Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қамағ моғол ұлысы

2558
Қамағ моғол ұлысы - e-history.kz

12 Ғасырдың ортасы мен соңында, 13 ғасырдың басында қазақ ру тайпалары алты ірі ру тайпалар одағына бөлінді. Олар: Ең шығыстағы қамағ моңғол рулар одағы, онда қырықтан аса ұсақ рулар болған, оның жиырмасы қазақ халқының этникалық құрамына кірген. Екінші қамағ моңғолдың батысында Орталық моңғолиядағы керей хандығы. Екінші Керей хандығының батысындағы Батыс моңғолиядағы найман хандығы. Үшінші Ресей Алтайы мен Саяндағы түркі рулары, олар көбінесе кіші жүз қазақтарының тегімен қатысты рулар. Найман хандығының батысы Шығыс қазақстаннан Жайыққа дейін қаңлылар, Жайық, Еділ, Дон, Днепр бойында қыпшақ хандығы болды. Бұлардан сырт татарлар, меркіттер мен оңғыттарды да айта кету керек. Қазақтың Ұлы жүзінің қаңлыдан өзге рулары: үйсін, дулат, жалайыр, шанышқылы, ысты, суан сондай-ақ дулат ішіндегі құралас, оймауыт рулары, шанышқылы арасындағы қият, қатаған, маңғыт рулары, жалайырдың арасындағы бөржігін – қият руы,  жүзге кірмейтін дүрмен-барластар, төрелер, орта жүздегі тарақтылар мен қоңыраттар, кіші жүздегі кенегестер, барғындар, байұлы (баяуыт), найман арасындағы жұрық руы кезінде осы қамағ моңғол хандығының рулары еді. Осы тайпалар одағында қият руынан шыққан Шыңғысхан көшпенділер тарихындағы ең алып империя құрды, териториясы 33 млн шаршы километрден асты, бұл адамзат тарихындағы ең үлкен империя саналады. Империядағы мұрагерлік билік Шыңғысханнан басталып 1847 жылы Кенесарыға дейін созылды. Кейінгі Қазақ хандығы да осы Шыңғысхан ұрпақтарының  құрған бір ұлысы саналады. Жошы, Шағатай, Үгедейдің құрған ордаларындағы көшпенділер кейін қазақ халқы болып ұйысты.

 

Қамағ моңғолдардың шығу тегі

Қамағ моңғолдардың шығу тегі дұңхулар, оның ішінде сәнбейлер. Оларды 2000 жылдан аса уақыттың алдында ғұнның Модон тәңірқұты талқандаған. Эрамыздың 91 жылы сәнбейлер ғұндарды жеңіп ғұндарды батысқа қуды. 384 жылы Тоба сәнбейлер қытайды басып алды.  Тура 10 ғасырға дейін сәнбей ұрпағы моңғолдардың тіке тарихы туралы мәлімет жоқ. 10 ғасырдан бастап қидан деректерінде көріне бастаған, 13 ғасырда осы тайпалар одағы құрамындағы руларды Шыңғысхан біріктірген соң олардың арғы бергі тарихы хатталды, көшпенділер тарихында дәл олардай ықпал тудырғандар болған емес, олар туралы басқа отырықты елдерде ұлан қайыр мағлұматтар сақталған.  Олар өздерінің даңқты тарихымен мақтанады, ата-бабаларын «Ергенеқоң аңызы» арқылы еске түсіреді.

Ергенеқоң аңызы

«Мұғұлдардың бастапқы тұрмысы туралы егжей -тегжейлі әрі сенімді тәрих айтатын Түріктердің айтуынша: Барша мұғұл тайпалары мәлім уақытта Ергенеқоңға қашып барған екі адам Қиян мен Нүкүздің нәсілінен шыққан. Сол екі адамның тұқымынан шыққан Бөрте шене деген кісі өте құрметті басшы әрі бірнеше тайпаға көсем болыпты. Дүбүн баян мен оның әйелі Алан құба жане бір қатар рулар сол Бөрте шененің тұқымы,

