Бұл дәуірдің тарихын кезінде Ә.Х. Марғұлан, Е. Бекмаханов және басқа кәсіби тарихшылар жаза бастаған еді, бірақ кейін қудалаулар мен репрессиялар тізбегі басталып кетті. Зерттеушілер қазақтың тарихы туралы айтуға қорықты, себебі билік қазақтың азаматтық тарихын контрреволюциялық және кертартпа білім қатарына қосты, тәуелсіздік үшін күресіне тамызық болады деп қорықты. Осылайша ХVІІІ ғасыр сияқты ерлік дәуірі де, оның қаһармандары да іздеушісіз, жадыдан ұмытылып қалып қойды.
Тек ХХ ғасырдың 80-ші жылдарының соңына қарай Абылай дәуіріне қатысты «Международные отношения в Центральной Азии». XVII-XVIII вв. (Документы и материалы. Кн.1. - М., 375 б. Кн.2. 340 б. - М., 1989). «Цинская империя и казахские ханства. Вторая половина XVIII-пер. треть XIX вв». (1 ч. 216 б. 2 ч. 227 б. - Алматы, 1989) сияқты дерек жинақтары жарық көрді. Ал қазақтың ауызекі жеткен жекелеген аңыздары мен әңгімелері, соның ішінде М.Ж.Көпейұлының тарихи жазбалары ХХ ғасырдың 90-шы жылдардың басында ғана жариялана бастады. Осы кезеңде Рашид-ад-дин, Әбілғазы сияқты ХІХ соңы мен ХХ ғасыр басында қазақ тарихшыларына мықты әсер еткен шығыс тарихшыларының еңбектеріне бет бұрыс байқала бастады. Бүгінгі күні «Рухани жаңғыру» бағдараламасы аясында ел арасында сақталған тарихи аңыздарды, ұмытылған ұлы тұлғаларды тағы да бір еске түсіріп, деректерді жинақтап, санаға сақтап қою мәселесі өте өзекті болып тұр.
Осы бағытта атқаратын шаруаның бірі XVIII ғасырдың ерен тұлғаларының бірі, аты ұранға және аңызға айналған Байтайлақ батырға қатысты деректерді жинақтау және зерделеу болып табылады. Бүгінгі күнге дейін өлкетанушылардың кәрі құлақ қариялар мен тарихи жазбалардан сүзіп алған деректерін салыстыра қарасақ мынадай сипаттама шығады:
1. Байтайлақ батыр XVII ғасырдың соңында, қариялардың дәлел сөздеріне, пайымдарына қарағанда 1695 жылы туған. Бұл қазақты Әз Тәуке хан билеген мамыражай уақыт. Ел ол кезеңде қыста Сырдың бойын, Түркістан маңын қыстайды, ал жазда Арқаның ұлан байтақ даласын жайлайды. Әз Тәуке ханның өзінің қысқы ордасы Әзіреті Сұлтанда болса, жазғы ордасы Есіл бойындағы Күйгенжар деген жерде еді. Сол себепті де Байтайлақ батыр қазақ жерінің қай пұшағында туды деген сұраққа жауап беру қиын.
2. Байтайлақ батырлар әулетінде дүниеге келді. Оның атасы Шеруші руынан шыққан, жасынан «Ұзынмылтық» атанған Құттымбет батыр да, әкесі Бәйімбет те өз заманында ерлігімен танылған тұлғалар. Өзі болса Шеруші руының ұранына айналды.
3. ХVІІІ ғасырдың алдыңғы жартысында, қазақ «Ақтабан шұбырындыға» ұшыраған заманда Байтайлақ өзінің замандастары Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібекпен үзеңгілес қазақ даласын жаудан қорғаған белгілі тарихи тұлғалардың біріне айналды. Батыр туралы ел ішінде еміс-еміс болса да әр жерде айтылып қалатын аңыз әңгімелер, батырдың жерленген жерінің ел тарапынан құрметке бөленіп, қасиетті деп танылуы осыны көрсетеді.
