Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ұлт тәуелсіздігі және руханият

1576
Тәуелсіздігімізді дұрыс бағалап, баянды ету үшін өткеннен дұрыс қорытынды шығарып, бүгінгі іс-әрекеттерімізді жолға қойып, болашақтағы мақсатымызды нақтылау қажет.

Бірақ біздің бүгінгі айтпағымыз жеткен жетістіктеріміз емес, осы жолда жіберген кемшіліктерімізді, шешілмей жатқан түйіндерді көрсетіп, шамамыз келгенше түзету жолдары туралы ой тастау. Осы орайда, «тәуелсіздік», «егемендік» деген мерей сөздерді орынды-орынсыз жиі қолданып, халықты мезі етпеу керек. Асыл сөздерді ардақтай біліп, орнымен ғана қолдану абзал.

Тәуелсіздігімізді дұрыс бағалап, баянды ету үшін өткеннен дұрыс қорытынды шығарып, бүгінгі іс-әрекеттерімізді жолға қойып, болашақтағы мақсатымызды нақтылау қажет. Ағылшынның ұлы ойшылдарының бірі В.Скотт «Өмірдегі ең пайдалы нәрсе өзіңнің бастан кешкен тәжірибең» деген екен. Сол айтқандай, өзіміздің барынша шынайы, саяси конъюнк­турадан ада тарихымыздан тағылым алуымыз керек. Осы орайда ұлттың ұранына айналған, иілген басымызды көтертіп, бүгілген белімізді жаздырған кейбір ұлы сөздердің мағынасын өзгертіп, тонын теріс айналдырып қолданатын кездерімізге тоқтала кетелік. Өйткені, бұлардың шын сырын білмесек, бергі тарихтың шындығына жету қиын.

Соның ішінде ұлт азаттығы күресінің ұраны болған «алаш» сөзінің мағынасының өзін сан-саққа жүгіртіп жүрміз. Тарихи тақырыпты көп жазатын көптеген оқы­мыс­тыларымыз «алты алашқа» қазақтың үш жүзін, Ташкент маңындағыларды, қырғыз бен қарақалпақты жатқызады. Алаш 13 ғасырда, қазақтың үш жүзі 15 ғасырда қалыптасып, ал қырғыз ешбір тарихи кезеңде қазақпен бір тудың астында болмаған. Саяси іс-әрекетте бұл халықтарды туысқанбыз деп ішке тарту орынды болғанымен, тарихты ойдан құрастыруға болмайды. Алты алаш жөніндегі тарихи деректер оған керей, найман, меркіт, қоңырат, жалайыр және Моңғолия жерінде болған татарды жатқызады. Алтын Орда заманында татарлар өз басшысының есімімен «ноғай» атанған. Алтын Орда ыдырап, қазақ болған рулар шығысқа қайтқанда ноғайлар батыста қалған. Ол заманнан қазақ пен ноғайдың айрылысу жырлары сақталған. «Жылау, жылау, жылау күй, Жылаған зарлы мынау күй. Қазақ пен ноғай айрылды, Қазақ сартқа қайрылды. Ноғайлының ну елі, Күңіренді, қайғырды...». Осыдан үлкен дерек жоқ.

Ал бізге белгілі қазіргі татарлар ол кезде «бұлғар» аталған. «Бұлға» – ертедегі Еділ өзенінің атауы, кейін ол «Великая русская река Волга» болды.

Қазақ тәуелсіз ел болуының ескі тарихы Керей-Жәнібектен Кенесарыға дейінгі 1456-1847 жылдар. Ал жаңа тарихы 1991 жылдан басталады. Оның екі арасы – орыс отаршылдығы. Ресейдің отаршыл геосаясатына ең пәрменді қарсылық көрсеткен қазақтар. Орыстың қазақты бағындыруы Оралдан Тынық мұхитқа дейінгі кеңістікті игеруден де қиын болды. Қазақты бағындыруға ғасырдан астам уақыт жұмсаса, Орталық Азияның басқа ұлттарын екі-үш жылда ғана басып алды. Бұл соғыстағы Ресейдің қазаққа қарсы сая­саты – тарихымыздың үлкен ақтаңдағы. Қазақтың ұлттық рухын жою – Ресейдің отарлау саясатының тұрақты бір қағидасы болып қалыптасып, кеңес дәуірінде 1920-1956 жылдары шарықтау шегіне жетті. «Рух оған еркіндік бергенде өседі, ал оны құлдық ұруға мәжбүрлеген кезде, басылып қалады», деген екен Римнің ұлы философтарының бірі Сенека. Сол әдіс бізге айна-қатесіз қолданылып, құлдық бағыныштылыққа жеткізу арқылы рухымызды толығымен жоюдың алдына апарды. Бұл жөніндегі саяси доктрина 1928 жылы толық күшіне еніп, халқымызға орны толмас нәубет әкелді.

