Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

«Талды» археологиялық паркі ашылмақ.

3085
«Талды» археологиялық паркі ашылмақ. - e-history.kz
Қарағанды облысында Орта Азиядағы алғашқы археологиялық парк ашылмақ

Аумағы 70 шақырымды алатын бұл паркте пирамидалар, Сақтардың алтын толы қорымдары бар. Дәл қазір археолог-ғалымдар парк аумағын болашақ ашық аспан асты мұражайына айналдырудың қам-қарекетін жасап жатыр. Келер жылы, туристерге есігін айқара ашпақ.

Тарихты – дарияға теңеп жатамыз ғой. Ал Сарыарқа жерінде, тура мағынасында «тарих-өзен» ағып жатыр. Талды аталатын бұл өзеннің ұзындығы 71-ақ шақырым. Бірақ, осы жылғаның бойында, адамзат басынан өткерген барлық тарихи дәуірлердің ескерткіштері тізбектеліп жатыр. Бастау-бұлағы бұл өзеннің тас ғасыры қоныстарынан басталса, орта белдеуде қола дәуірі, сақ, ғұндармен жалғасып, аяқ тұсы ХХ ғасырдың ханбазары Қоянды жәрмеңкесін қақ жарып, тәмамдалады.

АРМАН БЕЙСЕНОВ – АРХЕОЛОГ: Бұл археологиялық парктегі ең ескі ескерткіштің жасы - 12 мың жыл. Бұл жәдігер тас дәуірінде өмір сүрген адамдарға тиеселі. Дәл осы парк аумағында, әлемдегі ең алғашқы қала, ғылымда оны протоқала дейді, сондай шаһардың орны табылды. Аумағы 30 гектар. Бір сәтте 10 мың адам өмір сүргені анықталып отыр. Археологтар бұл протоқаланы АқКезең атап отыр. Қола заманына тиеселі бұл кенттің мерзімі 4 мың жыл. Сондай-ақ, Сақ, Ғұндардың қорымдары көп. Қыпшақ замандарының балбалдары тұр. Хронологиямен тізіп шықсаңыз, мыңдаған жылдар бойы осы жерде халық отырған. Жоқ дегенде, Ақсу-Аюлыдан санағанда 4 мың жыл қозғалмаған мәдениет қой.

Кеңес тарихнамасы: Қазақ 15-ші ғасырда ғана пайда болған, бұл ұлттың көне тарихы жоқ,-деп түсіндіріп еді. Осы бір қате тұжырымына дәлел ретінде – қола дәуіріндегі жұрттың, Сақтардың еуропоид келбетін алға тартып келді. «Бұл далаға 7 жұрт келіп, 7 жұрт кеткен» дейтін жымысқы сөзді ауызға салып берді, сөйтіп өз жерімізде отырып, өзімізді келімсек сезіндік. Ал шын мәнінде, ешқайдан келгеніміз жоқ. Осы Далада жаралғанбыз, Сақтар да, Ғұндар да бабамыз. Мыңдаған жылдар ішінде, ұлттың түрі өзгере береді. Осыны мойындауымыз керек.

ОРАЗАҚ СМАҒҰЛ – АНТРОПОЛОГ: Қола дәуірінде далалықтардың түр-кейпі еуропалық еді. Бірақ, бұл жүйеленбеген еуроподтық нәсіл болатын. Осыдан 40 мың жыл бұрын, Еуразия құрлығының Алтайдан Пиреней түбегіне дейінгі аралығын көзі үлкен, мұрны қоңқақ кейіптегі кісілер жайлаған. Олардың қазіргі француз, неміске еш қатысы жоқ. Мұны ғылым жүйеленбеген еуропалық нәсіл дейді. Сақ заманында, Шығыстан тайпалар кірмелік жасап, көшпелілер 25 пайызға азиаттанады. Ғұн-Түріктің кезінде бұл көрсеткіш 50 пайызға жеткен. Шыңғыс ханның жорығынан кейін, Қазақстан тұрғындарының бет-келбетінде, моңғолоид бейнесі 70 пайызға жеткен екен. Егер Түрік дәуірінде 50 болса, моңғол заманында 70 болса, сонда Шыңғыс хан қанша қосқан? Сонда 20-ақ пайыз қосқан екен. Сондықтан қазіргі қазақтардың бейнесінде баяғы қола дәуіріндегі ата-бабалардың ерекшеліктері сақталып қалған.

