1970 жылдардың ішінде немістердің саны 900 мыңнан асып, миллионға жуықтады. Жастайынан еңбеккер, тәртіпті, ымырашыл болып өсетін неміс халқы «Ер туған жеріне» деген қазақ нақылына сай, өздерінің атамекендерін аңсап-ақ отырды. Олар ұйымдасып Мәскеудегі КОКП Орталық Комитетіне бірнеше мәрте хат жазып, таңдаулы адамдар сайлап, ондағы жауапты тұлғалармен сан мәрте кездесіп те жатты. Федеративті Германияның канцлері Аденауэрдің Мәскеуге сапары Орталық Партия Комитетіндегілердің мазасын тіпті алып жіберді. Не істеу керек? Қанқұйлы соғыс аяқталып, тың игеріліп, біртұтас совет халқының интернационалистік тәрбиесі әбден сіңген кезеңде Кремльдің әккі саясаткерлері олардың мәселесін шешу үшін алуан түрлі жолдар көрсетілді. Алайда соның ішінен ССРО Қауіпсіздік қызметінің басшысы Андроповтың жобасын енгізуді лайықты деп тапты.
Андроповтың атышулы жобасы бойынша Ақмола, Павлодар, Қарағанды және Көкшетау облыстарынан бір облыс көлеміндей жер бөлініп, орталығы етіп Ерейментауды бекітіп, жаңадан Неміс автономиясын құру көзделген. Осы әрекет арқылы Қазақстандағы неміс диаспорасының тарихи отаны – ГФР-ға көшу процесін тоқтатуға күш салмақ болды.
КОКП Орталық Комитетінің саяси бюросының Неміс автономиялық облысын құру туралы қаулысы 1979 жылғы 31 мамырда жасалды. Белгілі қаламгер, қауіпсіздік полковнигі А. Кәкен «Шырғалаң» атты деректі кітабында 31 мамыр күні ОК хатшысы И. Капитоновтың Қазақстан басшысы Д. Қонаевқа телефон шалғанын, Қазақстанда қайткен күнде де неміс автономиялық облысы құрылуы тиіс екенін айтқанын, барлық әлем қарап тұрғандықтан, созуға болмайтынын ескерткенін жазады. Бір қызығы, 5 маусым күні ССРО көсемі Л. Брежнев пен Д. Қонаев екеуі телефон арқылы тілдескенінде автономия жайлы ауызға алмай, егін төңірегінде әңгіме қозғаған екен.
Осылайша Қонаевқа ауызша айтылып жеткізілген қаулы одақтың орталық комитетінің өктемдігімен орындалатын болып, Ерейментауды көзбен көру үшін Қазақстан Орталық Комитетінің екінші хатшысы А. Коркин Целиноградқа ұшып жетеді. Целиноград облыс партия комитетінің жауапты тұлғалары бар, бір топ лауазымды адам Ерейментауға барып, аудан ертең облыс орталығына айналғанда қай кеңседе қандай мекеме орналасатынын, басқа ұйымдастыру мәселесін реттеп кеткеннен кейін-ақ облыс орталығында жастар шеруі бұрқ ете қалады.
Дәлірек айтқанда ақмолалық студент жастар қоғамда болып жатқан саяси жайттардан хабардар болып қоймай, 16 маусымда өтетін митингке бір күні бұрын дайындалды. Жатақханаға жиналып, плакаттарға «Халықтар достығы жасасын!» «Неміс автономиясы болмасын!» «Біз автономияға қарсымыз!» деген ұрандарды жазып жатты. Ең қызығы, бұл жастардың амал-әрекетінен сол кездегі Целиноград қалалық милиция бөлімдері хабардар болған. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің облыстық басқармадағы 5-бөлім бастығы, полковник Исак Ахмедин «15 маусым күні түнде басқарма кезекшісіне ертең студенттер алаңға шығайын деп жатыр деген хабар түседі. Мұны естіген басқарма бастығының орынбасары Н. Маринкин: «Ештеңе жасаудың керегі жоқ, азанда жұмысқа келген соң шешеміз», – дейді.
