Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

#Түрік әлемі: әскери киімдер

4955
 #Түрік әлемі: әскери киімдер - e-history.kz
Ұланғайыр мына далада үстемдік етіп салтанат құра білген көшпелі бабаларымыздың күнделікті өмір дағдысы біз ойлағандай оңай болмағаны белгілі.

Бар болмысы көшпелі өмір мен төрт түлікке негізделген ежелгі түркі тайпалары аттың жалы, түйенің қомында өмір сүрді деуге болады. Малға жайлы өріс, жанға жайлы қоныс тауып, мезгіл сайын орын ауыстырып көшіп-қонып жүру оңай тірлік емес.

Бірақ сол көшпелі бабаларымыз тобылғы жастанып, қу толағай бастанып өмір сүргеніне қарамастан, сақ, ғұн секілді түркі тайпалары бірнеше мәрте алып империя құрып, мемлекет есебінен әскер ұстай білді. Өздеріне тән әскери тәртібі, заңдары болғанын айта кету керек. Берісін айтқанда Шыңғыс ханның «Ұлы жасақ» заңы, «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті Жарғысы», бертіндегі «Абылайдың қара жолы» атанып кеткен дала заңдар жинағында  қатаң әскери реформа, ұжымдық жауапкершілік, аманат пен антқа адалдық, опасыздық және қиянаттан сақ болу,  бұйрыққа бағыну әрі оны сөзсіз орындау секілді құндылықтарға негізделген мызғымас әскери иерархия жатты. Мәселен қатардағы қарапайым сарбаздың өзі өзге тап өкілдерінен қарағанда белгілі бір деңгейде үстемдікке ие болды. Көшпелілердің әскери құрылымы белгілі  жүйемен жасақталды. Әрі үш негізде – оң қанат, сол қанат және орталық бөлік болып бөлінді. Бұл әскери қосындар ондықтардан, жүздіктерден, мыңдықтардан (түмендерден) құралды. Ол жеке қолбасыларға бағынды. Қолбасылар тікелей хағанға, ханға деп ары қарай кете берді...

Билеушілер мен қолбасшылар ғана емес қарапайым сарбаздардың өзі салтанаты жарасқан арнайы форма киіп, шендік лауазымын білдіретін айырым белгілер тақты. Игеруге ыңғайлы металл түрлерінен ысқырған оқ пен сілтенген соққыдан, найза жебеден сақтайтын қорғаныш  киімдер киді. Яғни батырларымыздың басына дулыға, арқасында жыға, кеудесіне шарайна тағып,  сауыт киген. Қолына садақ, жебе, найза, шоқпар ұстап, белінде оқшантайлы белдік бағып, қылыш ілді.  Ақ берен, сауыт, көбе, жалаңқат, зере, кіреуке, торғауыт, қаттама секілді сан түрлі атаумен аталатын әскери киім түрлерін жасап, пайдалана білді. Бұл қорғаныш және әскери киімдері жазда сытқытан, қыста суықтан сақтай білді. Күреске, ашық айқасқа ыңғайлы етіп жасалды. 

Көптеген зерттеушілердің айтуынша, көне түрік жауынгерлері өте айбарлы әрі сәнді киінген. 14 ғасырдың 2-жартысы – 15 ғасырдың 1-жартысында өмір сүрді делінетін  белгілі испан саяхатшысы Де Клавихоның еңбектеріне  Ақсақ Темірдің жауынгерінің киім киісін былай суреттейді: «А эти шлемы эти круглые и высокие, некоторые до самого верха, перед лицом против носа тянется полоса, шириною в два пальца, доходящая до бороды, которая может подниматься и опускаться. Она сделана для того, чтобы защитить лицо от поперечного удара клинком: а латы сделаны так же, как и наши, только у них из иной ткани и виден из-под лат, как рубашка. Был одет в платье из голубого сутими с золотым шитьем, а на голове носил высокую шапку, отделанную жемчугом и драгоценными камнями. Верх шапки имел золотое навершие, с которого спускались две косы, из красных волос, сплетенные в три пряди, ниспадавших сзади и доходящих до плеч. Эти волосы, так сплетенные, и есть знак отличия (воинов) Тамурбека». Тарихи деректерден белгілі, Руи Гонсалес де Клавихо 1403-1406 жылдары аралығында испан патшасының атынан Ақсақ Темірдің сарайында елші болып қызмет еткен. Сонымен қатар, ол сарайда қызыл матамен сәнделген үш мыңнан астам  сауыт барын жазады.

