Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазаққа қадірлі жан

2743
Қазаққа қадірлі жан - e-history.kz
2019 жылы 20 наурыз күні қазақ музыкалық этнографиясының негізін салушы Александр Затаевичтің туғанына 150 жыл толды

Саналы ғұмырының елеулі бөлігін қазақтың ән-күйлерін жинап, нотаға түсіріп, өңдеуге арнаған композитор зерттеушінің ұлттық руханиятымызда алар орны ерекше.

Композитор-зерттеуші Александр Викторович Затаевич Патшалық Ресейдің Орёл облысы, Болхов қаласында жер аударылған поляк отбасында дүниеге келді.

Орёл кадет корпусына түсіп, 1886 жылы бітіріп шығады. Алғашқы музыкалық білім әліппесін осы білім ордасында алады. Бұдан кейін ол Полоцк қаласына қызметке жіберіледі. Жұмыстан бос уақытын түгелдей музыканы зерттеу және сақтауға арнайды. Пьесалар жазады. 1896 жылы Затаевич атақты композитор С.В. Рахманиновпен кездеседі. Композитор жас Затаевичтің пьесаларына қызығушылық танытып, оның жарық көруіне ықпал жасайды.

1904-1915 жылдары Затаевич Польша астанасы Варшава қаласына қоныс аударады. Мұнда ол музыкатанумен шұғылданып, қоғамдық белсенді өмір сүреді. «Варшава күнделігі» газетінде сыншы болып жұмыс істейді. «Беседа», «Просвещение» журналдарының редакторы қызметін де атқарады. Бұл жылдары ол поляк, орыс, еуропалық композиторлар мен орындаушылардың шығармашылығы туралы мыңнан астам мақала жазумен қатар, поляк фольклоры үлгілерін жинақтайды. Жергілікті консерваторияның Бақылаушылар комиеті мүшесі болды. 1915 жылы Петроградқа қоныс аударады. Петроград қаласында 1918 жылға дейін Босқындарға көмек көрсету бойынша комитетте жұмыс істейді. 1918 жылдың ақпанынан Мәскеу Халық банкінің Теміржол бөлімінде қаржы инспекторы қызметін аталған мекеме 1920-жылы жабылғанға дейін атқарады.

Патшалық Ресей астанасындағы ойпыл-тойпыл заманда 1917 жылы Затаевич отбасы Орынборға қоныс аударады. 1920 жылы Александр Затаевич отбасының соңынан Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынборға келеді.

А. Затаевич бірнеше халықтың музыкалық мұрасын жинаған ►

Екі бірдей төңкеріс, ақтар мен қызылдар арасындағы алма-кезек шайқастар, азаматтық соғыстан қалжырап, аштық пен індет жайлаған ауыр күйзелісті жылдарды бастан кезіп жатқан Орынборда тіршілік ету оңай болмағаны анық. Бұл жылдары Александр Затаевич Орынбордың кофеханалары мен асханаларында фортепианода ойнап тапқан аз-мұз ақшамен күн көруге мәжбүр болады.

«Ебептен себеп» демекші, осындай күндердің бірінде Александр Затаевич астана Орынбордың театрында қырғыз (қазақ) музыкасының кеші болатыны туралы жарнаманы оқиды. Сол кешке барған соң жас автономиялық республиканың атын иеленген халықтың музыка өнеріне ғажаптаным тамсанған Александр Затаевич: «Бүгіннен бастап қазақ әндерін жинаймын!» деп батыл шешім жасайды. Сөйтіп, қаладағы, сол төңіректегі қазақ зиялылары мен аты мәлім әншілер мен күйшілерді төңіректеп, әндер мен күйлерді жазуға кіріседі. Алайда, қазақ музыкасына деген ынтызарлық, жұмысқа деген ынта-жігер қаншалықты зор болғанымен, сол кездегі өлшеммен төрт миллион шаршы шақырым аумақты алып жатқан елді аралап шығармашылық жұмыспен шұғылдануға күш-көлік, қыруар қаражат та керек еді.