Осынау түрік руларының жұрты күні бүгін Моғұлыстан деп аталады. Ол Ұйғырыстаннан тартып қытай мен жұржынға /шұршеге/ (Jurjа - жоржы. т.а)* дейін созылып жатыр. Бұл аймақтың егжей-тегжейіне жоғарыда тоқталғамыз. Шамамен осыдан екі мың жыл бұрын Мұғұл атанған осы рулар, басқа Түрік руларымен арасында ішкі араздық туылып, соның ақыры соғысқа ұласты. Сенмді тұлғалардың айтуынша, қарсылас рулар Мұғұлдарды жеңіп, оларды қырғынға ұшыратады. Ақыры екі ер мен екі әйел ғана қалған екен. Бұл екі жұп жаудан бас сауғалап, адам аяғы баспаған иенге шығып кетеді. Ол ара төңірегін тау мен орман қоршаған, кіріп-шығатын жалғыз аяқ күдір жолы ғана бар түкпір жер екен. Ол жердің шөбі шұрайлы, жылы әрі жайлы болып шығады. Бұл Ергенеқоң деген қоныс еді. Мұндағы «қоң» - биік қырқа деген, ал «ергене» - асқаралы, қия деген мағына береді. Сонда қашып барған екі адамның есімдері Нүкүз және Қиян болатын. Олардың үрім-бұтақтары да қаншама заман сол араны мекендеп өсіп-өнді. 

Уақыт өте келе, әр атасының өзі бір-бір обақ (aubaq - обақ)* болып кетті. Обақ дегеніміз - бір әулет, не бір ру қалыптастырған тұтас бір ұлттық адамдар шоғыры болып табылады. Бұл обақтар одан ары өсіп, тармақтала түсті. Қазіргі мұғұлдардың көп бөлігі осы тармаққа жататыны тексеріліп анықталған ақиқат. Олардың өз аралары туыстас болып келеді. Барлығы тұтас дарлекін-Мұғұлға жатады. «Мұғұл» (Mnъul - мұғұл) сөзінің ту бастағы түбірі - «мұң» (mnk - мұң) болатын. Оның мағынасынан, қайғы, мұң деген мән аңғарылатын. (Демек мұғұл=мұңұл,мұңлы деген сөз) қиян сөзінің мұғұл тіліндегі мағынасы - таудан етекке құлай аққан тасқын болып табылады. Өйткені қияндар жау жұрек батыр, төтенше қайсар келеді. Соған қарай жұрт оларды солай атап кеткен. Қиян сөзінің көпше түрі қият болып келеді. осы аулеттің алғашқы тегіне жақын буынындағыларын, ертеде қият деп те атапты.

Осынау қауым, осы таудың қойнауында, әлгі орманның қойнында өсіп өркендеді. Сондықтан, бұл жер тарлық жасай бастады. Ақыры олар осы құз-қиялы күдір жолдан ары оңай әрі аман өтудің әдісін ақылдасты. Сөйтіп олар бұрынғы замандарда үнемі темір қортқан кеніштің орнын тапты. Олар дереу іске кірісіп тамыздық отын мен тас көмірді мая-мая қылып үйіп алды. Сосын жетпіс жылқыны сойып, терісінен көрік жасады. Таудың етегіне тамыздық пен көмірді үйеді де, жетпіс көрікті құрып қойып жартас балқып түскенше жел үрлей береді. Нәтижесінде, есепсіз көп темір қорытылады, сонымен бірге таудан да шығар жол ашылады. Әлгі өткелден баршасы өтіп, үдіре көшіп кең далаға шығады. Айтуға қарағанда, қияттан тараған бір обақ сол жолы көрік басқан екен. Нүкүз рулары да және олардан тараған ұраңқайлар да көрік басқан деп айтылады. 