Біздің тәуелсіздігіміз бейбіт жолмен келді. Оның баяндылығы да қазіргі жағдайда осы бейбітшіліктің сақталуына, екі жақтың арақатынасының қалыптасуына байланысты. Бұл қатынаста таразының басын Ресейдің саяси ұстанымы басатындығы сөзсіз. Сыртқы саясатымыздағы ең өзекті мә­селе болғандықтан, бұл істе аса бір ыж­да­ғаттылық, ерекше сақтық пен қайрат қажет.

Тәуелсіздігіміздің тұғырын қазақ ұл­ты­ның жағдайы мен ерік-жігері, еліміздегі этностармен ынтымақтастығы айқындайды. Бізде еріксіз жер аударылып келгендерге қазақтар пана болды деген әсіре пікір бар. Кеңпейіл, қонақжай халқымыздың ол кезде басқаға қамқорлық жасап, жағдайына елеулі ықпал етерліктей күйі де болмаған. Қазақ баласының кейбір жағдайда келімсектердің өздерінен теперіш көргенін жасыру орынсыз. Қазір ғана тәуелсіз мемлекет құрып, еліміздегі барлық жұрттың ынтымағына ұйытқы болуымызға мүмкіндік туды. Ол үшін, бірінші кезекте, әлі де түйткілі бар өзіміздің ұлттық мәселеміздің шешімін табуы және де бұл іс-әрекет Қазақстан халқының бірлігін бекемдеуге қызмет етуі керек.

Ұлттық мүддені айқындайтын үш салаға (жер, тіл, білім) тоқталатын болсақ, ең бірінші орында жер мен ондағы қазба байлықтың қарапайым халыққа қолжетімділігі тұрады. Қазба байлықты қоя тұрып, ресми жария етілген әр отбасыға 0,1 га жер бөліп беру толықтай шешілген жоқ. Жұрттың қалаға ұмтылысы бұл мәселені қиындатып жіберді. Ауылға қолдау жасау, онда халықты тұрақтандыру шаралары жүзеге асқанның өзінде урбанизацияны тоқтату мүмкін емес. Тек қана ойластырылған мемлекеттік бағдарлама арқылы урбанизацияны бей-берекетсіздіктен ретті жолға қоюға болады. Қазіргі жағдайда үкімет пен парламентке оның нақты, дұрыс тетіктерін айқындау сондай бір шешімі қиын аса күрделі мәселе емес. Урбанизация бағдарламасы ойланып-толғануды қажет етсе, санамызды жайлаған, ұлттық менталитетке айналған ақын-жазушылардың «ауылым» деп ауыл тақырыбын шиырлай беруінің ендігі жерде жөні жоқ. Бұрын қазақ қалада өгейлік көріп, үйсіз-күйсіз жағдайда болса, қазір ауылдың ғана емес, қаланың да иесі өзіміз. Сондықтан бұл сарынды тоқтатқан дұрыс болар.

