Бір халық өзінің тарихын білмесе, бір ел өзінің тарихын жоғалтса, оның артынша өзі де жоғалуға ыңғайлы болып тұрады.
Міржақып Дулатұлы

Қазақ батырларының тағдыры. Керей Ер Жәнібек

2963
Қазақ батырларының тағдыры. Керей Ер Жәнібек - e-history.kz
Ер Жәнібек туралы қазірге дейін бұрын-соңды баспа бетін көрген алты қисса, төрт аңыз, үш дерек бар. Осылардың барлығын жинақтағанда Жәнібек 7 рет жекпе-жекте жеңіп шыққаны жөнінде айтылып жүр

Жәнібек батыр дегенде алдымен тарихта болған үш Жәнібек еске түседі. Біріншісі: Әз Жәнібек хан 1450 жылдар шамасында ел билеген. Екінші: Халыққа Шақшақ Жәнібек атымен белгілі Жәнібек тархан Қошқарұлы. Ол 1693-1752 жылдары өмір сүрді. Үшіншісі: Ер Жәнібек Бердәулетұлы. 

Ер Жәнібек туралы қазірге дейін бұрын-соңды баспа бетін көрген алты қисса, төрт аңыз, үш дерек бар. Осылардың барлығын жинақтағанда Жәнібек 7 рет жекпе-жекте жеңіп шыққаны жөнінде айтылып жүр. Жәнібек батыр туралы жүйелі толық туынды жазып қалдырған ақын Ақыт Үлімжіұлы болды. Амал қанша, Ақыт сынды ғұлама ақын Шың Шысай жендеттің темір тырнағында құрбан болды. Ақыттан кейін Жәнібектің өз ұрпағы белгілі ақын Ыбырай Ботайұлы бабасы туралы мәліметтерді іздестіре бастаған. Сол сәтте ақын Ыбырайдың соңынан дереу қызыл жендет ілесіп артынша көзі жойылады. Осыдан кейін Жәнібек жайлы зерттеулер де сиреп, тіпті жоқ болуға айналған. 

c6f23e6cf1bb14716d8739784abbb5f9.jpg

Ер Жәнібек Бердәулетұлы 1714 жылы Сыр өзені мен Шу өзенінің арасында яғни Қаратау маңында дүниеге келген. 1723 жылғы Ақтабан шұбырындыда әкесі Бердәулет жау қолынан қайтыс болып, Жәнібек тоғыз жасында жетімдік қамытын киеді. Нағашысы Сары Үйсін Досымбектің тәрбиесінде және бір мезет әкесінің нағашысы әйгілі Қазыбек бидің тәрбиесінде болады. 1730 жылдарда түрлі себептерге байланысты Ер Жәнібектің елі Барақ сұлтанның бастауымен Сыр бойынан ауа көшеді. 

Көш алғашында Торғай, Ор өзені бойына, соңынан Тобылға дейін өтеді. Бұл кезде Барақтың жасы ұлғайып қалғандықтан ел билігі негізінен жас батыр Жәнібектің қолына өте бастайды. Керей ұлысы ауа көшкенде, ел іргесін бұзғысы келмеген Абылай хан керей елін тоқтатуға Бұқар жырау мен Өтеген батырды жібереді. Бүгінде күллі елге белгілі Бұқар жыраудың: «Керей, қайда барасың, Сырдың бойын көбелеп? Артыңнан қуып мен жеттім, Тұлпарымды жебелеп...» деп басталатын үш жүзге әйгілі «Керей, қайда барасың» атты жырдың дәл сол тұста жырланғаны ешкімнің де күмәнін келтірмейді. 