Басқа да рулар: біз де көрік басқамыз деседі. Алайда жоғарыдағы рулар оларды мойындамайды. Сондай-ақ, олар көп тармаққа бөлінетін Қоңыраттарды да (бұлар туралы кейінгі жерде тоқталамыз) Нүкүз бен Қияттан тараған ру деп қарайды. Олар, басқалармен ақылдаспай-ақ қысаңнан бұрын шығып кетеміз деп асыққанда, басқалардың көрігін басып кеткен екен. Сол рулардың айтушылары: Қоңыраттардың аяқ ауыруы, сол жолғы асып-сасып жүріп басқалардың көрігін басып кеткенінен қалған деп қарайды. Бұл тұрғыда Қоңыраттардың өздері де өкініш білдіреді.
Осындағы, бұрын Ергенеқоң жақтан келген адамдар: Ол араның жері қиын екені рас алайда, аңызда айтылғандай дәрежеде емес деседі. Олардың тауды балқытудағы мақсаттары: Даңықты түрде тағы бір шығар жол ашу болатын деп қарайды. Үйткені, Алан-қауаның ері Тобан-баянның тегі қият еді. Ал Алан-қауа құралас руынан болатын. Сондықтан, олардың (Құраластардың) бәрі Шыңғысханның ата тегі болмақ. Сондай сабақтастықтары болғандықтан да, адамдар сол тауды, ондағы темір қортуды және темір соғуды ұмытқан жоқ. Осы әдет пен жосын Шыңғысханның ұрқында да бар. Олар арапа түні көрік, сайман және көмірін даярлап алады. Сонан соң, кішкене темірді алады да отқа салып қыздырып, төске қойып соғады. Темір жаншылған сайын тебірене түседі. 

...Кейін Алан-қауаның алтыншы буын ұрпағы Қабыл-ханның алты ұлы болды. Олар шеттерінен батыр да, ақсүйек сұлтандар еді. Сол алтауының арқасында қият атауы қайта жаңғырды.

Содан бастап, Қабыл-ханның кейбір немерелері де Қият атала бастады. Соның ішіндегі біреуі Шыңғысханның ата-бабасы болған Бардан-бағадұрдың ұрпақтары да Қият аталды. Кезінде Бардан-бағадұрдың тұңғышы меңді-қиян (Mnkdu-Qыan - маңдұ-қян)* аталған. Мұндағы «маңдұ» - меңді деген мағына береді. Үйткені, оның мойнында үлкен меңі бар еді. Ол асқан батыр болатын. Қазыр дешті-Қыпшақта көптеген Қият тұрады. Олар соның руластары, туыстары және өз ұрпақтары болып келеді. Жоғарыдағы сенімді шежіре бойынша: Шыңғысхан және оның ата-бабасы, аға-бауырлары түгелдей Қият болғанымен Қият-бөржігін мен Шыңғысханның әкесі Есукеи-бағадұрдың ұрпақтарының ғана атауы болып қалды. Олар әрі қият, әрі бөржігін есептеледі» (1)

Ергенеқоң аңызымен көктүріктердің шығу туралы аңыздар өзара ұқсас. Екеуінде де бір тайпа тұтасымен қырылып бір-екі адамнан тараған ұрпақ оқшауланған өңірде өсіп-өніп көбейген соң кең дүниеге шығады. Моғолдың ұйытқы тайпасы қият ол қиян сөзінің көпшесі, ал нүкүз де бір тайпа. Осымен сәйкеc ғұн заманында айтылған  қияттың 4  ғасырдағы қытай иероглипндегі жазылуы 羯 (жие), көнеше оқылуы кият, ал қазіргі Қытайдың Гансу жерінде қыстаған, эрамыздан екі ғасыр бұрынғы дәуірде ғұндарданда құдыретті 月氏,肉氏(нүкүз) деп аталады. Ал олардың оңтүстігінде 羌 (көнеше оқылуы: кияң) деген көшпенді ел болып қазіргі  Цинхай жерінде жасаған, нүкүздермен іргелес жасаған. Эрамыздан бұрынғы 205-202 жылдары ғұндардың модон тәңірқұты нүкүздерді ойсырата жеңді, осы жеңілістен кейін нүкүздер мекенінен ауа көшеді. Ал кият деген елдің ғұндардың бір атасы ретінде атағанын ескерсек ғұн құрамында да қияттар болған сыңайлы. 3 ғасырдың соңында қытайдың іргесіндегі көшпенділер жаппай күшейіп қытайды басып алып үлкен аласапыран орнатады.