Тіл мәселесіне келсек, «тілдің мәртебесін көтерейік» деп ұрандатамыз. Қазақтың мәртебесін көтермей тілінің мәртебесі қалай көтеріледі? Қазақтың мәртебесі әлеуметтік жағдайға байланыс­ты, оның ең қарапайымы жер телімін атап кеттік. Әлеуметтік мәселелердің барлығы (білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, т.т) елдің жан басына шаққандағы табиғи-экономикалық ресурстарының үлесіне қарай белгіленіп, оң шешімін табуы қажет. Қоғамдағы әлеуметтік әділеттілікті айтқанда коммунизм утопиясындағыдай барлық адамдарды теңестіру мүмкін емес, адамның бәрі бірдей болмайтындықтан, бірінен бірі экономикалық тұрғыда артық-кем болуы заңды. Бірақ шектен шыққан кедейлік пен шексіз байлық иелері мемлекет назарында болуы керек. Кеше ғана алып империя АҚШ-пен соғысып, күйзеліп шыққан Вьетнамда, біздегідей қазба байлығы болмаса да, бір де-бір қайыршы, не бос сандалып жүрген адам жоқ. Біздегі қайыршыларды тексеріп, шынтуайтында қайыршы болса есепке алып, мемлекет қаражатынан жағдайын жасау онша күрделі іс емес. Егер айтылып жүргендей, қайыр сұрауды кәсіпкерлік қылып, оларды орналастырып, басқарып, табыстарын пайдаланатындар болса, оған да тиісті шара қолдану қажет. Ал миллиардерлерге келсек, өзінің капиталын инвестициялап байыса, салығын дұрыс төлесе, ризашылық білдірген жөн.

Тілді үйретудің әдістемесін, іске асыру жолдарын, қолданыс аясын анықтауды сол саланың мамандарына қалдырып, қос тілділік пе, үш тілділік пе, әйтеуір қай тұғырнама болса да, бәрі ана тіліне телімді болуға тиіс. Ең бастысы, бала ана тілімен ауызданып, өз тілінде ойлайтын болуы керек. Президенттің «қазақпен қазақ қазақша сөйлессін» деген қағидасын қолдай отырып, «Үкімет те өз халқымен қазақша сөйлессін» деген уәж айтпақпыз.

Қазақтың қазіргі мұсылмандық келбетін айқындайтын тәуелсіздік жылдары бой көтерген мешіттер, оларға бет бұрған жұртшылық, әсіресе, жастар, көңілге медет беруде. Мешіттің жамағат үшін атқаратын істері қандай деңгейде? Мешітте мұсылмандықтың негізгі парызы намаз оқылып, намазға жиналған қауымға уағыз айтылады. Мұхаммед (с.ғ.с.) «діннің өзі – насихат» деген екен. Мешіттегі имамның уағызының қазіргі негізі – құранның сүресін араб тілінде айтып, соны қазақшаға аударып, мағынасын түсіндіру. Құран сүрелерінің мағынасы өте терең, оны адам баласы санасы мен білім деңгейіне байланысты түрліше қабылдайды. Біздің имамдарымыз құран аяттарын қазіргі қауымның, әсіресе, жастардың білім дәрежесіне лайықты түсіндіре ала ма? Мысалы, адамның топырақтан жаралғаны туралы қағиданы алайық. Ерте заманда ғылымның жетілмеген кезінде жаратушы адамды балшықтан илеп жасады деп пайымдады. Қазіргі орта деңгейлі білімді жан адам ағзасындағы химиялық элементтер топырақтың құрамымен бірдей екенін біледі, ал заманауи ғылымға жетік тұлға одан да терең зерделеп, бұл ұқсастықты биоэнергетикалық өрістер деңгейінде қарастырады.

Мешіт уағызының мәйегі – шариғатты насихаттау. Нағыз шариғат Құран аяттарын түсіндіру ғана емес. Құранды Алла күллі адамзатқа, оның барлық болашақ ұрпақтарына жіберді, оның қағидалары қанша уақыт өтсе де өзгермейді. Ғылымдағы небір керемет жаңалықтар құранның бірде-бір қағидасына өзгеріс жасаған жоқ, тек қана оны тереңірек түсінуге көмектесуде. Құран адамның ақыл-ойын шектемейді. Жаратушы адамға бірінші орында ақылың, екінші оған бағыт беруге жіберген кітабым (құран), одан кейінгі орында ғылым деген. Шариғат дегеніміз, адамның кемелденген ақыл-ойы арқылы өмірдегі іс-әрекеттерін ислам талаптарының негізінде орындау үшін берілетін нұсқау, имандылықтың сара жолы. Құран мен пайғамбарымыздан жеткен сүннетті (суннаны) бұлжытпай, сол қалпында қабылдап, әрбір қауым өзінің ерекшеліктерін, уақыт талабын ескеріп, имандылық шарттарының мән-мағынасын дұрыс ұғынып, тіршілік әрекеттерін шариғат түрінде тұжырымдап іске асырады.

