Олар бала кездерінен «халық жауының баласы» аталды, бірақ әкесі 1957 жылы ақталғаннан кейін Санжар Оразұлы қайтадан туған Алматысына оралуға мүмкіндік алады, сол жерде ол жас әрі сұлу неміс тілінің оқытушысы Ильфа Ілиясқызын кезіктіреді
Санжар Жандосов –республиканың ағарту халық комиссары және елдегі алғашқы университеттерді ұйымдастырушы Ораз Жандосов пен әйелі Фатиманың екінші ұлы. НКВД қызметкерлері келіп,әкесіналып кеткенде ол небәрі жеті жаста ғана болған. Кейін жалған жала жауып, атып тастайды. Ол кезде Санжар 8-де болатын. Күйеуі тұтқындалғаннан кейін Фатима үш ұлын (Едіге, Санжар және Әли) алып, Қоқанға кетеді. «Халық жауының баласы» деген таңба кішкентай Санжардың алдындағы пионерлік қана емес, комсомол ұйымдарының да есіктерін тарс жабады.
Дегенмен де, мектеп бітірген соң Санжар Қоқан мұнай техникумына түсіп, сол жерден бөлу бойынша Гурьев облысына аттанады. Ол жақта он жыл бойы Қосшағылы мен Құлсарыда жылу электр станциясында электр цехын басқарады.
Ильфа Жансүгірованың әкесі Ілияс Жансүгіров 1937 жылдың тамызында тұтқындалады, ол кезде Ильфа небәрі екі жаста ғана еді. Қазақ саяси баспасының редакторы және ҚазАССР ОАК мүшесі де О.Жандосов сияқты айыпталады. І. Жансүгіровты тұтқындаған соң оның отбасылық архивін тәркілеп, жоқ қылады да, отбасын Смейге, одан әрі Жамбыл облысының Мерке кентіне жер аударады. Тек 1949 жылы Мұхтар Әуезовтың қолдауының арқасында ғана отбасына Алматыға оралу мүмкіндігі туады.
Мектепті бітірген соң Ильфа көркемөнер училищесіне түспекші болады. Суреттері қабылданғанмен, «халық жауының қызы» мәртебесі өзі таңдаған оқу орнында оқу мүмкіндігінен айырады. Бірақ Ильфа мойымайды, ол шет тілдері институтының «Неміс тілі» мамандығына оқуға түседі. Институтты бітірген соң Ильфа мектепте неміс тілінің мұғалімі болып жұмыс істей бастайды.
«Мен 22-де болатынмын. Біз Гүлбарам Сейфуллинаны, Гүлжамал Майлина мен Мәриям Тоғжанованы шақырғанымыз есімде. Соңғысы менен: «Кімді таңдайсың?» деп сұрады. Мен құтылу үшін: «Ұзын бойлы және машина жүргізе алатын болса болды» дедім. Бұл оны қатты қызықтырып, ол анама жақында Гурьев облысынан Оразовтар отбасының келгенін, олардың Санжар деген ұлының барын айтты...» деп еске алады И. Жансүгірова.
Екі отбасы олардың алғашқы кездесулерн Ильфаның туған күніне, 15 қаңтарға, орайластырмақшы болып келіседі. Сол күні қонақтар келіп, Санжар бәрімен жылдам танысып кетеді. Бірнеше күннен соң Санжар Ильфаға арнап өлең шығарады (түпнұсқада береміз):
Есть домик на улице Мира.
Невзрачен и мал он на вид,
Но в окнах его столько света,
Как будто там солнце горит
Случайно иль неслучайно
Я в дом тот заветный вошел
И сердце свое там оставил,
И счастье свое там нашел…
Бір жарым айдан соң Санжар мен Ильфа үйленіп, шаңырақ көтереді.
Ильфаның айтуынша, оның керемет көйлегі де, үлбіреген фатасы да болмаған, бірақ үйлену тойлары естерінде қалған. Туыстары мен достарын отбасы өздерінің достары Сарбасовтардың үйіне шақырады. Сталиндік террор кезінде тек тұтқындалғандарды ғана емес, олардың отбасы мүшелерін де, тіпті алыс туыстарын да жазалаған. Үйлену тойына шақырылғандардың көпшілігі көп жылғы жер аударылудан кейін жақында ғана Алматыға оралып, террор жылдары жоғалып кеткен байланыстарын қалпына келтіру үшін қайтадан танысып жатты. Үйленіп жатқан жастарға назар аударып жатқанешкім болған жоқ, сондықтан да олар осы бақытты шақпен қанағаттану үшін өз тойларынан қашып кетеді.