4. Байтайлақ батырдың жоңғардың әйгілі батыры Тұғыржаппен жекпе-жегі туралы Ақжар ауданы, Кішкенекөл ауылының тумасы Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ардагер журналист Сағидолда Икеновтің еңбектерінде жазылған: «Байтайлақ батырға келсек, ел аузында ежелден бар. Бір дерек бойынша ол жоңғардың батыры Дұғыржаптың басын алады. Бұл жекпе-жек қазіргі Дұғыржап ауылының маңында болған. Сол маңда Дұғыржаптың зираты болуы ықтимал. Біз жоңғарларды өзімізден кем санайтынымыз бар. Шындығында олай емес. Әйтпесе жер үшін жойқын, қырғын шайқастар ашар ма еді. Біздің өңір зерттелмеген тарихи өлке».
5. Байтайлақ батырдың қандай себептен қайтыс болғаны ел аузындағы аңыздарда айтылады. Талшық ауылының тұрғыны Төлеубай Әлімов ақсақал Байтайлақ батырдың өлімі туралы айтқан әңгімесін ескі көз деректен бізге жеткен бір тамшы деп білдік: «Шешуші бір үлкен шайқаста қазақтар да, қалмақтар да көп қырғынға ұшырайды. Ақыры қалмақтар ойсырай жеңіліп, қалғаны жан сауғалап қамыс, ағаш аралап, қашып құтылып кетеді. Байтайлақ батыр сол шайқастан жайбарақат жолдастарымен келе жатқанда қалмақтардың қашқан жасақтары Қара обаның маңында ағаш арасына жасырынып, Байтайлақ батырдың артынан жауырын ортасынан садақпен бірнеше рет атып, жарақаттайды. Жебенің ұшы алынбай батыр қатты жарақат алады. Жеткен жері қазіргі оның жерленген жерінің маңы деседі. Байтайлақ батырмен бірге қаруластарынан да бірнеше адам жазым болады. Сонда Байтайлақ батыр өсиет етіпті: «Мені осы су көтерілсе жетпейтін төбеге жерлеңдер. Төбеден қарап жатармын. Мен жатқанда бұл өңірде қалмақтардың ізі де қалмас».
6. Бұл әңгімені қазіргі күні Талшық жанындағы Жаңауыл тұрғыны Мәриям Зұлқыша апамыз да «шалымнан естіп едім» деп қаз-қалпында айтып береді.
7. Ақжар ауданының шежірешісі атанған абыз ақсақал Төлеубай Әлімов ақсақалдың айтуынша Совет-герман соғысы жылдары Байтайлақ батыр жатқан төбеге халық ат арба, өгіз арбамен топтасып келіп зиярат етіп, соғысқа кеткендер жеңіспен аман келсін деп тілеп, түнеп, көзге ілікпей таңда ерте кетіп жүреді екен.
8. Батырдың жерленген жері Солтүстік Қазақстан аймағында Ақжар ауданында Талшық бойы екендігі жайында алғаш рет Білімтай Біләлұлының «Ер есімі ескерілсе екен» деген мақаласы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» (№214 (29195) 7 қараша, 2017 жыл) газетіне жарияланды. Қазақтың сакральді географиялық картасында бұл өңірдің тарихи атауы Қараой дейді. Бүгінгі күні осы өңірдің көркі Кіші Қараой, Үлкен Қараой көлдері қайда десеңіз ел біледі. «Тауарих хамса шархидың» авторы Құрбанғали Халид Үлкен Қараойда 1781 жылы жазда Абылай ханға ас берілген еді дейді. Жағалай ежелгі тарихтан сыр беретін Көбенсай, Көксеңгір, Мұқыр, Тұғыржап, Жантай соры сияқты жер-су атаулары бар. Ақжар ауданы қазіргі Үлгілі ауылының арғы жағында «Қызыл оба» аталатын жәдігерлік, ал бұрынғы Ленинград ауылынан 4-5 шақырым жерде «Қара оба» аталатын үлкен төбе бар. Бұл екі обаның да үсті қуыс, қалмақ жасақтары жасырынуға арналған жертөле орындары болған деседі. Қазақтар осы оба орналасқан шұңқырларға тұтқиылдан келіп, жоңғарларға соққы берген екен-мыс. Біз бұл обалар сақ дәуірінің көсемдері жерленген орындар ма деп болжадық.