1740 жылдардың төңірегінде керей ұлысы орыстың Ор бекінісіне жақын келіп мекендейді. Бұл бекініс Жәнібек еліне көп мекен болмайды. Түрлі түртпектермен керей қайта көшіп іргесін аулақтата бастаған. Бірақ ашамай ұлысының батыры Жабай бастаған бір қауым ел Есіл өңірінде қалып қояды. Ал абақ ұлысы ер Жәнібекке еріп шығысты бетке ұстаған. 1752 жылы Жоңғар ханы Даяшы 40 мың қолымен Алатау ауызы арқылы қазақтарға жорық бастағанда, керей ұлысы қайта солтүстікке қарай ығысып, Шыңғыстау, Қалба, Көкпекті, Жайсаң, Маңырақ қатарлы жерлерге барып ірге тебеді. 

Осыдан соң көп заманнан бері қазаққа тыныштық бермей тоздырып келген Жоңғар хандығы біржола жойылып, қазақ даласына бір мезет бейбітшілік орнайды. 

Осы бір тыныштықта болған халықтың көшбасшысы Ер Жәнібек Бердәулетұлы абайсызда қуық ауруына душар болып, 1792 жылы 78 жасында Шар өзенінің солтүстігінде Ортабұлақ деген жерде қайтыс болады. Батырдың өз өсиеті бойынша, батырдың қазасы екі жыл құпия сақталып, батырдың ауылы руластары да ел ішіне бытырап орналастырылады. Екі жыл өткен соң батырға асы беріліп, Жәнібектің қазасы ресми түрде жарияланады. Жәнібек батырдың жерленген жері құпия ұсталып, 10 жылдан соң тас жиып, арнаулы қабір тұрғызылады. Жалпы Жәнібек батыр туралы көп естеліктер мен аңызға айналған ел арасында тартысты сөз көп бірақ не дегенмен де ғалымдар тұлғаның тарихи болмысын ашым бере түсуде. Бұл туралы жазушы әрі зерттеуші Жәди Шәкенұлы былай деді: «Жәнібек Жоңғар шапқыншыларына қарсы соғысқа аттанарда нағашы атасы Қаз дауысты Қазыбек биден бата алады. Бір шайқаста мінген тұлпары болдырып қалған Абылай ханға астындағы көк дөненін түсіп беріп, Абылайды жау қолынан құтқарып қалады. Өзі сол шайқаста екі қалмақ батырын жеңіп, жаудың бетін қайтарады. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, т.б. батырлармен тізе қоса отырып, жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстың аяғына дейін қатынасады. 

f892c5e57e560e8f751dc55f6aa395cc.jpg

1760 жылы Жәнібек батыр Абақ Керей руын Алтай тауының қазіргі Шыңжаң өлкесіне қарасты байырғы мекеніне апарып орналастырады. Сөз бастаған шешендігімен, ел бастаған көсемдігімен, жауға шапқан батырлығымен бүкіл Абақ Керейдің ұранына айналған Ер Жәнібек сексеннің үстіне шығып қайтыс болады. Батырдың артында «Ұрлық, ұрлықтың түбі қорлық. Қорлық сүйреп құлдық апарса құрыдым дей бер» деген сөз қалды. Батыр жан үзер алдында туғандарын қасына жинап: 

Аумағың алал, 

Ауылың алал, 

Аузың алал болса, 

Беттерің жарық, 

Көңілдерің қарық болар. 

Алалдың қайыры бар, 

 Арамның зайыры бар. 

Ас алал болса, 

Бас адал болады, – деп өсиет айтқан екен. 

Сүйегі сол Қалба тауының бауырында жатыр. Тек Ер Жәнібек қана емес, қазақтың көп батырының сүйегі елдің ішінде емес, жердің шетінде жатыр. Мұның өзі ата-бабамыздан жалғасқан батырлық дәстүрдің жалғасы болмақ». 