Қазіргі қазақ – осыдан 4 мың жыл бұрын өмір сүрген тайпалардың бет-келбетінің 3/1 үлесін сақтап қалған. Бұл тек түр-әлпет қана емес, дене тұрық, болмысқа да қатысты. 4 мың жыл бұрынғы түпбабасының осыншама жұрнағын сақтап қалған халық, әлемде жоқ десе де болады! Тамырымызда Сақ қаны ағып тұр. Мұны кешегі бабаларымыз да білген. Сондықтан, Беғазы мен Сақтардың қорымын жатсынбай, баба тұтып жанына бейіттерін қойған. Мынау қырда Сақ обасы тұрса, анау жартаста 18-ші ғасырдағы Сеңкібай батырдың моласы жайғасқан. Тарихи сабақтастық осы болар? Қазақтың 40 ғасырлық тарихын жиған бұл алқапты, облыс басшылығы үлкен археологиялық музей-кешенге айналдырмақ.

АРМАН БЕЙСЕНОВ – АРХЕОЛОГ: Дәл қазір археологиялық парктегі әрбір нысан, әрбір ескерткішті қалпына келтіру, аспан асты музейге айналдыру жұмыстары жүріп жатыр. Осыдан 30-40 жыл бұрын қалай еді? Археологтар бірдемені қазып, қопарып-ашып, керегін алған соң, солай ашық-шашық қалып кететін. Кеңес заманында, тарихымыз солай қиратылды, тоналды! Ал қазір Тәуелсіз елміз. Евразиялық стандарт деген болады. Сондықтан бұрынғыдай қопарып, апұл-ғұпыл кетіп қалуға болмайды. Қазір зерттелген нысандардың көпшілігі, ең әуелі жарқын ескерткіштер қайта қалпына келтірілуі керек. Отандық, халықаралық туристер тартылуы керек. Тіпті алыстан американдарды күтпесек те, оқушыларды, студенттерді күту керек.

Сақтардан қалған талай оба аршылған. Бірақ, сол қорымдарды қалпына келтіріп, жұртқа көрсету кеңінен тараған жоқ еді. Келер жылы, Талды археологиялық кешені ресми ашылар болса, бұл маң осыдан 4 мың жыл бұрын қандай кейіпте еді, сол пошымына енеді.

ТҮЛКІБАЙ ТӨЛЕУОВ – ҚАРАҒАНДЫ  ОБЛЫСТЫҚ ТАРИХИ-МӘДЕНИ МҰРАНЫ САҚТАУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазір күллі әлем мойындаған, келіскен көне орындарды қалпына келтіру, сақтаудың методикасы бар. Ол бірінші, ескі ескерткіштің әуелгі пошымы сақталуы керек. Бізге осындай ұнайды деген болмайды. Бұл қорғанда тас көбірек қолданылған. Сондықтан бұл тас қорған етіп көрсетеміз. Диаметрі 28 метр, ол да сақталуы керек. Әдемі етіп қою бар да, оның болашақ ұрпаққа аман жеткізу деген де бар. Сақтау үшін не істеу керек? Арқаның жері Египет, Сирия емес. Қыс болмайтын, ескерткіштері сол күйі тұра беретін. Қалың қар, қатты боран, жан шыдатпас ыстық «аспан асты мұражайына» көп зақым келтіреді. Сондықтан, археологтар ескерткіштердің негізгі бөліктерін көрсетіп отырып, кей тұстарын амалсыздан қаптап, топырақпен жасырады.

              ҚАБІРЛЕР ТРАГЕДИЯ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕЙДІ...