9. Байтайлақ батыр қай жылы өлді, Қараой өңірінде соғыс қимылдары қай жылдары болды деген сұраққа келсек, 1741 жылдың ақпан айында, қалмақтың ұзын сары (Цаган саар) – жаңа жылын қарсы алғаннан кейін 30-мыңдық әскер қазақ даласына үш жақтан таудан аққан селдей құйылған «Сүзекенің қолы» енгенін білеміз. Сол жылы Ертісті бойлай Септен тайшы шапса, Түркістан маңынан Арқаға қарай Сары Мәнжі аттанады. Жетісудан Қалдан Сереннің үлкен ұлы Лама Доржы қазақ даласына ат қойды. Қазақтың қалмақтың бұл шапқынын «Сүзекінің қолы» дейтіні осы себепті.
10. «Сүзекінің қолынан» қауіптенген қазақ жағы қоршауда қалып қоймаудың айла-шарғысын жасап жатты. Әскердің бәрін бір жерге жинау ол да қауіпті еді. Амалдың жоқтығынан және әдіске ыңғайлы болғандықтан, негізгі күш екіге бөлінді, оның бірі – Септенмен күресетін солтүстік топ, екіншісі – Сары Мәнжіні тосатын оңтүстік топ. Абылай сұлтан Есіл мен Нұра арасында қалсын, екі жақты да бақылауға ыңғайлы, оның үстіне қауіпсіз делінді. Осылайша қазіргі Қараөткел тұсында әскердің орталық бөлігімен Абылай қала берді де, Бөгенбай Тобылдың жағасында шеп құрды.
Міне, осы жерде Септен тайшы алғашқы соққы алып, «Сүзекінің қолы» атанған қалмақ шабуылы тойтарыс көрді. Бөгенбай батырға Тобыл бойында шеп құру да, оған алдаусыратып Септен тайшыны алып келу де оңайға түскен жоқ. Ресей құжаттары былай деп суреттейді бұл оқиғаны: «... Протчих несколько Казачьей орды на побег тогда ушли за Тобол, за которыми в догоне и для указывания протчих таких Казачьей орды вел их, калмыков, пленник их Казачьей орды человек и то все обманом водил нарочно и напускал снег и мороз великой, потому был еретик и от того едва они калмыки спаслись несколько было урону, от холоду померли и так калмыки онаго вора-еретика сожгли и пошед паки напали на Казачьи жилища, коих весьма многолюдно было по-видимому и за вышепоказанным уроном своих людей от морозов наступать на них не смели и так возвратились здорово и от них казаков никакой изневаги калмыкам не было... А их де калмыцкого войска ныне возвратно с Септенем пошло тысяч с пятнатцать а протчие де их же калмыцкие войска, которые пошли для поиску же Казачьей орды разными тракты и особливыми башлыками, по за камню и по близости Кыргызским жилищам»(РГДА, ф.Зюнгорские дела. Оп.113/1, 1741 г.д. 1, л.41-42 аб.).
11. Тобыл өзенінің бойында жасанып, жау тосып жатқан қазақтың тосқауыл әскеріне қалмақтың мен-мен жасағын бастап алып келіп ұрындырған қазақтың аты – жөнін ешкім білмейді. Бірақ ол осынау ерлігімен тұтас бір соғыстың тағдырын шешіп, жеңісті қамтамасыз еткені сөзсіз. Байтайлақ батыр да осы алапат соғыстың құрбандарының бірі деп есептейміз. Сонымен Байтайлақ батыр 1741 жылғы Арқа жерінде болған ауыр соғыста қайтыс болды да, Қараой маңындағы Итарқа аталатын қырға жерленді. Байталақ батырмен бірге бұл жерге сол соғыста қаза болған қазақтың бірнеше сарбазы да жерленгенін қариялар әлі күнге дейін әңгімелейді.