Ер Жәнібек ауруы дендеп өмірден қайран үзерде қасына үлкендерді жинап: «Мен дүние салғаннан кейін өмірден озғандығым туралы ақпарат екі жыл бойына жария етілмесін. Және сол екі жыл ішінде рулас туыстарым ел ішіне сіңіп бітсін. Өзара бөлектенбесін», – деген екен. Есімі алты алашқа тараған батыр не үшін өз өлімін өзгелерден жасырын қалдырды? Неліктен екі жыл кешіктіріліп ас берілді? Бұл – көне түркілік үрдіс. Себебі өзі өмірден озғаннан кейін дұшпандары қабірін қорлап, түрлі масқаралауларға жол беруі ықтимал. Сонымен бірге түркі халқының өмірлік тәмсілі бойынша батыр дүниеден озғанын жаулары білсе, бірден қайғы шеккен елді шетінен түрендеп жаулап алуы мүмкін. Сол себепті ел орнығып, етек-жеңін жинағанша батыр өлімі күллі елге жария болмаған. Бұл үрдіс Жәнібектен өзге де батырлар мен ел билеушілерінің өсиеті боған», – дейді Жәди Шәкенұлы. 

Ал Ер Жәнібектің тікелей ұрпағы Ақын Байбосынұлы бабасынан қалған мұралар туралы: «Жәнібек бабамның «Мұра мұрат, берсең қуат, бермесең сызат. Ерді ел қорғайды, жаудан жасқанып ізімді жоғалтпаңдар!» деген өсиетіне орай, сауыт, дулыға, қалқан, қанжар, найза, садақ қатарлы соғыс жарақтары кіндігінен тараған үш ұлына үлестірілген. Одан бөлек, мынадай мұралары да бөлініске салынған: Шаңырақ иесі болып қалған үлкен ұлы Ноғайға Абылай хан ұсынған жорық туы мен ер-тұрманы және Жәнібек өлтірген Маңжыланның құлағы (Айдаһардың бас сүйегі)», – деп жазады. 

Екінші ұлы Балжанға жорық саптаяғы тиген. Кенжесі Бәйтіктен көрген немересі Дауылбайға жорық пышағы берілген. Жәнібектің саптаяғы Балжанның арғын еліне ұзатқан қызына ауысады. Жиенінің (аты бізге беймәлім) жасауына беріліп кеткен саптаяқ Балжан қайтыс болғанда, қырық бас ақ жылқы ақтық төлеп ұрпақтарына қайтарылады. Артынан белгілі болғандай жиен қыз ұзатылар алдында ағайындарына базына айтып саптаяқты өзі қалап алған екен. 

53b10d350b6fc8dc2f756f4d830b379b.jpg

Жарма ауданы Ортабұлақ ауылындағы батыр ескерткіші

Ер Жәнібек ақ туын және батыр өлтірген айдаһардың төбе сүйегін екі ғасыр сақтаған үлкен ұлы Ноғайдың қара шаңырағы қазір Алтай аймағының Шіңгіл ауданында отыр. Өкінерлігі сол, ақ туды 1958 жылы Алтай аймағының уәли Бәделхан алдап алып кеткен екен. Сол беті із-түзсіз жоғалған. Ұзақ жыл сол ақ ту салынған сандық Шіңгілде Ноғай ұрпағы, яғни Жәнібектің 8-ұрпағы Мырзахметтің үйінде дәл қазір сақтаулы тұр. 

Алайда айдаһардың төбе сүйегі 1966 жылы қарашаға дейін Мырзахметтің үйінде болған. 1966 жылы қытай жендеттері тығулы тұрған жерінен айдаһардың төбе сүйегін тінтіп жүріп тауып әкетіп жоғалтты. Оны өз көзімен көрген көзі тірі адамдар былай деп суреттейді: «Айдаһардың төбе сүйегі делінген нәрсе үлкен үш қырлы сарғыш сүйек. Әр жерінде ұсақ тесігі бар. Ол ешқандай хайуанның сүйегіне ұқсамайтындығын айтып таңдай қағысады». Ал кіші ұлына тиесілі болған жорық саптаяғы Қазақстанда Алматы қаласындағы ҚР Орталық мемлекеттік музейінде сақтаулы тұр. 

Сауалнамалар
Мектептердегі тарих пәнін оқыту деңгейін қалай бағалайсыз?