А. Затаевич жұмыс үстінде

Осы мәселе қалай шешілгені туралы сұрақтың түйінін бірер жыл бұрын Baq.kz сайтында жарияланған мына деректерден табамыз: ««Біз Затаевичтің еңбегін қанша айтсақ та, сонау ұшы-қиыры жоқ қазақтың дархан даласын аралап шығу ол кезде оңай емес еді. 1925 жылдар болу керек, Шығыс Қазақстан облысы жақта бір мектептің құрылысына бөлінген ақшаны, сол кездегі Совнаркомның төрағасы Сәкен Сейфуллин Александр Затаевичке тапсырма беріп, сол ақшаны алтын есебінде бөлдірген. Астына өгіз, жанына аудармашы берген. Осы құжат қазір С. Сейфуллин мұражайында сақтаулы тұр» деген деректі ҚР Халық әртісі Қайрат Байбосыновтың айтуымен келтірген. Яғни, 1923 жылы 22 тамызда Қазақстан Халық комиссарлары кеңесі отырысында Александр Затаевичке қазақ халқының әндері жинағын бастырып шығаруға қаражат бөлу мәселесін қаралған екен. Халық комиссарлары кеңесінің Төрағасы Сәкен Сейфуллин отырысты қорыта келе: «Затаевичке 2280 рубль алтындай бөлінсін және оның шығармасын редакциялауға 200 рубль, барлығы 2480 рубль Наркомпрос қаражатынан берілсін» деген қаулыға қол қойған екен.

«Менің алдымнан күтпеген жерден ашылған ғажайып қазынаның жанынан елемей өтіп кету мүмкін бе еді? Мәдениет әлеміне олар әлі күнге дейін мүлде беймәлім еді, сонымен қатар бұл мәдениет иелеріне қырылып бітудің апаты қолын соза бастаған кез еді! Сондықтан, әлі де болса бүлінбей бүтін тұрғанда, жазып алуды жылдамдату керек болған еді!» деп 1925 жылы наурызда төрт жылдық еңбегінің қорытындылай отырып, А. Затаевич осылай жазған екен. Расымен де А. Затаевичтің осынау жанкешті еңбегі болмағанда, қазақ халқының сан ғасырлық музыкалық қазынасының қаншама мұрасынан мәңгілікке көз жазып қаларымызды кім білсін? Бұл арада жоғарыда аталғанындай, Сәкен Сейфуллиндей қайраткер тұлғаның ұлт мүддесін ойлаған еңбегі жатқаны да анық. Мұны ІІ дүниежүзілік соғыстың қызып жатқан уақытында Жұмабай Шаяхметовтің жеткілікті қаржы бөлдіріп Мұрын жыраудан «Қырымның қырық батыры» бастаған көл-көсір қазынаны қағазға түсіртіп үлгерген қадамымен пара-пар игілікті іс деген болар едік.

С. Сейфуллин – нарком төрағасы ►

Затаевич жинаған дүниелердің кем-кетігі туралы әңгімелер айтылып жатады. Әрине, кемшіліксіз дүние жоқ. Бұл жерде ең бастысы, ұлттық музыкамыздың мәйегі, өзегі бар бояуымен болмаса да, негізгі сорабы кәсіби түрде қағазға түсіп, мәңгілікке қалды. Оны ары қарай өңдеп, кемдігін толтыру – Борис Ерзакович бастаған музыка білімдарларының үлесі болғаны анық.

«Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 ән-күйі», «Песни разных народов» т.б. еңбектері арқылы қазақ музыкасын әлемге танытқан Александр Затаевичтің бұл зор еңбегіне өз заманының белгілі тұлғалары композитордың көзі тірісінде-ақ лайықты бағасын берген екен. Әйгілі жазушы Максим Горький: «Бұл болашақтың Моцарттары, Бетховендері, Шопендері, Мусоргскийлеріне арналған бай материал» деп бағалапты. Француздың көрнекті жазушысы Ромен Роллан жеке құттықтау жолдап былай деді: «Сіздің жұмысыңыздың ғаламат нәтижесі алдында басымды иемін және Сіздің аштық пен эпидемияның соншалықты ауыр жағдайына қарамастан істі аяғына жеткізгеніңізге қуаныштымын». Демек, Затаевичтің қазақ даласын аралап музыкалық мұраларды жинап жүрген кезеңнен әлемнің зиялы жұртшылығы біршама хабардар отырды деген сөз.

Александр Затаевичтің қазақ халқын, оның музыка өнерін жақсы көріп, шынайы құрметпен еңбек еткені туралы оның көзін көрген көптеген адамдардың жазбаларынан анық сезінеміз.