12. Қазіргі уақытта Байтайлақ қорымы түгел сақталмаған. 1948-1955-жылдар аралығында Қулыкөл ауылы Талшыққа көшіріліп, жаңадан үй салына бастаған кезден құрылыстық материал болатын құм бар деп Итарқадан карьер қаза бастады. Кейіннен Талшық совхозының ПМК-сының ауыр техникалары бұл шаруаға кіріскен. Осылайша 1977 жылы Итарқа төбесі әуелдегі жұмыр бейнесін жоғалтып, өзі алғашқы бетте екі керегені бір-біріне сүйеп қойғандай жота екен, енді төбесіне дейін құмы алынып бітеді. Кезінде Итарқаның орта тұсы биік дөңес болған, жаугершілік уақытта қарауыл жасақтары сол төбенің басында отырады, жау келсе от жағып белгі береді деседі.
13. Байтайлақ қорымына алғашқы белгітасты жергілікті азамат Қайырбай Зейноллаұлы ертерек уақытта орнатқан. Белгітаста: «Батыр төбе. XIV ғасыр Байтайлақ руы – Керей, Байшегір, Майқы» деп көрсетілген. Белгі қоюшылар Байтайлақ туралы дерек аз болғандықтан белгітасты қойғанда XIV ғасыр деп шамалаған.
14. Байтайлақ батырға қатысты нақты деректер 1992 жылдан бастап шыға бастады. Алдымен осы шаруаға Алла тағаланың бұйрығымен мұрындық болған – тарихи отаны Қазақстанға 1992 жылы ат басын бұрған Мәдиқажы Құмашұлы. Моңғолия елінен көшкен бір топ Байтайлақ батыр тұқымын бастаған Мәдиқажы бұрынғы Ленин, қазіргі Ақжар ауданы Тұғыржап ауылына қоныстанып жергілікті ақсақалдардан Итарқа қырына жерленген Байтайлақ батыр туралы естиді. Осылайша Моңғолиядан көшіп келген бетте Байтайлақ батырдың ұрпақтары ойда-жоқта бабасының жанына келіп қонады.
15. Осыдан кейін белгітас тұрған, жергілікті ел «Итарқа», «Батыр төбе» аталатын жерге Байтайлақ батыр ұрпақтары атынан темір қоршау мен құлпытас орнатылды.
16. Байтайлақ батырға байланысты тағы бір мәселенің анығын айта кету керек. Қазіргі күні батыр жерленген екен деген екі қорым белгілі. Осыдан үш жыл бұрын Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданында Шерушы Байтайлақ батырдың жерленге жері деп, елге сауын айтылып, ас беріліп, кесене салынды. Анықтай келе Жармадағы қорымда Шұбарайғыр Қожаберген батырдың ұлы Байтайлақ батыр жерленген болып шықты. Шұбарайғы Қожаберген ұлы Байтайлақ туралы 1757 жылғы қытай деректерінде көп айтылады. Қытайдың шекара әскерінің басшысы Чжао Хай 1757 жылдың тамыз айында Шұбарайғыр Қожабергеннің ұлы Байтайлақ пен Қара (Көкжал) Барақ батырдың кіші інісі Болат Мәме бастаған Абақ Керей мен Найманның 10 адамымен Үржар өзенінің бойында кездеседі. Қазақтың жас батырлары өздеріне таңсық қытай дипломатиясымен бірінші рет арбасты. Тойдың соңында қытайлықтар садақ атудан, күрестен, алтын қабақ-мергендік жарыстарын өткізіп керей мен найманның жақсыларына қызмет қылды. Сонымен қазақ-қытай бейбіт қатынасының негізі салынды (Цинская империя и Казахские ханства. Вторая половина ХVІІІ-первая чертверть ХІХ вв. Алма-Ата,1989.-134 б.). Бұл әулет тарихы да қазір зерттеліп жатыр. Қожаберген батыр бір тайпа елдің ұрынына айналған, өзінің алдындағы ұстазы Шеруші Байтайлақ батырдың атын ырым қылып өз ұлына берген болды деп есептейміз.
