Құрметті атақ елдің дене шынықтыру мәдениетін құрушыларға берілді. Qazaqstan Tarihy порталы спорттық жетістіктерін елемеу мүмкін емес қазақтар туралы әңгімелейді
«Еңбек сіңірген спорт шебері» атағы 1983 жылға дейін беріліп келді, кейін бірқатар социалистік елдерде осындай награда пайда болғаннан кейін бұл атақ атауын өзгертіп, «ССРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері» деген атқа ие болады.
«ССРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері» совет одағының дәстүрлі символдары мен атрибуттары: қызыл жұлдыз, «СССР» жазуы бар қызыл ту және жұмысшылар мен шаруалар бірлігінің белгісі – орақ пен балға бейнеленген шағын төсбелгі болатын.
Белгі 1935 жылы белгіленген, авторы советтік шаңғышы Александр Немухин. Өз тарихында бұл атақ барлығы төрт мыңнан аса рет берілген. Совет-герман соғысы басталғанға дейін 150-ге жуық адам марапатталған болса, соғыс кезінде тек майданда жетістікке жеткен спортшыларға ғана берілген. Мұндайлардың қатарына жеңіл атлеттер В.Алексеев пен Ф.Ванинді, зілтемірші А.Авакянды және басқаларын жатқызуға болады.
Соғыс біткеннен кейін «ССРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері» атағы әскери жетістіктері үшін берілгенін тоқтатып, әуесқой спортшылардың тек спорттағы ғана жетістіктері есептелетін болған.
Айта кететін жайт, бұл кезең ұзаққа созылған жоқ: 1950-нші жылға таман марапаттау саны бірден өсіп кеткен. Спорт тілшілері бұған кінәлі елдің спорт басшылығы дейді: мысалы, «Динамо» СҚ-ның 25 жылдығына орай командалардың жаттықтырушылар тобын толығымен немесе теміржолшылар күніне орай «Локомотив» ФК-ның төрт қызметкері осы атақпен марапатталған. 1950-нші жылдары ССРО тұңғыш рет бүкіләлемдік жарыстарға қатыса бастады, ал бұл өз кезегінде атақты алу процедурасын қиындатып жіберді.
Бұдан кейін спорттық құрмет белгісі тек Олимпиада чемпиондарына, әлем чемпиондарына, Еуропа чемпиондарына, спорттың олимпиадалық емес ойындарында – абсолюттік немесе бірнеше дүркін чемпиондарға ғана берілетін болған. Спорттың командалық түрлерінде бұл атақты берудің өз ерекшелігі болған: мысалы, кейбір хоккейшілер әлем чемпионатындағы екінші-үшінші жеңістен кейін ғана бұл атақтан дәмелі болса, УЕФА кубогының Кубок иелеріндегі жеңісі үшін футболшылар толық құрамы «ССРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері» атағына ие бола алған. Ал, тек ССРО-да ғана кең таралған спорт түрлерінің өкілдері қолжеткізген жетістіктер жиынтығы бойынша алған. Мұндай спорт түрлеріне көпсайыс, спорттық акробатика, альпинизм, спорттық туризм және т.б. жатады. Сонымен қатар, ел басшылығы мерейтойлық даталарға орай да бұл атақты беріп отырған.
ССРО-ның 50 жылдығына орай бұл атақпен социалистік блоктың (Болгария, Венгрия, ГДР, ҚХДР, Куба, Моңғолия, Польша, Румыния мен Чехословакия спортшылары) бірқатар спортшылары, ал Жеңістің 40 жылдығына орай – совет-герман соғысына қатысқан бір топ спортшы марапатталған.
«ССРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері» атағын иелену кез-келген совет спортшысы үшін жоғары жетістік болса, одан айырылып қалу да әп сәтте болатын. Атақтан айыруға эмиграция себеп болатын (халықаралық жарыстарға бару және кейін отанына қайтудан бас тарту), осы себептен мәнерлеп сырғанаушылар Л. Белоусова мен О. Протопопов және шахматшылар Алла Кушнир мен Виктор Корчнойлар атақтарынан айырылған. «Спортқа сай емес мінез-құлық», «спорттық режимді бұзу» және саяси қудалаулар сирек болса да, атақтан айыруға себеп болатын.
1937-1938 жж сталиндік қуғын-сүргін совет спортына да соққы тигізді. Мысалы, «Спартак» ФК (Мәскеу) негізін қалаушы ағайынды Старостиндерсоветтерге қарсы үгіт жүргізді деп, тонаулар мен жемқорлыққа айыпталып, өмірлерінің 10 жылын еңбекпен түзету лагерьлерінде өткізген.
Жеңіліс үшін де атақтан айырған: мысалы, 1952 жылғы Олимпиадалық ойындарда Югославия құрамасынан жеңілгендері үшін советтік футболистер К.Бесков пен В.Николаев атақтарымен қош айтысқан. Семсерін күрделі механизммен жабдықтап, соның көмегімен Джереми Фоксты жеңген семсерші Борис Онищенконың аты Олимпиада ойындарының тарихында қалған. Бұл құрылғы анықталғаннан кейін халықаралық жанжал болып, ақырында советтік спортшы барлық атақтарынан айырылып, спортшы жарыстардан шығарылып тасталған. «ССРО-ға еңбегі сіңген спорт шебері» атағын иеленгендердің барлығы 20-30 жеңілдікті бағдарламаларға үмітті болды, бірақ олардың көпшілігі іске қосылмады.