«Жин хұиди заманы юанкаң жылдарында (291-299) Ғұн Қақсаң шаңдаң аймағына шабуыл жасап, Зұрғанды өлтіріп, шаңжұн аймағын басып алды. Келесі жылы Қақсанның ұлы дағынуан Фың-и, Бейдидегі қиян(қият) ғуларды бастап екі аймақты алды, содан былай теріскей тиектер бел алып күшейе берді де орта жазық миша былықты» делінеді. (2)

Қияттар бас көтеріп қытайдың солтүстік аймақтарын басып алады, олар қытайларға қарата үлкен қырғыншылық жүргізеді, өлік тау болып үйіліп, қан су болып ағады. Бірінші қият көсемінің аты Шатлұн еді.

«Шы Лының өз аты Шатлұн, ол шаңдаңның Ун еді. Арғы тегі ғұнның бір ұлысы саналатын қиянқадан тарайды... Кейін Лиу яудың өзі қол бастап Лоянға шабуыл жасады, Шы лы оған көмек беруге аттанбақ болды, бірақ қол астындағылар үйтуге болмас деп оған кеңес берді. Шы лы Будда дыннан «сізше қалай?» деп сұрады. Будда дын дхарм тегершігіндегі қоңыраудан: " Сұч телеркаң, пұкгүк кутутаң"(秀支替戾冈,仆谷秃当). Бұл қиятша сөз еді. Сұч жасақ, Телепкаң аттаныс, пүкгүк Лиу яудың мекен жәйі, тұктаң ұстау деген сөз. Мағынасы жасақ аттанса Лиу Яу тұтқының болар деген сөз еді» (3)

Бұндағы көне қият тілінің сөздері көне түрік сөздерімен негізі сәйкеседі, сұч әскерді білдірсе түрікшеде сұ делінеді мысалы Күлтегінде «Қаған ечемнің сұсы бөрідег ерміш». Телепкаң қазақтағы талпыну сөзіне сәйкес, көне моғолшада талбиу жіберу деген сөз. Покгүг жер аты, ал тұктаң түрікше тұту, ұстау деген сөз.

Осы Шатлұн 318 жылы Жау мемлекетін құрады, ол заманды қытай тарихшылары «бес ғудың ойраны» деп атаған, көшпенді ғулар  қытайларға қарата сұмдық қырғын жүргізеді, қырғыннан қашқан қытайлар жаппай оңтүстікке қашады. Солтүстік қытайларынан 7-8 млн адам қырылып соңында 4 млн адам ғана қалады.  350 жылы Ран Мин атты қытай елді бастап көтеріліске шығады да «Ғуларды қыру жарлығы» дегенді таратып, әбден іріп-шіріген көшпенділерге қарата қырғын жүргізіп 200 мыңнан аса адамды қырады.  Көшпенділер жаппай солтүстікке қашады, Ресейдің Кет өзені бойындағы кет тайпасы осы кияттың ұрпағы деп есептейді қазіргі қытай тарихшылары. Бәлкім қият пен кет екеуі тегінде бір ел болған болуы ықтимал, кеттермен Кіші жүздің кетелері бір ел екені белгілі. Кеттер Сібірдің арғы орманына кеткенде Кияттар Байқалдың шығыс солтүстігіндегі тауларға бекінген болса керек.

Демек бұдан шығатын қортынды:
Ертедегі 羌 Қиян тайпасы мен Шыңғысхан шыққан қиян тайпасы бір,牛氏 Нүкүзбен Ергенеқоңға кеткен нүкүздер бір тайпа. Ергенеқоңға қашу оқиғасы сол кездегі қырғын (Ергенеқоңға шығардағы қырғын) мен жаңа эраның 340-жылдары болған тарихи оқиға «ғұндарды қыру жарлығы» бір оқиға, қиян мен нүкүз аңызындағыдай екі адам емес екі тайпа. Ергенеқоң байқал көлінің солтүстігіндегі тау.

