Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Мұқанов шыққан шыңның бәрінде Мәриамның ізі жатыр

2376
Мұқанов шыққан шыңның бәрінде Мәриамның ізі жатыр - e-history.kz

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарының орта шені. Марқұм Қожахметтің қызы Мәриамның он алтыға қараған шағы. Ал Сәбит жары Рахима мен ұлы Арыстанның қазасына қайғырып жүрген еді Ол Мәриамнан он жас үлкен еді, ал Мәриәм болса басқа айттырылып қойған. Qazaqstan Tarihy порталы бақытқа барар жолда Сәбит пен Мәриамның бастан кешкен қиындықтары туралы айтып бермекші

Мәриамға дейін Сәбиттің үйлі-баранды жан болғанын көпшілік біле бермейді. Бірінші әйелі Рахима атақты Қосшығұл байдың қызы болған. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарында советтік түсінік қазақтардың өміріне де белсенді ене бастады, бірақ байлар ғасырлар бойғы дала заңымен өмір сүріп жатты – жігіттің отбасы қалыңдық үшін қалың мал төлеуге міндетті. Жас Сәбиттің болашағы зор болғанымен, өзі жетім әрі кедейдің баласы болғандықтан Қосшығұлдың қызына төлейтін қалың малы жоқ еді. Алайда қыздың әкесімен болған ұзақ тартыс, қыздың кет әрі еместігі, оның үстіне бәріне бірдей құқық беруге уәде еткен совет заңы Сәбит пен Рахиманың бірге болуына мүмкіндік берді. Көп өтпей жұбайлардың Арыстан атты ұлы өмірге келеді. Ол кезде отбасы Петропавлда, Мехди Агисов деген молданың үйінде тұрады. 1926 жылдың көктемінде Мұқановтардың отбасы тозған, ескі үйге көшуге мәжбүр болады. Мұнда көшкесін көп өтпей Рахима ауыр науқасқа ұшырайды. Келген дәрігер тез асқынатын өкпе ауру (туберкулез) деген диагноз қояды. Рахима 1926 жылдың сәуірінде қайтыс болады. Ал мамырда Арыстан ауырып, 1926 жылдың 12 мамырында қызылшадан ол да қайтыс болады. Тұңғышының қазасы жазушыға ауыр тиеді. Баласына арнап «Сәбидің өліміне» өлеңін шығарады:  

Дейтін де «бала адамның бауыр еті»,

Бауырымның жарылғандай болып өті,

Барады өртеніп іш!.. Неткен жара!..

Жазуға келер кімнің құдіреті?!

Атасам «Арыстаным, құлыным!» деп,

Сыздайды суырғандай жұлыным кеп!..

Тартылып баратқанда көз жанары, болды.

Адам емес, аң болып ұлыдым кеп?..

Қарасам, жасты көзбен ұсқынына,

Әкесін аяуы ма, «мысқылы» ма?

- Кеудеден жан ұшарда езу тартты,

Куаты жетпей жатып ышқынуға!..

Мен неге тірі отырмын болып бейбақ?!.

Қайғының теңізіне кеттім бойлап...

Жансыз боп сәби дене созылғанда

Бетінде қала берді-ау қаны ойнап!..

Көмгенде сол қан тұрды кескінінде!..

«Жаны бар ма?!» «Іңгәсін» естідім бе?!»

- Дегендей сезім тулап, жас қабірді

Құшақтай жата қалдым өксідім де.

 

Замандастары Сәбит Мұқановтың отбасының өлімін қатты қайғырғанын айтады. Достары мен туыстары оның денсаулығына алаңдай бастайды. Бірде оны қонаққа шақырып, астан соң Сәбитке қалыңдық таңдау басталады. Лайықты қыз тез-ақ табыла кетеді.  Ол – марқұм Қожахметтің он бес жасар Мәриам деген қызы, әкесі өлгеннен кейін Зейнеп әжесінің қолында тәрбиеленген. Замандастарының айтуы бойынша ол тіл алғыш, жұмысқа пысық, елгезек, ұяң әрі шыншыл болған, бір сөзбен айтқанда, құданың көңілін аударар барлық қасиет тал бойынан табылған.