Тойға Жандосовтар, Рысқұловтар, Ғабитовтар, Сейфуллиндер және т.б. отбасылары қатысқан. Алматыға оралған соң, Ильфа толықтай отбасы қамымен айналысса, Санжар Оразұлы Қазақ ССР Мемжоспарының электрлендіру және автоматтандыру бөлімінің инженері болып жұмысқа тұрады. Бұл лауазымда ол 1963 жылға дейін қызмет етіп, сол жылы лауазымы жоғарылап, обком хатшысы Қанапия Ахметовтың басқаруындағы идеологиялық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып тағайындалады. Сол жылы ол ҚазМУ-дың экономика факультетін бітіріп, Мәскеудегі Қоғамдық ғылымдар академиясының аспиранты атанады.
Бұл кезде Санжар мен Ильфаның Ажар, Динар және Жанар деген үш қызы өсіп жатты. Үш баламен Мәскеуде орналасу Ильфа үшін қиын болды, бірақ ол үлкен қызы Ажар оқитын мектепке неміс тілінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Оқумен қатар, Санжар мәскеудегі студенттердің демалысын ұйымдастырушы болады, волейбол ойнап, мәдениет кештерін ұйымдастырады. Соның арқасында Академия қабырғасында сол кездегі танымал әртістер Роза Бағланова мен Бибігүл Төлегенова өнер көрсетеді.
Аспирантураны тәмамдағасын, отбасы Алматыға оралады. Келе салысымен Санжарды радио және телевидение комитеті төрағасының орынбасары етіп тағайындайды. Ол мектеп, жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттарының партиялық ұйымдарының хатшыларын оқытумен айналысып, жоғары сынып оқушыларын еңбекпен тәрбиелеу тәжірибесін енгізеді, математика мен әдебиетке бейімді мектептер құрады.
Санжар достарымен волейбол ойнағанды жақсы көрген. Егер ол жаттығуға келмей қалса, демек ол Димаш Қонаевтың қабылдауында немесе іссапарда дейтін достары. Осы ойынға деген сүйіспеншілігінің арқасында ол кейін Қазақстан Республикасының Волейбол федерациясын басқарады.
1980 жылдардың ортасында С. Жандосовтың Шымкент облыстық атқару комитетінің төрағасы лауазымына тағайындалуына байланысты Жандосовтар Шымкентке көшеді. Осындағы жұмыс істеген жылдар барысында Санжар Оразұлы жұмысы бойынша бірде бір ескерту алмаған. Шымкентте үш қызы да тұрмысқа шығады. Шымкенттегі жұмысынан кейін Санжар Оразұлы еңбек және әлеуметтік мәселелер жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарады, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің үш шақырылымының депутаты болады. 1990 жылы С. Жандосов Қазақстан кәсіпкерлері конгрессінің төрағасы болып тағайындалады.
Адал жары Ильфа Ілиясқызы оның барлық бастамасында үнемі жанынан табыла білді. Кейін ол «Әділет» тарихи-ағартушылық қоғамын құрып, басшылық етеді, қоғам репрессияланған қазақстандықтардың ату тізімін зерттеумен айналысады, көптеген тарихи есімдер қалпына келтіріледі, репрессияға ұшыраған туыстарын іздеген жүздеген адамға көмек көрсетіліп, деректі фильм түсіріледі. «Әділет» қоғамы мүшелерінің жігерінің арқасында Мәскеу атылған «халық жауларының» тізімін жария етті.
Кезінде Алматыға ССРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясының мүшелері келіп, олар күніне қырық «халық жауының» тағдырын шешіп отырғаны, үкім шығарылғаннан кейін оның Дзержинский көшесіндегі НКВД жертөлесінде орындалғаны, қаза болғандарды Жаңалық ауылындағы зиратқа жерлегендері осы кісілердің еңбегінің арқасында белгілі болды. Санжар Жандосов талантты ұйымдастырушы болып қана қойған жоқ, ол нағыз ақын да болатын. Оның өлеңдері, помалары мен эпиграммаларында оптимизм мен өмірге деген сүйіспеншілік аңқып тұратын.
1992 жылдың тамызында Санжар Жандосов көлік апатынан опат болды. Ол өмірінде артта қалған Орта Азия елдері мен Еуропа мемлекеттері үшін құбыжыққа саналған советтік биліктің әділдігіне сеніп өтті, өз танитындарға идеал тұлға болып есте қалды.