Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Рамазан Елебаев және «Жас қазақ» әні

2872
    Рамазан Елебаев және «Жас қазақ» әні - e-history.kz
Рамазан Елебаевтың "Жас қазақ" әні сол бір сұрапыл шақта әр қазақ жауынгерінің гимніне айналды.

                           

ХХ ғасырдың айтулы ақындары мен музыканттары ғайыптан пайда болған жоқ. Олардың көпшілігі Үкілі Ыбырай, Мәди, Ғазиз секілді ұлы композиторлардың жалғасы, әрі  Әміре, Ғаббас, Қали тәрізді саңлақ әншілердің көзін көріп, олардан өрнек алды Солардың бірі, композитор, екініш дүниежүзілік соғысы жылдарында әр қазақ жауынгерінің гимніне айналған «Жас қазақ» әнінің авторы Рамазан Елебаев еді. «Qazaqstan Tarihy» порталы әнші, әрі музыкатанушы Ерлан Төлеутайдың  «Жүсіпбек Елебеков» кітабынан осы әннің  тарихы жайында жазылған еңбегін ықшамдап ұсынып отыр.

Қазақ театры құрылған сәттен бастап қазақ әртістерінің өмірі мен тағдыры бір-бірімен тығыз байланыста болды. Олар өткен ғасырдың 30-жылдарында ел аралап, концерт қойып жүріп қазақ даласындағы алапат аштықтың куәсі болды. 1931 жылдың желтоқсан айында Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, Рамазан Елебаев, Қамал Қармысов сынды төрт әртіс қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Ұрыжар, Көкпекті, Зайсан аудандарын аралап, концерт қоюға жіберіледі. Ал Қалибек Қуанышбаев пен Елубай Өмірзақ тобы Нарынқол, Кеген ауылдарына, Әміре Қашаубаев пен Құрманбек Жандарбеков бастаған топ Шығыс Қазақстанның келесі бір аудандарына аттандырылады. Ел ішін ашаршылық жайлаған осындай нәубет шақта «компартия бұйырған соң» амал бар ма, бастарын бәйгеге тіккен өнерпаздар қатерлі жолға шығады. Осы сапарларында олардың көрмеген қиыншылықтары, тартпаған бейнеттері қалмайды. Желтоқсанның аязды борандарында аттары болдырып, айдалада үсіп қала жаздайды; елсіз, жолсыз далада адасып та кетеді. Өздері аш, арық елде не күй бар, түнеуге үй таппай қиналған кездерді де басынан кешіреді. Ол уақытта арнайы салынған клуб үйі болмайтындықтан, концерттерін реті келген жерлерге, тіпті, қой қораға да қойған күндері болады. Осындай сын сәттерге толы күндерде жасы сол кезде жиырмадан жаңа асқан Рамазан өзінің жастық жалынымен, жарқын өнерімен кездескен қиындықтарға мойымай, қайта ағаларына қолғанат болады. Барған жерлерінде гармонын құлаштай шырқап, жұртты әнге қарық қылады; аштықтан бұралған, белсенділерден зәбір көріп, жапа шекен қамкөңіл елдің көңілін көтереді. Сөйткен Рамазан соғыс басталған 1941 жылдың желтоқсанында майданға алынып, соғысқа аттанады. Майдангерлік жолын атақты Панфилов дивизиясынан бастаған Рамазанның жауынгерлік жолы да даңқты болыпты. Оны зерттеуші Қуаныш Сейдахметовтің Подольск қаласында орналасқан Қорғаныс Министрлігінің Орталық мұрағатынан (ЦАМО) тапқан Р.Елебаевтің жеке құжаттарында көрсетілген деректер дәлелдейді. Анықтама үшін: Рамазан Ержанұлы Елебаев 1909 жылы Солтүстік Қазақстан облысы Еңбекшілдер ауданының Құдықағаш ауылында дүниеге келген. 1941 жылдың желтоқсанында Алматының Фрунзе әскери комиссариатынан майданға аттанады. Құжатта Рамазанның мекенжайы Алматы қаласы, Пушкин көшесі 23-үй деп көрсетілген. Жұбайының аты-жөні Полина Фоминична Волкова. 1942 жылдың сары қүзінде Халық комиссарлар кеңесіне Панфилов дивизиясынан арнайы хат келуіне байланысты аталған жылдың қазан айында он адамнан құралған артистер тобы майдан даласына концерт қоюға аттандырылды. Алғашқы екі айда жазушы Ғ.Мұстафин бастаған Е.Өмірзақов, Ғ.Баубекова, Ш.Тұрымбетова, Л.Атманаки, А.Астахиев, И.Басов Б.Львович, Н.Ткаченко және Ж.