Енді осы әскери киімдердің біраз түріне тоқталсақ:

Бадана

Батырлардың соғыста киетін қорғаныс киімі негізінен бадана деп аталған. Яғни сақина торлы болат сауыттың негізгі атауы. Оның етек-жеңі ұзын және қысқа түрлері болды. Бадананың берен, көбе, томақап, қазан, шарайна, оймауыт, смауыт секілді түрлері болды. Сауыт сөзі Махмұт Қашғари сөздігінде «йарық» деп берілген. Махмұт Қашғари өз сөздігінде басында дулығасы, үстінде сауыты жоқ ерді «башнақ ер» деп атаған. «Ол бүгінгі қазақ тіліндегі «жарақ» сөзіне сәйкес келеді. Йарық – шайқаста киіп шығатын темір сауыт, қалқан, т.б. кез келгеніне қолданылатын жалпылама атау. Мысалы, темір сауыт, шынжырлы көйлек «күпе йарық» деп, темір қалқан «сайарық» деп аталады. Йарықланды «жарақтанды, қару-жарақ асынып, сауыт киінді» деген мағына береді дейді С. Қондыбай өзінің «Жауынгерлік рух кітабы» атты зерттеу еңбегінде. Енді осы автордың сауыт туралы деректерін сөз етейік: Сауыт – төр көзді темір кіреуке. Ол ұсақ темір шығыршықтарды бір-бірінен өткізіп тоқылған тордан қысқа жеңді жейде түрінде жасалады. Сауыттың дулығасы, бұған қосымша мойынды жабатын далбағай сауыт және қол сауыт, аяқ сауыт шығыршықтан жеке тоқылады. Алғашқы сауыттар б.з.д. 1 мыңжылдықта ежелгі Құбыла бет (Таяу Шығыс), Қытай, Үндістанда белгілі болған. Ол металдан, тері-былғарыдан жасалады. Сауыт – қорғаныс жарағының (защитное вооружение) негізгі бөлігі. Қазақ жырларында жасалуы жағынан біртекті деуге боларлық «мауыт», «смауыт», «торғауыт», «аймауыт» деген сауыт атаулары кездеседі. Бірақ олардың сауыттық сипаттамалары сақталмаған, сондықтан бұл жерде сауыттың жеке-жеке түрлері сөз болып тұр ма, әлде қазақ фольклоры бастапқы атауға өзгерістер енгізу арқылы бір атаудың түрлі варианттарын жасаған ба, біржақты біткен пікірді айта қою мүмкін емес. Сөздің «мауыт», «ауыт», «ғауыт» сияқты бір негізді форманттарының сыртқы сипатына қарай бұл сөздердің астарында моңғол-қалмақ тілінің атаулары жатыр деп жорамалдауға болады. Смауыт – тор көзді сауыт. Дәуіт соққан смауыт («Асан қайғы, Абат, Тоған» жыры). Аймауыт – ертедегі батырлар киетін торлы темір сауыттың бір түрі. Бастапқы сөз жасаушы праформа – «аб» (каб, саб) немесе «еб» (кеб, себ), ол «жабық, бітеу, жасырылған» дегенді білдіреді. Яғни бұл праформадан, кейінгі көп мағыналардың бірі ретінде «адамның денесін жауып тұратын, қорғап тұратын жабын, киім ұғымы шыққан». Торғауыт сөзінің бастапқы нұсқасы «тор көзді ауыт (сауыт)» деп аталып, уақыт өте «торғауыт» сөзіне айналып кеткен деп түсіндіруге болады. Басқа сауыт атауларын да осындай жолмен көрсетуге болады: Смауыт – сымнан өрілген ауыт (сауыт). Мауыт  атауы да осы смауыттың бір нұсқасы болуы мүмкін.