Бірінші шеру
Ертеңінде, 16 маусым күні сағат ондардың шамасында Целиноград қаласының орталық алаңына ереуілші жастар жинала бастайды. Бұлардың көбісі – қаладағы оқу орындарының студенттері болатын. Соғысқа қатысып, қан майданды бастан-аяқ көрген ардагерлер қарамы да аз болмаған. Шамамен 400-дей адам орталық алаңға жиналған соң, «халықтар достығы жасасын!» деп ұрандата отырып, талаптарын қойды. Олар алаңға облыстық партком басшыларының келуін, болып жатқан саяси жағдайды түсіндіруін сұрайды.
Жоғарыда есімі аталған Исак Ахмедин: «Алаңға жиналған халыққа облатком төрағасы Жолмұхамедов шығып: «Облыстық кәсіподақтар ұйымының клубына кіріңдер, сонда сөйлесейік», – деп еді, тыңдаған ешкім болмады. Сөйтіп, аяқ астынан митинг басталып кетті. Талап біреу – «Неміс автономиясы құрылмасын, соның хабарын беріңдер». «19-ына дейін шыдаңдар. Сол күні жауабын айтамыз», – деді Жолмұхамедов. Орден таққан төрт-бес адам жыларман болып: «Біз не үшін соғыстық? Осы жерді немістерге беру үшін бе?» – деді» деп еске алады.
Митингтің кәдімгідей екпін ала бастағаны ресми билік өкілдері ойландырып тастаған. Олар атышулы қаулы жайлы білмейтіндерін айтып, ақталып жатса да, ереуілшілер басылар болмады. Тіпті үдей түскендей сипат алады.
Бейбіт шерушілердің арасынан сурылып шыққан орыс қызы А. Копылова: «Қазақстанда Неміс автономиясы болмасын!» деп жұлқына сөйлеп жұрт делебесін қоздырған. Ал қазақ қызы Алтыншаш Бейсембаеваның (суретте): «Қазақ жерінде неміс автономиясы құрылады деген указ шыға қалса, тап сол күні осы алаңға келіп, өзіме керосин құйып өртеймін!..» деп тегеурінді қарсылық көрсеткені тарихи шындыққа айналды.
Біраздан кейін алаңға радиоавтобус келіп, одан обкомның екінші хатшысы Зейнолла Шайдаров жиналғандарға жақындап, алдымен қазақша, сосын орысша сөйледі: «Мұндай құрылым туралы облыс басшылығында ешқандай хабар жоқ, ондай құжат Алматыда да, Мәскеуде де қабылданбаған. Қазір үйлеріңізге тараңыздар, абыржымаңыздар», – деді.
Шерушілер алаңда 1 сағаттай тұрғаннан соң, 3 күннен кейін тағы жиналып, қаулының күші жойылғанын тыңдау үшін алаңға жиналатын болып келіседі. Оқиға куәгері Жылқыбай Жағыпаров: «Митинг ұзақ болған жоқ. Содан шеруді басқарушылардың ұсынысы бойынша тәртіп сақтап, сап құрып, Бейбітшілік көшесі арқылы теміржол вокзалына дейін баруға келісті» дейді. Осылайша бірінші күнгі бейбіт шеруде ереуілшілердің бір тобы қала вокзалына қарай шеру тартып, онда жол жүріп бара жатқан азаматтарға қысқаша жағдайды түсіндіріп, кішігірім митинг жасап, бейбіт тарқайды.