Әбілғазы мен Рашид-ад-динның деректерін салыстырсақ бірінде Ергенеқоңда 2000 жыл отырды десе бірі 450 жыл отырды дейді. Қайсысы тура? Эрамыздың 800-жылдарындағы Ергенеқоңнан шығу оқиғасы болған болса онда одан 2000 жыл бұрын қырғын болса ол онда 3200 жылдың алдындағы оқиға болады. ол бәлкім Сақ-оғыздардың заманы болады, ондай болғанда Оғыз ханнан жеңіліп шығысқа кеткен түріктер яғни мұғүл-түріктері болады. Бірақ ол көптеген тарихи оқиғаларға сай келмейді. Жаңа эраның алды-артында қиян-нүкүз тайпалары Ергенеқоңда емес керісінше өз алдарына патшалық құрған елдер ретінде көне қытай деректерінен бой көрсетеді. Ал Рашид ад-дин айтқан өзге түрік руларынан жеңіліп орта Азиядан шығысқа көшуін де жоққа шығармас едік. Бізше 3500-жылдың алдында орта Азияны бағындырған Хялар ұрпағы болған сақтар өзара қырқысқанда бір тобы шығысқа кеткен, бірақ Ергенеқоңға кетпеген.  Ергенеқоңға кету кейін болған.Татармен соғысып қырылғаны рас болса сол татарлардың ата-бабасы Сәнбейлердің Ғұндардан жеңіліп шығыс терістіктегі тауларға кетуіне сәйкесер еді. Бәлкім орта жазықтағы «Ғұндар қырғыны» мен қатар олар сахараға қашқанда сол араның қожасы сәнбей-татарлардың оларды қырғынға ұшыратқан болуы да әбден мүмкін. Ал онда қият пен сәнбей екеуі дұңхудың тайпалары болады. Осы татарлар түрік, ұйғұр, қидан заманында отыз татар, тоғыз татар атымен әйгілі. Олар қиян-нүкүздерді қырғынға ұшыратқаны үшінде кейін осы тайпалардың бітпес жауына айналып басым көбінің құрдымға кеткені де анық ақиқат.
 

Ал 340-800-жылдар арасында ергенеқоңдық тайпалардың бірде-бірі тарихи деректерде ұшыраспайды.10-ғасырда яғынй 920-жылдардағы қара Қытай деректерінен көріне бастайды: «Қазан айының жеті жаңасында қара қаңғалы шығұйларды жазалау жорығына аттанған қырандар оларды талқандады. Солтүстік батыс өңірдегі ұраңқайлар арба сүйрететін қызметкер тарту етті». (4) Ляу хандығы күиреген соң Иелүи дашы деген қидан ақсүйегі кейбір қалалармен үлкен сары шығұй, дила, қоңырат, жажырат, есей, қейқұт, нила, далағаи, дамир, меркіт, жажу, ұғри, зубу (керей), посуан, таңғыт, қомыз, қайды, шүрбе сяқты 18 ұлыстан көмек алған. (5)

920-жылдары ұраңқай руы аталса олар Ергенеқоңнан шыққан ең көне рулардың бірі. Ал одан бұрынғы замандарда осы Ергенеқоңнан шыққан рулардың еш тарихи деректерде аталмауы олардың 340-790 жылдар аралығында Ергенеқоңда отырғандығының айғағы.
Демек екі (Ергенеқоңға шығардың алдындағы қырғын мен ғуларды қыру) оқиға,  сол 338-340-жылдары болған, қияндар және Чүлентауда қалған нүкүздер немесе Шы лы шыққан батыстан келген нүкүздер осы қырғынға ұшыраған.

Ергенеқоңнан шыққаннан кейінгі Шыңғысханға дейінгі 400 жылда қамағ моңғол хандығы күшейіп кете алған жоқ, ол заманда сахарада татарлар үстемдік етіп тұрған болатын.

«Қият сөзінің мағынасы туралы Рәшид-ад-дин мен Әбілғазының пікірі ұқсас: екеуінде де қянның мағынасы - таудан құлап, күшпен аққан сел деген сөз. Хл ханның ұлы сондай тез және күшті кісі еді. Сондықтан қиян дер еді. «қият» соның көпше түрі» (түрік шежіресі).