Сонымен, туристер назарына ұсынылғалы отырған ескерткіштер несімен қызықты? Сіз мұнда скиф көсемдерінің қанжарын, жебе толы қорамсағын, иір мүйізді тұлпарларын көре аласыз. Сосын, мұндағы биік бейіттердің бірінен даланың Ромео-Джулеттасы табылды. Археологиялық қазба жұмыстары кезінде құшақтары айқасқан қалпы бір зиратта бірге жерленген қос ғашықтың сүйегіне тап болды. Ғалымдар, бұл көне дәуірде өмір сүрген ақсүйектер жұбының моласы болуы мүмкін деп топшылайды. Батыс бұқаралық ақпарат құралдары ол екеуін "бағзы заманның Ромеосы мен Джульеттасы" деп атап та үлгерді. Әзірге бұл жұптың тарихы жұмбақ. Екеуі бір уақытта дүниеден өтті ме, жоқ әлде әйелді бірнеше жылдан кейін ер адамның жанына қойған ба, ол жағы белгісіз. Бәлкім, оны құрбандыққа шалып, ер адаммен бірге жерлеген болуы да ықтимал дейді мамандар. Дәл осындай молалардан соғыс арбасына мінген далалық көсемдер көп табылып жатыр. Тағы бір керемет сенсация – мәйіті жоқ кесене табылды. Зерттеушілер сан түрі жорамал айтуда: Көсем көзінің тірісінде үлкен төбе көтерген. Бірақ, өзі тұрғызған кесенеде жерлену маңдайына жазлымаған болуы кәдік,-дейді археологтардың бір парасы. Ал басқа ғалымдар, көсемнің қабірін жаулары тып-типыл етіп тонап, сүйегін қазып әкетуі мүмкін деседі.  

АРМАН БЕЙСЕНОВ – АРХЕОЛОГ

Осыған қарап отырып, бұл обаны біздің эрамызға дейінгі 7- ғасырдың ортасы деп ойлаймыз. Демек бұны құрған адамдар, осы уақыттан санағанда, 2700 жыл бұрын мекендеген бабалардың орны. Өкінішке қарай қатты тоналған. 3 жебеден басқа табылмады. Тас бұйымдар шықты. Үйіндінің үсті жағынан, 30 см-ден бір диірмен шықты. Ол ғажап нәрсе.

Диірмен тасты неге қабірге қойған? Бұл үлкен трагедиядан хабар береді. Көшпенділер атақты шебердің әулетінде ұл бала қалмай, тегі үзілгенде, марқұмның басына өмірбойы пайдаланған құралын қалдыратыны бар. Бұл көсем бәлки егінші қауымның басшысы болда ма екен? Қалай десек те, ауыр трагедиядан хабар береді...

                                    САРЫАРҚА ПИРАМИДАСЫ

2016 жылы төбе астынан, ойда-жоқта сенсация табылды.  Журналист қауым бұл ескерткішке «Сарыарқа Пирамидасы» деген атау беріп үлгерді. Қорым Авраам (Ибрахим) пайғамбардың заманындасы, 3,5 мың жыл бұрын соғылған. Ол кезде, Мысырда мынадай үлкен-үлкен пирамидалар әлі тұрғызыла қоймаған кезең.  Ал, Месопатамия өлкесінде осындай төртбұрыш үстіне одан кішірек шаршыны қондырып, оның төбесінен тағы да сондай бейіт қою дәстүрі енді-енді пайда болып жатқан. Атақты Кир патшаның қабірі тура осы Сарыарқа пирамидасына ұқсайды. Осы күнге дейін, Пирамида – бұл Таяу Шығыспен, Мысырдың архитектуралық туындысы,-деген тұжырым болды. Арқа жерінен табылған бұл кесенені зерттеген археологтар пирамида технологиясы бізден Мессопатамия, Мысырға ауып баруы мүмкін деген болжам айта бастады.  

Кесенің айналасында, форма жағынан пирамиданы қайталайтын 200 бейіт табылды. Олардың кейбірінің мерзімі 4 мың жыл бұрынғы заманға кетіп қалады. Яғни пирамиданың әуелден шағын үлгілері болған. Тек Беғазы заманында ғана соны жойқын қорым деңгейге жеткізген. Өйткені осы кезде, далалықтардың байлығы артты, халық саны көбейді. Ең бастысы, Сарыарқада патшалар пайда бола бастады.

ЗЕЙНОЛЛА САМАШЕВ – АРХЕОЛОГ: Беғазының бейіттері, бұл патша қорымдары... Патша деген кім? Оның артында не тұр? Оның артында мемлекет тұр ғой. Мемлекет болса, ол жұртта билік жүйесі бар деген сөз. Билік мұрагерлікпен бе, дала демократиясы бойынша сайланып отырған. Біз мемлекеттілік тарихымыз 3 мың жыл деп, Сақтардан бастап жүрміз. Ал енді шынтуайтқа келіп мойындасақ, Ұлы даладағы алғашқы мемлекет Беғазыдан басталады. Сақтар алғашқы патшалар емес. Алғашқы патша, әмірлер Беғазылықтар болған.

