Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Тарихты жазу географиялық нақтылықтан басталады

1923
Тарихты жазу географиялық нақтылықтан басталады - e-history.kz
Кітап авторы Қазақ елінің мәңгілік ел болуына Елбасының еңбегіндегі айтылған ойларды дамыта отырып, өткен тарихын, табиғаттың даму тарихының заңдылығымен ұштастыра отырып жазған

Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде география ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Әлия Бейсенованың «Қазақ елі – Мәңгілік ел» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Кітап авторы Қазақ елінің мәңгілік ел болуына Елбасының еңбегіндегі айтылған ойларды дамыта отырып, өткен тарихын, табиғаттың даму тарихының заңдылығымен ұштастыра отырып жазған. Сондай-ақ кітапта еліміздің бүкіл тарихының дамуын, оған сіңірген ел тұлғаларының еңбектерін толық қамтып өтеді.   

Университеттің ғылыми кеңес залында өткен жиынды Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов кіріспе сөзімен ашып, Алматыдан ат терлетіп келген академиктер отбасына жылы лебізін білдірді. Сондай-ақ Е. Бәтташұлы академик Әлия Бейсенованың кітабының көтерген жүгі тарихи сананы қалыптастыру екенін  айтып өтті.   

«Қазақ елі – Мәңгілік ел» кітабын қоғам қайраткері, ұлы педагог, ірі ғалым, академик Әлия Бейсенова жазып отырғандықтан аса құнды еңбек деп білемін.  Бұл еңбекте Елбасы ұсынған «Мәңгі ел» идеясының көрінісі анық жазылған. «Мәңгі ел» бұл жалпы қазақтың сонау ғұн, сақ, түркі заманынан бүгінге дейінгі тұтастығын қалыптастыру идеясынан туындап отыр. Еңбектің басты жүгі тарихи сананы қалыптастыру, бүгінгі күнмен ұштастыру. Осы тұрғыдан бұл еңбектің алар орны ерекше деп білемін», – деді ЕҰУ басшысы.    

«Қазақ елі – Мәңгілік ел» кітабының тұсаукесер рәсімінің лентасын елімізге белгілі қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков пен ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сейіт Қасқабасов қиып, жылы лебіздерін білдірді.

Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков академиктер отбасының баянды ғұмыры өзгелерге үлгі-өнеге болсын деген тілек айтып, «Қазақ елі – Мәңгілік ел» атты кітаптың бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихын баяндап тұрғанын бірнеше мәрте айтып өтті.

«Әлия Бейсенованың кітабында «Мәңгілік ел» идеясы жүйелі түрде баяндалған. Бұл кітапта қазақтың тарихы, қазақ хандығының тарихы да тұтас баяндалып тұр. Ұлы даланың перзенттері, тарихи тұлғалары туралы да жазылған. Қазақтың жері оның табиғаты. Көне тарихи қалаларымыз. Кешегі біздің бабалардың қазақ және алаш идеясы бұл кітаптың басты тақырыптары болды деп ойлаймын. Сосын біздің халқымыздың кеңес заманындағы тұрмысы, болмысы санасы баяндала келіп, бүгінгі тәуелсіз Қазақстандағы жаңа тарихымызға арқау болады», – дейді М. Жолдасбеков.

Кітап туралы белгілі тарихшы, ҚР ҰҒА академигі Болат Көмеков былай дейді: «Бұл кітап – тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған кітап. Осы 25 жылдың ішінде талай нәрсе жаңғырды. Етегімізден тартып жүрген жағдайлардың бәрін жаймен реттей бастадық. Қазақ елі былайша қарағанда Қазақстанның баламасы. «Қазақ елі – Мәңгілік ел» кітабы біздің арғы дәстүрімізді қозғайтын. Тарихымызға терең баратын дүние. Әлия апайымыз – географ, жағрапиятанушы. Өзінің саласы – әлемдік географияны меңгерген ғалым. Әлия апайымыздың ерекшелігі – географиялық шығармаларын жазбас бұрын кешенді түрде талдау жасайды. Яғни тарихи мәліметтерді, әдеби, мәдени, рухани байлықтардың бәрін де қолданады. Осы кітабында да солай.

Бұл кітап – қазақ елін дәлелдеу мақсатында туған еңбек. Қазақ елі – бұл идея. Идеяны айтқан – Елбасымыз. Бұл кітаптың тағы бір ерекшелігі – Елбасымыздың 25 жыл ішіндегі әрбір реформасы, әрбір бастау, басы-қасында болып, соның бәрін де осы кітаптан таба аламыз. Бұл кітаптың ұтымды жері географиялық мәліметтен басталады. Біз тарихшылар ел тарихын қозғаймыз. Географтар табиғат, жер тарихына көңіл бөледі. Тарихтың бастамасы географиялық мәліметтерден басталады. Бұл – өте дұрыс жағдай. Методологиялық тұрғыдан алғанда», – деп сөзін қорытты Болат Көмеков.

Тұсаукесер шарасына мемлекет және қоғам қайраткерлері, мемлекеттік қызмет өкілдері, руханият қайраткерлері, ғалым-академиктер шақырылған.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және National Digital History порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. kaz.ehistory@gmail.com 8(7172) 79 82 06 (ішкі – 111) 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?