成吉思合罕訥忽札兀兒。
迭额列腾格理额扯札牙阿秃脱列克先孛兒帖·赤那阿主兀。格兒該亦訥豁埃·馬阑勒阿只埃。腾汲思客秃勒周亦列罷。斡難·沐訥帖里兀捏不峏罕·哈勒敦納嫩秃黑剌周脱列克先巴塔赤·罕阿主兀。(Моңғолдың құпя шежіресі бірінші орам)

Оқылуы:
Шыңғыс қағанны қузауыр дере теңір ічі жәя ету төрегісін Бөрте шене ажу. Кіргей яны Құба марал ажу. Теңізге тулыжоу. Онен мөренне телуіне, Бұрқан қалдұнна нән тұқ лажоу төрегісін баташы хан ажу.
Қазақшасы: Шыңғыс қағанға қузаунама.
Жоғарығы тәңірдің ісін жария етіп туылған (көне Түрікшеде: төрілміш) Бөрте шене екен, келіншегі және Құба марал әжей теңізден өтіп ілесті (келды). Онон өзенінің қосылғанына Бұрқан қалдұнға орда тіккенде, туылған баташы хан екен. (6)

Бұл деректеде Шыңғысханның ата-бабалары яғни Ергенеқоңнан шыққан Бөрте шене мен Құба маралдың теңізден (Байқал көлі) өтіп Моңғолдия мен Ресей шегарасындағы өңірлерге көшіп келген. Бөрте шене лақап аты болса керек, ол Ергенеқоңнан шыққан рулардың көсемі екен.

Қамағ моңғол хандығы

Моңғолдың құпия шежіресіндегі Шыңғысханның 20-бабасы делінетін Бөрте шене Рашид Ад-дин бойынша ол Ергенеқоңнан елді бастап шыққан көсем. Ол шамасы 850 жылдарға тура келеді. Әбілғазының айтуынша:

«Ол уақытта моғолдың патшасы Бөрте шина деген қият нәсілінен, құралас руынан шыққан адам еді. Ол көршілес елдерге елші жіберіп, өздерінің Ергенеқоңнан шығып келгендерін мағлұм қылды. Бұларды бағзылары жақсы көрді, бағзылары жаман көрді.Татар халқы жаман көріп жау болды, татар мен моғол қол жасап, әскер шығарып соғысты. Моғолдар жеңіп, үлкендерін қылыштан өткізіп, кішілерін пенде қылды, төрт жүз елу жылдан кейін өштерін қайтарды. Сүйтіп,ата қонысын қайтарып алып, сонда отырды. Ол жерде отырған түрік елдерінің ішінде татардан көп ел жоқ еді. Ергенеқоңнан шығып, татарларды қырып, ата жұртында отырған соң олар сол жердегі халыққа бас болды. Кейбір елдер моғолдарды паналап, моғол болмасада, моғолмыз деп,оларға қосылып кетті» (7)

Егер аңыздың астарында ақиқат бар деп қарасақ бұл ұйғұр қағанаты құлап қарақастар оның орынына келіп қағанат құрған заманға тура келеді, зәйірі Байқалдың шығысынан келген моғолдар шығыс Моңғолиядағы татарларды жеңіп сонымен қатар басқа да кейбір тайпаларды өзіне қаратқан болады, әрине онан 50- 60 жылдан соң татарлар күшейіп бүкіл сахараға қожалық етеді.

Қайду хан заманы

Қайду  Шыңғысханның 6-атасы. Деректерде ол да хан болған адам. Қайдудың әкесі Қашы күліктің тұсында  жалайырлар күшті ел болып 70 күрен яғни 70 мың түтін, 350 мың халық болып күшейіп тұрған екен. Бұл Шыңғысханнан кемі 120-150 жыл бұрынғы оқиға десек 1120 жылға не оданда ары 1100 жылдарға тура келмек. 1089 жылы Сүбұк (祖卜) яғни татарлар одағы ыдырап көп бөліктерге бөлінеді, соның бірі жала татарлар (жалайыр татарлар) атанғаны «Лияу тарихында» ашық айтылады. Жалайырлардың жала татар атанған кезі Қашы күліктің заманына тура келеді, жалайырлар дәурен сүріп тұрған заман. Жалайырларға қидан әскерлері келіп шабуыл жасайды, жалайырлар Керулен бойында мекен еткен екен. Жалайырлар қидан әскерін өзеннен өте алмайды деп мазақ қылыпты. Ақыры ебін тауып өзеннен өткен қидан әскерлері жалайырларды үлкен қырғынға ұшыратады.  Қырғыннан қашқан 70 үй жалайыр Қашы күліктің ауылын шауып оның  сегіз ұлын өлтіріп кетеді, тек ең кенжесі Қайдуды қымыз құятын торсыққа жасырып аман сақтап қалады. Кейін өзге жалайырлар  қылмысты жалайырларды қияттарға тапсырады, олардың қылмыстылары өлтіріліп, қалғанын қайду әулетіне ұрпақтан-ұрпаққа құл етеді.