Ал қорғанысқа арналған бас киім – жыға деп аталды. Жығаның төбесі үшкір келеді. Маңдай алды қасқа дейін түсіп тұрады, желке жағына мойынды айнала ұзындығы – 1-1,5 қарыстай шынжырлы баулар тағылады. Жығаның өзі садақ оғы өтпес үшін киілсе, шынжырлы баудың мойынды қылыштан сақтау үшін жасалған. Қазір соғыс өнерінің дамуына байланысты жыға қолданылмайды. (А. Құралұлы. Қазақ дәстүрлі мәдениетінің энциклопедиялық сөздігі)

 Батырлар бұл сауыттардың ішінен қалың киізден жасалған қаттама киді.  Дулығаның ішінен киетін киім қырпы деп аталды. Ол құндыз немесе ботаның пұшпақ терісінен кей кездері жүні қырқылып жұқартылған қой терісінен жасалады. Қырпыны кигенде бастан суық өтпейді және дулыға темірі басқа батпайтын болады. Сыртқы соққының әсері азаяды.

Жауынгерлер аяздан, жауын-шашыннан қорғану үшін киетін жұқа киізден тігілген сырт киім киді. Ол кебенек (кебене немесе кебентай) деп аталды.

Жамшы – жамылғы. Желең жамылатын тон.

Женде – қолбасшылар мен батырлардың сыртынан киетін түрлі – түсті кездемеден құрап тігілген киімі.

Далбағай немесе далбай. Түйенің жүнінен жасалып, жауын-шашыннан сақтану үшін киілетін жадағай бас киімді "далбағай" деп атайды. Сонымен бірге дулығаның мойынды жабатын тұсында "далбағай сауыт" деп атайды.

Делегей - капюшон тәрізді қыста киілетін бас киім; екі құлағы түсірілетін, алдында күн қағары бар, төбесі шошақтау келетін әскери бас киімді де делегей дейді. Ерте замандарда қыздар да киетін болған. Бұл - кәдімгі кеңестік дәуірдің алғашқы онжылдықтарындағы "буденновка" деген лақапқа ие болған бас киімнің прообразы.

Қасаба - бас киімді биік көрсету үшін, маңдай тұсы мен төбесіне салынатын қатырма, сырма.

Сонымен қатар, түркілер өздері ғана астарындағы жылқыларына дейін қорғаныш сауыт кигізетін болған. «Тайпинхуаньюйцзы» еңбегінің мәліметіне қарағанда, түрік жауынгерлерінің өздері ғана емес, аттарының да сауыт-қалқан жамылған көрінеді. Аттар қарнына және аяғына дейін қалқан жамылыпты. Бұл – VI-IX ғасырлардың аралығындағы оқиғаларды қамтыған тарихи құжат, яғни еуропалық сауыт құрсанған рыцарьларға дейін бес ғасыр бұрынғы уақыт», – дейді С. Қондыбай. Оның пайымынша, қалқан, сауыт секілді қорғаныш құралдары батысқа осы түрік әлемінен барған: «Уландардың орыс тілінде "уланка" деп аталған төбесі квадрат пішінді бас киім болды, ол 16 ғасырдағы ноғайлардың ("татарлардың") бас киімінің негізінде шыққан болатын. Төбесі төрт бұрышты "татардікі" делініп отырған бас киім 15-16 ғасырлардағы қазақтарға да тән болған. Қазақ бөркі де, тымағы да төрт бұрышты пішіммен тігіледі, тек оның сыртына елтірі қаптау барысында ол дөңгелек пішінге ие болады. Төбесі төрткүл тұрпатты бас киім бүгінгі қазақ арасында сиректеу де болса қыздардың бас киімі ретінде ғана қолданылады, ал ерлердің бас киімі ретінде ол бұрынырақта пайдаланудан шығып кеткен. Оны білсе, өнертанушы -этнографтар ғана білер. Бүгінгі поляк армиясындағы төрткүл төбелі, фуражка түрінде әскери бас киім де осы уланканың негізінде, оны 20 ғасырлық әскери қажеттілікке сай модернизациялау нәтижесінде пайда болған. Міне, 15-16 ғасырлардағы ноғайлы дәстүрінің тікелей жалғастырушыларының бірі ретінде бүгінгі қазақ жауынгерінің бас киімін де осы поляк үлгісінде жасап алса не болар еді, қанша дегенмен олардың да бас киімінің арғы жағында ноғайлық бас киім жатыр ғой», - дейді ол.

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?