Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Ақ Орда

16068
Ақ Орда - e-history.kz
Ақ Орда - Алтын Орданың шығысындағы дербес ұлыс, сосын тәуелсіз ел.

14-15 ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан монғол шапқыншылығы зардабынан арыла бастады. Әлеуметтік-экономикалық жағдайлар түзеле бастады. Көптеген ұлыстар мен елдер тәуелсіз бола бастады. Осындай тәуелсіздікке ие болған мемлекеттердің бірі - Ақ Орда. Оның шекарасы Жайық өзенінен Ертіске, Батыс Сібір ойпатынан Сырдың орта шеніне дейін созылып жатты. Ақ Орданың халқы - қыпшақтар, Алтайдан осында қоныс аударған наймандар, қоңыраттар, керейіттер, үйсіндер, қарлұқтар Ақ Орда хандары - Орда Ежен, Сартақ, Қоныша, Баян, Сасық-Бұқа, Ерзен, Мүбарак, Шымтай, Орыс хан, Қойыршақ, Барақ

Ақ Орданың күшейген кезі 14 ғ. 2 жартысы. 1361 ж. Ақ Орданың билеушісі болған Орыс хан өз жағдайын біраз күшейтіп, енді Алтын Орда тағын иемденуге күш салды. Сөйтіп, 1374-1375 жж. Еділ бойымен жорыққа шыққан ол Сарайды өзіне қаратып, Хажы-Тарханды (Астраханьды) қоршауға алды. Кама бұлғарларының жерін бағындырды. Бірақ Орыс ханның үстемдігі ұзаққа созылмай, келесі жылы ол Еділ бойынан кетіп, Алтын Ордадағы билікті Мамайға беруге мәжбүр болды. 1377 ж. Орыс хан қайтыс болды. Ақ Орда иелігі Орыс ханның баласы Темір Мәлікке көшті. Бірақ осы кезде Маңғыстау үстіртінің билеушісі - Жошы әулеті Түй хожа оғланның баласы Тоқтамыс Орта Азия әміршісі Ақсақ Темірге сүйеніп, Темір Мәліктің әскерін талқандайды. Өзін 1379 жылы Ақ Орда ханы етіп жариялайды. Ақ Орда әмірлерінің қолдауына ие болған ол, 1380 жылы Сарайды, хажы-Тарханды, Қырымды және Мамай Ордасын басып алды. Тоқтамыстың бұл табысы орыс жеріне басып кірген Алтын Орда ханы Мамайдың 1380 ж. Куликово даласында орыс әскерлерінен жеңілуі себебінен мүмкін болды. Тоқтамыс мұнымен тоқтаған жоқ. Атап айтқанда, Тоқтамыс Ақсақ Темірдің қамқорынан босануға тырысады. Бірақ, 1380, 1391, 1395 жж. Ақсақ Темірдің Тоқтамысқа қарсы жасаған аса үлкен үш жорығынан кейін Алтын Орда тас-талқан болып қирайды. Темірдің басқыншылық соғыстарының нәтижесінде және ішкі талас-тартыстан 14 ғ. соңы мен 15 ғ. бас  кезінде Ақ Орда да әлсіреп қалады.

 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?