Қабыл хан заманы

Кейін Қайду мен оның  кіші әкесі Начын батыр байқалдың шығысы «Барғұжын тоғұмға» көшіп барады. Начын Ононның төменгі ағысына көшіп барыпты.  Қайдудың немересі Шарақалнегүм, оның ұлы Әмбағай. Ал Қайдудың  тағы бір немересі Түмбине шешен, оның ұлы Қабыл хан еді. Түмбине хан болып, оның  тоғыз ұлы болған екен, Рашид Ад-Дин қазыр (1310 жылдар) Түмбине ұрпақтары тоғыз ұлының әр қайсысы  20-30 мың отбасыға жетті дейді.

Қабыл хан кезі 1089 жылғы татар хандығы  ыдыраған кезге тура келеді. Татармен арадағы жаулыққа мына іс себеп болады: Қабыл ханның әйелінің бауыры Сайын тегін ауырғанда оған татар тәуібі қараған екен, бірақ жазылмай өліп кетіпті. Оның өлімін тәуіптен көріп оны өлтіреді, осылайша жауласады. Ол татарлармен көп соғысты,  олармен Наран саңдан деген жерде соғысты,  Қадан тәйші татардың Мәдүр деген батырын жекпе-жекте атымен қоса құлатып жарақаттады, келесі жылы жарасы жазылған соң тағыда қан майданда кезікті, Қадан тәйші Мәдүрді арқасынан найза шәншіп өлтірді.  Осыдан кейінде татарлармен бірнеше рет соғысады, деректе Марғұздан кейінгі керей ханы Сарығ хан мен моғолдар арасында берік ынтымақ орнағаны айтылады. Татарлар күшті болғандықтан саяси жағдайы күрделі сахара үшін бір-бірімен одақтасу заман талабы еді. Қабыл хан бір рет Шүршіт патша ордасына барып қонақ болыпты, ол тамаққа у қосқан болар деп кірген-шыққан уақытында ішкенін құсып отырыпты.  У байқалмаған соң қайта тоя жеп, арақты да ішіп мас болған соң патшаның сақалынан тартып ойнапты.  Қабыл хан кезінде тағы баят-құраластармен арада қақтығыстар орын алады. Оның ұлы Құтула олардың батыры Түрік құлтанды жекпе-жекте өлтіреді, тағы бір ұлы Қадан тәйші Бортақты өлтіреді.

Бұл туралы мына дерекке қараңыз:

« Барша моңғолды Қабуыл хаған билеп тұрған-ды. Қабуыл хағаннан кейін, оның жеті үлы болса да, Сенгүн білгірдің баласы Амбығайды барша моңғолдың хағаны болғызды. Бүйра көл мен Көлін нордың арасын және Оршуын өзенінің бойын Айрық пен Бүйрық руының татарлары мекендейтін. Амбығай хаған оларға ұзатқан қызын ертіп барганда, татарлар үстап алып, қытайдың Алтын хағанына апарып берді. Амбығай хаған Бесүдейдің Балқышы деген кісісін елші етіп жіберіп, Қабуыл хағанның жеті ұлының ортаншысы Қүтулаға былай деп сәлем айтады: «(Менің он үлымның ішінен Қадан тәйжіге сен барып ап Халайықтың қағаны, елдің иесі бола тұра, қызын өзі ерте баруды менімен ақыр етіндер! Мен татар тайпасына ұсталдым. Бес саусақтың тырнағы таусылғанша, онсаусағың ойылып мүжылғанша меиін өшімді алуға тырысыңдар!» (8)

