кешудің» алғашқы нұсқасы мен кейін баспа бетін көрген нұсқаларының арасында көптеген өзгерістер болған. Түпнұсқа мен кейін жарияланған кітаптардың арасында айырмашылық бар. Соны саралап, біздің қыздарымыз 2 жыл отырды, көп еңбек сіңірді, айырмашылығын анықтады. Бір кітап болады деп ойлаған едік. Бір кітапқа сыймай қалды. Сондықтан жартысын биыл, кітаптың жалғасы «Сыр сандықтың» төртінші кітабы болып келесі жылы шығады.

Кітаптың аңдатпасын жазған – Еркегүл Арыққарақызы, алғысөзін үлкен ғалым, сәкентанушы Күләш Ахметова жазды. Кітапқа Оралбай Әбдікәрімов пен Сәкен Сейфуллиннің туыстары демеушілік жасады. Сәкен Сейфуллиннің фарфордан жасалған мүсінін қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов пен музейдің алғашқы директоры Роза Асылбекова ашты.  

Мүсін ақыннан айнымайды, костюміне дейін айнытпай салып, сыртынан қазақи шапан кигізген екен. Шараға жиналған қауымның ұзақ қол шапалақтап құрмет көрсеткенінен-ақ мүсіннің көпшіліктің көңілінен шыққанын байқауға болады. Бұл ойды сәкентанушы ғалым Күләш Ахметова да құптады:

– Сәкеннің ескерткіші Алаш азаматтарының, қазақтың үлкен тұлғаларының ішінде көп қалаларда қойылды. Соның ішінде Сәкен музейінің ауласында бір ескерткіш, ішінде бір ескерткіш болып тұрса, артық етпейді. Бұл нағыз Сәкеннің Сәкен екенін көрсететін ескерткіш екен. Мұны Несіпбек Айтұлының музейді басқарып отырған жылдардағы жемісті еңбегінің бір парасы деп білемін. Ұрпаққа мұра болып қалатын шын мәніндегі рухани мұра болса, сол рухани дүниенің бірі – осы ескерткіш.

Жазушы-журналист, қоғам қайраткері Сұлтан Оразалин мен сәкентанушы ғалым Күләш Ахметова «Тар жол, тайғақ кешу» романының тұсауын кесті. Тұсаукесерден кейін сөз алған жазушы Сұлтан Оразалин:

– Дәл мынандай ескерткішті осыған дейін көргенім жоқ. Сәкеннің шын тұлғасы, нағыз бейнесі осы ескерткіш арқылы жарқын көрінгендей. Осында келерде басын қойып қоя ма, кеудесіне дейін мүсіндей ме деп келіп едім. Қазіргі ескерткіштер сондай ғой. Мынау бір тосын нәрсе екен. Құтты болсын! – деген жылы лебізін білдірді.Ал Сәкен мұрасына жанашырлық танытып жүрген қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов:

– Кітаптың құндылығы – сол заманның ешқандай қоспасыз тура көрінісі. «Тар жол, тайғақ кешу» – қазақ әдебиетіндегі мемуарлық бірінші роман. Әртүрлі саяси идеологияға байланысты өзгертулер енгізілген, кейбір тұстары алынып тастаған еді. Ал енді қаз-қалпында, сол күйі жарияланып отыр. Қазіргі ұрпақ өткен заманның нағыз ақиқатын осы кітаптан оқитын болады,- деп ойлаймын.

Бүкіл өмірін Сәкенге арнап, Сәкеннің музыкалық мұрасын зерттеп, кітаптар жазып, әндерін насихаттап жүрген Серік Оспановтың 60 жылдық мерейтойы да аталмыш шара қарсаңына дәл келіпті. Музей директоры мерейтой иесіне шапан жауып, арнайы құттықтады.

Осыдан соң сөз кезегі Қайрат Байбосыновқа беріліп, ол музейге кітап тарту етті.

Ал, Ахмет ауылынан келген кішкентай оқушы Қанат Жүнісовтың «Сәкеннің монологы» атты өлеңін оқығанда тебіренбеген жан қалмады.

Бөленсін деп жұртым мейірім-шуаққа,

Атқа қондым, жеткізсем деп мұратқа.

Қызыл тудың қып-қызыл қан екенін,

Кеш ұғындым бірақ та...

Кеш дәстүрлі әнші Серік Оспановтың орындауындағы Сәкен әнімен аяқталды.

Солай ақын жыры, ақын әні Астана аспанында қалықтап тұрды.

 

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?