Алайда шариғат мұсылман қауымының тірлік іс-әрекеттерін дұрыс жолға салумен қатар, адамның ақыл-ойымен қалыптасқандықтан, кемшіліктері де болып, кей жағдайда мұсылман әлемінде үлкен қайшылықтар тудырды. Олардың ең зардаптысы мұсылмандар сүннит пен шиит болып екіге бөлінсе, олардың ішінде әртүрлі мазһабтар шықты. Нәтижесінде ислам әлемінің біртұтастығы бұзылып, бірімен бірі жауласуға дейін жетті. Бұл қайшылықтарды исламның жаулары шеберлікпен пайдаланып, одан әрі өршіте түсуде. Қазіргі заманда ислам туралы зерттеулер, үгіт-насихат құралдарының басым бөлігі араб, парсы, түрік тілдерінде емес, ағылшын тілінде шығарылып жатыр. Дүниежүзілік ықпалды күштер жаһанданудың векторын мұсылманшылыққа қарсы (исламофобия) бағыттауға әрекеттенуде. Шынтуайтына келгенде, сүннизм мен шиизмнің арасында жауласатын қайшылық жоқ. Мекке мен Мединенің қасиетті орындарында суннит пен шиит қатар тұрып, әрқайсысы өзінше намазын оқи береді, кейбір қимылындағы айырмашылықтардан басқа оншама бір ерекшелік байқалмайды.

Біздің ата-бабаларымыз мұсылман­шылығына өте байыпты, қазіргі тілмен айтқанда, ортодоксты бағытты ұстаған. Өздері сүннит бола тұра, онысын онша­ма жарнамаламай, шииттерге ешбір теріс пиғыл білдірмей, тек қана олар өз ниетімен емес, Ғали Арыстанның қылышынан қор­қып мұсылман болған дегеннен аспай­тын. Біз болсақ, сүнниттігімізді, мазһа­бымызды ешбір қажетсіздік болмаса да тым көп жариялап, БАҚ-тарда жиі жарнамалап, халықаралық сионизмнің ислам әлемінде жік туғызатын сұрқия сая­сатына қолдау көрсеткендей боламыз.

Дана халқымыз шариғат ісінде ислам талаптарын ұлттық салт-санамен, тіршілік жағдаймен ұштастыра білді, ата-баба аруағына сыйынудан бас тартқан жоқ, басқа мұсылмандардай жылқы етін харам етпеді. Жалпы, «харам» сөзі қалыптасқан ұғымдай «залалды», «жиіркенішті» емес, араб тілінде тыйым салуды білдіреді. Жылқының харамға жатқызылуы соғыс ісіндегі маңыздылығынан, союға тыйым салынуы залалдығынан емес, қастерлеуден туындаған шариғаттық қағида. Имандылық шарттарына қайшы келмесе қайбір іс болмасын шариғат тарапынан рұқсат етіледі, ал қайшылығы болса, керісінше, тыйым салынады.

Шариғат жолымен қоғамның өзекті мәселелерін реттеу басқа елдерде де қолданылған. Ислам жолында ақша беріп, одан өсім алуға тыйым салынғандықтан, араб елдері банк қызметін пайдаланбай, бұдан экономикасы зор зардап шекті. Араб шейхтері алғашында мұнайды сатып, түскен ақшаны (долларды) банкке салмай, буулы күйінде шіріткені туралы деректер бар. Бұрынғы заманда өсімқорлық еңбексіз табыс болса, қазіргі банк-кредит жүйесі қомақты қосымша еңбекті қажет етеді. Сондықтан шариғат жолымен араб елдері банк жүйесін жолға қойып, экономикалық өрлеуге қол жеткізді.

Ислам елдерінде шариғат пен мем­лекеттік заңдар біртұтас ұғым, сол арқылы шариғаттың заман, өмір талаптарымен үйлесімділігі, заңның әділеттілігі қамтамасыз етіледі. Біздің зайырлы мемлекетімізде дін мен мемлекет ажыратылған. Дін істеріне, яғни мешіттің қызметіне мемлекет араласпайды.