Бұған қарағанда Қабыл хан  Әмбағайдан бұрын хан болғаны байқалады.  Бұл эрамыздың 1100 жылдарына сәйкес келетін сияқты. Қабыл әулеттері қият атанды да Шарақа лингүм әулеті тайшығұт атанды. Кейін осы екі әулет арасында тақ таласы орын алды. Әмбағайды татарлар оның татар еліне қыз ұзата барған кезінде ұстаған екен, әмбағай сәлем айтып: « Мен қыз ұзатып апарамын деп татарлардың қолына түстім, бұдан кейін моғолдарда қыз ұзатқанда әкесі еріп баратын салт тоқтатылсын!» депті, бір қызығы қазақтардада әлі күнге қыз ұзатқанда әкесі ермейді.

Құтула хан заманы

Әмбағай хан өлген соң барша моңғол Қорықтық аңғарына жиналып Құтуланы хан көтерді.  Онан соң татарлардан кек алу үшін Қадан тәйші соғысқа аттанады.  Қадан тәйші меркіттермен одақтасуға елші аттандырады,  меркіт Тудұр білге одан бас тартады, онымен қоймай: «Қаданның жалғыз көзін ойып аламын!» деп құқай көрсетеді. Екі жақ соғысып меркіттер жеңіліп Тудұр білге қолды болады, Қадан тәйші оның көзін қолымен жұлып алады да оны өлтіреді.  Тудұр білгенің ұлы Тоқта бек 3 жылдан соң моғолдармен соғысып жеті жерінен жарақат алып қашып кетті, оның көп әскері тұтқын болды.

Моғолдар арасында Құтула ханның ерлігін жыр қып айтқан дастандар көп деседі, бұл қазақтың батырлар жырын еске салады. Құтуланың алақаны аюдың табанындай, дауысы жеті қырдан естілетін зор дауысты адам екен, күші ересен болып ұстағанын екі бүктейді екен. Бір жегенде үш жасар қойдың етін жеп, бір тегене қымызды бірақ ішеді екен.  Татарлар оның інісі Өкін барақ пен немере ағасы Әмбағайды ұстаған, оны Алтан еліне апарып беріп өлтірткен. Осы кекті қуған Құтула хан әскерімен Алтан елінің ірге аймақтарын шауып, тонап қайтады, қайтар жолда салт атпен келе жатып татарлар жығына шыққан дүрбендердің қолына түседі, қатаған, салжығұт, дүрбен рулары татарлар жаққа шыққан болатын. Ол қолға түскенде арттағы елі оны өлдіге балап оған ас бермек болады, тек әйелі оған сенбей оны сөзсіз келеді деп жүреді екен. Айытқанындай бір күні босап шығып дүрбендердің жылқысын олжалап еліне оралады да өзіне берілгелі жатқан асты тойға айналдырады.  Құтула хан кезінде татардан өш алмақ болып соғысып Иесукей батыр Темужін үгені ұстап әкеледі, оны ырымдап тұңғыш ұлының атын Темужін қояды. Құтуладан кейін Адал хан болған сияқты, ол Тарғұтайдың әкесі. Осы кезде моңғолдар хандығы ыдырайды, Қадан тәйші керейдің Гүрханына барады, Гүрхан оған у беріп өлтіреді, бұл 1160 жылдарға сай келеді. Ал Иесукей Тұғырылды жақтап онымен одақтасып Гүрханнан тағын тартып апереді.

1155жылы Иесукей батырдың байбішесі қоңыраттың олхонот руынан шыққан ұуалыннен тұңғыш ұлы болып Темужін туылады. Оның бала кезінде Әкесі өліп қамағ моңғолдар бірнеше бөлікке бөлінеді, бір тобы татарларға яғыни қатаған, салжығұт, дүрмен рулары. Әмбағайдың тұқымы Тарғұтай қырылдақ бір тобына ие болады, жажырат Жамұқа шешен бастаған тобы керей Тұғырыл ханға бағынады.

жалғасы бар...

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?