17. Байтайлақ батыр аталатын адамдар әр дәуірде де болуы, Итарқада жатқан Байтайлақтың Бәйімбетұлы Байтайлақ екендігіне күмән тууы да заңдылық. Қазіргі күні осы өңірді мекендейтін керей руының бірнеше атасы Байтайлақ батырды өздерінің арғы бабасы санайды екен. Байтайлақ батыр мен оның іс-әрекеттеріне қатысты архив деректері сақталған. Атасы Құтымбет пен Байтайлақтың тарайтын ұрпақтар бүгіндері Абақ керейдің шерушісінен тараған Ұзынмылтық деген руды құрайтын бірнеше жүз түтін. Шежіреде аталатын көптеген аталарының ұрпақтары таратылмайды. Бұған қарап, Құтымбет ұрпақтары Арқадан Алтайға, одан қазіргі Баян-Өлгейге асқан уақытта әр өңірде шашырап қалып қойған деуге болады. Талшық өңірінде, ата-бабасының басында қалып, ғасырлар өткенде өзге рулардың құрамына еніп кетуін жоққа шығара алмаймыз. Бұл – ұлт тарихындағы қалыпты үрдіс. Қожамқұлдан тараған ұрпақтың ежелден бір қауым ел болып Алматы облысы Күреңбел өңірінде жасап жатқаны осыған дәлел болады. Құтымбет ұрпақтары туралы мынадай деректі де келтіре кетелік:
Байымбет пен Қожамқұл Құтымбеттен,
Ықтиятшыл адамдар басады еппен.
Бәйімбеттен он үш бала болған екен,
Көптігімен қайтпаған айтқан серттен.
Тоқберді, Елтоқ пенен Байдөненді,
Қозыбақ, Байтайлақ, Тоқбан, Елшібайды.
Секен, Айтқұл, Байшура, Ақпанменен
Арыстан, Байтарақ деп топшылайды.
(Бабалар сөзі: Жүз томдық. Т.32. Хикаялық дастандар: – Астана: Фолиант, 2004. Т. 32. 360 бет, суретті). Байтайлақ батырдың ұрпақтар шежіресі туралы толыққанды жинақталса, көп деректердің беті ашылары анық.
18. Тарихшы ғалым И. Ерофееваның құрастыруымен шыққан «Эпистолярное наследие казахской правяшей элиты (1675-1821 годов)» атты 2 томдық еңбектің 1-томына енген №203-ші құжатта Байтайлақ батыр туралы айтылады. Яғни, 1737 жылдың 12 желтоқсанында Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтанның Ресей патшайымы Анна Иоанновнаға жазған хатында мынадай жолдар бар: «...біз, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан мәртебелі патшаға бас иеміз. Және де мәртебелі генерал әрі мырзаға бауырымызға өз арызымызды жолдаймыз:
Бұл арқылы мыналарды мәлімдейміз: сіз мырза, сіз бізден хат арқылы мынаны: Байтайлақты және ол тұтқынға алған адамдарды бізге жолдауды талап еткен едіңіз. Және де ол хатта сіз Байтайлақтың 26 адамды тұтқындап әкеткенін мәлімдеген екенсіз. Бірақ Байтайлақ мұнда тек он алты адамды ғана әкелген екен. Осылардан он төрт адамға қосып, Байтайлақтың өзін қоса жіберіп отырмыз. Екі адамның қайда екенін Байтайлақ өзі айтып берер. Осы ретте мен Әбілмәмбет сұлтан, ұлы патшаның құзырындағы сансыз күнәһар Байтайлақты, күнәсін мойындаған жағдайда босатуды өтінемін. Мен, Әбілмәмбет сұлтан менің иелігімдегі керей, уақ, атығай, қыпшақ руларында кім де кім ұрлық пен зұлымдық жасаса, оларды ұстап алып, жөнелтетінімді мәлімдеймін. Ал өзге руларда мұндай әрекеттер байқалса, дереу мәлімдейтін боламын...