Қазақ музыкасын жаңа белеске шығарған төлтума зерттеуші, академик Ахмет Жұбанов 1931 жылдың жазында Александр Затаевичті іздеп жүріп кезіккен сәтін былай деп жазады: «Александр Викторович алдын ала таныстырусыз-ақ құшағына алып, менің Жұбанов екенімді де біліп қойды. Әкелік бір нұр төккен қамқор көңілмен оқуда қол жеткен табыстарымды сұрастырып, …балаша қуанды».

А. Затаевич қазақ, қырғыз өнерпаздарымен

Бұл жолдардан Затаевичтің қазақ жастары арасынан талапты музыка зертттеушілер шыға бастағанына қуанған шын тілекшілік қалыпты аңғарамыз. Ахаң жазғы каникулда Ақтөбе губерниясын аралап, ел ішіндегі ән-күйлерді жазбақ ойы барын айта отырып, бұл ауқымды жұмысты КСРО Ғылым академиясының дыбыс жазу мұрағатының тапсырмасы бойынша орындауға тиіс екенін, сол мақсатта академиядан фонограф алып бара жатқанын айтып берген кезде Затаевич зор қызығушылықпен тыңдаумен қатар, халық музыкасын фонографқа түсіндірудің маңызы туралы айтып, өз тәжірибесін ортаға салады. Пікір алмасу барысында жас музыка зерттеуші қазақтың әр ән-күйіне паспортизация жасау керек екенін пысықтайды. Бір қызығы, Ахаңның пролетар музыканттары бірлестігіне кіріп қызмет атқарып жүргендігі және пролетариат әуендерін жинастыру ниеті туралы айтқанда мұны жаратпаған сыңай танытуына қарап коммунистік даңғазаның ауанымен жүріп ұлттық мүдде, ұлттық бояудан айырылмау керек деген ұстаным жатыр деп білеміз.

А. Затаевич тек жинақтаушы ғана емес, қазақтың кәсіби фортепиано музыкасының негізін қалаушылардың бірі болып саналады. 1925-1928 жылдары «Фортепианоға арналған миниатюралар формасындағы қазақ әндері», 1932 жылы «Қазақстан татарлары әндері», «Қазақстан әндері», 1933 жылы «Қазақстандық татарлардың 60 әні», 1934 жылы «250 қырғыз аспаптық пьесалар мен әуендері», 1971 жылы «Түрлі халықтар әндері», 1971 жылы «Қырғыз аспаптық пьесалары мен әуендері» жинақтары – ұлттық музыка мәдениетіміздің баға жетпес құндылығына айналды. Ол жинаған 2300-ден астам музыкалық қазынамыз – күні бүгінге дейін ұлтымыздың рухани кәдесіне жарап келе жатыр.

«Қазақ халқының мың әні» А. Затаевичтің жинақ мұрасы ►

Затаевич жинақтары заманауи қазақ музыка өнері дамуына өлшеусіз ықпал етті. Музыка жанрлары қалыптасып, төл музыкатанушылар туып шықты. Қазақ халқының музыка қорын зертетуші, қазақ операсының негізін салушылардың бірі Евгений Брусиловский, әйгілі композитор Сергей Прокопьев, Н.Я. Мясковский, М.М. Ипполитов-Ивановтардан бастап, қаншама музыка мамандары Затаевич жинаған дүниелерді өз шығармасында сәтті қолданды.

Қазақ халқы үшін өлшеусіз еңбек жасаған музыка зерттеуші, Қазақстанның тұңғыш Халық әртісі Александр Затаевич 1936 жылы Мәскеуде өмірден өтті. Мәскеудегі Новодевичье зиратында, әйгілі жазушы Антон Чеховпен қатар жерленген.

А. Затаевич Мәскеуде жерленген

Қазақ халқының атынан қойылған кеуде мүсіннің ақ мәрмар постаментінде домбыра шертіп отырған қазақ бедерленген. «Жігіттер, достарым менің, сендерге өздеріңмен бірге жасаған жұмысымның жемісін арнаймын және тапсырып бермекпін. Мен өз жұмысымды бар сүйіспеншілігіммен және өзімнің қолымнан келгенше жанкештілікпен жасап шықтым. Бұл жұмыста халық жанының сезім пернелерімен іштей үндесімі болмаса, бірде бір қадам алға баспаған болар едік, осы үндесімнің арқасында кездейсоқ келген мен талантты қазақ халқына мәңгілік сүйіспеншілігім қалыптасты» деп өзі жүрекжарды сөзін арнаған қазақ халқы Александр Затаевичтің ұлт алдындағы еңбегін ешқашан ұмытпайды.

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ

adebiportal.kz

Автор:
Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?