Биыл фашистік неміс басқыншыларымен болған екінші дүниежүзілік соғысқа да 75 жылдың жүзі болыпты. Осы соғыстағы жеңіске басқа одақтас республикалар сияқты Қазақстан да өлшеусіз үлес қосты.
КСРО-да 1939 жылы жүргізілген санақ бойынша Қазақстанда 6,2 миллион адам болған. Соғыс жылдары 1 миллион 200 мың Қазақстан азаматы Қызыл армия қатарына шақырылды. Олардың 601 мыңы майдан даласынан оралмай қалды. Сөйтіп жат елдің топырағы бұйырды. Қазақстанда 12 атқыштар, 4 атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктер мен батальондар жөнелтілген. Бұл әскери құрылымдар жаумен аянбай шайқасып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Әсіресе, Мәскеу түбіндегі шайқаста қазақстандықтар ерекше ерлік көрсетіп, зор құрметке ие болды. Жеңіске тыл еңбеккерлерінің де қосқан үлесі өлшеусіз. Майданға кеткен ерлердің орнына әйелдер мен балалар, тіпті қариялар да өз үлестерін қосты.
Соғыс жылдары Қазақстан майданға алты мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа да азық-түлік өнімдерін жеткізген екен. Бұдан басқа, Қазақстан қызыл армия жауынгерлері мен фашистерден азат етілген аудандардың тұрғындарына азық-түліктер жөнелтіп отырған. Осы жылдары еліміз майданға қақталған және бұқтырылған ет, шұжық, май, балық консервілері, шарап, темекі, папирос, кондитер өнімдері мен кепкен нан тиелген 1 205 вагон сый жіберген. Осынау қыруар шаруаның басы-қасында қазақтың іскер қызы Фатима Әубәкірова да болған еді. Фатима Әубәкірова 1917 жылы Орал қаласында дүниеге келген. Комсомолдың аудандық атқару комитетінің хатшысы болып сайланған, кейін Орал қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Соғыс басталғанда Қазақ ССР сауда халық комиссарының орынбасары лауазымына тағайындалған ол Алматы қаласына ауысады. Айта кетерлігі Фатима ел тарихында осындай жоғары үкіметтік лауазымға тағайындалған тұңғыш қазақ қызы болды. Соғыс кезіндегі оның негізгі міндеті майданға және соғыс салдарынан бүлінген ССРО-ның өңірлеріне азық-түлік дайындау мен жіберу болған. Бұдан басқа, оған Ленинградтан эвакуацияланғандарды орналастыру және қажеттіліктерін қамтамасыз ету жұмыстары да тапсырылған болатын. Қазақстан Қызыл армияның бірнеше бөлімдерін, оның ішінде атақты Панфилов дивизиясы мен «Киров» крейсерін, сонымен қоса, Ленинград облысының үш ауданын қамқорлыққа алу да осы кісінің міндетіне берілген еді. Осының барлығына Фатима Әубәкірова басшылық етті. Сөйтіп, 1941 жылдың желтоқсанында эшелондардың бірі қоршаудағы Ленинградқа аттанады. Тауар таситын вагондарда ұн, тары, қақталған ет, май, кептірілген нан, консервілер мен жемістер сондай-ақ апорт алмасы болған еді. Әрине бұл кезде Ленинград тас құрсауда жатқан ед і. Жалғыз ғана жол – мұз қатқан Ладога көліндегі аты аңызға айналған «Өмір жолы» ғана. Бұл жолмен алманы апарудың еш қисыны да жоқ, өйткені жүк салмағы тым көлемді еді. Осы кезде Әубәкірова Ладога бойынша тасымалдауларға жауапты Шиловқа келіп, апорттарды тасымалдауға тағы бірнеше жүк көлігін бөлуге өтініш жасайды. Шилов келіседі, бірақ дәл осы кезде Грузиядан бірнеше вагонға мандарин тиеген эшелон келеді. Сонда Фатима Әубәкірова балалар үшін алмадан гөрі ең жақсы сыйлық мандарин ғой деп, өз ұсынысын қайтып алады. Бірақ ол бүкіл қазақстандық делегацияға алмадан джем (жеміс-жидектен жасалатын қою тосап) жасатып қояды. Осылайша 1 қаңтарда құрсаудағы Ленинград балалары мандарин мен аздаған джемге ие болады. «Бүгін біз сағат 17.00-де 4- мектепте Жаңа жылды қарсы аламыз деді. Ол жерде үлкен шырша мен концерт болды. Одан кейін түскі ас берді. Жасымықтан жасалған көже, екі котлетпен макарон және өте дәмді тамақ жедік». Бұл Ленинградтық 370- мектептің төртінші сынып оқушысы Юра Байковтың оқушы дәптеріне жазған жазбасы- тұғын.
Қоршаудағы қалаға барып келгеннен кейін Фатима Әубәкірова Ленинградқа жіберу үшін кептірілген жеміс әзірлеу керектігін айтады. Сөйтіп ол 1942-1943 жылдары Алматы апортын Ленинградтық балаларға ақыры жеткізеді. Кейін біздің әскерлер Ленинград шебін бұзып, қалаға кіргеннен кейін Фатима Әубәкірова да алғаш рет осы қалаға келді. Өзімен бірге ол азық - түлік пен жылы киім тиелген эшелон және бірнеше вагон алматы апортын да ала барады. Фатима Бақтыбайқызы балаларын өсіріп, немере тәрбиелеген, шөбересінің қолынан су ішкен аяулы әже болды. Әубәкірова ұзақ ғұмыр кешіп дүниеден озды.
Материалға Эрик Аубакировтың «Яблоки блокадного Ленинграда» мақаласы пайдаланды.