Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Бөрте ханымның жау қолына түсуі

2552
Бөрте ханымның жау қолына түсуі - e-history.kz
Шыңғыс хан мен оның үлкен ұлы Жошы арасындағы наразылық туралы.

Шығыстың атақты тарихшыларының бірі, өзі мемлекет қызметкері де болған Джувейни:

«Шыңғыс хан сол қыста (1222-1223 жж.) Самарқанд маңына келіп, өзінің Дешті-Қыпшақтағы үлкен ұлы Тушиге (Жошыға) хабаршы жіберіп, аң қуып, оның ішінде жабайы есек (әңгіме құлан не тарпаң жөнінде болуы керек – Ж.А.) атып қызықтауға келіп кетсін деп хабаршы жіберіп арнайы шақыртты…

Фенакент (Сырдария) өзенінің маңында барлық ұлдары жиналып құрылтай өткізіп, ол жерден шығып Құланбасына (Шу өзеніндегі Бесқұлан өткелі болса керек – Ж.А.) келді. Қарсы жақтан әкесіне сәлем беріп, тағзым етуге Жошы да келді. Әкесіне әкелген сыйының ішінде 20 мың ақ боз ат бар еді» деп жазады.

Жошының әкесінен аулақ, суық болуының өзіндік себептері бар және ол тарихи оқиғаларға талдау жасағанда анықталады. Осы туралы Рашид-ад-Диннің «Жамиғ ат-тауарих» кітабына жүгінейік:

«Жошы хан өзінен үлкен Фуджин бегім атты апасын санамағанда, Шыңғыс ханның балаларының ішіндегі үлкені еді. Ол төрт ұлдың (олар «төрт күлік» аталған, яғни тірек немесе басқалардан жоғары тұрған адамдар), бес қыздың анасы, Қоңырат тайпасынан шыққан Дай ноянның қызы, Бөрте Фуджиннен туған еді. Шыңғыс хан өміріндегі үлкен күрестердің бас кезінде, оның әлемдік державасының сипаты әлі тағдырдың парақтарына түспеген кезде, оның жоғарыда аталған әйелі Бөрте Фуджин Жошы ханға жүкті болады. Сол кездерде меркіт тайпасы оңтайлы жағдайды пайдаланып, Шыңғыс ханның үйін тонап, екіқабат әйелін алып кетеді. Осының алдында ғана ұзақ уақыт Керей патшасы Оң ханмен жаулықта болса да, (бірақ) дәл сол кезде олардың арасында татулық болғандықтан, олар (меркіттер) Бөрте Фуджинді Оң ханға жібереді. Шыңғыс ханның әкесімен аңда болып, Шыңғыс ханды балам деп атаған Оң хан Бөртеге құрметпен, мейірімділікпен қарап, келіндерінің қатарына қосып, өзге, жат адамдарға көрсетпей, тұмсықтыға шоқытпай, қанаттыға қақтырмай күтті және күзетті. Шыңғыс хан бұл туралы білген соң, Оң ханға оңғұттар ішіндегі жалайыр тайпасынан шыққан әмірі Сабаны жібереді. Оң хан Бөрте Фуджинге құрмет көрсетіп, Сабамен қайтарып жібереді. Жолда келе жатқанда ол ұл туып, сол себептен оған Жошы есімі беріледі. Саба азғана ұннан қамыр жасап, сәбиді соған орап, оған зақым келтіріп алмас үшін абайлап жүріп отырып, Шыңғыс ханға жеткізеді. Ол өскен соң әкесімен әңгімесі жарасатын, айырылмайтын серігі және бақыт пен бақытсыздықтарда көмекшісі болады. Бірақ онымен інілері Шағатай, Үгедей арасында әрщашанда ұрыс-керіс, келіспеушілік болады».

Моңғолдың «Құпия шежіресі» Бөрте ханымның жау қолына түсу оқиғасын және одан құтқарылғанын өзгеше суреттейді. Ол әңгімеге қарағанда Темучиннің (Шыңғыс) жаңа үйленген кезі Бұрқан-Халдун тауының бауырында екі-үш үй жақын туыстарымен, өзге елден оқшау өмір сүріп жатса керек. Сол кезде бұрыннан тісін қайрап жүрген Үш меркіт тайпасының жауынгерлері келіп ауылдың тас-талқанын шығарып Бөрте ханымды ұстап алып, ат артына өңгеріп алып кетеді...

«Хуагчин кемпір ала сиырын шықпыртып, тездетіп жүрмек болғанда күймесінің оқпаны бырт ете түседі. Енді орманға кірмек боп жатқанда, Бәлгүтәйдің шешесін екі аяғын салақтатып міңгестірген әскерлер артынан шауып келіп: Мына күймеде не бар дегенде кемпір жүн бар дейді. Әскерлердің басшысы бауыртайлар түсіп көріңдер дегенде басқасы түсіп қараса, ішінде жас қатын отыр екен. Оны күймеден сүйреп шығып, Хуагчин емпір екеуін міңгестіріп алып, жапырылған шөпті қуалай жүріп, Тәмужиннің артынан Бұрқан-Халдунға қарай беттеді. Бұл шабуылдаған әскерлер үш мәргидтікі болатын… ертеде Чиләдүден Өәлүн әжейді тартып әкеткендіктің қарымтасын қайтару үшін келіп, әйелдерін алып, атамыздың өшін алдық деп үйлеріне қайтып кетті».

Осылай Бөрте Фуджин Шыңғыс ханның әкесі Есугей бахадүрдің ескі жаулары меркіттердің қолына түседі. Оны Чиләдүдің інісі Чилэгэр балуанға береді.

Екі дерек көз бір оқиғаны екі түрлі сипаттайды. Рашид-ад-динге сенсек меркіттер Бөрте ханымды бірден керей Он ханға берген, ал «Құпия шежіре» меркіттің Чиледу балуаны Бөртені алды дейді. Бұл тақырыпты келер этюдте жалғастырамыз...

(Жалғасы бар)

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?