Пирамиданың төрт бұрышын жердің төрт тарапы, оң-сол, шығыс-батыс тұсқа қарата соғыпты. Қазақтың төрт құбыла ұғымы, міне қайдан тамыр тартатынын қараңыз? Бір ерекшелігі, кесене биіктеген сайын, тас плиталардың ені қысқарып, баспалдағы биіктей түскен. Кесенедегі ауыр плиталарды ежелгі адамдар өзен жарқабағындағы құздардан асқан шеберлікпен тұтастай кесіп алған. Кесененің ауқымы 15/15 метр. Ал биіктігі 5 метрден кем болмаған сияқты.

ОСЫДАН 3 МЫҢ ЖЫЛ БҰРЫН НЕ БОЛДЫ? НЕГЕ ПРОТОҚАЛАЛАР ҚАҢЫРАП ҚАЛДЫ?

Беғазы заманында бейтті көмбейтін болған. Өйткені, патшалар қорымы – храм қызметін де атқарған. Ал, Сарыарқа пирамидасын соғушылар, бір ғасыр өтер-өтпестен кейін, төбе басындағы марқұмды қазып алып, пирамиданың өзін қалың топырақ арасына көміп әлде жасырып кетіпті. Ғалымдар бұл қарақшылық тонау емес, дәни рәсім болуы кәдік дейді. Егер шашып-төгіп тонаса, көп обалар секілді мұныңда төбесінде шұңқыр қалар еді?!

ИГОРЬ КУКУШКИН, АРХЕОЛОГ: Екі түрлі пікір бар. Әуелгісі – мынау құрылыс ұзақ уақыт сақталуы үшін, әдейі топырақпен көмуі мүмкін. Консервация жасаған секілді. Ал екінші нұсқа бойынша, бұл жердегі тайпалар белгілі бір себептермен үдере көшуге мәжбүр болған. Көсемдерінің мазарын өздерімен алып кете алмайды. Қайта айналып келерміз деп, ғимаратты көмген. Бірақ, олар оралмаған сияқты...

Ежелгі тайпалар үйреншікті мекенді тастап, жер аударуға не мәжбүрледі? Ғалымдар бұның жауабын білмей дал. Дәл осы кезде, Ұлы Даладағы протоқалалар да қаңырап бос қала бастайды. Не себеп? Өйткені Ұлы Далада климат күрт өзгереді. 2 мың жылға созылған қоңыржай ауа райы Сақтардың дәуіріне таман, суып кетті. Қыс боранды, қары қалың түсті. Даланың қақ жүрегінде орын тепкен қалаларда адамдар тұра алмайтын болды. есесіне Арқаның жазы ыстық, жайылым көп, шүйгін қалың шығатын болды. Ұлы Далада тіршілік еткісі келген адам тек көшпелі өмірден ғана бақыт табатыны анық байқалды. Сақтардың кезінен бастап, адамдар жыл маусымына байланысты көшіп-қонатын салтқа көшті.

                     ӘСКЕРИ АРБАЛАРДЫҢ ОТАНЫ

Тасын түртсең тарих сөйлеп қоя береді. Бұл сөз, Талды аумағына арналғандай-ақ. Былайғы адам байқамайтын,елеусіз жатқан мынау төбешіктің астында қос ат жеккен арбакеш баһадүрлер жатыр. Осы молалар, жер бетінде ең алғашқы дөңгелекті де, арбаны да далалықтардың ойлап тапқанынан хабар берді...

САҒЫНДЫҚ ЖАУЫНБАЕВ – АРХЕОЛОГ: Дөңгелек – біздің қазақ даласында ойлап табылған нәрсе. Оның кейбір детальдары қола дәуіріндегі бейіттерден шығып жатыр. Бірақ, өкінішке қарай, ағаштан жасалғасын, көп сақталмайды.

Талды алқабында әр метр сайын қорым, мола шығады. Скандинав жұрты үшін, қиялдағы Осгард қандай болса, бәлки Сақтар үшін де, Талды өзенінің қос жағасы сондай қастерлі болған болар? Талды археологиялық паркі ашылғанда, бұл маңның бағзы кейпі оралады, протоқалалар толық аршылып, пирамида менмұндалап тұрады. Ол өз кезегінде туристер мен келушілердің 4 мың жыл бұрынғы заманға саяхат жасауына мүмкіндік беретін болады.

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?