Сталиндік кезеңде-ақ ССРО ОАК тұрғын үй төлеудің жеңілдікті жүйесін, қосымша тұрғын үй алу құқығын, шипажайлық-курорттық емделу, тегін киім-кешек (экипировка) пен құрал-жабдық және басқа да көптеген жеңілдіктер ойластырылғанмен, олардың ешқайсысы іске асырылмады. Нормативтік құжаттарға енген алғашқы жеңілдіктер тек 1988 жылы ғана пайда болды. Сол кезде мансабын аяқтаған советтік спортшылар жоғары оқу орнында оқыған кезде еңбекақысының 70%-ын немесе жұмыс істеген алғашқы үш жылында еңбекақысының 50%-ын ала алатын. Бұған қоса, спорт шеберлеріне ай сайын 10 рубль, ал еңбек сіңірген шеберлерге – 20 рубль қосымша ақша төленген.
Қазақ жерінен де талай спортшылар шыққан, көпшілігі Совет Одағының еңбек сіңірген спорт шебері атағына ие болған. Алғашқылардың бірі боп Совет Одағының еңбек сіңірген спорт шебері атағын 1965 жылы жеңіл атлет Әмин Тұяқов иеленген. Алғашқы алтын медальды ол 1965 жылы жеңіл атлетикадан Штутгартта өткен тарихтағы бірінші Еуропа Кубогының финалында 100 метрге жүгіруден бірінші келгені үшін алған. Екінші алтын медалін ол келер жылы 4х100 м. эстафета командалық сайыста жеңіл атлетика бойынша 8-ші Еуропа чемпионатында алған.
Боксшы Әбдісалан Нұрмаханов өз мансап жолында ССРО чемпионаттарының екі рет күміс және үш рет қола жүлделерін жеңіп алған, 11 рет Қазақ ССР чемпионы болған, 239 жекпе-жектің 222-сін жеңіп, GANEFO халықаралық спорттық сайыстарының жеңімпазы атанған. Мансабын аяқтағаннан кейін Ә.Нұрмаханов Қазақ ССР-нің еңбегі сіңген жаттықтырушысы, Қазақ мемлекеттік дене шынықтыру институтының кафедра меңгерушісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің дене шынықтыру кафедрасының доценті, бокстан Қазақстан құрамасының бас жаттықтырушысы болған. Қазақстандық боксшыларды Атлантадағы Олимпиада алаңына да шығарған осы кісі. Қазақстандық боксшылардың сол Олимпиададағы жеңістері таңғаларлық!
Бокстан тағы да бір еңбегі сіңген шебер Серік Қонақбаев тіпті планетадағы үздік боксшы саналады (1981 ж.). С.Қонақбаев бокстан Нью-Йорк пен Монреалда өткен Әлем Кубогында және Кельн мен Тамперде өткен Еуропа чемпионатында төрт алтын медаль иеленген. АҚШ-тағы турне кезінде оған әлемнің ең үздік кәсіпқой боксшысы Шугар Рэй Леонардпен жұдырықтасу мүмкіндігі ұсынылады. Егер де ССРО Мемлекеттік спорт комитеті тыйым салмағанда жұдырықтасу болар да еді.
Ә. Нұрмаханов және С. Қонақбаев
Қазақ балуандары да боксшылар сияқты алып күш иелері болған. Бұл жерде Олимпиада чемпионы, Еуропа чемпионы, екі дүркін әлем чемпионы Шәміл Серіковты айтуға болады. Ш.Серіков 19 жасында ССРО спорт шебері атанған, ал 22 жасында Мехикода әлем чемпионатында алтын медаль алған.
Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтың спортқа қосқан үлесін атамай кетуге болмайды. Ж.Үшкемпіров 1969 жылдан бастап классикалық күреспен айналысқан, екі жылдан кейін Қазақ ССР чемпионатында жеңімпаз атанып, 1973 жылы ССРО құрамасына қабылданады. 1980 жылы Мәскеудегі Олимпиадада ол Румыния, Польша, Венгрия мен Болгарияның балуандарын жеңіп, олимпиада алтынын иеленеді.
Ш. Серіков және Ж. Үшкемпіров
Қазақтан шыққан тұңғыш баскетболшы Әлжан Жармұхамедов 1972 жылғы Мюнхендегі Олимпиада ойындарының алтын медаль иегері. Сол жылы достары мен клубтастары «Жар» атап кеткен спортшы баскетболдан ССРО-ның еңбек сіңірген шебері атағын алады. Алайда ол бір жылдан кейін кедендік тексеріс кезінде тоқтатылып, контрабандалық әрекеті үшін жазаланып, Жармұхамедовтан «ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағын тартып алып, ұлттық құрамадан шығарылады.
Қазақ альпинистері Қазбек Валиев пен Ринат Хайбуллиндер де «ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағына ие болған. Қазбек Валиев ҚазССР ҒА Сейсмология институтында ғылыми қызметкер болып істеп жүріп, альпинизммен де айналысқан. 26 жасында ол альпинизмнен баскетболдан ССРО-ның еңбек сіңірген шебері атағын алады, ал 30 жасында Эверестке жасалған тұңғыш советтік экспедицияның мүшесі болған. Бұдан басқа, Қ.Валиев «Қар барысы» титулының бейресми иегері.
Ринат Хайбуллин альпинизмге Эверестке жасалған тұңғыш советтік экспедицияның тағы бір мүшесі мүшесі Ерванд Ирвинскийдің арқасында келген. Ол Непалдың бірнеше жетімың метрлік шыңдарына шыққаны үшін «ССРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағын иеленген. Р.Хайруллиннің жолы Анатолий Букреевпен де түйіскен: 1993 жылы олар бірге Мак-Кинли шыңына көтерілген.