Екінші шеру
19 маусым күні жиналатын болып келіскен ереуілшілердің алды Ленин көшесіндегі «Мелодия» дүкенінің алдына жинала бастайды. Бұл кезде партия қызметкерлері орталық алаңды әскери машиналар, милициялар қоршап тастайды. Жан-жақтан жаяу-жалпылап жиналған халық нөпірі қоршалған техникалардың арасынан кісі сиярлық ашық жерлерден өтіп, алаңды лық толтырады. Бұл кездегі ереуілшілердің саны шамамен 2 мың мен 4 мыңның арасында болды делінгенімен, нақты саны белгісіз.
Оқиға куәгері Майра Керейбаевның сөзінше, бұл күнгі шараға көрші Ерейментау, Сілеті, Целиноград, Атбасар, Қорғалжын аудандары мен Павлодар, Көкшетау, Қарағанды облыстарынан ұйымдасқан түрде адамдар келді. Расында да демонстрацияның әлеуметтік, ұлтық сипаты әр қилы болатын, акцияға тек қазақтар емес, бұл атышулы қаулының негізсіз екенін білген орыс, латыш, неміс диаспорасының азаматтары көп болған. Екатерина Поповичева, Эмма, Альберт Кинас, Кондрат Вагнер, Иван Нахтигал, Лена Браун, орыс Николай Гречанников, корей Лилия Син, латыш Зина Деревянколар бұл шешімге наразылық танытқан.
Куәгерлерің айтуынша, бәрі жиналды-ау дегенде ортадан аты-жөні белгісіз екі студент Ақмола обкомы хатшысының шығып, жағдайды түсіндіруін талап етеді. Алаңға келген обкомның бірінші хатшысы Н. Морозов АҚШ пен КСРО арасында стратегиялық шартқа қол қойылғаны туралы қайта-қайта айта беріп, жұрттың ашу-ызасын туғызады. Халық шешімнің күшін жоюды талап етіп, тұрып алады.
Митингіні ұйымдастырушының біреуі жиналған адамдардан дау-дамайға бармай, кикілжің жасамауды, тыныштық сақтауды өтінеді. Шамамен жарты сағаттан соң билік өкілдері алаңға шықты. Студенттер микрофон арқылы демонстрацияға қатысушылардың үндеуін оқыды. Түйін – Қазақстанда неміс автономиясы құрылмауы керек. Бұдан кейін сөйлеген обкомның бірінші хатшысы Н. Морозов: «Автономия туралы күнтәртібінде мәселе жоқ және ол ешқашан болған емес», – дейді дауыстап. Ол Қонаевпен сөйлескенін, өкімет мүшесі ретінде Целиноград облысында ешқандай автономия құрылмайтынын жеткізгеннен кейін барып толқу саябырси бастайды. Осылайша Целиноградтағы «Маусым шеруі» бейбіт аяқталады.
Митинг тарады, қатысқандарды қатаң жазалау болмаған. Бірақ белсенділік танытқан кейбір студенттер оқудан шығарылып, ректорлардың бірі қызметінен алынған. Оқудан шығып қалған өжет қыздардың бірі – Алтыншаш Бейсембаев елге қайтып кетеді. Ол Целиноградтағы бейбіт шеруді өмірдің өшпес жарасы деп санайды.
Митинг облыс орталығында аяқталғанымен, Атбасарда, Ерейментауда, Көкшетауда жалғасып жатты. Төрт күнге созылған текетіреске қандай баға беруге болады? Жазушы, «Алаң» хикаятының авторы Д. Рамазан: «Мен мұны қазақ халқының болашақ тағдырын қалыптастыруға үлкен ықпал еткен ұлттық-ояну ереуілі деп санаймын. Осыдан жеті жылдан кейін өткен Желтоқсан көтерілісін осы ереуілдің заңды жалғасы деп есептеймін» деген баға береді. Расында да тоталитарлық жүйеде алғаш рет бейбіт түрде аяқталған Целиноград митингісі әміршіл-әкімшіл билікке қарсы тұрған халықтың жеңісі. Қатерлі қаулының бетін қайтарған қазақтың азаттыққа деген ұмтылысы болғаны ақиқат.