Осылайша керей руынан Байтайлақ, Қарнақ, Әйтімбеттер, Ақжігіт биден оның бауыры Еренжі, Қара биден Достыжы мен Баймеген, Арсалан жөнелтілді. Және егер де Байтайлақ пен өзгелерін қайтарсаңыздар, біздің халқымыз қуанатын болады» дейді. Ақ патша құзырындағы 26 адамды тұтқындап әкетуінің өзі Байтайлақ батырдың бекер адам болмағанының дәлелі. Бұл конфликт неден болды деген сұрақты болашақта зерттеу қажет.
19. Дәл осы хатпен бір мезгілде жазылған келесі бір хатта Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан (бұл кезде Абылай әлі хан ретінде мойындала қоймаған) Ресей патшайымына былай деп мәлімдейді: «...біз, Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан, мәртебелі патшаға бас иеміз. Және де мәртебелі генерал мен мырзаға мыналарды мәлімдейміз: Байтайлақ әкелген тұтқындар үшін және ұлы мәртебелі патшайымға өз басымызды иеміз. Және де ұлы мәртебелі патшайымға кім дұшпан болса, біз де оған дұшпанбыз. Кім ұлы мәртебелі патшайымға ілтипатты болса, біз де ілтипаттымыз. Төрт руға: керей руына, уақ руына, атығай руына, қыпшақ руына ұрлық жасауға жол бермейміз».
Хан мен сұлтанның бұл арада Ресей тарапының қырын қарауынан қауіптеніп отырғанын аңғарамыз. Қазақ халқы, соның ішінде Орта жүз рулары үшін аса күрделі кезеңде Әбілмәмбет ханның да Ресейге бодан екендігін мәлімдеуге мәжбүр еді. Ол туралы осы жинақта берілгеніндей, Орынбор экспедициясының басшысы И.К. Кириловтың 1736 жылы Далаға жіберген адамы ноғай казагы Көбек Байназаровтың мәлімдеуіне сүйенсек: «Әбілхайыр хан мен Сәмеке ханмен қатар Ертіс маңында көшіп жүрген Әбілмәмбет сұлтан да өзінің бодандығын растаған» (Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х т. Т.1./ Автор проекта, введ., биографий ханов, науч. коммент.; сост. и отв. ред. И.В.Ерофеева. – Алматы: АБДИ Компани, 2014.– 244-бет).
Демек, Әбілмәмбет хан хатты 1737 жылы Ертіс маңынан жолдаған болса, оның қол астындағы рудың өкілі Байтайлақ батырдың да сол маңда болуы заңдылық. Байтайлақ батырдың руы туралы нақты деректі де аталған жинақтан табамыз. Байтайлақ батыр мен өзге бір топ қазақты «кінәсін мойындату» үшін Ресей тарапына жібергендігі туралы хаттан сәл ертерек, яғни 1737 жылы 11 қыркүйекте полковник А. Тевкелевке жазылған хатта мынадай жолдар бар: «Әбілмәмбет ханнан, Абылай сұлтаннан және барлық абақ керей старшиналары мен билерінен тақсыр Тевкелев мырзаға жалынышпен бас иеміз» деп басталып, 200-дей адам өзгелерді тыңдамай, патша адамдарына қарсы аттанып, мәртебелі тақсырға қарасты елге зиян шектіргеніне өкінетінін білдіреді» (Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х т. Т.1./ Автор проекта, введ., биографий ханов, науч. коммент.; сост. и отв. ред. И.В.Ерофеева. – Алматы: АБДИ Компани, 2014.– 247-бет, №200 құжат).
Бұл құжаттардан шығатын қорытынды – Итарқа төбеде жатқан Байтайлақ болсын, өзге Байтайлақ болсын – осы өңірде абақ керей Байтайлақ атты батырдың өмір сүргені, 200-дей адамымен Ресей патшалығына қарасты халыққа жорық жасап, көптеген адамдарды тұтқындап әкелгені, мұның өзі ел билеушілері Әбілмәмбет пен Абылай үшін біршама саяси тығырық болғандығы. Байтайлақ батырдың орыс үкіметіне жеткізілгеннен кейінгі тағдыры туралы мәлімет жоқ және сол дәуірдегі шекара бойындағы орыс-қазақ қатынастары құжаттарын қарастырып зерттесе, тың деректер шығу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз.