Зейнептің туыстары Мәриамнің шешесі Бияттың жеңілтек, сөзқұмар адам болған дейді. Өмірге қыз бала келгеннен кейін оны Нұрпейіс қожаның ұлына айттырып қояды. Алайда Қожахмет қайтыс болғаннан кейін екі ортадағы келісім ұмыт болады. Көп өтпей Бият қайынағасы Қажымұратқа тұрмысқа шығады да, кішкентай Мәриамді әжесінің үйіне береді. Біраз уақыттан соң Сәбит Мұқановтың достары мен туыстары Зейнепке барады. Ал, ол өз кезегінде бұл хабармен немересіне келіп, оның шешіміне қарсы келмейтінін білдіреді. Мәриәм ойлана келе, Сәбитке тұрмысқа шығуға келісімін береді. Сәбит пен Мәриәмнің үйленгелі жатқанын естіп Зейнептің үйіне Нұрпейіс қожаның туыстары келеді. Осы кезде Зейнеп Сәбит жағын заңға жүгінуге, дәлірек айтқанда милицияның көмегіне жүгінулерін сұрайды. Зейнеп әже үшін Нұрпейіс жағымен арадағы қарым-қатынасты бүлдіріп алмау маңызды болды, сондықтан да ол Сәбитке айла жасауға кеңес береді. Ойлап табылған амал бойынша Сәбит қасына милиция ертіп Зейнепке келуі керек, ал Зейнеп немересінің кетуіне үзілді-кесілді қарсы болады-мыс. Ақырында милиция Мәриәмнан оның тілегін сұрайды, ал ол болса Сәбит жағын таңдайды.

Жоспар іске асуы үшін Сәбит милиция басшылығымен, атап айтқанда, болыстық атқару комитетінің төрағасы Баязит Тілегеновпен келісуі керек болды. Ол Сәбиттің жоспарын тыңдап, қыздың Сәбитті таңдап, туыстарын ренжітуге батылдығының жететіндігіне күмән келтіреді. Бірақ, Сәбиттің өзі қыздан титтей де күмәнданбайды. Сәбит Б.Тілегеновты Зейнептің үйіне болыстық милиция бастығы Самарқан Жұмаділовты, кіші милиционер Қасым Садуақасовты және бірінші ауылсовет төрағасы Иман Тоқпановты жіберуін сұрайды. Баязит Тілегенов Зейнептің үйіне осы үш кісіні жібереді, олар қызды өздерімен милиция бөлімшесіне алып келеді. Бұл кезде бөлімшенің алдында қожа Нұрпейістің туысқандары, қыздың шешесі мен оның күйеуі, әжесі Зейнеп пен ағасы Шұғайып тосып тұрған еді. Милиция қыздың жанына ешкімді жолатпайды. Өз естеліктерінде Сәбит Мәриамнің шешімін күтіп немере ағаларының және өзінің бұрынғы мұғалімі Хамит Махмұдовтың қатты уайымдап, қобалжығандарын айтады. Құдалықтың заңдылығын анықтау үшін милиция арнайы комиссия құрып, оның құрамына Хамит Махмұдов та шақырылады. Ол ішке кіріп бара жатып: «Егер бәрі дұрыс болса, онда мен кеңседен шығып, гүлді орамалымды бұлғаймын», -дейді. Соған келіседі. Уақыт өтіп жатты, ал шыққан Хамит жоқ. Бір уақытта «Сүйінші» деген қуанышты дауыс естіліп, келесі мезетте Сәбит гүлді орамалын бұлғап тұрған Хамитті көреді. Біраз уақыт өткен соң Сәбит пен Мәриам ресми түрде Қызылжардың ЗАГС-нде некелерін қияды. Одан әрі олар Қызылордаға аттанып, жаңа өмір бастап, қуаныш пен достыққа толы қырық жеті жыл бірге ғұмыр кешті. Мәриам – Сәбит Мұқановтың адал жары, өмірлік серігі болды. Кейінірек отбасының достары ұлы жазушы Сәбит Мұқановты еске алған кезде Мәриамды де сондай мақтанышпен еске алатын болған. Мәриям туралы: «Егер Сәбит Мұқановта адами даңқ болатын болса, онда ол Мәриямның қолымен жасалған» дейтін болады. Осыдан-ақ адал жардың жұбайының еңбегіне қандай үлес қосқанын көруге болады… 

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?