Елебеков сияқты өнер шеберлері Калинин майданын аралап концерт берумен шектелді. Себебі бұлар арнайы барып концерт қоюға тиіс болатын 8-гвардиялық дивизия неміс фашистерімен кескілескен ұрыстар жүргізіп жатқандықтан, соғыс командованиесі жау оғы түтеп тұрған майдан даласына әртістерді апаруға тәуекел ете алмады. Ақыры Ғабиден Мұстафин бастаған концерттік бригада зор қиындықтармен 8-дивизия ұрыс жүргізіп жатқан майдан шебіне жетті. Әртістерді даңқты комбат Бауыржан Момышұлының өзі қарсы алып, полк штабына алып келеді. Әртістер келгенде Рамазан дәрігерлік санитарлық бөлімшеде қызмет етіп жүреді. Алғашында ол полк ансамблінде болған сияқты. Себебі өзі кәсіби әртіс, оның үстіне Мәскеу консерваториясында 1937– 41 арасында бірнеше жыл оқыған Рамазанның полк ансамблінің құрамында болуы заңды еді. Алайда, бір жолы түнгі орманды жаңғырықтыра ән айтқан Рамазанның даусын нысанаға алған неміс фашистері бұларға қарай оқты қарша боратып, тап береді. Жауынгерлерге  қауіп төнген осы оқиғадан соң, Рамазан дәрігерлік-санитарлық бөлімшеге жіберілгенге ұқсайды. Кезекті жауынгерлік тапсырмадан оралған ол Жүсіпбектерді бірден байқай қоймай, командиріне келіп оған өзінің бас киімін көрсетіп жатады. Сөйтсе, мылтық оғы оның бас киімінің дәл маңдай тұсынан тесіп өтіп кетіпті. Жерлестері осылайша Рамазанның тура келген ажалдан аман қалғандығының куәсі болады. Майданда 1942 жылдың қараша айынан 1943 жылдың қаңтар айына дейін болған қазақстандық әртістердің елге қайтатын мезгілі жақындайды. Елге қайтару жөніндегі шешім шұғыл қабылданады. Аяқ астынан абыр-сабыры шыққан олар тез арада жолға жинала бастайды. Сол кезде көз ұшындағы орман шетінен қылаңытып бір шаңғылы адам көрінеді. Арқасында гармоны бар, алып-ұшып келе жатқан жанның жақындағанда Рамазан екендігі білінеді. Келе сала Жүсекеңді ертіп блиндажға түскен ол, жалма-жан  өзінің шығарған әнін көрсете бастайды. Әнді Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаровтың ерлік өліміне арнап шығарғанын, енді жан жүрегін жарып шыққан осынау туындысы Жүсіпбектей әншінің орындауында елге жететін болса, бұл дүниеде арманы жоқ екенін айтады. Сөйтіп, Жүсіпбек асығыс жағдайда «Жас қазақ» әнін үйренеді. Әннің бастапқы аты «Жас қабір басында» деп аталыпты. Алайда қайтар жолда Жүсіпбектің қолқалауымен әннің сөзін жазған Ғабиден Мұстафин шығарманың атауын «Жас қазақ» деп өзгертеді. Жолай, пойыз үстінде, Ғабиден ағамыз ән сөзінің бірнеше нұсқасын жазады. Алайда, бұл мәтіндердің Жүсіпбектің көңілінен шықпауына байланысты жазушы ағамыз тағы да бірнеше нұсқасын жазуға мәжбүр болады. Ақыры мәтіннің соңғы нұсқасы дүниеге келеді. Тар купені кеңіткендей болып, биік ән қалықтайды: Қар жамылған кең дала қанға бөгіп, Күрілдейді сұр аспан өлім төгіп, Жас қазақ, Мұрттай ұшты уралап. Жанын қиып кете алмай жас өмірден, Асқақтаған өмірге өрмелеумен, Жас қазақ, Жатты көзі от жайнап. Сол бетінде жан берді, ол тұрмады, Ары үшін елінің боп құрбаны. Жас қазақ, Жатты жауын жаныштап. Ел қорғаған майданда жас арыстан, Төлегендей артыңда қалдыр дастан. Жас қазақ, Жатты жауын жаныштап. Осылайша Жүсіпбек, «Жас қазақ» әнін елге алып қайтады. Шығарманы мінсіз өңдеп, бипаз баптап, Қалибектей талғампаз ән сыншысының алдынан өткізгеннен соң Жүсіпбек бұл әнді 1943 жылдың ақпан айының соңында Абай атындағы опера және балет театрында өткен концертте орындайды. Бұл майданға барып қайтқан концерттік бригаданың есеп беру концерті еді. Жүсіпбек «Жас қазақты» сұрапыл қуатпен, кекті, ызалы, ащы жан айқайымен асқақтата шырқайды. Залда жыламаған пенде баласы қалмайды. Осы күннен бастап, «Жас қазақ» әні қазақ даласын шарлап кетеді. Рамазан Елебаев бұл әнді естімеді. Ол 1943 жылдың 4 қарашасында Псков облысының Аршахино деревнясының түбінде ерлікпен қаза тапты. Ол небәрі 33 жаста ғана еді. Оның «Жас қазағы» сол бір сұрапыл шақта әр қазақ жауынгерінің гимніне айналды.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?