Сонымен қатар, біздіңше, мешітте жай ғана намаз оқылып, шариғат уағыздалып қана қоймай, мұсылманның өмірлік ұстанымдары, жамағат тіршілігіндегі толғандыратын көкейкесті мәселелеріне жауап, өзіне рухани тірек туралы да ойлар айтылғаны жөн. Біздегі мешіттер, ең бастысы, шариғат уағызымен шектелмей, мұсылмандыққа бет бұрған халқымыздың, әсіресе, жастардың рухани кемелденуіне, жас мемлекетіміздің нығаюына қызмет етуі керек. Мешіттің шариғат ісіндегі мемлекеттік ортақ мүддеден гөрі жеке топтардың сұраныстарына бет бұра бастауы оның татардың, ұйғырдың, чешеннің мешіті деп бөлінуіне себеп болады. Шариғат ісін дұрыс жолға қою республика халқының басым бөлігін құрайтын мұсылмандардың рухани тұтастығын қамтамасыз етудің пәрменді тетігі болары сөзсіз. Мемлекетіміздің дүние жүзіндегі діндердің ынтымағы жолындағы жинаған құнды тәжірибесін ислам әлемінің бірлігіне ықпал етуге пайдаланса, игілікті іс болары сөзсіз. Исламдағы негізгі бағыттардың қайшылықтарын жоймай, одан туындайтын көптеген ұсақ ағымдарға тосқауыл болу өте қиын. Ислам ынтымақтастығы ұйымы ИЫҰ елдеріне басшылық жасауымыздың өзі қаншама абыройлы міндет жүктеді.

Біздің имамдарымыздың дені – шет елдердегі діни оқу орындарын бітіргендер. Олар діннің ортақ негізімен қатар, білім алған елдеріне ғана телімді жайттарды бізге енгізуге тырысады. Ата-бабамыз қалыптастырған қазаққа тән шариғат жүйесі бүгінгі күн талабын қанағаттандырмайды. Әйтсе де олардың кейбірін сақтап, кәдеге жаратуға болады. Қазіргі дінбасыларымыз Жаратушымыздың «Аллаһ» деп айтылуын талап етеді, ал бізде қазақ тілінің заңдылығымен «Алла» деп айту қалып­тасқан, Абайдың өзі де осылай қолданған («Алланың өзі де рас, сөзі де рас»). Қазақша «аллаһтың», «аллаһқа» деп айту тілге жасалған үлкен зорлық, сондықтан «һ» дыбысынсыз «Алланың», «Аллаға» деп айту бірден-бір дұрыс (Сөз орайында «Егемен Қазақстанның» «Алла» деп жазудан танбай жүргенін өте орынды деп атап кеткім келіп отыр). Жалпы, дін оқуын өзімізде қалыптастырып, діни кадрларды даярлау, тіпті дін істері бойынша ғылыми-зерттеу орталықтарын аша түсу – толғағы жеткен мәселе. Діни кадр­ларды ғана емес, жалпыға ортақ жоғары білім беруді де тек қана өзімізде жүргізген дұрыс. Тиісті мөлшерде ғана шет елдермен тәжірибе алмасу, біліктілікті жетілдіру жөніндегі ынтымақтастық қажет. Қай елде болмасын шетелдік студентке оқу орнының қоятын талаптары да, оларға бағытталған ынта-жігер де өз студенттерімен ешқашан бірдей болмайды.

Әркімнің өз баласын өзі тәрбиелегеніндей, өз ұрпағымызды өзіміз оқытуымыз керек. Бұл ретте қолға алынған Назарбаев университетінің, зияткерлік мектептердің берері мол. Кейбір мамандықтарды қажетті деңгейде өзімізде даярлауға мүмкіндік болмаса, оны шешуді күн тәртібіне енгізу керек.

Жаһандану жағдайында барлығы да әлемдік бәсекелестік арқылы шеші­летіндіктен, тәуелсіздігіміз баянды болуы үшін әлеуетті рух қажет, онсыз еш нәрсеге иелік ете алмаймыз. Халықтың рухани дамуы үшін тарихын дұрыс зерделеп, ата салтын, тілін, ділін, дінін сақтап, ұрпақ тәрбиесін, білім мен ғылымды жолға қойып, әрбір тарихи кезеңге лайық нақты бағытын айқындауы керек. Ол үшін, ең алдымен, жалаң сөз, даурықпа ұрандар мен жалған немесе дүдәмал бағыттарға пәрменді тосқауыл қажет. Рухани тәуелсіздік қана нағыз шынайы тәуелсіздік.

Тілеуберді САЙДУЛДИН,

Ұлттық Ғылым

академиясының академигі.


Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?