20. Осы себептен де керей ішіндегі шұбарайғыр Байтайлақ пен шеруші Байтайлақтың арасында өмір сүрген кезеңге қатысты айырмашылық үлкен екені анықталады. Яғни, шұбарайғыр Байтайлақ қазіргі Жарма ауданы территориясында жерленген болса, шеруші Байтайлақ одан қырық жылдай бұрын қаза тауып, Қараойда жерленген деп тұжырымдаймыз. Осылайша шеруші баласы жаңсақтықпен Жармада шұбарайғыр Қожаберген батырдың ұлы Байтайлаққа кесене салды деп есептейік. Және мұны да нақты архив дерегімен нақтылаймыз. Шұбарайғыр Байтайлақ батырдың Семей қамалында жапа шегуі себепті (себебі белгісіз) қаза болғандығы туралы Әбілмәмбет ханның баласы Әбілпейіз сұлтанның 1777 жылы 9 ақпанда Сібір шекара шебі әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор А.Д.Скалонға жазған хаты бұл мәселенің басын ашып береді: «...Ерекше айтқанда, бекіністе орналасқан орыстың Иван батырынан қазақтарға көбірек реніштер туындап жатыр. Қожаберген батырдың баласы Байтайлақты өзіне алдап шақырып алып, түнекте екі ай ұстап, шығарда аямай дүре соққан себепті өз ұлысына жетпей қаза болды...», - делінген (Эпистолярное наследие казахской правящей элиты 1675-1821 гг. Сборник исторических документов в 2-х т. Т.1./ Автор проекта, введ., биографий ханов, науч. коммент.; сост. и отв. ред. И.В.Ерофеева. – Алматы: АБДИ Компани, 2014.– 375-бет, 355 құжат). Яғни, Байтайлақ батыр түрмедегі жазалау салдарынан әкесі Қожабергеннің қолында қаза тапқан. Бұл кезде Жәнібекұлы Қожаберген батыр әлі тірі болатын. Және бір айта кетерлігі, осы тұста қайтадан салынып жатқан Семей бекінісін басқаруға келген әскери инженер Иван Григорьевич Андреевтің жергілікті халықты осы жұмысқа жеккендігі туралы деректер бар. Әбілпейіз сұлтанның «Иван батыры» осы И.Г. Андреев екені анық.
21. Көптеген жазба және ауызша деректерді салыстыра отырып шеруші Байтайлақ батыр XVIII ғасырдың басындағы жаугершілік заманды өз басынан өткеріп, сол кездегі соғыстардың көбісіне қатысқан, соңынан бүтіндей бүтін рулы азаматтарын ерткен қаһарман деп есептейміз.
22. 2018 жылдың тамыз айының 10-ы күні Астана қаласынан «Астанадан Байтайлақ қорымына дейін» атты арнайы тарихи-мәдени экспедициялық топ Солтүстік Қазақстан облысы Ақжар ауданында болып келді. Экспедиция аясында Талшықтан үш шақырым жерде жатқан Байтайлақ қорымына барып, батыр баба туралы ел арасындағы құнды деректерді жинақтады. Экспедицияны аудан әкімі Е.Қ. Мадияров қарсы алып, ауылды аралатып, «Батыр басы» қорымына дұға оқып, «Рухани жаңғыру және Байтайлақ қорымы» тақырыбымен дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелге аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, тарих пәнінің мұғалімдері және жергілікті өлкетанушылар қатысты.
23. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында тарихымызды, рухани құндылықтарымызды жаңғырту үстіндеміз. Ақжар ауданының қасиетті де қастерлі орнына айналған Байтайлақ батыр қорымына тәу етіп келу сәті енді келген секілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Байтайлақ батыр» қорымын киелі нысандар қатарына қосу бағытында жұмыстар жасауымыз керек. Байтайлақ батыр қорымы жастарға үлгі, өнеге болатын киелі нысан. Расында да қанша бір алапат заманды бастан өткерсе де Байтайлақ батырдың аты жоғалмай, елдің есінде сақталуының өзінен де белгілі бір дәреже де қасиеттілік (сакральді) феномені деп білеміз.